КӨРКЕМ ШЫҒАРМАЛАР: ХХІ ҒАСЫР ЖӘНЕ ЖАС ҰРПАҚ
21.08.2024
69
0

Әлқисса.
Сөздің басы

Жаздың ыстық күні кеш түсе көпқабатты үйдің көршілері аулаға жиналады. Үлкендер бір-бірімен шүйіркелесіп, балдырғандар ойыншықтарымен ойнап, ересектері доп теуіп, әткеншекке тербетіліп, асыр салады…
Осы көрініске бір жылы­лық қосатын тағы бір тұрғындар бар. Олар – көрші пәтерде тұратын Тұмарым мен оның анасы. Басқалар ойын ойнағанда екеуі көлеңкеде отырып, кітап оқиды. Тұмарым өте тәрбиелі, кітапқұмар бүлдіршін.
Бүгін де бұлар әдеттегі әдетінен жаңылмапты. Мен де оларға жақындау жердегі орындыққа жайғастым. Тұмарым кітап оқып отырған жерінен кілт тоқтап, айналасына көз салды да, анасын сұрақтың астына алды.
– Анашым, колхоз деген не? Ұста деген кім? Сауыншы деген ше? – деп сұрақтарын қойып жатыр. Анасы да шамасы жеткенше жауап беріп әлек. Артынан маған қарап: «Қазақ тілінде оқығымыз-ақ келеді, бірақ шығармалардың көбі өткен ғасырда жазылған; қазіргі балалардың тіліне, өмірге лайықталып жазылған шығармалар аз сияқты», – деп жылы жымиды.

 Технология.
Жаһандану

Адамзат әлемінде көркем шығарманың орны зор. Көркем шығарма тақырыбы күнделікті өмірде қолданбалы, тұрмыстық өмір мен әлемдегі жаңалықтарды біте қабыстырса, оны қиял-ғажайып әлеммен ұштастыра білсе, жас ұрпаққа берері де мол.
Әлем өзгеріп, өндірісі өркендеген елдер алға озған заманда көркем шығарма да дамып келе жатқан жаңа бағыттарды қамтуы тиіс. Мәселен, робототехника, инновациялық технологиялар және т.с.с..
Өндіріске мән беріп, технологияны тірек еткен елдер көз ілеспес жылдамдықпен дамып барады. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ ғылымның жаңа бағыттарына қызығуы үшін де көркем әдебиет заманына сай дамып отыруы қажет.
Робототехника қазір көптеген балдырғанның қызығушылығын арттыруда. Бұл қызығушылық робот құрастыру, жаңадан робот жасаудағы бала қиялы ғана емес, мұның артында болашақ технология саласының шеберлерінің, өнертапқыштардың болашағына, арманына жол ашу деген ұғым тұр.
Адамзатқа аты мәлім Стив Джобстың мынандай бір сөзі бар: «I would trade all of my technology for an afternoon with Socrates» – «Мен барлық технологиямды тек Сократпен кездесу үшін жұмсар едім», – дейді.
Сократ – бұл философия. Философия – бұл көркем әдеби әрі тарихи әлем. Кез келген көркем шығарма да адамды ойландырады әрі толғандырады.
Жастарды жаңа технологияны игеруге бағыттау да жаңа технологиялық жаңалықтар ашуға жетелейді. Көркем шығарма оқырман ойын қияға да шығарады, құздан да құлдилатады. Көркем шығарманың идеясы арқылы жастарды, мектеп оқушыларының білім көкжиектерін одан әрі дамыта түсеміз.

Кешегі тарих – ертеңгі рух: мәдени маркетинг

Көркем әдебиет тарихпен тығыз байланысты. Көркем әдебиет тілді байытушы әрі сақтаушы. Ақын М.Жұмабаев: «Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сар даласы кең, тілі де бай», – деген.
Тарихта әрбір буын өзіндік болмысын қалыптастырады. Мысалы, өткен ғасырдың бел ортасынан асқанда, яғни 70-80 жылдары қазақ тілінің филигранды қолданысы пайда болды. Жаппай кітап оқу, бір үйдің өзінде бірнеше газет-журналға жазылудың өзі оқырманды тек кітап оқуға, газет-журнал оқуға баулып қана қойған жоқ, сөздік қолданысын да түзеді. Бұған не себепкер болды деген сауалға көз салсақ, біздің ақын-жазушыларымыз тарихи тақырыптарға қалам тартты. М.Әуезовтың «Абай жолынан» бастап, І.Есенберлин, Ғ.Мүсірепов, Ә.Кекілбаев және тағы басқа қаламгерлер қаламынан туған көркем шығармалар әдеби-көркем сөйлеуді одан әрі дамытуға түрткі болды. Қандай кәсіп иесі болғанына қарамастан көркем, әрі бай тілдік қолданысы бар тұтас буын қалыптасты.
Біздің қазіргі әрі ертеңгі тіліміз эспаренто болып қалмауы тиіс. Тарихи әрі әдеби, мағынасы терең тілдік қолданыс ақын-жазушыларымыз тарихи тақырыптарға қалам тартып, тарихи кезеңдердің оқиғаларын қаламдарына тиек еткен кезде ғана жас ұрпақтың санасына сіңе түседі. Әрі болашақ ұрпақтың да сөз қолданысында болуы тиіс. Көркем әдебиет төл мәдениетті қалыптастырады. Тарихи тақырыптарды сюжеті бай, тілі көркем етіп жазу ақын-жазушылар үшін сын ғана емес, олардың мәдениетке деген үлкен үлесі болып саналады. Демек, тарихта ұлы болып қалу – тарихымызды сөзбен де жазып қалдыру. Бұл ұрпақтың бойында өшпейтін рухты қалыптастыруға жол ашады. Әрі төл әдебиетімізді дәріптеуде мәдени маркетинг болып саналады.

Жаңа жанрлар – жаңа даму…

Жасөспірімдерді тек тарихи тақырыптармен қызықтыра аламыз ба, әрине, оңай емес. Ютуб, инстаграм, тик-токты қарайтын ұрпақ үшін тарихи тақырыптарды қамтыған көркем шығармалардың видео-контентін аталған әлеуметтік желілерге жүктеп, тиімді жолды табуға да болады. Дегенмен заманға сай жаңа тақырыптар тарихи тақырыптардың көлеңкесінде қалып қалмауы тиіс.
Кейбір жасөспірімдер бүгінгі таңда кітап оқып қана емес, комикс немесе кино, сериал, дорама көріп, «өз-өздерін дамытамыз» деген пікір айтады. Себебін сұрасақ, «…біздің елде кітаптар балалар мен жасөспірімдерге емес, көбінесе үлкен адамдарға арналып жазылады, шет елдік жазушылар жазған кітаптарда өмір бар, ұғынықты, әрі қызық» деген пікірлерді де кездестірдік. Бұл нені білдіреді? Аға буынның жастық шақтарымен салыстырсақ, бүгінгі жастардың ақпараттық білімі, сауаты жоғары.
Ақын-жазушылар ең біріншіден, мәдениеттің өкілі. Ақын-жазушылар – кез келген тақырыптың көркем насихатшысы.
Ата-ана өз баласын үйде тәрбиелесе, ақын-жазушылардың шығармалары арқылы ұлтты, оның болашағын тәрбиелей алады.
Ел жастарының санасы ұлттық рухта дамуы үшін өзіміздің ұлттық комикс, кино, дораманың сценарийлеріне негіз болатын көркем шығармаларды жазу – кезек күттірмейтін мәселе. Көркем шығарманың өн бойы ұлттық дәннен егіліп қана қоймай, заман сұранысына сай жаңа жанрлармен толығып, дамып отыруы қажет.

Көркем шығармаларды жазуда жаңа идеялар қалай жүзеге асады?

Бұл идеяны жүзеге асыруға бүгінгі жапон әдебиеттануындағы тәсілдерді қолдануға болады. Жаңа әдеби зерттеулерді қалыптастыруда, өміршең шығарма жазуда бүгінгі күні жапон ғалымдарының жаңа тұжырымы бар. Мұның теориялық атауын қазақшаға аударсақ, «сюжетті анықтау арқылы жаңа шығарма жазу моделі» деген мағынаны білдіреді.
Сюжет ұғымының көркем шығармада алатын орны зор.
Сюжет – шығарманың жаны.
Сюжеттің ең маңызды функциясы – коллизияны табу. Бұл арқылы өмірлік қарама-қайшылықты білуге жол ашылады. Хроникалық сюжет пен концентрлі сюжет ерекшеліктеріне қарай, кез келген көркем шығарма сюжеті келесі бір көркем шығарма сюжетіне ұқсас болуы мүмкін. Бұл сюжетті құрайтын оқиғалардың өзара ұқсастығы мен айырмашылығына, жазылған (жырланған) уақыты мен себеп-салдарлық байланысына байланысты.
Сюжеттер кейіпкерлер үшін іс-әрекет алаңын тудырып, сонымен қатар авторға олардың мінез-құлықтарын ашуға, өзіндік пайым жасауға мүмкіндік береді. Кейбірде сюжет арқылы ақындар кейіпкер тұлғасының қалыптасуын тудырады. Кейіпкер тұлғасына еліктемейтін оқырман жоқ. Кейіпкер батыр болса, қаһарман болғысы келеді және т.с.с.
Егер белгілі оқиғадан сюжет толықтай ауыспай (көшпей), ой келесі бір шығармада қолданылса, бұл сюжеттің мотивы деп аталады. Мотив шығарма құрылысы арқылы, ой арқылы, идея, тіпті болмаса, бір баяндалатын жайттың тақырыбы арқылы да берілуі мүмкін. Жаңа шығарма жазыла бастағанда, автор көбінесе оның құрылымын жасап, сюжетін қалыптастыруға тырысады. Автор белгілі жанрда жазыла бастаған шығарманың идеясын жасауға көп көңіл бөлсе, сюжеті жеткіліксіз болып қалуы мүмкін. Сюжет құруға жеткілікті ақпарат болмай қалса, шығарма аяқталғанымен, өз мақсатына жетпейді деп тұжырымдалады.
Бұл теорияның құндылығы: шығарманың қаншалықты өміршең болатындығы виртуальды және цифрлы технологиялардың көмегімен анықталып, іріктеледі.
Автор позициясы мен уақыт ерекшелігіне қарамастан, бірнеше ғасыр үшін ғана емес; дәуірлерге, жапон халқының үнемі дамуына қызмет ететін шығармалар жазуды жолға қоятын бұл теория – шынында да, ойланарлық. Аталған тәжірибені жүзеге асыруда ел тарихына өміршең идеялар берген шығармалар мазмұны негізге алынады.
Автор ғана емес, оқырманның сыншылық, зерттеушілік, шығармашылық ойлары осындай көркем шығармалар арқылы одан ары дамып отырады.
Көне түркілер, Жаңа Қазақстан, робототехника, қиял-ғажайып төл сарындар, комикстер, (байырғы ертегілерде кездесетін), жаһандану туындылары (Уолт Дисней кейіпкерлері сияқты), «Хәрри Поттер» шығармасы сынды идеяларды қазіргі қазақ әдебиеті тарихында жазылатын шығармалар тақырыбына айналдыру арқылы біз көркем шығармалар идеясын дамыта аламыз.

Арай ЖҮНДІБАЕВА,
PhD докторы
Америка-Швейцария-Түркия жолсапары

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір