Біз – сөзге тойған елміз
18.11.2022
338
0

Ықылас ОжайҰЛЫ: «Әділетті Қазақстан» атауының өзегі болып тұрған сөз – әділет ұғымы. Мұндай сөз айтылған жерде мен де әділетсіз сөз айтпауым керек қой деп ойлаймын. Әрине, әділетсіздікке қатысты айта берсек, әңгіме көп қой. Мен соның тек екеуіне ғана аз-кем тоқтала кетсем деймін.

Ел санасына «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» ұғымы орнығу үшін, ең алдымен білім мен денсаулық саласы ешкімді алаңдатпайтындай дәрежеге жетуі керек. Жасыратыны жоқ, дәл қазір мектеп пен гимназия ҰБТ сөзінің синониміне айналды. Осыдан шығар, «балаңызды қалайда НЗМ (Назарбаев зияткерлік мектебі) мен БИЛ-ге (Білім инновация лицейіне) түсіріп береміз» деп жарнама жасап жатқан жекелей оқу орталықтары мен репетиторлар өте көп. Осы орталықтарға бола оқушының ата-анасы өз қалтасынан қыруар қаражат шығындайтын болса, онда орта мектептің нендей мәні, қандай қажеті қалды? Қазір көп отбасының балаларын қаражат шығарып оқытатындай еш қауқары жоқ. Сондықтан мектеп мұғалімдерін кәсіби тұрғыдан жіті сұрыптап, барынша сапалы қылып жасақтамаса болмайды. Мұны бөле-жара айтып отырғанымыз, бүгінде елімізде жастар арасында шетелге қоныс аударып жатқандар туралы мәлімет көп қой. Қазақстандық ғалым Г.В.Малинин миграция мәселелерi, соның ішінде Қазақстаннан шетелдерге қоныс аудару­шылар арасында сауалнама жүргiзгенде, олардың дені елден кетуінің басты себебіне балаларына толыққанды бiлiм беру мүмкіндігінің жоқтығын алға тартқан. Өз елінің біліміне көңілі толмау дегеніңіз, оның болашағына сенбеу деген сөз емес пе? Бұл шынымен-ақ ойланатын дүние ғой.
Енді екіншісіне қарай ойысайын. Бізде не екенін білмеймін, сырқаттанған адамның көбі сырттың медицинасына жүгінуге құмар. Әсіресе шен-шекпенділеріміз Германия мен Жапония, Корея секілді елдерге барып қаралады. Мысалы, Болат Назарбаев Германияға барып емделді. Сонда бұл Қазақстанның медицинасын мойындамау, дәлірек айтсақ, дәрігерлерімізге сенбеу деген сөз ғой. Енді басқа емес, технология дамыған XXI ғасырда осы бір қисынды қалай түсінуге болады?
Мемлекеттің негізгі жұлын-жүйкесі болып саналатын ең басты екі құндылығына сенбейтін болсақ, күмәнданатын болсақ, «Әділетті Қазақ­стан» мен оның жарқын болашағы туралы не айтуға болады өзі?
Дүниеде тұщы етіңе тиген қамшы мен сойылдан да ащы бір дүние бар. Ол – әділетсіздік. Сол әділетсіздік пен қиянатқа қарсы тұрып, төтеп бере алатын бірден-бір күш – адам сенімі ғана. Біз – сөзге тойған елміз. Енді іске кірісетін уақыт келді. Меніңше, еліміздегі басқалай кемшіліктер мен әділетсіздіктерді айтпағанда, саяси корпус тек осы екеуін ғана жөнге келтіріп, жолға салатын болса, әлгі өздері ту етіп көтеріп отырған әділет танымына қараша халқын шын иландырған болар еді.
Сенім мен үміт сөйтіп қана адам кеудесінде піскен сүттей шымырлап, шын әрекетке түсетін болады.

«Қазақстандық мүдде» ұғымы негізгі орында болуға тиіс

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ: «Қазақ әдебиетінен» «Әділетті Қазақстан дегеніміз қандай Қазақстан?» деген сұрақ түсті. Өте қиын сұрақ. Өйткені біз тәуелсіздік алғанымызбен, әлі де «әділетті қоғам», «әділетті билік», «әділетті мемлекет» дегеннің дәмін татып көрмеппіз. Сондықтан бұл сұраққа әркім өз түсінігі шеңберінде жауап беруі ғажап емес. Бірақ ондай «жауаптардың» өзі де «әділет ауылынан» алыс боп шығар еді. Себебі біз нақты өмірде әркімнің қиялындағы мемлекетте емес, Қазақстан Республикасы деп аталатын нақты тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Бәріміз бір елдің азаматымыз. Ендеше «әділет» дегеніміз де біреу ғана болуға тиіс. Ол қандай әділет?

Алдымен «Әділетті Қазақстанның» қысқаша тарихына шолу жасайық
…Елімізде 20 қараша күні өтетін кезектен тыс президент сайлауы Президент Қ.Тоқаевтың қызметіне кіріскен уақыттан бері жүргізіп келе жатқан саясатының заңды жалғасы десек болады. 2019 жылғы билік алмасуынан басталған саяси жағдай күрделі процестерді басынан өткере келе алдағы сайлауға келіп тірелді. Себебі билік транзиті кезінде «қос биліктің» пайда болуы – биліктің барлық деңгейінде ескі мен жаңаның астыртын күресіне жалғасты. Болашақ бұлыңғырланып, тәуелсіздіктен ажырау қаупін айқын сезіндік сонда…
Осындай – «ескі тұғырынан таймаған, жаңа ескіге симаған» өлара кезде ел басшысына өте сақ саясат жүргізуге тура келді. Ол өз жолдауларында «Мен халықпен біргемін» деген үндеу тастай отырып, ел басқарудың авторитарлы тұғырын «халыққа есеп беретін үкімет», «халықты тыңдайтын үкімет» деген ұрандармен алмастырды. Әрине, мызғымай тұрған ескі жүйеде одан айтуға тұрарлықтай өзгерістерге қол жеткізе алмадық. Бірақ бұл ұрандар жер-жерде халықтың белсенділігін оята бастады. Халық «Есеп беретін үкімет қайда? Тыңдайтын үкімет қайда?» деп, билік тармақтарына талаптарын ашық қоя бастады… Халықтың талабы күшеюімен бір мезетте ескі жүйені сақтап тұрған «коррупциялық қаржы пирамидасының» іргесі шайқала бастады… Сонымен қатар бұл ұрандар авторитаризм кезінде жоғарыдан түсетін директиваларды ғана орындап үйренген атқарушы биліктің жұмыс әдістерін жаңаша құра бастауына, бұрынғыдай «өзім би, өзім қожа» дегеннен бас тарта бастауына итермеледі.
Президент билікке келген кезде саяси технологтардың жаңа буынын командасына шақырды. «Жаңа Қазақстан» ұғымы осы технологтардың қолдауымен өмірге келген сыңайлы… Неге десеңіз, бұл атау технологтардың ел билеушінің тұлғалық ерекшеліктерін қалай қабылдауынан, нақтырақ айтсақ, «автократ президентті демократ президент алмастырды» деген түсінікті басшылыққа алғандықтан, «Жаңа Қазақстан» бағдарламалық саяси тренд ретінде пайда болған десе болады. Шынында да мемлекетті басқару жүйесін қарама-қарсы бағытқа бұру – біздің жағдайда авторитаризмнен демократияға қарай өзгеру − «жаңа сапа» болатыны түсінікті. Десек те, «Жаңа Қазақстан» бағыты билікке де, қоғамға да ешбір жауапкершілікті міндеттемейтін еді. Ол тек «Қандай Қазақстан?» деген сұраққа ғана жауап беретін. Соған қарағанда «Жаңа Қазақстан» термині «авторитаризмнен арылу» эйфориясымен өмірге келген сияқты. Сондықтан көп ұзамай ол қоғам тарапынан сынға ұшырай бастады. Өйткені қоғамға «жаңа» деген абстрактілі ұғым емес, нақты мақсатты алға қоя алатын басқару жүйесі қажет еді. Ол – «Әділетті Қазақстан» болатын. Сөйтіп, саяси аренаға «мемлекетті әділеттілікке бұру арқылы жаңа сападағы Қазақстанды қалыптастыру» парадигмасы алға шықты. Оған президент келесі жолдауларында «Жаңа Қазақстан дегеніміз – Әділетті Қазақстан» деген түсініктемелер берді.
Енді, «Қазақстан әділетті қоғам орнатуға дайын ба?» деген келесі сұраққа көшейік. «Дайын ба?» дегенге біреулер ренжуі де мүмкін. Бірақ әділеттіліктің бір ғана атрибуты бар, ол – тек қана ақиқат­ты алға тарту. Сонда ғана қоғам әділетті болады, әділет орнайды. Ал «жауырды жаба тоқи берсек», әділет ешқашан орнамақ емес. Мұнда мәселе әділеттің өзінде емес, оған барар жолдың тым ауыр екендігінде болып тұр. Біз осыған дейін «қазақстандық толерантты қоғам» туралы мақтанышпен айтып келдік. Бірақ көп жағдайда ол «толеранттылық» қазақтың байырғы төзімділігіне арқа сүйеп келгені рас. Бұл екеуінің арасы жер мен көктей: толеранттылық − өз мәдениеті өзіне жеткілікті қоғамда ғана мүмкін болса, төзімділік − бір қырымен мәжбүрлікпен ұштасады. Яғни, тура мағынасында ол толеранттылыққа жатпайды. Осыны ескере келе, болашақта сайланатын президентке мынадай тілектер айтар едім. Әділетті Қазақстан орнату үшін:
Президентте тек қана «Қазақстандық мүдде» деп аталатын жалғыз мүдде болуға тиіс;
Қазақстанның бар байлығы алдымен Қазақстан азаматтарының жағдайын жақсартуға жұмылдырылуы керек;
Қазақстан билігі тек қана мемлекетшіл азаматтардан құрылуы қажет;
Қазақстанда Сот жүйесін тек қана Заңға бағынышты етіп қайта құру керек;
Қазақстанның күштік құрылымдарын «жазалаушы» емес, «азаматтардың қорғау­шысы» етіп қайта құру қажет;
Қазақстанда халықты біріктіруші рухани бастау ретінде мемлекетті құрушы ұлт – қазақ ұлтының мәдениеті мойындалуға тиіс;
Қазақстанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәдениетін қалыптастыруға мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлінуге тиіс;
Адам капиталын дамыту бағытында азаматтардың іскерлік қабілетін үнемі жетілдіріп отыратын біліктілік жүйесін жолға қою керек;
Ұлттық тәрбиені жаңғыртуды жаппай қолға алу керек.
Шамадан тыс бюрократияланған атқарушы билікті ықшамдап, оны жұмыс нәтижесіне тәуелді етуді қолға алу керек;
Құқықтық мемлекет орнату үшін әділетті Заңдар шығарып, азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен жауапкершілігін арттыру қажет.
Иә, айтар тілек бұдан да көп. Бірақ шағын жазбамда осымен шектелейін. Жасасын, Қазақстан!

