Ұлттық рухы қуатты ұрпақ – ұлы күш
Еліміздің болашағы – ұрпақ тәрбиесінде. Еліміз егемендік алып, ішкі-сыртқы саясатын өзі шешуге қол жеткізген қазіргі таңдағы басты міндет – әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді жандандырып, ұлттық сана-сезімі жоғары тәрбиелі ұрпақты өсіру. «Мұндай балалар мектеп бітіргеннен кейін қай жұрттың арасында жүрсе де, сүйегіне сіңген ұлт рухы жасымайды, қайда болса да, тіршілігінде қандай ауырлық өзгерістер көрсе де ұлт ұлы болып қалады»,- деген М. Дулатұлының сөзін еске алсақ, бұл күн тәртібіндегі басты мәселе болып тұрғаны анық. Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты №20 кітапханада өткен кездесу осы үлкен мақсатты ұстанды. «Ұлттық құндылық – ел қазынасы» деген тақырыпта өткен іс-шараның қонағы этнограф-жазушы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының академигі, астролог, гүл зерттеуші, ағартушы Болат Бопайұлы болды.
Кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы кіріспе сөзінде қазақ деген халықтың жан-дүниесін, бекзат болмысын жарқыратып ашып, танытып жүрген Болат Бопайұлының кездесуге келгеніне алғысын айтып, іс-шараның мақсатын түсіндірді. Өз кезегінде сөз алған Болат Бопайұлы тәрбие дегеніміз бір сөзбен айтқанда сол ұлттың өзіндік ерекшеліктері екендігін түсіндірді.
– Тәрбие, бір сөзбен айтқанда, жеке тұлғаның рухани дамуының негізгі факторы болып есептеледі. Әрбір ұлттың тәрбиелік үрдістеріндегі ерекше әсері тиетін, тәрбиелік қағидаларын айқындайтын құбылыс – сол ұлттың өзіндік ерекшеліктері болып табылады. Ал қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері, яғни салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы – ұлттық тәрбиенің алтын арқауы болып табылады. Бүгінде қазақ қоғамы жаһандану ықпалында тұрғандықтан болашақты жалғайтын кейінгі толқынның бойында төлтума бітімімізді, ұлттық болмысымызды, ұлттық ойлау машығымызды, ұлттық кейпімізді сақтап қалу міндеті тұр, — деген фольклортанушы осы жолдағы атқарылып жатқан игі істерге тоқталып өтті. Қазақтың болмысында, тарихында бүгінгі ұрпағы ұялатындай, намыстанатындай ештеңе жоқ екендігін түсіндіріп берді.
Жақындап қалған ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің шығу тарихынан бастап бүгінде ұмыт қалған салт-жоралғыларды еске салды. Жастар да белсенділік танытып, өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды.
Осылайша еркін форматта өрбіген мазмұнды кездесуге қатысқан жастар ата-бабамыздан қалған ұлттық рухтан сусындап қайтты. Иә, шындығында да жас ұрпақтың бойына ұлттық өзекті дарыта білсек, әлемдегі дамыған елдердің қатарында тереземіз тең, еңсеміз биікте тұратыны хақ.
Меруерт МӘУЛЕТҚЫЗЫ,
журналист