Абай университеті студенттерінің әлеуметтік әлеуеті: Жетістіктер мен басымдықтар
28.12.2023
288
0

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген  білім – адамзаттың қас жауы», — демекші, жас ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу – қоғамның өзін, елдің тірегін қалыптастыру.  Халқымыз: «Ел ертеңі — білімді, тәрбиелі жастардың қолында», — деп әрдайым жастар тәрбиесіне көңіл бөліп отырған. Оның ішінде шешуші рөл атқаратын тәлім мен тәрбиенің бір түрі – өскелең ұрпақты ұлжандылыққа баулу, білімді, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру. Бүгінгі күні жоғары оқу орындарының алдында тұрған ең маңызды мәселелердің бірі – кейінгі буын өкілдерінің бойына рухани және адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, әлеуметтік әлеуетін дамытуға ерекше жағдай жасау. Бұл бағытта 95 жылдық тарихы бар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде нақты жұмыстар қолға алынған.

Университетте сапалы біліммен қатар мемлекеттік жастар саясатының негізінде жүргізілетін патриоттық пен отаншылдықты, әдеп пен этиканы, құқықтық сауаттылық пен салауатты өмірді, еңбекқорлықты насихаттайтын тәрбие жұмыстары оқу үдерісінің маңызды бөлігін құрайды және университеттің стратегиялық даму жолында маңызды орынға ие. Абай университетінің тәрбие жұмыстарының мақсаты — ұлттық сана-сезімдері жоғары, белсенді азаматтық ұстанымдары қалыптасқан, сапалы білім арқылы ұлттың интеллектуалдық әлеуетін дамытуға жауап бере алатын, бәсекеге қабілетті, құзыретті педагогтарды тәрбиелеп шығару үшін ең тиімді дамытушы ынтымақтастық ортаны құруға бағытталған. Мұндағы мақсат — «Толық адам» тұлғасын қалыптастыру. «Толық адам» тұжырымдамасы ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек деген үш басты концепті негізінде ұлттық тәрбиенің жаңа моделін жасайды.

Оқу ордасында студенттердің кәсіби білім алуына, өзін-өзі дамытуына, жетілдіруіне, қоғамдағы белсенді әлеуметтік бейімделу қабілеттілігін арттыруға, тұлғаның үйлесімді дамуы мен қалыптасуы мақсатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұсынған әдістемелігіне сүйене отырып «Абай атындағы ҚазҰПУ-нің тәрбие жұмысының тұжырымдамасы» қабылданған. Сол тұжырымдама негізінде әр оқу жылына арналған тәрбие жұмысы, жастар саясаты және мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі жылдық жұмыс жоспары әзірленеді. Тәрбие жұмысының жоспары университеттегі тәрбие жұмысы жүйесінің стратегиялық құрылымын, басым бағыттары мен мақсатын, іске асырылу тетігі мен мерзімін белгілейді. Университетте тәрбие үдерісі әлеуметтік даму жөніндегі проректордың басшылығымен және оның қарамағындағы Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департаментпен жүзеге асырылады. Арықарай тәрбие жұмысы университет, институт, кафедра, студенттік топтар мен басқада құрылымдық бөлімшелер деңгейінде ұйымдастырылады.

Біз үшін ең басты құндылық – студент-жастар. Сондықтан оқу ордасында студенттік өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру, білім сапасын арттыру және жемқорлыққа жол бермеу, спорттық іс-шараларды көбейту, мәдени-танымдық шаралардың деңгейін көтеру, студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытына ден қойылған. Сондай-ақ, университетімізде жастардың идеяларын орталықтандыру, жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында «Abai Student Center» орталығы жұмыс істеуде. Бұл жерде студент-жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін коворкинг-орталық, пікірсайыс және университет клубтары жұмыс істейтін кабинеттер, музыка бөлмесі жасақталған. Нәтижесінде ән, би, театрлық қойылым, дебаттық және интеллектуалдық бағыттағы үйірмелер де өз жұмыстарын үлкен жауапкершілікпен істеп келеді. Университет мақтаныштары «A bluse» вокалды инструменталды ансамблі биыл «Дос – Мұқасан» ансамбліне арналған республикалық ансамблдер байқауында жүлделі II орынға ие болды. Бүгінде аталған орталықта жастарға таңдау еркіндігін беру, ашық қоғам құру, өзін-өзі басқару жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында «Жастар ісі жөніндегі комитет», «Студенттік Парламент» және 37 шығармашылық студенттік клубтар мен 22 спорттық  үйірмелер, тұрақты қайырымдылық шараларымен айналысатын «Еріктілер клубы» өз қызметтерін атқаруда. Сонымен бірге орталықта студенттермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін «Психологиялық қызмет көрсету» бөлімі, «О. Досбосынұлы атындағы жас ақындар» мектебі, «Ұлттық тәрбие» орталығы мен «Жастар шығармашылығы» және «Әлеуметтік-тәрбие жұмысы» бөлімдері орналасқан.