Сот түзелсе, ел түзеледі

Абзал Құспан: Мен «Әділетті Қазақстан» концепциясын практикалық тұрғыда қарастырып көрейін. Отыз жыл бойы бір отбасы елді билеп-төстегені ешкімге жасырын емес. Осы уақыт ішінде халық биліктің уәдесі орындалмайтынына еті үйреніп кетті. Өз көзімен көріп, куә болды. Алайда қазір жүйе өзгерді. Қ.Тоқаев президент лауазымына сайланған 2019 жылы да онша өзгеріс болған жоқ, биыл (қаңтар трагедиясынан кейін) өзгерді. Өкінішке қарай, бұл кезең – қазақ тарихына қанды оқиға болып жазылды. Өз басым Қ.Тоқаев президенттік бағдарламасын енді ұсынып жатыр деп есептеймін. Себебі 2019 жылдан бері президент қанатын кеңге жайып жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеді. Қаңтар оқиғасы болды. Салдарымен күресу, себебін анықтау секілді тақырыптар күн тәртібінде тұр. Сол қаңтар айынан бері «қаңтаршылардың» ісімен айналысып келе жатқан адам ретінде бұның қаншалықты қиын екенін өте жақсы түсінемін. Сондықтан жоғарыда айтып өткенімдей, практикалық тұрғыда келсем, мен қазір президенттікке жаңа адам, жаңа бағдарламасымен үміткер болып жатыр деп есептеймін. Сол үшін де бұл жаңа бағдарламаға үміт артып қана қоймай, қоғамдағы белсенді азаматтар үн қатып, іске асуы үшін жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Заңгер ретінде «Әділетті Қазақстан» концепциясының жүзеге асуы үшін қызмет етемін. Қызмет етіп те келемін. Бір жылға жуық уақыт отбасымнан алшақ жүріп, саналы түрде қаңтар оқиғасының ісімен айналысып жүрмін. Сынап-мінеп жатып алмай, өзім де жұмыс істеуім керек деп шештім. Қолымнан келгенше әрекет етіп жатырмын.
«Әділетті Қазақстан» концепциясы бір ғана жағдайда іске асады. Абай хакім «сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» дейді. Егер мемлекетіміздің бірінші басшысы өз сөзінде «Жаңа Қазақстан дегеніміз – Әділетті Қазақстан» деп айтты. Құқық саласы о бастан, экономика және басқа да салалардағы жұмыстарына да «әділетті» деген сөзді қосып отырса, оны, міне, екі-үш күнде өтетін сайлауалды бағдарламасына қосып отырса, неге біз сол концепцияның жүзеге асуы үшін жұмыс істемейміз? Жауапкершілікті бірге арқалап, осыған үлес қосуымыз керек деп есептеймін. Өзгелерді сынап-мінеуден аулақпын. Тек Шәкәрім атамыздың ұстанымы бойынша, өз бойымдағы мінімді ғана саралап, соған қарай әрекет етемін. Елге ақыл айтып, жөн сілтейтіндей жағдайда емеспін. Ең бастысы, ел алдында айтары бар, белсенді азаматтар осыған келісіп, іспен көрсетуі керек деп ойлаймын. Мүмкіндік беруге тиіспіз. Өмір өлшеулі. Шәкәрім атамыз «Барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің, Қайтадан қайырылып қауымға келмейсің» дейді. Мен өзім қырықтан астым. Өз замандастарымды дәл осы мәселеге келгенде бейтарап қалмауын сұраймын. Қылшылдаған қырық жасымызда диванда әркімді бір сынап жата бергеніміз дұрыс емес. «Президент айтты, президент істесін» деген ой болмауы керек. Жалпы көргені бар, білгені бар, тәжірибесі бар, бойында күш-жігері бар азаматтар халыққа қызмет етуі керек. Президент бағдарламасы деген әлеуметтік желіде күлкіге айналдырып отыратын нәрсе емес. Бұл тек президентің өзіне немесе оның төңірегіне қажет бағдарлама емес. Себебі Қ.Тоқаев – жаңа адам, жаңа жүйенің адамы. Сондықтан оның бағдарламасына осыған дейінгі бағдарламаларға қарағандай қарамауымыз керек.
Енді осы әділеттілікті қамтамасыз ететін бірден-бір сала – сот саласы. Сот түзелсе, ел түзеледі деп айтсам, артық айтқандық болмайды. Бізде полиция қызметіне қатысты үлкен проблема бар. Жалпы құқық қорғау органдарына қатысты проблема көп. Олардың түрі де, саны да шектен тыс көбейіп кетті деп ойлаймын. Егер құқық қорғау органдарының саны көбейсе, жемқорлық жойылады деген – қате түсінік, қате ұғым. Негізгі күшті біз құқық қорғау органдарын, құрылымдарды нығайтуға жұмсамауымыз керек. Негізгі күш сот саласының әділдігін қамтамасыз етуге бағытталуы керек. Егер сот әділетсіздікті өткізбейтіндей жағдайға жетсе, кез келген азамат әділетсіздікпен бетпе-бет келгенде «мен сотқа барып дәлелдеймін» деп айта алатындай сенім ұялата алатын болса, онда жаңағы күштік құрылымдардың тергеу сапасы өзінен-өзі автоматты түрде түзеледі. Қазіргі таңда өңірлерде құқық қорғау органдары мен сот өзара жымдасып кеткен. Көптеген іс қозғалмай жатып, облыстық соттың басшылығымен келісіп алып өтетінін білеміз. «Мынаны қамаймыз, мынаны қозғаймыз, Бәке, Сәке, Мәке» деп келісетіндер бар. «Ертең сіздің алдыңызға барады ғой, жәрдемдессеңіз» деп сұрайтындар бар. «Осы жерде отырмыз ғой, шешеміз» дейтіндер бар. Құқық қорғаушылар, адвокаттар қанша жерден дәлелдеп жатса да, сот алдын ала келісілген сөздің құрбаны болып, әділетсіздік орнайды. Сондықтан сотта алдымен басшы деген сөз болмауы керек. Әрбір судья тәуелсіз болуға тиіс. Әрбір қателігі үшін судьялар жауап беруі керек. Сот саласында үлкен тексерістің болғаны дұрыс. Облыстық соттың төрағасы болған адамның балалары, келіндері, туыстары судья болып кетеді. Сот қазіргі таңда кланға айналған. Білім деңгейі өте төмен. Негізгі күшті сотқа жұмсасақ, онда басқа органдардың әділеттілігі орнайды. Содан кейін қанша жерден ащы айтып, сынап жатса да, азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігіне тиым салынбауға тиіс. Адвокатураға мүмкіндік берілуі керек. Адвокатура – осының бәрін сезіп, біліп отыратын, қарапайым халықтың құқығын қорғайтын бірден-бір барометр. Осының бәрін мен ұсынамын. Қазір үйде жатып алып, әр бағдарламаға бір күліп отырсам, қай уақытта мен осы процестерге араласа аламын? Қартайған шағымызда «әттеген-ай» демеу үшін атсалысу керек. Қазір елде кертартпалық белең алып барады. Келсін-келмесін сынай беру қазір трендке айналып кетті. Бәрі де өз азаматтарымыз. Сол үшін әділдік орнауы үшін бәріміз осы іс төңірегінде атсалысуымыз керек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір