АТАЛЫ СӨЗГЕ АБАЙ БОЛАЙЫҚ
Өткен жылы қаламгер Ермек Зәңгіровтің құрастыруымен «Ұлт рухы: Алаш қайраткерлерінің афоризмдері» атты кітап Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша «Arna-b» баспасынан жарыққа шығыпты. Аңдатпада: «Бұл кітапқа Алаш қайраткерлерінің Отан, Ел, Тіл, Діл, Жер, Шекара, Білім, Патриотизм туралы айтқан қанатты сөздері топтастырылған. Алаш қайраткерлерін ұлықтау, ол – Тәуелсіздігімізді асқақтатумен бірдей. Ұлы мұрат жолында ұланғайыр ерлік көрсеткен оларды қалай құрметтесек те жарасымды» делініпті.
Хош делік. Ең әуелі кітаптың атауында селкеулік бар сияқты. Жинақ «Алаш қайраткерлерінің афоризмдері» деп аталғанымен онда Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, тағы басқа Алаш қайраткерлерімен қатар Нұртас Оңдасынов, Манаш Қозыбаев, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков, Михаил Есеналиев секілді бертінгі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің тіл және ел туралы қанатты сөздері жазылғанына қарағанда кітапты тек «Қайраткерлер афоризмдері» деп атағаны дұрыс болар ма еді деген ой келеді.
Ұлттық рухани жаңғырудың басында Алаш қайраткерлері тұрғанын жақсы білеміз. Ұлтының мәңгілігін ойлаған алты алашқа аты мәлім арыстарымыздың қазақ қамын жеп жазған құнды ой толғамдарын, аталы да баталы сөздерін бүгінгі жас ұрпаққа жеткізу мақсатында шығарылған кітаптың мұғдарлы мақсатын түсінуге болады. Дегенмен мұралық дүниелерге өте абай болған жөн. Құрастырушы тарапынан жіберілген олқылықтар орны толмас өкінішке соқтырары қақ. Қалай болғанда да дәйексөздерінің сол айтылған, жазылған қалпында оқырмандарға жеткізілуі керек еді. Жинақта олардың бірнеше нұсқалары қатар өріп жүр. Әсіресе бір аталы сөздің екінші авторға телінуі атауы алты қырдың астынан естіліп тұрған кітапқа абырой әпермесі хақ.
Мысалы, Ж.Аймауытовтың «Алдымызда әлі де қанша қиын жылдар бар, бұдан басқа да өмір бойы алдыңда сынаулар көп, барлығына шыдамдылық, қажымастық керек. Кел! Аздап оқы» деген қанатты сөздерін кітаптың 49-бетінен оқысақ, тура осы сөз Темірбек Жүргеновтің сөзі делініп, 68-бетке қайыра орналастырылған. Автордың 50-беттегі «…қазақ халқының Қазақстан болуының өзі бір үлкен мәдениет. Олай болса, қазақ халқының қазіргі көгеріп, көркейгендігіне осы дәлел» деген сөзі және осы беттегі «Мектеп деген – ең үлгілі орынның бірі, сондықтан мектептің барлық ісі тәртіпті жолмен ешбір мүлтіксіз жүріп отыруы керек» деген сөздері тағы да Темірбек Жүргеновтің сөзі делінген, оны 69 және 70-беттерден оқи аласыз.
Ж.Аймауытовтың 51-беттегі «Қазақ тілін білмейтін кісілер тіл маманы, жазушы мамандығын алған. Қазақ тілін, қай тілді де болсын, білу үшін тіл кісінің ана тілі болуы қажет емес, кез келген кісі өзінің ана тілін жақсы біле бермейді. Жазушы болу да осы сықылды. Екі сөздің басын шатып, дәмі жоқ жаза бергенмен, жақсы жазушы болмайды, жазушылықтың өз алдына шарты бар, соған сәйкес келсе ғана жазушы деуге болады. Ескі басшылық кезінде тілді кім болса, соған қолжаулық қылғанды көріп, тілші, жазушы атанғандардың қазақтың «Есек мініп, ел шауып, жақын жерден жау тауып» дегеніндей, тіл бұзуға себеп болғандары аз емес» деген сөздері және осы беттегі «Халық түсінгенінде – «ескі басшылық» деген сөз мемлекет басқару ісінде болған көп қателіктерді көтереді. Ескі басшылықтың мәдениет ісінде қылған қателері ауыл шаруашылығы істерінен де сорақы деуге болады» сөздері Темірбек Жүргеновтің ойтолғауы делініп, 70 пен 72- беттерде қайталанған. Сондай-ақ «Біз бай, білімді, әрі күшті болуымыз керек. Бай болу үшін – кәсіп, білімді болу үшін – оқу керек. Ал күшті болу үшін – бірлік керек» деген үзік асыл ой Әлихан Бөкейхановта да (17-б.), Ахмет Байтұрсыновта да (32-б.) кездеседі.
Шын мәнінде бұл аталы сөздер қай автордікі, оны іздеп табуды құрастырушы оқырманның еншісіне қалдырса керек.
Кітап көлемін ұлғайту мақсатында ма, әлде көп дәйексөздердің иіріміне түсіп кетті ме, кім білсін, құрастырушы Алаш қайраткерлерінің ғибрат сөздерін әрбір бетке бірнеше мәрте қайталап бастырған. Дәлірек айтсақ, Әлихан Бөкейхановтың 5-беттегі «… біздің қазақтай бір жерде тізе қосып, қалың отырған іргелі ел жоқ» деген сөзі «Түрік затты…» деп басталып 22-бетте қайталана берілген. Жүсіпбек Аймауытовтың 45-беттегі «Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек» деген аталы сөзі «Естеріңізде болсын» деген жолдарды алынып, тұтас дәйексөз екіге бөлшектеніп, 47-бетке орналастырылған. 45-беттегі «Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды»– деген сөз 47-бетте қайталанған.
Әлихан Бөкейхановтың 5-беттегі «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда ғана орындалады» деген сөзі 21-бетте қайталанған. 9-беттегі «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ынтымақ қана. Қазақ жерінің әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек» деген сөзі 19-бетте қайталанып, басқы бір сөйлемін ғана бөліп жазған. 14-беттегі «Бөтен кісі қазаққа ешқайдан жақсылық әкеліп бермейді. Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды. Біреуге телмірген адамнан, халықтан қосақ түрткен жетім лақ бақытты» деген сөздері 21, 22-беттерде үш бөлек жеке-жеке жазылған. Ал Бауыржан Момышұлының 121-беттегі «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі» деген сөздері 128-бетте қайта басылған.
Бұлар — жинақтағы біздің бір қарағанда ғана көзіміз түскен кемшіліктер. Ғалымдар мен әдебиетшілер жіліктеп, тіл-жағын айырып қарар. Біздікі тек оқырманға обал болады деген көзқарастан туған жанашырлық әңгіме ғана. Жіберілген олқылықтар құрастырушының қатесі ме, әлде баспаның қатесі ме, оны анықтау біздің еншіміздегі дүние емес, ең басты мәселе — Алаш қайраткерлерінің аманатын санамызға сіңіру, олардың әрбір дана сөзіне құрметпен қарау, оларды шатастырмай жұртшылыққа ұсыну.
Сондықтан аталы сөзге абай болайық, ағайын.
Сайрагүл ЕСКЕНДІР,
кітапханашы.
Талдықорған қаласы.