Университет тек қана педагог маманын дайындау бағытында ғана емес, жас ақындар шығармашылығының шыңдалуына да мүмкіндіктер жасауда. Мәселен, Абай университетінде ғана дәстүрлі түрде, жеті жыл қатарынан «Менің пірім – Сүйінбай» халықаралық жас ақындар айтысы, «Студент және сахна» атты республикалық студенттік әуеқой театрларының байқауы ұйымдастырылып келеді. «Abai Student Center» орталығының атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесінде университетіміздің «Үркер» студенттік театры Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына арналған «Адамдық борышың…» атты республикалық студенттік театрлар фестивалінде жүлделі I орынды иеленсе, «Шың» студенттік театрының актрисасы Дәулет Айгерім «Үздік әйел бейнесі» номинациясын жеңіп алды. Кез келген оқу орны үшін сапалы білім мен саналы тәрбие бірінші кезекте тұрады. Бүгінде университетімізде қоғамға айтары бар, студенттерге жол нұсқар бағдары бар жемқорлыққа, лудоманияға, наркоманияға қарсы сынды әлеуметтік тақырыптарды қозғап, заманауи қойылымдарды сахналап жүрген «Үркер» және «Шың» студенттік театрларының орны ерекше. Осы мақсатта 9 желтоқсан «Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» күніне орай «Үркер» театры «Алма» театрланған  қойылымын көрерменге ұсынған болатын. Ал «Психологиялық қолдау қызметі» бөлімі жыл басынан бері 200-ге жуық жеке консультациялар және 20 топтық тренингтер, жалпы қамтуы 12 500 білім алушыны құраған 5 онлайн-сауалнама ұйымдастырды. Психологиялық қолдау студенттер арасында суицидтің, нашақорлықтың алдын алу, харрасмент, лудомания, буллинг сынды өзекті мәселелермен күресіп келуде. Сонымен қатар, университетте дәстүрлі түрде «Білім күні», «Студенттер қатарына қабылдау» сынды ауқымды іс-шаралары, «Студенттік көктем» фестивалі, «әз-Наурыз Абай ауылында» атты мерекелік шарасы, студенттер мен ПОҚ арналған «Денсаулық» спартакиадасы, ЖҚТБ, нашарқорлық пен темекі шегудің алдын алу, жемқорлықпен күреске арналған мазмұнды кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Айта кететін жайт, биыл университетімізде «Абай» студенттік апталығы бастау алды. Апталық аясында студент жастарға арналған «Абай жұлдыздары» ән байқауы, «Аbai media fest» сайысы, «Жайдарман» институтаралық финалы, «Спорт — денсаулық кепілі» атты волейбол, футбол спорттық жарысы, «Ой-like» викторинасы, «Абай-дана, Абай-дара» пікірсайысы, «Көшбасшылар» қалалық форумы мен «Сахна-мүмкіндіктер мекені» атты әртүрлі бағыттағы 8 іс-шара өтті. Нәтижесінде шараға жалпы саны 1000-нан аса студент атсалысып, жоғары белсенділік танытты.

Сондай-ақ, университетте «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы 2005 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Биыл жазғы демалыс маусымында «Жасыл ел» жастар еңбек 600 студент еңбек етті. Одан өзге университетімізде әлеуметтік осал топтар мен белсенді студенттерге оқу ақысына жеңілдік беру қарастырылған. Жыл сайын 1000-ға жуық студенттің оқу ақысына 10-нан — 100 пайызға дейін жеңілдік беріледі.

Одан кейін әрбір университет үшін білім алушылардың сапалы жатақханада орналасуы аса маңызды мәселе деп білемін. Абай университеті жыл сайын жатақханаға мұқтаж студенттердің барлығын бос төсек-орынмен қамтамасыз етуге тырысады. Биыл 2023-2024 оқу жылының студенттерін жатақханаға орналастыру бойынша жұмыс алгоритмін іске енгіздік. Алгоритм: 10-20 тамыз аралығында студенттерден жатақханаға орналасу бойынша онлайн өтініш қабылдау; 20-25 тамыз аралығында қабылданған өтініштерді комиссия құрамымен қарастыру; 25 тамыз оқуға қабылданған студенттердің бұйрығына сәйкес жатақханаға орналастырылатын студенттер тізімін тексеру; 26 тамыз жатақханаға орналасуға жолдау қағазын алатын студенттер тізімін жариялау; 28-30 тамыз студенттерді жатақханаларға орналастыру реттілігімен жүзеге асты. Сонымен бірге 2023-2024 оқу жылында студенттерден жатақханаға орналасуға өтінішті онлайн форматта «Гугл форма» арқылы жинау туралы шешім қабылдадық. Және де студенттер мен ата-аналар арасында жатақханаға орналасу бойынша келеңсіз жағдайлар орын алмауы үшін университет базасында ахуалдық орталық іске қосылды, ол 24/7 жұмыс істейді. Студенттерді жатақхана орындарымен қамтамасыз ету мәселесін жүйелі шешу мақсатында 2023-2024 оқу жылына университет пен жеке кәсіпкерлер арасында 7 хостел мен 2 жалға алынған жатақхана арасында ынтымақтастық келісім-шартын жасастық. Нәтижесінде аталған хостелдер мен жалға алынған жатақханаларға оқу жылының басында 1100 студент орналастырылды.

Одан өзге университетімізде қайырымдылық шараларымен айналысатын, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген еріктілер саны 3000-ға жуық. Олар рухани-адамгершілік, әлеуметтік-педагогикалық, ғылыми-зерттеушілік, идеологиялық, мәдени-ағартушылық, экологиялық, аниматорлық және жарнамалық-насихаттаушылық сынды барлығы жеті бағытта жұмыс істейді. Сонымен қатар, ерікті студенттер жалғыз басты қарттармен, еңбек және соғыс ардагерлерімен  жүргізілетін әлеуметтік маңызды жобаларға қатысуға ерекше мән береді.

Сондай-ақ, университетімізде студенттердің белсенді демалысы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру, спорт пен шығармашылық жолындағы студенттер арасында дарынды жастарды қолдау мен дамыту үшін спорттық және жаттығу залдары, футбол алаңы және М. Әуезов атындағы спорт кешені жұмыс істеуде. Бүгінде университетімізде 16 мыңнан астам студент білім алып жатыр десек, оның ішінде спорт және өнер саласында халықаралық, республикалық жетістікке жеткен 1500-ге жуық студент білім алады. Тіпті жуырда ғана Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілеп Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында қола медаль жеңімпазы атанған Өнер, мәдениет және спорт институтының студенті, ҚР Ұлттық құрамасының дзюдошысы Эсмигүл Куюловамен кездесіп, Эсмигүлдің жетістіктері мен спорттық мансабын қолдау мақсатында университет тарапынан студентке 2023-2024 оқу жылындағы оқу ақысына 100% жеңілдік берді. Одан бөлек университетімізде жыл сайын дәстүрлі түрде футбол мен волейболдан республикалық турнирлер, жоғару оқу орындары студенттері арасындағы тоғызқұмалақтан жарыс өткізіліп тұрады. Оған дәлел биылдың өзінде университетішілік 60 спорттық іс-шара ұйымдастырылған. Сондай-ақ, университет спортшыларының халықаралық, республикалық және қалалық жарыстарға қатысуына демеушілік жасайды.

Бұл жетістіктер Абай университеті оқытушыларының еңбегі мен тәрбие процесінің ұйымдастырушылық қызметінің нәтижелі жұмыстарының арқасында деп білеміз. Шындығында Абай университеті ғылым мен білімнің қара шаңырағы ғана емес, талантты, дарынды студенттердің басын біріктіріп отырған сыйластық пен шынайы достықтың мекені.

Д.Ж. Ділдәбек
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры м.а.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір