ГЕРАЛЬДИКАНЫҢ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ
02.08.2024
34
0

ҚАЗАҚ ГЕРАЛЬДИКАСЫ КИІЗ ҮЙДЕН БАСТАЛАДЫ

Киіз үй – көшпелі өмір салтының айнасы. Ол – қазаққа ғана емес, көшпелі өмір салтын ұстанған елдердің барлығына тән өркениет­тің бесігі. Киіз үйде көшпелілердің өмір тарихы жазылған. Киіз үй жайында Оғызнама, Қорқыт ата, Манас, Қозы Көрпеш – Баян сұлу т. б. жыр-дастандарда мол мағлұмат берілген. Киіз үйдің пайда болу мерзімі алғашқы мемлекет­тік бірлестіктер құрылған энеолит (Тасты-мыс ғасыры. Б.з.б. III–II мыңжылдық) дәуірінің соңы мен қола (Б.з. д. II мыңжылдық) дәуірінің басына тура келеді. Киіз үй туралы ең көне дерек қола дәуірінің сорабынан белгі береді. Мұны Алтай тауындағы, Сібірдің Баяр жартастарындағы, Қырымның жақпар тастарындағы петроглифтері әйгілеп отыр. Ең көне зат айғақтарын Алтайдағы Пазырық, Моңғолиядағы Ноин-улин қорғандарында сақталған киіз үлгілерінен аңғаруға болады. Көне жазба дерек, грек тарихшысы Геродот­тың көшпелі скифтер туралы жазбасында бар. Көшпелі өмір салтына қарай арба үстінде күйме сияқты орнататын киіз үй пайда болған. Арбалы киіз үйлер саяхатшылар жазбаларында жиі айтылады. «Алғашқы киіз үйді кім жасады?» – дегенде, Мәшһүр Жүсіп айтады (1958–1931 жж.): «Оны Оғыз қаған жасады», – деп.


Қазақта «Киіз үйдің сүйегі» деген сөз тіркесі бар. Киіз үй жайлы көнеден жеткен жұмбақта: «Отыз екі омыртқа, қырық қабырға, бәрін ұстап тұрған ауыз омыртқа» деп келеді. Ол жұмбақтың жауабы: уық, кереге, шаңырақ. Сонда отыз екі омыртқа, қырық қабырға (жетпіс екі қуат көзі) деген – күн ретіндегі рухтың, естің, отау үйдің философиялық анықтамасы болып шығады. «Түбіміз – түрік, түлігіміз – жылқы, керегеміз – ағаш, ұранымыз – алаш» деп киіз үй алғаш жасалғанда, күллі түрік жұрты киіз үйден енші алып, алған еншілерін руының аты мен таңбасы ет­ті. Киіз үйдің сүйегі – ру атауы, бауы – ұлыс атауы болды. Алаш баласы ру сұрасқанда: «Сүйегің қай ел?» – дейді. Киіз үйдің бауларына сәйкес, тоқсан екі баулы қыпшақ, алпыс екі баулы қоңыр, он екі баулы абақ керей, он екі баулы байұлы, он баулы ноғай, тоғыз баулы торғауыт, сегіз баулы найман, жеті баулы беріш, жеті баулы жеті ру, алты баулы әлім, төрт баулы төртқара аталған. Таңбаға деп киіз үйдің шаңырағын – ашамайлы керей, жәнтелі уақ, қият, кете, телеу, төртқара; бақанды – бағаналы найман, жалайыр, тарақты, табын; уықты – абақ керей, уақ; ергенекті – ергенекті найман, ергенекті уақ; туырлықты – дулат; алашаны – алаша; басқұрын – башқұрт; үзігін – алшын; ошағын – ошақты; көсеуін – әлім; қасын – хакас; сағасын – сақа; керегесін – кердері; босағасын – қоңырат; қаңқасын – қаңлы; ішін – үйсін; моржасын – қыпшақ алды.
Киіз үй (зәулім ғимарат та, хан сарайы да, жаһандық үйлесім архитектурасы да) табалдырықтан басталады. Табалдырық – үйдің сырты мен ішінің шекарасы ғана емес, сондай-ақ байлық пен кедейліктің де шекарасы. 1924 жылы Ресейдің Мәскеу қаласында Алаш арыстары құрған «Алқа» ұйымының 1925 жылы жарық көрген «Алқа» жосығы кіріспесі ел түсінігіне сай «Табалдырық» аталды. Алаш тұсында бағдарламаны – «жосық» деген. «Алқа» жосығы «Алаш» партиясының 1917 жылы өмірге келген «Алаш» жосығының логикалық жалғасы еді. Бұл құжат жаңаортаршылдыққа қарсылық манифесі ретінде танылды. Бүгінгі елорда тұрған «Астана» қаласының атауы парсы тілінде «табалдырық» ұғымын береді. Қазақта «табалдырық ат­тау» дәстүрі бар. Ұл жақтың адамдары қыз жаққа құда түсе келгенде, қыз жеңгелері оларды табалдырық ат­татпай тосып алып, «табалдырық ат­тар бер» деп кәде сұрайды. «Табалдырықтан артық тау жоқ, кәдесін өтемесең, одан асқан дау жоқ, жеңгеден озған жау жоқ» деген салт­ты білетін құдалар көйлек-көншек не ақша беріп, табалдырық кәдесін өтеп, үйге кіреді, амандасып қол алысады, төрге шығады. Қазақ табалдырықтың екі жағында тұрып қол алыспайды, ондай жерде жау болатын адамдар ғана қол алысады. «Табалдырығыңнан құтсыз адам ат­таса – кедей боласың, құт­ты адам ат­таса – бай боласың», «Табалдырықты баспа», «Үйіңе қонақ келсе, ең алдымен, табалдырықтан кіргіз − қонақпен бірге құт келеді, төріңе отырғыз − бақытың еселенеді, дастарқан жайып, асыңды ұсын − берекең артады, шаруасын содан соң айтар, ол – өзіңе деген құрметің, сыртқы есікке де­йін шығарып сал, ол – қонаққа деген құрметің, жас келін табалдырығыңды алғаш ат­тағанда, босағаңды майлап, шашу шашып, құт шақырып, оң аяғымен кіргіз», – деп өсиет еткен. Көнеде өлген адамды табылдырықтың астына жерлейтін. Сол арқылы аруақ ол үйді қорғайды деп сенетін. Босағадан ат­таған адам ол үйге адал болуы керек, әйтпесе отбасының аруақтары оны ұрады делінетін…

Шаңырақтың геральдикалық сипаты

Шаңырақтың құрылымы қыранның қанатын жая ұшқанын бейнелейді. Ол – дөңгеленген дүниенің шағын сипаты іспет­тес. Қыранды кие тұтудан келген шаңырақ атауы – «шаң» және «қарақ» деген екі түбір сөзден біріккен туынды сөз. Шаң – таң, қарақ – қарашық ұғымын береді.» Шаңыраққа қара» бұл – түгел сөздің түп төркіні. Қазақ: «Босағаны – әйел, керегені – бала, уықты – ел, шаңырақты – ер», – дейді. Ұлт­тық дүниетаным бойынша, шаңырақ – отағасы (ер адам), отбасы (отанасы, балалары), ұрпақ, үй, жанұя ұғымдарын білдіреді. Ата-бабаларымыз: «Пәленшенiң ұрпағы пәлен шаңыраққа жетiптi», – деп бiр ауылдың не бiр рудың өсiмiн біліп отыраған. Шаңырақ күлдіреуіштерінің ортасында айқасып тұрған – ашамай таңба. Күлдіреуіштердің айқасқанынан пайда болған төрт бұрыш (шаршы) – жылдың төрт мезгілі. Күлдіреуіштер – төрт мезгілдің он екі айы. Шаңырақтағы тоғын – таң, айналасындағы уықтар – таң шапағы. Түңлікті түргенде, таң шапағы керегеге түседі. Кереге – жер үстіндегі өмірді меңзейді. Кереге мен шаңырақ арасын – «күмбез» дейді, ол «күн басы» деген мағынада. Шаңыраққа төрт жерден байланып, керегеге асырылатын, төрт қатар шашағы төгілген әрі сәндік, әрі беріктік сипат­тағы өрнекті бұйымды – «төрт желбау» дейді. Желді күні дауыл тұрып, боран соққанда, үй шайқалып, құлап қалмауы үшін, төрт желбаудың ұшына ауыр жүкті немесе ішіне су толтырылған төрт құлақты қазанды байлап қояды. Оны – «ноқталы қазан» дейді. «Үй болған соң белбау да керек, желбау да керек» деген нақыл сөз осыдан шыққан.
Егер ата тарихтың жүрісіне сүйенетін болсақ, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төрелер тек қазақ ішінде бар. Төрелер − руға қосылмайтын өз алдына дербес қауым. Төре − төр иесі деген мағына береді. Шыңғыс ханға де­йін, әр рудың өз төр иесі (өз ханы) болған. Шыңғыс ханнан ке­йін, тек оның ұрпақтары ғана хан аталуға құқылы болды. Төре − «ақсүйектік атақ» (ақсүйек − жеті атасынан билік үзілмеген тұқым). Төрелердің ақсүйек­тік саны − тоғыз, қазақтан шыққан қаракөктердің саны − жеті (қаракөк − жеті атасынан құт үзілмеген тұқым). Төрелер ұрпағына тоғыз атасын, қазақтар жеті атасын жат­татқан. Төрелер тоғыз атадан, қазақтар жеті атадан аспай, қыз алысып, қыз беріспеген. Бұл үрдіс шаңырақ күлдіреуіштерінде көрініс тапқан. Күлдіреуіш деген − шаңыраққа жayын-шaшын ipкiлмey үшiн, оны көтеріп тұратын, 45 гpaдyc шaмacындa айқастырыла бекітілген күмбезді ағаш. Күлдіреуіштер тақ сандармен (3,5,7,9) жасалады. Шаңырақтың үлкен-кішілігіне қарай күлдіреуіш саны артып не кеміп отырады. Мәселен, үш саны − жас отау үшін (жас отау − жас отбасы), бес саны − қара халық үшін, жеті саны − қаракөктің тұқымы үшін, тоғыз саны − хан тұқымы үшін қасиет­ті сан болып есептеледі. Үш қанат­ты қара үй мен төрт қанат­ты қоңыр үйдің (қоңыр қойдың жүнінен басылған қоңыр үй жас отауға тігіледі) шаңырағы − үш күлдіреуіштен, бес қанат­ты боз үй мен алты қанат­ты ақ үйдің шаңырағы − бес күлдіреуіштен, сегіз қанат­ты ақ ала орда мен он екі қанат­ты ақ орданың және он сегіз қанат­ты ақ шаңқанның шаңырағы − жеті күлдіреуіштен (ақ шаңқан – ақ қойдың жүнінен басылған сүт­тей ап­пақ үй), хан-сұлтанның 24 қанат­ты алтын үзігі мен 30 қанат­ты алтын ордасының шаңырағы − тоғыз күлдіреуіштен тұрады.
Қола дәуірінде пайда болған киіз үй бастапқыда күрке тәрізді болып, келе-келе қос сияқты жетілдіріліп, Хан ордасы ретінде арбаның үстіне тігілетін болған. Ол кез­де мемлекет­ті – «Орда» деген. Бірақ, өкінішке қарай қазір көбіміз мемлекет пен билікті айыра алмаймыз, мемлекет­ті – билік, билікті – мемлекет деп қараймыз. Бірақ екеуінің екі бөлек ұғым екеніне ден қоймаймыз. Мәселен, қандай да бір мемлекет­ті белгілі бір билік басқарады. Қазақ айтады: «Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар», – деп. Билік ауысады, ел қалады. Ел деген – мемлекет, ал мемлекет деген – мемлекет­тік рәміздерден басталады. Ендігі кезекте біз бүкіл түрік халықтарының рәміздерін толықтай зерт­теп, ортақ тарихымызды білуге даңғыл жол ашуға міндеткерміз. Рәміздер елдік сипат­ты білдіреді. Сол секілді қазақтың ортақ тарихын жазу үшін, әрбір рудың рәмізін зерделеуіміз қажет. Рәміздер рудың шығу тегін ұмытпас үшін қолданылған. Бір ру не бір тайпа ел белгілі бір рәмізді бекерден-бекер мыңдаған ғасыр бойы жалғастырмаған. Әр рәмізде құпия сыр бұғып жатыр. Біз рәмізерді білу арқылы тек қазақты ғана емес, барлық түрік халықтарының тарихын да оқи аламыз.

Айдын РЫСБЕКҰЛЫ,
геральдист

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір