АСТАНАДАҒЫ ИГІ БАСТАМА
30.07.2023
103
0

Қашанда ел басшылығында қабылданған қандай ереже, қандай заң болса, оның жүзеге асуы әрбір ірілі-уақты мекемелер мен соларды басқарушы азаматтардың ұлттық мәдени-саяси сауаты мен санасына қатысты екені белгілі.

Сәл шегініс жасайық. Қазақстандағы автомобиль жолдарының ұзындығы 157 000 шақырымға созылып жатыр. Оның 25 000 шақырымының республикалық, 70 000 шақырымының уәлаяттық (облыстық) және аудандық маңызы бар болса, қалған 62 000 шақырым елді мекендер көшелерінің меншігінде екен. Президент Қ.Ж.Тоқаев осыдан біраз ғана бұрын Астана қаласының әлеуметтік жағдайы хақында айта келіп, 2025 жылдан бастап республикада бүкіл жолдар ең қажетті жағдайға келтірілуі керек екенін айтқан болатын. Ал бұл орайда Жол активтері ұлттық сапа орталығы атқарып жатқан ауқымды шараларды тілге тиек етсек болады.
Орталықтағы ауқымды іс-шараны қазақ тіліне өте жүйрік, жатық һәм шебер де шешен, шұрайлы да шырайлы бай сөздерді анау-мынау қазақтан артық білмесе, кем білмейтін молдаван қызы Алла Платонова жүргізеді. Ал мекеменің Бас директоры Замир Садықұлы Сағыновтың өзі айрықша назар аударып, қолдан келгенше қажетті жәрдемін аямайды.
Енді А.Платонова ханымды тыңдаңыз: «Халықпен тікелей жұмыс істейтін әр қызметкер мемлекеттік тілді білуі керек деп санаймын. Өзім қазір елордадағы Жол активтері ұлттық сапа орталығында жұмыс істеймін. Мемлекеттік тіл өзінің биік мәртебесіне жетуі үшін әрбір Қазақстан азаматы қолдан келген шарапаты мен шапағатын тигізуге ынталы болуы керек. Біз қазір осында әр апта сайын мемлекеттік тілді, ұлттық ғадет-ғұрып, салт-дәстүрді дәріптеу күнін ұйымдастырып жүрміз. Осыдан екі жыл бұрын «Мемлекеттік тілді қолдау күнін» өткізейік деп мекеменің Бас директоры Замир Сағынов мырзаға кірдім. Ол кісі бірден қолдады. Содан бері қазақтың бауырсақ, ірімшік, құрт, сөк (тары) сияқты ұлттық тағамдары кабинеттердің дастарханының сәніне айналды.
Сонымен қатар біздің ұжымдастарымыз қазақ ақын-жазушыларының өлеңдерінен, шығармаларынан үзін­ділер оқып, мақал-мәтелдер мен жа­ңылт­паш айтудан да жарыстар өткізіп тұрады.
Осы жерде менің көңіліме азды-көпті бір жағымды сезім ұялататын бір жайт мынау: болар-болмас қана игі жұмыстарымызды көріп, куә болып жүрген өзге ұлт өкілдері де, ұжымдастарымыз да осының бәріне қызыға, қуана қатысып, қазақ әндерін айтып, қазақ ақындарының өлеңдерін оқып, кейбіреулері, тіпті домбыра да тартып, өздерін жаңа бір қырынан көрсетіп жүр.
Бұған қоса, қасиетті жұма күндері еліміздің жамағатқа есімі мәшһүр мәдениет, әдебиет, өнер, ғылым, саясат қайраткерлері бізге мейман болып келеді. Оразгүл Асанқызы, қолөнерші Тұрсынзада Ырза, күйші Нұрлан Бекенов, әнші Досымжан Таңатаров, домбырашы Айқын Сейтеков сияқты ел тұлғалары қазақ халқының ежелгі мәдениеті, ғадет-ғұрпы, салт-дәстүрі, түркі тілдерінің ішіндегі бай тілдің бірі қазақ тілі, ұлттық өнердің алуан түрлері туралы әрқайсысы білетіндерін айтып, оларды бүгінгі ұрпаққа, жалпы Қазақ Республикасында тұратын әртүрлі ұлт өкілдеріне таныстырып, мұндай рухани қарым-қатынастың пайдалылығы мен маңыздылығы жайлы пікірлерін жеткізді.
Мұның бәрін айтып, атап көрсетіп отырған себебіміз, біздің мекеме ұжымында жұма сайын өткізіліп тұратын, ал мекеменің Бас директоры Замир Сағынов жеке өзі үлкен ықыласпен қолдау көрсетіп отыратын осынау игі де үлгілі ілтифат елімізде мемлекеттік тілді дамыту мен оның қолдану аясын кеңейтуге қосылатын үлгі болумен қатар, Астанадағы басқа да ірі-ірі мекемелерде де жалғасып, үрдіске айналса деген тілегімізді білдіру болатын.

Ә.САХИҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір