Қуатты Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам
11.09.2025
426
0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйекте өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдауда әлемде жаңа геосаяси тәртіп орныға бастаған қазіргідей күрделі кезеңде еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы стратегиялық бағыттар мен жалпыұлттық міндеттер айқындалды.

Жолдаудағы басты саяси бағыт – еліміздің жасанды интеллект негізінде әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуына айтарлықтай оң ықпалын тигізетін жаңа саяси реформа туралы болды. Әлі күнге дейін өзекті болып отырған осы мәселеге тоқтала келіп, Мемлекет басшысы көп ұзатпай елімізде бір палаталы Парламент құруды ұсынды. Аса маңызды бұл мәселе асығыстықты көтермейді. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, әрине, сондай-ақ қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет. Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны тал­қы­лауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін, яғни 2027 жылы жалпыұлттық рефе­рендум өткізуге болар еді. Содан соң Конс­титуцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз», – деп мемле­кеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешілетінін айтты.
Келесі бағыт – сипаты мүлде жаңа техноло­гия­лық өзгерістер болып жатқан жаппай циф­рлан­­дыру және жасанды интеллект дәуірінде кенжелеп қалудың ауыр салдарына ұшырамас үшін цифрландыру арқылы экономиканы тех­но­логиялық жаңғырту. Осы орайда «Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын ба­рын­ша енгізу арқылы экономиканы жаңғыр­туы­мыз қажет. Жаңа технологиялық қалыптың ажыра­мас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік бас­қару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретін­де дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек», – дей келіп, Президент осынау стратегиялық мақсатты жү­зе­ге асыру жолындағы маңызды міндеттерге тоқ­талды.
Экономикалық тұрғыда маңыз берілген басты міндет – біріншіден, елімізге қомақты инвестиция тарту. Жаңа инвестициялық кезеңдегі негізгі мақсат – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту, яғни үкімет инвестиция саясатына жаңаша көзқараспен қарауы керек. Жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беру, ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу, қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу, «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай жасалуы керек. Инвестиция тарту жүйесін жаңғырту бағытында Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауы Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгертілетін болды.
Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлі қайта қаралуы тиіс. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп экономикамыздың жоғары технологиялық салаларына бір миллиард долларға дейін инвестиция тарту туралы бағдарламаны әзірлеуі қажет. Осы ретте ұзын арқан, кең тұсауға салмай, шұғыл шешілуі қажет мәселе – банктердің ақшасын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін табу. Президент атап өткендей, банктер туралы заң қабылдау осы бағыттағы маңызды қадам болмақ.
Қарқынды даму үстіндегі елдерде көш басындағы қалалар инвестициялар мен технологияларды өзіне тартатын полюске айналған. Осы орайда еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс Алатау қаласы үшін арнайы жер бөлініп, инфрақұрылымның негізгі желілері іске қосылды. Келесі қадам – Alatau City-дің мықты институционалдық негіздерін қалыптастыру. Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс. Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілуі керек.
Инвестицияға қолайлы ахуал қалыптастыруға тікелей әсер ететін ең басты мәселе – макроэкономикалық тұрақтылық. Алайда қазіргі жоғары инфляция экономикалық көрсеткіштер мен халықтың табысын «жұтып қойып» жатыр. Осы макроэкономикалық құрсаудан шығу үшін әркім көрпені өзіне қарай тартпай, алда тұрған мемлекеттік ауқымдағы міндетті атқаруға бір кісідей жұмылуы керек.
Екіншіден, өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келді. Иә, бір күні қазба байлықтың да түбі көрінері сөзсіз. Сондықтан экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс. Қашанда ел индустриясының сенімді тірегі болып келген тау-кен металлургиясының бүгінде экономикадағы үлесі – 8 пайыз. Даму әлеуеті зор, әсіресе терең өңделетін өнімдер шығаруға мүмкіндігі мол осы салада алдағы үш жыл ішінде жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорын іске қосылмақ. Сондай-ақ көмірсутегі шикізатын терең өңдейтін бірқатар озық жобаны жүзеге асыруға, сирек кездесетін металдардың және айрықша қажет басқа да материалдардың маңызы арта түсуіне орай әлемдік өндірістер мен сауда-саттықтың жаңа желісінде өз орнын нықтап алуына Қазақстанның толық мүмкіндігі бар.
Жалпы, барлық саладағы маңызды жобаларды дер кезінде іске асырып, экономиканы цифрлық тұрғыдан жаңғырту үшін электр энергиясы жеткілікті көлемде болуы қажет. Қуат көздерін жан-жақты жаңғырту мақсатында шетел инвесторларының қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Бірақ түпкі мақсат – қуат көздерін өзгерту емес, ең алдымен, еліміздің энергия жүйесінің нақты мүмкіндігі мен мемлекетіміздің ұзақмерзімді мүдделеріне негізделген тұрақты даму жолы. Осы орайда ядролық энергетиканы дамытуға бетбұрыс жасалды. Алматы облысында алғашқы атом электр станциясына қатысты жоба «Росатоммен» бірге жүзеге асырыла бастады. Экономиканы тұрақты дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясын салу жоспарда бар. Сондай-ақ елімізде сапалы көмір қоры орасан. Табиғатты ластамайтынына кепілдік беретін озық технологияларды қолдана отырып, көмір энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Бұл еліміздің энергетикалық дербестігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсатына сай келеді.
Тағы бір маңызды міндет – геологиялық барлау жұмыстарын күшейту. Осы орайда цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жер қойнауының заманауи картасын жасайтын уақыт келді. Бұл кен орындарының әлеуетін ғылыми негізде жаңа сапалық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, Президент ауыл шаруашылығының стратегиялық маңызына ерекше тоқталды. Қазақстан аграрлық ел ретінде ішкі нарықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдік экспортта да бәсекеге қабілетті болуға тиіс.  Ауыл шаруа­шылығын бұл деңгейге көтеру үшін озық агроэкономикаға көшудің нақты жоспары болуы керек.
Президент Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің кәсіпорындарымен салыстырғанда, біздің кәсіпкерлеріміздің тиімсіз жағдайларға тап болып, ішкі нарықтың өзінде бәсекелестеріне есе жіберіп отырғанын атап өтті. Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – үкіметтің стратегиялық міндеті. Әрине, өзімізді өзіміз жүз пайыз қамтамасыз етуіміз мүмкін емес. Бірақ нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят. Дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту керек. Сондықтан аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу қажет. Үкімет Еуразия аумағындағы сауда-саттықтың әділ жағдайда жасалуын нақты дәлелмен талап етуге міндетті.
Жер – стратегиялық ресурс. Оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек. 2022 жылдан бері жалпы аумағы 13,5 миллион гектардан астам жер қайтарылды. Бірақ әкімдер соның 6 миллион гектарын ғана жаңа жер игерушілерге бөліп берген. Жалпы, жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықтан арылу үшін ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек. Жерді бөлуге қатысты шешім цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы қабылдануға тиіс. Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеу керек.
Агроғылым мен «жердегі тіршіліктің» арасында алшақтық бар. Ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес. Осы орайда цифрлық технологияларды қолдануға және саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған нақты жоспар жасалуы тиіс.
Төртіншіден, аймақтардың экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал ететін мәселенің бірі – көлік-логистиканы дамыту. Биыл ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі іске қосылады. Еліміздегі теміржол жүйесінің толық қаңқасын қалыптастыратын «Бақты-Аягөз», «Қызылжар-Мойынты» жобалары уақтылы жүзеге асуы тиіс. Сондай-ақ негізгі дәліздер аясында автомобиль жолдарын дамытуға, авиация инфрақұрылымын жаңғыртуға баса мән берген жөн. Ішкі тасымалдың көлемін және бәсекеге қабілетін арттыру үшін көлік саласындағы тариф саясатының тиімді әрі түсінікті болуы айрықша маңызды.
Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет. Еуропа мен Азия арасын жалғап тұрған еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға әлі де зор мүмкіндік бар. «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» дәлізі мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі құрлық жолы ретіндегі рөлін күшейте түседі. Сондай-ақ Транскаспий көлік бағытын дамытудың маңызы арта бастады.
Бесіншіден, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту – тұрақты дамудың негізгі факторы. Мемлекет бұл саланы бақылап, реттеумен айналысуға тиіс. Ал оның инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу – жеке сектордың шаруасы.
Жолдауда баса назар аударылған су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс. Жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталатын су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керек. Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі, яғни бақылау жұмысына қатысты мәселе толық шешімін табады. Осы жұмыс Ұлт­тық су теңгерімін (баланс) қалыптастыру ісімен қатар жүргізілуге тиіс. Бұл – ұзақ мерзімге арналған су саясатын жоспарлаудың аса маңызды тәсілі. Онсыз бұл салаға тиісті бақылау орнатып, инвестиция тарту мүмкін емес. Президент Аралды толтыру жұмыстары қарқынды жалғаса беруі керегін айта келіп, Каспий теңізінің тартылып бара жатқанына тоқталды. «Тиісті шара қолданбасақ, бұл аса үлкен экологиялық апатқа айналуы мүмкін. Каспий теңізі – бір елдің ғана емес, бүкіл аймақтың тағдырына қатысы бар мәселе. Үкімет Каспийдің су ресурстарын сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді қолға алуы керек. Оны серіктес мемлекеттермен келісу қажет», – деді.
Алтыншы, кәсіпкерлер елімізді цифрлық дамытудың қозғаушы күші болуға тиіс. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Интеллект арқылы реттеу орталығы құрылады. Бұл орталық заңнаманы ретке келтірумен, түсінікті әрі тиімді ұсыныстар әзірлеумен айналысады. Заңды күрделендіре бермей, кәсіпкерлердің қажетіне қарай бейімдеп, министрлер мен әкімдердің нақты нәтиже үшін жеке жауапкершілігін күшейткен жөн.
Тағы бір өте маңызды мәселе – мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту көп жылдан бері өзекті міндет болып келеді. Мемлекеттік ұйымдар мен компаниялар негізсіз көбейіп, жеке кәсіпорындардың толыққанды дамуына мүмкіндік бермей отыр. Елімізде мемлекеттің үлесі бар ұйымдар саны 25 мыңға жуықтайды. Көпшілігінің қызметі мен құрылымы сын көтермейді, қисынға да келмейді.
Осы орайда Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне Үкіметпен бірлесіп, мемлекеттік секторды реформалау туралы нақты ұсыныстар әзірлеу жүктелді. Мемлекеттік мүлік туралы заң жаңартылып, мемлекеттің экономикаға қатысу шегі нақты айқындалуы тиіс.
Жетіншіден, адам капиталын дамытуда білім беру саласы айрықша рөл атқарады. Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Сол себепті 100 мыңға жуық студентті технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы қолға алынды. Дегенмен, ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама мен оқу материалдарын әзірлеу қажет. Еліміз білім экономикасына көшіп жатыр. Сондықтан ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру өте маңызды. Инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына берген жөн.
Білікті мамандарымызды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізу керек. Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн. Өйткені білікті, саналы адамдар – ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі.Елімізге кәсіби даярлығы жоғары, білікті жұмысшылар өте қажет. Қазір елімізде мыңдаған жұмыс орны бос тұр. Түрлі салада, тіпті, жалақысы едәуір жоғары жұмыс орындары бар. Бұл орындарды шетелден келіп жатқан адамдар толтыруда. Жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы маманы оқуын бітіріп шығады. Алайда олар арнайы білімді қажет етпейтін, тез табыс әкелетін жұмыстарды таңдайды. Әрине, жұмыстың жаманы жоқ, адал еңбектің бәрі – маңызды. Бірақ бұл үрдіс жеке адамға да, бүкіл елге де үлкен пайда әкелмейді. Жастарымыз экономиканың нақты саласында жұмыс істеуге ұмтылғаны жөн. Осыған мемлекет қажетті жағдай жасауы керек. Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі.
Жылда айтылып келе жатқан, осы Жолдауда маңыз берілген мәселенің бірі – бақылаусыз ішкі және сыртқы көші-қон үдерісі. Мұндай ахуал күрделі мәселелер туындауына әкеп соқтырады. Еңбек нарығын, әсіресе көші-қон мәселесін реттеу саласында есепке алудың орталықтандырылған жүйесі жоқ. Осы орайда Үкімет ел ішіндегі және шетелдегі көші-қон ағымының есебін жүргізетін бірыңғай цифрлық жүйе енгізуге тиіс. Сонымен қатар аймақтардағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру керек. Әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, жүзден астам түрлі жеңілдікті қолдан көбейту әлеуметтік масылдыққа жол ашты. Бұл мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект дәуірінде мәдениет пен өнердің дамуына айрықша мән берілетінін атап көрсетті. Салаға қатысты инфрақұрылым салынады, қажет болғаны жөнделіп, қалпына келтіріледі. «Өнер адамдары еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін шетелге паш етіп жатыр. Бұл – құрметке лайық жұмыс. Сондықтан мәдениет қайраткерлеріне қажетті қолдауды көрсетеміз. Бірақ олар жаңа заманның талабына бейімделіп жұмыс істеуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Иә, жаңа сипат алған даму кезеңінде руханият саласы өкілдерінің алдында тұрған міндет қай кездегідей аса жауапты.
Алдымызда тұрған осынау ауқымды міндеттерді атқару үшін әрбір азамат мемлекетшіл, отаншыл болуы керек. Қазіргі көзі ашық, көкірегі ояу жас ұрпақ отаншылдық деген сөзді басқаша қабылдайды. Жастардың басым көпшілігі әсіредіншілдікті, әсіреұлтшылдықты қолдамайды. Олар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық. Жастар «Елді сүю дегеніміз – халыққа пайдасы тиетін жаңалық ашу, жаңа іс бастау» деп түсінеді. Олар Қазақстанды дамыған, көркейген мемлекет ретінде көргісі келеді, халқымызды озық ойлы ұлттардың қатарына қосуға талпынады. Бұл – қоғам санасында болып жатқан өзгерістің айқын көрінісі. Мен мұны толығымен қолдаймын.Сондықтан ғылым-білімге ұмтылған, елін-жерін көркейтуді ойлаған жастарға әрдайым жан-жақты қолдау көрсете береміз. Біз қолға алған ауқымды жұмыстың бәрі жастардың жарқын болашағы үшін жасалып жатыр. Өскелең ұрпақ ертең соның игілігін көреді, оны еселеп, лайықты жалғастырады.
Ұлы Абай «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп бекер айтпаған. Қазіргі бұлыңғыр заманда ең басты міндет – еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын нығайту. Ол үшін бірлігіміз бекем болуы керек. Халқымыз тату болса, ішкі ахуал тұрақты болса, біз барлық қиындықты жеңеміз, кез келген кедергіден өтеміз.

Қаламгерлер қолдауы

Ел дамуындағы жаңа кезең

Мемлекет басшысы Қазақ­с­тан халқына Жол­дауында бір палаталы Парламент құру бастама­сын ұсынып, мұндай маңызды қадамды асы­ғыс жүзеге асыруға болмай­ты­нын және жан-жақты тал­қылау керектігін де айтты.
Менің ойымша, пар­ла­мент­тік рефор­ма мәселесі кемінде жиыр­ма жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Осы мәселе ашық та, жабық та тал­қыланып жүргені ешкімге құпия емес. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Сон­дықтан мемлекеттік жүйе дамып, азамат­тарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескере отырып, бұл ұсынысты халықтың талқысына салу айрықша маңыз­ды деп санаймын.
Бір палаталы Парламентте заң қа­был­дау про­цесі әлдеқайда жылдам әрі үкіметке шұғыл шешімдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қабылданған заңға бір ғана орган жауапты және екі палатаны ұстауға кететін шығын азаяды.
Бұл Жолдау еліміздің дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, Қазақстанның тұрақ­ты және өркендеген мемлекет ретінде қалып­тасуына негіз болмақ.

Асанәлі ӘШІМОВ,
ҚР Еңбек Ері

Игі жаңашылдық сезіледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы ел көкейін­дегі мәселелерді қозғап, көптің көңіліндегі сауалдарға жауап берді. «Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз жұдырықтай жұмылып, табанды еңбек етуіміз керек», – деген Президент әлемдік ахуалды да таразылап өтті.
Дүниежүзінде болып жатқан түрлі өзгерістер біздің мемлекетімізге де біршама ықпал етпей қоймайды. Сондықтан Мемлекет басшысының: «Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет», – дегені де – уақыттың бұлжымас талабы.
Халықтың әлеуметтік, рухани жағда­йын жан-жақты саралап, қабылдануға тиіс өзгерістерді нақты көрсетіп берген Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың мәдениетімізге де кеңінен тоқталғаны қуантты. Президенттің: «Өнер адамдары еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін шетелге паш етіп жатыр. Бұл – құрметке лайық жұмыс. Сондықтан мәдениет қайраткерлеріне қажетті қолдау­ды көрсетеміз. Бірақ олар жаңа заманның талабына бейімделіп жұмыс істеуі керек», – дегені осы сала қызметкерлеріне серпіліс сыйлары анық.
Қайткенде де, бұл Жолдау мем­ле­ке­ті­міз­­дің даму жолын өзге бір белес­ке көтеріп, ха­лық үшін игі жаңашылдықтың бастауы бола­тыны сезіледі.

Сәбит ОРАЗБАЕВ,
Қазақстанның халық артисі

Экономика көтерілсе, халықтың әл-ауқаты көтеріледі

 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауын бастан-аяқ мұқият тыңдадық. Жолдау, негізінен, Қазақстан экономикасына қолдау дер едік. Өйткені экономика көтерілсе, халықтың әл-ауқаты көтеріледі. Әділетті Қазақстан салтанат құрады. Билік пен халық арасы жақындай түседі. Бұл деген – ендігі жердегі жаңғыру халық қолымен жүзеге асады деген сөз. Алайда біз жасанды интеллект заманында өмір сүріп жатырмыз. Ендеше, біз ЖИ атты жүйріктің жалына жармаспай әлемдік аламанға ілесе алмаймыз. Ендеше, жастарымыз мектеп қабырғасынан, тіпті балабақшадан бастап, ЖИ жүйріктің құлағында ойнай бастағаны дұрыс. Сонда ғана ғаламдық бәсекеге қабілетті қазақ қалыптасады. Сонда ғана біз шаң қауып қалма, дүние-дүрмектің алдыңғы шебінде боламыз. Сонда ғана біздің болашағымыздың айдарынан жел еспек. Жолдау бізді осындай байрақты болашаққа шақырады.

Смағұл ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның халық жазушысы

Ел сенімін күшейтті

Президенттің Жолдауы Торғай өңірі жұртының күпті көңілін сейілтіп, еңсесін тағы бір көтеріп тастады. Жасыратыны жоқ, соңғы кезде Торғай аймағын дамыту бойынша ел ішінде әртүрлі алып-қашпа әңгімелер гулей бастаған еді. Әсіресе Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне шығатын автокөлік жолының құрылысы төңірегінде жергілікті тұрғындар қатты алаңдаған болатын. Ондағысы «жол аймақты айналып өте ме» деген еспе сөз. Бірақ Президентіміз мәртебелі мінбеден Торғай аймағына айрықша көңіл бөлу керегін ерекше, қадап айтты. Ел басшысы бұл жол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға бағытталған көптеген шараларды қамтитындығын меңзеп отыр. Біле білсек, бұл жолдың ауылдағы ағайындардың тағдырына тікелей ықпалы бар. Төрт түлігін өсіріп, кәсібім – нәсібім деп ғұмыр кешкен ағайындардың жол салынса, тірлік тынысы серпілері анық. Малдың еті мен сүтінен бастап, тасымалдың арқасында барлық өнімдерін саудалап, ұқсатар еді. Шағын кәсіпорындарын заманауи технологиямен жабдықтап, өндірістің жаңа көкжиегі айқындалар еді. Барыс-келіс, алыс-беріс күрт күшейіп, ауылда жастар тұрақтап, ел-жұрттың шырайы ашылары сөзсіз. Бұл тұрғыда өңірдегі зиялы қауымның белсенділігі мен жанашырлығы, ел мүддесі үшін қам-қарекетіне ризамыз.

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының
Қостанай облысындағы өкілі

Өзекті мәселелер көтерілді

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының экономикалық бағыт-бағдары басым болды. Қазақстан қанша жерден әлеу­меттік мемлекет дегенімізбен, мемлекеттік ауқымда алғанда да, жеке адам тұрғысынан қарағанда да экономика – тұтастай елдің де, жеке адамның да тұрмыс-тіршілігін жақсартуға тікелей әсер ететін негізгі категория. Ал жасанды интеллект бүгіндері халықаралық деңгейде бәсекелестікке қабілеттілікті айқындайтын басты факторлардың біріне айналды. Сол себепті де Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алдағы үш жылда Қазақстанды жасанды интеллект технологиясын жан-жақты меңгерген елге айналдыру міндетін қойып отыр.
Қазақстан экономикасының тұз көзірі – мұнай-газ саласы. Демек, геологиялық барлау жұмыстарын күшейту, бұл салаға халықаралық сарапшыларды тарта отырып, ғылымның соңғы жетістіктері мен жаңа технологияларды кеңінен қолдану мұнай-газ секторының әлеуетін арттырары анық. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында өнім шығару мен терең өңдеу тізбегін тұрақты назарда ұстап, жүйелі жолға қою да еліміздің халық шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, тіпті экспорттық әлеуетін де арттырары кәміл.
Өз басым Президенттің кешегі Жолдауында тілге тиек болған отандық туризм тақырыбы да, яғни туристік инфрақұрылымды күрт күшейту де өте өзекті мәселенің бірі деп санаймын. Егер біз тездетіп отандық туризмді өркениетті рельске қоя алсақ, мемлекеттік бюджеттің бүйрегін бұлтитар бір күретамырды қалыптастырған болар едік. Су тұтыну мәдениетін мейілінше тезірек қалыптастыру да – біздің билік үшін де, халық үшін де кезек күттірмейтін ең көкейкесті шаруалардың бірі. Міне, осындай іргелі мұрат-мақсаттарға сапалы мемлекеттік қызмет және экономиканы ауқымды цифрландыру арқылы жете алатынымызды өз Жолдауында Мемлекет басшысы атап көрсетті.

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағының
Батыс Қазақстан облысындағы өкілі

Тың серпін беретіні сөзсіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын сырбойылықтар да аса бір ыждағатпен тыңдады. Жолдауда: «Қазір дүниежүзі жаңа тарихи дәуірге қадам басты. Бұл дәуірдің барша адамзат үшін оңай болмайтыны анық… Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деген Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс екенін де баса айтып өтті.
Осы орайда, алда атқарылғалы тұрған 7 іргелі міндетке тоқталды. Осындағы бесінші міндет – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту тұрақты дамудың негізгі факторы екенін баса айтты. Бұл Сыр халқының да көптен көкейде жүрген мәселесі екенін өңір жұртшылығы жақсы біледі. Мемлекет басшысы: «Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ, сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс», – деп қадап тапсырды.
«Былтырдан бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асып жатыр», – деген Мемлекет басшысының сөзіне орай, Қызылорда облысы жұртшылығының осы салаға қосып отырған орасан еңбегін айту керек деп ойлаймын. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың табанды талабының арқасында Сыр өңірі таза, жасыл өлкеге айналды десек болады.
2024 жылы аймақ басшысының қолдауымен облыстағы жеті ауданда заманауи «Руханият» орталықтары салынып, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ қалада бой көтерген мың адамдық «Өнер орталығы» ерекше форматта салынып, халық игілігіне берілген, ашылу салтанатына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі куә болған «Анаға тағзым» орталығы, «Отбасы» орталығы, «Облыстық тарихи-өлкетану музейі», «Музыкалық колледжі» оқу корпусы, «Оқушылар үйі», «Сыр жұлдыздары» инновациялық, шығармашылық академиясының ғимараттары көз қуантып, көңіл сүйсіндіреді.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы сырбойылықтарға тың серпін беретіні сөзсіз.

Қаршыға ЕСІМСЕЙІТОВА,
Қазақстан Жазушылар одағының
Қызылорда облысындағы өкілі

Ендігі міндет – ғылымды, білімді,
талантты жастарды қолдау

Президент Жолдауындағы жасанды интеллектіні дамыту мәселесі еліміздің жаңа бағытын айқындады ғой деп ойлаймын. Біз мұнайға сүйенген шикізаттық экономикадан арылып, енді адам капиталына, ақыл-ой потенциалына арқа сүйеуіміз керек. ЖИ министрлігін құру, цифрлық кодексті қабылдау, smart-city жобалары – соның алғашқы қадамы.
Жалпы, алдыңғы қатарлы елдердің даму тарихына үңілсеңіз, бұл – дәлелдеуді аса қажет етпейтін дүние. Адам капиталына инвестиция жасалмаса, жасанды интеллектіні дамыту тек сыртқы технологияларды дамыту деңгейінде қалып қоюы мүмкін. Президент атап өткендей, цифрландыру бұл тек цифрлық қызмет көрсету емес, ол – экономиканың барлық саласында өнімділікті арттырып, жаңа құндылық қалыптастырудың жолы.
Менің ойымша, бұл қазіргі басты қауіптердің біріне айналып отырған дарынды жастардың сыртқа кету («утечка мозгов») процесін тоқтатар еді. Ендігі міндет – ғылымды, білімді, талантты жастарды қолдап, Отанымызды тек ресурспен емес, интеллектуалды әлеуетімен дамытатын мемлекетке айналдыру.

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА,
Қазақстан Жазушылар одағының
Атырау облысындағы өкілі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір