«БАҚЫТ ГҮЛІ» ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ
Жуырда Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасында өңірлердегі қаламгерлердің шығармашылығын насихаттайтын «Атырау – Алтай арасы» атты жоба аясында ақын Бақытгүл Бабаштың «Бақыт гүлі» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Қыз балаға тән нәзіктік Бақытгүл өлеңдеріндегі бір ғана ерекшелік емес, оның поэзиясы адам жанын мейірім мен жылылыққа бөлейтін лирикасымен, сезімге толы сыршылдығымен оқырманға жақын. Ақын шығармаларын аға буын ақындар мен сыншылар да жоғары бағалайды.
Тұсаукесер рәсіміне ақын, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлықбек Есдәулет, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Темірғали Көпбаев, тележүргізуші Қымбат Досжанова қатысып, атыраулық жас ақынның шығармашылығына тілектестік білдірді.
Поэзия оқырманы көп жиналған бұл жиын осы кітапханада өткізілген алғашқы кеш емес. Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасында осы кітапхананың бөлім меңгерушісі Ғазиза Құдайбергеннің ұйымдастыруымен бұдан бұрын бірнеше кеш өткен еді. «Атырау – Алтай арасы» жобасы еліміздің әр өңіріндегі қаламгерлердің шығармашылығын жүйелі түрде насихаттап келеді.
Балжан Бейсенбек.