Сот жүйесіндегі өзгерістер – сенімділік бастауы
26.07.2024
57
0

«Сот реформасы – бұл құқықтық мемлекеттің маңызды критерийі, инвестициялық тартымдылықтың негізі, жекеменшік құқығын қорғауды қамтамасыз ету. Сот жүйесін реформалаудың жаңа тәсілдері судьялардың тәуелсіздігін одан әрі нығайтуды, қоғамның соттарға деген сенімін арттыруды, сот төрелігін іске асыруға жаңа кәсіби кадрларды тартуды ынталандыруды, сот процесінің ыңғайлылығы мен тиімділігін көтеруді қамтамасыз етуі тиіс», – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің реформаларында Сот жүйесін жетілдіру аса маңызды екенін үздіксіз айтып келеді. 

Ел Президентінің тапсырмасына орай, бұл салаға енгізілген өзгерістер аз емес. Бұған дейін сот органдарын жабық мекемеге айналды деушілер молайған. Сонымен қатар судьялардың әділдігі мен бұра тартпайтын адалдығы да көп сынға ұшырайтын. Тіпті судьялардың себебінен жапа шеккенін жеткізіп, шырылдайтын заң қызметкерлері де аз емес еді. Соңғы бес жыл ішінде парақорлықпен 17 судья ұсталып, 29 адам теріс қылықтары үшін лауазымынан босатылғаны да – саланың кемшін тұстарының айғағы. Осы және өзге де бірқатар мәселелер ескеріліп Қазақстан Республикасының Сот жүйесі жаңа заңдармен толықтырылуда. Соның бірі – өткен жылдың басында Конституциялық Кеңес жойылып, Конституциялық сот қайта құрылды. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы:
«Жалпы, елімізде көптеген өзгеріс болып жатыр. Азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға баса мән беріліп отыр. Бұл жұмысқа қоғам өкілдері белсене қатысуға ынталы. Сондықтан мен Конституциялық сот құру туралы бастама көтердім. Азаматтарымыз жалпыхалықтық референдумда осы және басқа да ұсыныстарға қолдау білдірді.
Шын мәнінде, Конституциялық сот – еліміз үшін өте маңызды институт. Енді азаматтарымыз Конституцияға қайшы келетін нормаларды заңсыз деп тану үшін Конституциялық сотқа тікелей өздері шағымдана алады. Сонымен қатар Бас прокурор және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де Конституциялық сотқа жүгінуге құқығы бар. Жалпы, прокуратура, сот, құқық қорғау органдарының жұмысына қойылатын талап айтарлықтай күшейеді. Конс­титуциялық сот депутаттардың және Үкіметтің заң шығару жұмысына оң ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, Конституциялық сот адам құқықтарын қорғау жүйесінің басты тірегіне айналады», – деген болатын.
Сот жұмыстарын ұйымдастыру IT жетістіктерімен қолдау тапқаны да – ең басты жетістік. Бұл қай тарап үшін де тиімділігін көрсетіп келеді. Электрондық сот істеріне ауысу, «Сот кабинеті», «Сот құжаттарымен танысу», «SMS хабарлама» сервистері мен «Талдау» форумы, CALL-орталығы, сенім телефоны, дыбыс-бейне құрылғылары, бейнеконфереция және «True Conf» мобильдік қосымшасы арқылы сот төрелігін жүзеге асыру, экс-аумақтық соттылық, роботтандыру элементтері бар «цифрлық сот талдауы сынды цифрлы технология түрлері арқылы Сот жүйесі айтарлықтай оңтайландырылған. Уақытты үнемдеу жағынан ғана емес, ашықтық, қолжетімділік, нақтылық жағынан да оң көрсеткіш – осы. Аталмыш процестің тағы бір тиімділігі – қаралатын істі ­судья­ өзі таңдамайды немесе сот төрағасы бөліп бермейді, заманауи технологияның көмегімен қандай іс болмасын кездейсоқтық әдісімен жүктеледі. Нәтижесінде, адам факторында болатын әділетсіздік, күмәнділік жойы­латыны анық.
Сондай-ақ судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету бағытында да заңмен бекітілген өзгерістер аз емес. Сот жүйесіз әлсіз, біліксіз кадрлардан тазартып, жан-жақты білімді, тәжірибесі мол, қай саладан да сауаты бар, көреген кадрларды жұмысқа тарту шаралары жалғасуда. Судьялардың басты қалаларға жұмысқа орналасып, шалғай аймақтардағы сот орындары судьясыз қалуына байланысты сайлау, тағайындау шаралары да қажеттілікке орай жүзеге асады деп күтілуде.
Халық сенімінің негізгі арқауы болып есептелетін Сот жүйесі әлі де біраз трансформацияны өткереді. Қандай жаңашылдық болмасын, ел игілігі үшін жасалып жатқаны айқын.

Мөлдір Райымбекова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір