Бишілер бағындырған белестер
09.08.2024
271
0

Болгария мемлекетінде өткен халықаралық бишілер байқауына Қазақстаннан қызылжарлық «Мәңгілік» би ансамблі шақырту алған. Олар шетелдік сахнада қазақ халқының ұлттық биін, төл мәдениетімізді танытып, еліміздің қоржынына жүлде салды. Теріскейлік ансамбль байқауда ел мерейін асырып, бас жүлде иеленді. Бұл ұзақ жылдар ішіндегі аталған фестивальге қатысқан қазақ бишілерінің еншілеген ең жоғары марапаты.
– Фестивальдің басқа қатысушылары бишілердің өнерін, кәсіби деңгейін жоғары бағалады. Хореографиялық қойылымдар көрерменнің таңданысын туғызды. Фольклорлық фестивальде әр елдің қатысушылары өздерінің ұлттық билерін көрсетті. Біздің қыз-жігіттер елімізді таныту үшін сахнада оттай жанғанын көрдік. Жиналған жұрт қошемет көрсетіп, ду көтерілді. Өнерпаздардың Қазақстанға деген ыстық сезімін, ерекше құрметін қазылар алқасы да атап өтіп, даусыз бас жүлдені берді, – дейді «Мәңгілік» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Михаил Лахтин.
Бүгінде өнер ұжымының репертуарында елу шақты туынды бар. Болгарияда бишілер соның бірнешеуін көрермен назарына ұсынды. Күйіп тұрған күнге қарамастан солтүстікқазақстандықтар жарты сағат бойы сахнаны босатпай, ұлттық биіміздің үздік үлгілерін көрсеткен. Фестиваль барысында басқа елдерден келген кәсіби өнер иелерімен тәжірибе алмасып, басқаларды мойындатқан.
– Бес кезеңнен тұратын фестивальдің әр кезеңі бір-бір қалада өтті. Тоғыз мемлекеттің бишілері қатысқан байқауда топ жаруға жарты жыл дайындалдық. Өзім ансамбльге үш жыл бұрын келдім. Осы уақытқа дейін қанша рет шетелге шықсақ та, бұл сапардың ерекше есте қалары анық. Фестивальде алда өтетін өзге де халықаралық байқауларға шақырту алдық, – дейді биші Динара Қасымова.
Бұл қызылжарлық бишілердің жеткен жалғыз жетістігі емес. Күні кеше «Арабеск» ансамбльі Ресейде өткен халықаралық байқауда үздік атанып, бірнеше жүлделі орынмен оралды. Ал «Туған жер» ансамблінің әртістері ел намысын қорғау үшін Италияға жолға шықты.

Диас АЯҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір