Менің Фаризам
08.04.2016
2040
0

фото1 (2)Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА

 Мен бұл кезде Фаризаны екі бағытта танып үлгердім. Біріншісі – таланты, ішкі қуаты, ерекше мінезі, табиғилығы, ақындығы, екіншісі – кейбір пенделік сәттері, кейбір әйелдік сезім мен қызғанышы, бар болмысын толық ашпайтын ұстам мен бар адамда кездесетін аздаған артистік мінез. Әйел болмысын, әйелге ақын болудың қиындығын ерте ұқты ол. Шындықты ашық айта алатындығының белгісіндей ол жайлы өзі де ашық жазды:

Құдай сәуле бергенмен санасына,

Еркектерден көп төмен бағасы да.

Құлдықта келе жатыр баяғыдан

Әйелдің дарасы да, данасы да.

Әсіресе, қалам ұстаған әйелдерге бұл жолдар түсінікті де жақын, келіспеу мүмкін емес дер едім. Әйел жүгіне ақын жүгін қосып арқалау оңай емесін сезген Фариза өзін тек бір ғана ақындық жолға ғана арнады. Ендеше, сол жолда жеңіске жетуім керек деп ойлады, ол жайлы жазды, алдына оны үлкен мақсат етіп қойды. Ол бір сөзінде маған: «Көңіліңе келсін, келмесін, қыздардан мен ешқайсыңды алдыма шығармауым керек!» дегені бар. Өзі айтқандай, қыздар түгілі, «Халық ақыны» деген атақты ол Мұқағали Мақатаевтан да бұрын алып үлгерді.

Фариза өз дәуірінде билік айналасында шырқап тұрған азаматтармен еркін араласып жүрді. Заманбек Нұрқаділов Алматыда таңдаған пәтеріне жайғастырса, Нұрлан Балғымбаев пен Иманғали Тасмағамбетов Фаризаның айтқандарын екі етпей орындап отырды. Фариза ақынға дейін ешбір қазақтың қаламгер қызы өз ойын ондай жүзеге асыра алған жоқ, одан кейінгілер де солай болатын шығар. Өйткені бүгінгі қоғамда өлең жазған қыздардың даусын естіп тұрған билікші көрінбейді.

Фариза өз айналасындағылары түгілі, Қазақстанның бұкіл өңіріне таланты арқылы танылғанның үстіне қай жерге кім арқылы сөзін өткізуге дейін білді. Соның арқасында өлеңін оқымайтындар да, қазақша ұқпайтындар да жалпылдап тұрғанға кейде өзі де күлетін. «Мыналар менің бір өлеңімді де оқыған жоқ, оқыса да, түсінбейді. Өзім жоғарғы жақтан бұйрық бергізгесін алдымда құрдай ұшып тұрғандары ғой», – дейтін. «Ал көбі күнәсін бетіме айтып қоя ма деп, қорқып сыйлайды ғой», – деп мәз болатын. Ақынның айналасында ондайлар да болды.

Сол жазда біз тағы демалысқа бірге Гурьевке ұштық. Калинин даңғылының бойындағы «Алматы» қонақүйінің буфетінде үндінің ғажап шайы болатын. Қалима анамызға базарлыққа соны алдық. Алматының апорт алмасы ол кезде қымбат әтірден бетер жұпар исін шашып тұратын. Көтергенше содан алдық. Фариза әр балаға атын атап, сыйлықтар алды. Сөйтіп, Махиз аға қарсылап, Айбаршаның тәтті шайына жеттік. Фариза болса, үсті-үстіне шұбат ішті. Келесі күні Фариза маған «Бір үйге бата жасауға барамыз» деді. Ауыл үйінің арасымен келесі көшеге жаяу шықтық. Ауыл адамдары амандасып, жүргізбейді, бәрі жүгіре шығып сәлемдесіп жатыр. Күн шыжып тұр, көлеңке жоқ, ағаш өспейтін жер. Табиғат та ғажап қой, бір көше былай бұрылсаң, айдыны шалқып Ақ Жайық ағып жатыр. Таңдайымыз кеуіп әнеу тұрған ақ атырлы үйге әзер жеттік. Жас-кәрісі жапырылып қарсы алған үй төріне ұнсіз жылжыдық. Кішкене орамал бүркенген болдық. Мұнда батаға келгендермен Құран оқып, бет сипап болмай сөйлеспейді. Үлкен ата алдына ақ мата жайып, сарнатып Құран оқыды. Болған соң Фариза ақ матаның шетіне ақша қойды, мен де оны қайталадым. Аман-саулық сұрасып, дастарқан жайылып та жатыр. Жүгіріп жүрген келін-қыз бір шапшаң адамдар екен. Ол кезде газет-журнал көп оқылады, мені де «Кім?» деп сұрамастан, атымды атап, сайрап отыр. Шағын ауылға «Кеше Фариза мен Ақұштап келді» деген хабар түгел таралып үлгергенге ұқсайды. Дастарқанда дәмнің түрі толып тұр: қара икра, қызыл балық дейсің ба-ау, бірақ оған ұмтылған біз жоқ. Бір бауырсақты шұқып жеген Фаризаға қарап, мен де шелпек ауыз тидім. Шөлдеп келсек те, бір кеседен артық шай ішпедік, қылтиып кіріп, сызылып шықтық. Менің бұл отырған төрім болашақ жарым Ғабдырахимнің үйі екенін, сол жолы мен оның қарт әжесі Тұрсынға бет сипап, болашақ енем Қаламқастың қолынан шай ішкенімді сезген де, білген де жоқ едім. Адам болашақ тағдырын болжай алмайтынының нақты көрінісі осы.

Сол жаз Гурьевте қатты ыссы болғандықтан, салқын үйде Фаризаның анасының қасында аз ғана болып, менің анама берген уәде бойынша Оралға самолетпен ұштық. Бір сағаттық жер ғой, аңызақ, аптап Гурьевтен кейін терегі жайқалған, Шағаннан самал ескен Оралдың аэропортынан-ақ тынысымыз кеңіп жүре бергені. Қарсы алған менің кіші ағам Жәңгерей Фаризамен құрдас еді. Алдыңғы жылы Алматыға келіп, біраз бірге қыдырған. Мамандығы механизатор болғанмен, әдеби шығарманы көп оқитын. Фариза ескі танысын көргендей, қалжыңдаса жөнелді. Ол кезде «Москвич» машинасы үлкен көлік болып саналатын. Сонымен ауылға тарттық. Жеткенше екеуінің қалжыңы жарасты.

– Немене, машинаң жай жүреді? «Мал иесіне тартады» деген, өзің сияқты шамалы екен, – дейді Фариза.

– Осы жақта біреуге ұнап қалсаң, сені алып қашуға жарайды бұл машина, – дейді ағам.

– Ауылыңда сен сияқты біреумен «Москвич» мінетін мен бе? Көрдің ғой, Алматыда «Волгамды», – дейді Фариза.

– Отыз жетінші жыл болса, «Москвичті» жамандағаның үшін айдалып кетер едің, өзің комуниссің, – дейді ағам.

– Онда маған жаман «Москвичпен» тамақ тасисың ғой, – дейді Фариза.

Қаттырақ қалжыңдап, ренжітіп ала ма деп менде зәре жоқ. Жеңіл әзіл-күлкімен, әйтеуір, үйге де жеттік. Бұрыннан танитын мамамды Фариза құшақтап жатыр.

– Мына Жәңгерейден қаймақ қалды ма, апа? Сіздің қаймақты сағынып келдім, – деп жарқылдап кірді біздің үйге.

Ол бір Фаризаның көптен көрсетпеген жарқын мінезді күндері еді.

Біздің үй Жайық бойындағы жасыл орманға кіріп тұрған шағын мүйіске орналасқан. Гурьевтегі ыстықтан кейін ол жердегі бір түнгі ұйқының өзі жанға жайлы екені айтпаса да, түсінікті.

Қой сойған Жәңгерей ағаммен Фариза әлі қалжыңдасуда.

– Пысылдап сойып жатқаның арық қара тоқты ма? Мен қара қойдың етін жемеймін. Апамның айран-қаймағы да жетеді, – десе, құрдасы:

– Бүгін ет жемей-ақ жат! Ертең ақ ешкі соямын, – дейді.

– Мен ешкі етін жемеймін, – десе, Жәңгерей:

– Саған сояр түйем жоқ, – дейді.

– Сенің қолыңнан түйе сою келе ме? – десе Фариза,

– Түйе жоқ болған соң соймаймын ғой, – деп екеуі мәз болып күледі.

Оралға барған сапарын, Жәңгерейдің құрдас деп айтқан зілсіз жеңіл, тапқыр қалжыңын Алматыда еске алып, «Журналистиканы оқығанда сенің ағаң сатирик жазушы болып кететін еді» – деп отыратын.

Сол жылдың күзінде комсомолдық жолдамамен Фариза екеуміз Германия Демократиялық Республикасына үлкен топпен бірге сапарға шықтық. Шетелге алғаш шығуымыз. Шет тілінің бірін де білмейміз. Бір жұмадай неміс елінде ішкен тамаққа көңіліміз толмағаны рас. Онда көбі – колбаса, ал Фариза аштан өлсе де, колбаса жемейді. Өзімізше пісірген етті сағындық. Сонымен, Мәскеуге жеткенде өз ауылымызға келгендей қуанып, қонақүйге келе сала, Мәскеудегі әдебиет институтының жоғарғы курсында оқып жатқан ақын ағамыз Жұмекен Нажмеденовті іздедік. Ол кезде ұялы телефон жоқ, бірақ Мәскеуден шығатын әйелдер журналында толған таныс ақындарымыз бар еді. «Советская женщина» журналында жасайтын Искра Денисоваға звондап, әдеби институттың жатақханасының да, вахтасының да телефонын тауып алып, Фариза Жұмекен ағаны телефонға шақыртты. Алматыда жүргенде де Жұмекен ағаға еркін еркелеп, кейде қырсығып, өте өзімсініп сөйлесетін еді, қазір де солай:

– Жұмекен, мен ғой, Фариза. Германиядан қайтқанбыз, қарным ашып, өлуге келдім, – дейді.

– Оған менің қандай қатынасым бар? – депті Жұмекен.

– Қасымда Ақұштап қарындасың бар. Екеуміз саған ет жеуге барамыз, – деді Фариза.

Көп сөзге жоқ ақын жайлы қоңыр дауысымен «Түсіндім, такси алып, өздерің келерсіңдер», – деп әңгімесін қысқа қайырды.

Мәскеуді Отаным деп ән салып өскен біз орыс тілін білгенімізге мәз, тз жиналып, әдебиет институтының жатақханасына нағашымыздың үйіне баратындай асықтық. Жымия күліп, жанары сағыныш пен сезімге, езуі жыр мен әзілге толы ақын аға екеумізге әрі мысқылмен, әрі мейіріммен қарап сәлемдесті. Мейірімі – өзі де елді сағынатыны, әсіресе, Фариза екеуінің туған топырағы өте жақын ғой, мысқылы – «Иә, менің әкемді жұтқан «соғысқыштар елінен» не таптыңдар?» дегендей дауыстап айтпаған ойы еді.

Жұмекен аға бөлмесінің кілтін ашып, бізді кіргізді де, қалай барып қайтқанымызды сұрай бастап, бірақ жауабын күтпей, бұрылып шығып кетті.

– Осы біздің ақындарымыз біртүрлі ғой. Әлде мазалағанымызға бұлданып тұр ма? – деп Фариза маған қарады.

– Өзің де біртүрлі екеніңді сезбейсің-ау, өмірі ожау ұстамаған қазаққа «Ет астың ба?» деп дікілдейсің, «Әне тұр ет, керексе пісіріп же!» десе, не демекпіз? – дедім.

– Екі ақын қарындасының еркелігін көтермесе, оның несі еркек? – деп Фариза өз мінезіне басты.

Екеуміздің қысқа әңгімеміз бітер-бітпестен жымиып күлген Жұмекен аға шағын табағын көтеріп, буы бұрқыраған ыстық тамақты алып кірді.  «Екеуің тоятын ет астым», – деді. Бізді қарсылағанда жымиған жылы күлкісі әлі жүзінде сақтаулы тұр.

– Мен етке қамыр илеу білмеймін, өзім де Нәсіптің іңкәлін сағындым. Мұндайда ірі макарон да тәтті болады екен, оған ренжімейсіңдер, – деп ақталып, тамақты үстелге қойды. Тіпті мүжитін сүйегі де бар.

Біз сол бір кездесуді ұзақ көрмей, сағынысқан аға-қарындастарша көңілді өткіздік. Саусағымызды батырып, ірі макарондарды теріп жеп, сүйекті бөліп мүжіп, мәз-мейрам болдық. Елді айттық, ақындар жайлы айттық. Кейбір сұрақтарына Фариза: «Дәл осыны мен ренжісін деп айтып отырсың» десе, Жұмекен ағам: «Ренжігенде сенің түрің қызық қой», – деп күлді.

Сол бір жүздесу талай қонақ жиналған дастарқаннан жылы болды. Сол ақын пісірген ет өте дәмді болды, өйткені шын көңіл мен ақын жүрегінің адал сәулесіне бөленгенбіз. Екеуміз Қазақстан тобын қаздай тізіп, санап апарған басшылар іздеп қалар деп, комсомолдық жолдаманың тәртібін сақтау үшін кеште жиналу сағатына үлгеріп, қонақүйге келдік. Келесі таңда Алматыға ұштық. Фариза Жұмекен аға пісірген етті ешқашан ұмытқан жоқ, жиі еске алып жүрді.

ПІКІР ҚОСУ