Тәртіп пен білімді ұштастырған ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Тамыз конференциясында: «Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі, бұл – нағыз ақиқат. Ұстазды ұлықтаған елдің келешегі жарқын болары айдан анық. Ұлы Абай 38-қара сөзінде адамның адамдығы жақсы ұстаздан болатынын айтқан.
Сіздер жас буынға терең білім беріп, саналы, озық ойлы және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге зор еңбек сіңіріп жүрсіздер. Осылайша, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға атсалысып келесіздер», – деп ұстаздықтың қаншалықты қадірлі мамандық екеніне кеңінен тоқталған болатын.

Осы орайда Шымкент қаласындағы білім ошақтарына, ұстаздардың білім негіздеріне көз жүгіртсек.
Биыл Шымкент қаласындағы 1 386 білім беру ұйымында 405 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның ішінде 29 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр. Соңғы екі жылда Шымкентте 13 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, осы жылы 6 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, 7 мектепте қосымша ғимараттар салынған. Жаңарған мектеп оқушыларға сапалы білім алуға, қабілеттерін дамытуға және қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына жаңа мүмкіндік береді.
Білім күніне арналған биылғы іс-шаралар «Қазақстан Республикасының Конституциясы: адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбына арналды.
Сонымен қатар жаңа оқу жылының басында Шымкент қалалық білім басқармасы қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың қатысуымен дәстүрлі педагогтерге арналған қалалық Тамыз конференциясын өткізді. Биылғы конференция да Конституцияны негіз етіп, «Халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адам капиталын дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында ұйымдастырылды.
«QYZGALDAQ saraiy» мәдениет сарайында өткен конференцияға ЖОО басшылары, цифрлық білім беру платформаларының үйлестірушілері, басқарма басшылары, аудан әкімдері, жоғары оқу орындары мен ТжКБ ұйымдарының өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагер ұстаздар, қамқоршылық және әдеп кеңестерінің мүшелері, мектеп басшылары мен орынбасарлары, педагогтер мен ата-аналар қатысқан. Жалпы қатысушылар саны 2000 адамды құрады.
Конференцияның басты мақсаты – Конституцияның нормалары мен құндылықтарын білім беру жүйесінде іске асыру, адами капиталды дамыту, білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби әлеуетін нығайту, тәрбиелік жұмысты жетілдіру, цифрлық трансформация мен инклюзивті білім беруді дамыту және білім саласының өзге де стратегиялық бағыттары бойынша пікір алмасу болды.
Күн тәртібінде Конституцияның нормалары мен құндылықтарын білім беру жүйесінде іске асыру, адами капиталды дамыту, 2025–2026 оқу жылының қорытындысы және жаңа оқу жылына қойылатын мақсаттар мен міндеттер, білім саласындағы өңірлік бастамалар, білім берудегі цифрлық платформалардың мүмкіндіктері, «Адал азамат» тәрбиесінде мектеп пен отбасының біртұтастығы мәселелері қаралды. Білім беру саласының өзекті мәселелері талқыланып, педагогтердің ұсыныстары мен пікірлері ортаға салынды. Конференцияда көтерілген мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта нақты шешімдерге негіз болмақ.
Тамыз конференциясы секциялық жұмыстармен жалғасты. Секциялық отырыстарда білім берудің түрлі бағыттары бойынша өзекті мәселелер талқыланып, жаңа оқу жылындағы басымдықтар мен міндеттер айқындалды. Алдағы оқу жылына қойылған мақсат-міндеттер әрбір білім беру ұйымындағы педагогикалық ұжымдарда талқыланып, нақты жұмыстарға бағыт беретін маңызды тақырыптарға айналмақ. Білім сапасы – педагогтің кәсіби әлеуеті мен ортақ жауапкершіліктен басталады!
Сондай-ақ жаңа оқу жылы жарқын жетістіктермен басталғанын да айта кету керек. Шымкент қаласындағы №1 Пушкин атындағы мектеп-гимназияның ұстазы Гүлнар Ноғайбаева Мемлекет басшысының қолынан марапат алды. Республикалық Тамыз конференциясы қарсаңында білікті ұстазға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді. Бұл – бір ұстаздың ғана емес, мектеп ұжымының және мегаполистегі білім саласының ортақ жетістігі.
«Ұстаз – ұлттың шамшырағы» деп ерекше атаған Мемлекет басшысы ұстаздардың басты міндеті жас буынға терең білім беріп, отаншыл, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу екеніне баса назар аударып келеді.
Шымкент қаласының оқушысы халықаралық жасөспірімдер олимпиадасында ел намысын абыроймен қорғағаны да өңірдің ғана емес, тұтас елдің мерейін өсірді.
Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Иманғали Үсентайұлы Сербия Республикасының Копаоник ұлттық паркінде өткен International Junior Geography Olympiad (IJGO) білім сайысына география пәнінен қатысқан болатын. Жас өрен олимпиада барысында терең білімін, зерттеушілік қабілеті мен пәндік дайындығын жоғары деңгейде көрсетіп, жүлделі ІІІ орынға ие болды. Бұл – оқушының табандылығы мен ізденісінің, ұстаз еңбегінің және мегаполистегі сапалы білім берудің жарқын нәтижесі.
Мамандар қоғамдық жұмыстарға да белсенді атсалысып, шәкірт үшін басты үлгіні көрсетіп, білім мен азаматтық парыз қатар жүретінін айқындап келеді.
19 қыркүйек – Дүниежүзілік тазалық күніне орай Шымкент қалалық білім басқармасының қызметкерлері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында А.Асқаров атындағы дендросаябақта ұйымдастырылған сенбілікке қатысты. Сенбілік барысында білім саласының қызметкерлері дендросаябақ аумағында тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, қоқыстар жиналып, көгалдар мен гүлзарлар ретке келтірілді. Қураған бұтақтар кесіліп, аумақтың тазалығы мен көркейтілуіне көңіл бөлінді. Қолдарына тырма, күрек және сыпырғыш алған мамандар қоршаған ортаны таза ұстау мен табиғатты қорғау – баршаға ортақ міндет екенін көрсетті.
Тағы бір негізгі жаңалықтардың бірі Шымкент қаласындағы №149 жалпы білім беретін мектепте қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Абай Атемқұловтың есімі берілген «Жас сақшы» сыныбы ашылды. Салтанатты шараға Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев, Қазақстан Республикасы ІІМ «АРЛАН» спорт клубының басшысы Шоқан Жүзенов, сондай-ақ батыр полицейдің ағасы, жұбайы мен ұлы қатысты.
«Жас сақшы» сыныбының ашылуы – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, олардың заң мен тәртіпті құрметтеуіне, Отанға адал қызмет етуіне бағытталған маңызды бастама.
Сыныпта оқушылар құқық қорғау органдарының қызметімен танысып, әскери-патриоттық бағыттағы іс-шараларға қатысып, тәртіп пен жауапкершілік құндылықтарын бойына сіңіреді.
Қазақстанда «Адал азамат» бағдарламасы аясында ата-аналар жиналыстары өтуде. Бұл да – білім мен тәртіпті, заңға деген құрметті ұштастыратын игі бастама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айқындаған «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» және «Адал еңбек» қағидаттары «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында білім беру ұйымдарында жүйелі түрде ілгерілетілуде. Ата-аналар жиналыстарында да осы құндылықтарға ерекше мән берілуде. Шымкент қаласы мектептерінде де бұл жобаға ұстаздар мен ата-аналар жұмыла атсалысып жатыр.
Ата-аналарды 2026 – 2027 оқу жылының ерекшеліктерімен таныстыру, Жаңа Конституцияның құндылықтарын ілгерілету, отбасы, мектеп және қоғам арасындағы тиімді серіктестікті нығайту тетіктерін мақсат тұтқан жоба барысында ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты азаматтық жауапкершілігін арттыруға, олардың баланың тәрбиесі мен білім алуына белсенді қатысуына және әрбір баланың қауіпсіз әрі қолайлы ортада дамуына жағдай жасауға басымдық берілуде.
Жиналыстарға полиция, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар, ішкі саясат және қаржылық қауіпсіздік салаларының өкілдері қатысуда. Кездесулер барысында балалардың қауіпсіздігі, цифрлық ортадағы мінез-құлық, психологиялық әл-ауқат, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және түрлі қауіп-қатерлердің алдын алу мәселелері бойынша ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Ата-аналар жиналыстары бала тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілікті күшейтуге, отбасы, мектеп және қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтарын білім беру ұйымдарында кеңінен ілгерілетуге бағытталған.
Сондай-ақ Шымкент қаласының білім басқармасы 2026 жылғы 15–17 қыркүйек күндері Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментімен бірлесіп, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының білім беру қызметін лицензиялауға дайындық мәселелері бойынша семинар-кеңес өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы білім беру қызметін лицензиялау тәртібінің енгізілуіне байланысты мектепке дейінгі ұйымдардың алдын ала дайындық жұмыстарын қамтамасыз ету, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген талаптарды түсіндіру және ұйымдардың лицензиялау рәсіміне сапалы дайындалуына әдістемелік қолдау көрсету.
Семинар барысында Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің білім беру қызметін лицензиялау бөлімінің басшысы М.Абдираимова ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кадрлық қамтамасыз ету, материалдық-техникалық база, оқу-әдістемелік қамтамасыз ету, білім беру процесін ұйымдастыру шаралары басты назарда болмақ.
Бұдан бөлек, қазақстандық жас мамандар WorldSkills Shanghai 2026 халықаралық чемпионатында ел намысын қорғамақ. 21–28 қыркүйек аралығында Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында жұмысшы кәсіптер бойынша WorldSkills Shanghai 2026 халықаралық чемпионаты өтуде. Аталған халықаралық додаға Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы сапында Шымкент қаласындағы колледждердің 2 өкілі қатысады. «Сантехника және жылыту» құзыреттілігі бойынша Надирбек Рустамханов (Шымкент аграрлық-техникалық колледжінің түлегі), ал «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша Ғазиза Айдарханқызы (Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің студенті) халықаралық чемпионатта өз шеберліктерін сынайды.
Бұл – кәсіби шеберлікті халықаралық деңгейде танытып, Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы жетістіктерін паш ететін маңызды дода. Ел намысын абыроймен қорғауға аттанған шымкенттік жастарға сәттілік тілейміз!