АБАЙ ЖАЗҒАН ХАТТАР
10 тамыз – хакім Абайдың туған күні. 2020 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының ұсынысымен бұл дата «Абай күні» деп атап өтілетін болды. Республикалық Абай күні аясында дәстүр бойынша елімізде түрлі іс-шаралар өтті. Жұртшылық әр қаладағы Абай ескерткіші мен ақын атындағы мәдени орталықтарда жыр оқып, Абай әндері орындалып, тағылымды басқосулар өтті. Абай – алып мұхит. Оның әр сөзі – біздің ұлттық қазынамыз. Біз мерекеге орай арнайы хакімнің інісі мен ұлына жазған хатын ұсынып отырмыз.
ІНІСІ ХАЛИОЛЛАҒА ЖАЗҒАН ХАТЫ
Сізге гиззәтлу1 уә хурмәтлу2 ғазиз мукәррәм3 ініміз Халиулла мырзаға бізки ағаңыз Ибраһимден дұғай сәлем. Уә һәм барша ата-аналарыңыздан, аға-іні, жеңгелеріңізден көпден-көп дұғай сәлемлер йолдадық. Әлхәмду лиллә4, үшбу күнде сау-саламатлармыз, өзің көрген жандар һәммәсі5: уә кәнә6 бізге хат йазған Камалидден молдаға көпден-көп сәлем дегейсіз. Һәрине7 сізге дінқарындашлық туғрасындан қылған болышлықлары Алла ағаладан қайтсұн. Өзіңе хат йазарға уақыт тар болды. Аягөзге келген уақытта пошта йүрәрге тығызланған да екен, һәрне хатларны да көрдүк. Бижай діл қабылымыз олды.
Уә қана йол қаржыға отұз теңге иібердік. Йәнә Семейге мағлұмланған8 уақытыңызда Құдай тағала қаласа ат тағайынлармыз. Тәтеңіз9 бек қуанып жатыр – фәрз ‘әйн10 үйренгеніңіз хусунында11, ілгері талап қылғанлығыңыздан. Һәрдайым Құдай Тағалаға сығынып жәһд12 қыла көрсүн дейді. Хатыңыз тиіші бірлә13 йешбір тоқтамайынша Аягөзге келіп үшбу хатты йаздық.
Һәрдайым тауфықлы14, абыройлы ғұмырыңызды тілеп, хат йазғушы ағаңыз Ибраһим Құнанбай оғлы дейу білесіз.
Юнісден көп сәлем.
1866-ынчы жылында 8-інчі мартда.
1 Иззәт (арабша) – ұлылық, құрмет.
2 Хурмәт (арабша) – құрмет.
3 Мукәррәм (арабша) – сыпайы, сыйлы.
4 Әлхәмду лииләҺ (арабша) – Аллаға шүкір.
5 Һәме (парысша) – бәрі, барша.
6 Уә кәнә – және деген мағынада.
7 Һәрне (түркиеше) – әрбір, әрқашан.
8 Мә лум (арабша) – белгілі, мәлім.
9 Құнанбайға балаларының қойған аты.
10 Фәрз әйн (арабша) – міндетті парыз. Яғни, шариғат бойынша әрібір адамның өзі орындауы міндетті болған амал.
11 Хусус (арабша) – қатысты, сондықтан.
12 Жәһд (арабша) – талап, жігер.
13 Бәрлә (түркиеше) – шылау: мен менен, пен пенен.
14 Тәуфик (арабша) – жетістік, сәттілік.
БАЛАСЫ МАҒАУИЯҒА ЖАЗҒАН ХАТЫ
Дұғай сәлем
Хурмәтлү уә мәрхәмәтлү Мағашқа жетіб мәлім болсын-ки, осы менен дұғай сәлем. Әлгі малды Бакеңнен айдатып жібер. Ақылбай бірге келсін. Мұндағы істер жақсы жүріп… Шаһкәрімге һәм сәлем айтыңдар. Ол да келсін.
Ой жібертіп қарашы, Мағаш бала,
Сан дегенің тоғыз-ақ бірден сана.
Нөлді ерітпесе бұлар да қысыр еді,
Единитса сыпат деп біл, тек ғана.
Көп білгенге көп надан болады қас,
Мәужуд1 пенен мансұхды2 ол айырмас.
Бәйтерек те күндейді көлеңкесін,
Байқап тұрсаң осы жұрт соған ұқсас.
Үшбу сөзді зейін қойып оқы һәм солай істе, шырағым.
Амандықта, ағайыныңыз Абай.
1Арабша [мәужуд] –
бар болу, қолда бар.
2Арабша [мәнсух] –
күші жойылған
Хаттарға
түсініктеме
Абайдың Омбыдағы кадет корпусында оқыған інісі Халиоллаға 1866 жылы 8 наурызда жазған хаты. Петербургтегі Күншығыс халықтарын зерттеу институтының кітапханасында сақтаулы бұл хатты Ә. Марғұлан тапқан.
Халиолла – Құнанбайдың Айғыздан туған ұлы, Абайдың інісі. Он жасына дейін ауылда Ғабитхан молдадан оқып, сауатын ашқан ол, 1859-67 жылдары Омбыдағы кадет корпусында, 1867-68 жылдары Мәскеудегі Александр III атындағы әскери училищеде оқыды. 1868-70 жылдары Батыс Сібір генарал-губернаторлығына қарайтын Сібір қазақ әскери бөлімінде қызмет еткен.
Ол жан-жақты талантты болған. Халиолла өмірден ерте өтіп, айтарлықтай мұра қалдыра алмады. Абай орыс әдебиетінің туындыларымен алғаш рет Халиолла арқылы танысты. Ол халық эпосын жинап, зерттеуде көп еңбек сіңірген.
Абайдың Семейден баласы Мағауияға 1896 жылы жазған хаты. Белгілі тарихшы-ғалым Аманти Исин 1997 жылы 1-қыркүйекте Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының қорында ескі қолжазбалармен жұмыс істеген кезінде осы хатты тауып алған. Ғалым жүргізген сараптама бойынша: «Төртке бүктелген хат қағазы жақсы сақталған. Хаттың жазылуы айы мен күні туралы мәлімет өшіп қалған. Бір сөз сызып тасталған, мұның өзі хаттың көшірілмегенін көрсетіп тұр. Жазу орфографиясы және мәнері толығымен XIX ғасырдың соңына сай келеді. «Дұғай сәлем» деп хат бастамасы жазылып, соңынан жазылу уақыты көрсетілген».
Дереккөзі:
«Абай шығармаларының академиялық толық жинағы». 174-175 және 283-286-беттер
«АБАЙДЫҢ
АҚЫН ҰЛДАРЫ»
Алматы облысы Жаңалық ауылындағы «Аштық және саяси қуғын сүргін құрбандарына» арналған музейде Абайдың қуғын-сүргінге ұшыраған ұрпақтары жайында сыр шертілген кеш өтті. Кеш аясында Абай күніне орай «Абайдың ақын ұлдары» атты кітаптың тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.
Кітаптың атауы айтып тұрғандай, хакім Абайдың дарынды ұрпақтарына арналған. Кітапқа ақынның ұлдары Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл мен немересі Әубәкір Ақылбайұлының көркем туындылары және олардың өмірі мен шығармашылықтары туралы зерттеулер, эсселер мен мақалалар топтастырылған.
Айта кететіні, тұңғышы Ақылбай мен Мағауия көркем дастан поэмаларды жазса, ал Тұрағұл қара сөздің хас шебері, аудармашы болған. Немересі Әубәкір сатиралық өлеңдер, тарихи шығармалар желісінде көлемді дастандар жазған.
«Бүгінгі шараның бұл музейде өтуі де тегін емес. Мен білетін Абайдың немере інісі Шәкәрімнен бастап, 14 ұрпағы қуғын көрген. Қысқасы кеңес өкіметі Абай ұрпақтарына теріс қараған. Ал енді бүгінгі жастар Абай армандағандай білімді білікті болу керек қой», – деп атап өтті жазушы Болат Жүнісбеков.
Шара соңында қонақтар музейді аралап, экспонат естеліктермен танысты. Сонымен қатар Алматы облысында «Абай әндері» атты «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің концерті, «Үмбетәлі жырларындағы – Абай бейнесі» атты жиыны, «Хантәңірі» халық театрының «Телғара» фильм-спектаклінің қойылымы, «Абай – жыршы, ұлы ақыны елімнің» атты поэзия кеші сынды шаралар 17 тамызға дейін жалғасын таппақ.
«МАХАМБЕТТІ БИІК ҚОЯМ АБАЙДАН» ДЕП
ДАНЫШПАНСУ – ҚАСІРЕТ
Осы күні Абайдың сыртынан не айтылмады? «Абай деген адам болды ма?» деген сұрақ төтесінен қойылып жүр. Ол нені білдіреді?! Ол – Абайдың үлкен сенімге айналып кеткенінің, сену мен сенбеудің, сенім мен күмәннің арасындағы мәңгілік күш секілді құпия әлемге айналып кеткенінің белгісі шығар…
Расымен де Абайға сену де, сенбеу де адам ақылының таңдауында.
Өзіме анау ескерткіштер мен суреттердегі Абайдан, қара сөз бен өлеңінің ішіндегі Абай жақынырақ… Әйтпесе ескерткіш деген Абайдың емес, тастың мұңайып тұрғаны басымырақ дүние ғой көбінде. Ал шығармаларын оқысаң, әріптің артынан сығалап Абайдың мұңы сезіліп тұрады…
Менің айтпағым басқа еді. Біз «Абай деген адам болған жоқ» десек, не ұтамыз? Жарайды, оны Әлихан жасап шықты делік. Содан? Ол Әлекеңнің екінші болмысы болғанның өзінде, Абай деп әспеттеуге лайық болмыс емес пе?!
Талас неден туды? Бір білерім – біз Абайды құртқаннан Абайдың ештеңесі кетпейді, сорлайтын өзіміз.
Маған Абайдың таласынан рушылдық пен жершілдіктің иісі мүңкіп тұратындай сезіледі кейде.
Мысалы, «Махамбетті биік қоям Абайдан» деп данышпансудың өзі үлкен қасірет. Бұл – ақылды күшке жығып беру. Әйтпесе Махамбет те ақылдың адамы, күші мен қылышын көрінген тасқа шапқан ақымақ емес. Заманы солай болды…
Бұл қисынмен «Шыңғыс ханды биік қоям әл-Фарабиден» деп те айта салуға болады ғой. Сол Шыңғыс хандар әл-Фарабилер жаққан шырақтың, өркениеттің кіндігіне балта шапты ғой… бүгінгі ұрда-жық парасатсыз хәліміз соның кесірі… Кешегі Алаштықтарға араша түспеген, өз зиялысынан күні үшін күлік жеуді артық қоятын қоғам содан туды. Әлі жалғасып келеді…
Осы күнгі капитализм мен дипломатияның тіліне салып айтсақ, онда әр қаладағы Абай көшелері мен ескерткіштерін не істемекпіз сонда?
Алыс-жақын шет елдегілер құрмет көрсетіп, «Абай – бас ақындарың», – деп көрсеткен сый-сыяпат не болмақ? «Кешірерсіздер, біз қателесіппіз. Абай деген адам болмапты, мынаның бәрін құртып жіберіңіздерші, кейін басқа бір адамның атын айтып жіберерміз» демекпіз бе?
Қалай десек те Абай үлкен сенім межесіне айналды. Оған сенбеуге де, күмәнмен қарауға да болады. Сенуге де, ұлықтауға да болады…
Абай – сол үшін Абай…
«Өзіңіз жайлы аңыздар жасаңыз. Құдайлар солай бастаған», – дейді Ежи Лец. Мүмкін Абайдың айналасынан аңыздың азаймауы содан шығар…
Серік ХАСЕНОВ