Мазмұнды шығармалар тапшы
24.05.2022
4419
0

Елімізде балалар тақыры­бындағы үздік драмалық шығармалардың жоқтығы шындық. Біздің қуыршақ және балалар театрлары репертуарындағы қойылым­дардың басым бөлігі шет елдік немесе орыс драма­тург­тері шығармалары бойынша сахналанып, жағдай­дан ілдәлдалап шығып жүргеніміз жасырын емес.

Дегенмен озып алға шықпаса да балалар драматургиясы жыл сайын қоржынын жаңа шығармалармен толтырып отыратыны заңды. Соның бірі – жас драматург Қолғанат Мұраттың жоғары сынып оқушыларына арналған «Мұғалім» әлеуметтік драмасы мектеп мұғалімінің қоғамдағы рөлін көрсетуге құрылған. Былтыр жас драматург Әлібек Байболдың «Ғинаят» атты кітабы жарық көрді. Жинақтағы «Жеті ойыншықтың жеңісі», «Әріптер әлеміне саяхат», «Әз-Наурыз кезіндегі таңғажайып уақиға» пьесаларын балалалар драматургиясына қосылған үлес дейміз.
Ақын Қасымхан Бегманов қазақ батырлар ертегісінің ішіндегі ежелгі үлгісі саналатын «Ер Төстікті» поэтикалық драмаға айналдырған. Оның Мемлекеттік қуыршақ театрында сахналануы қазақ балалалары үшін мәдени оқиға болды. Түрлі қиял-ғажайыптарға толы «Ер Төстік» кішкентай балалардың бойына батырлық, қайсарлық қасиеттерді дарытып, елі мен жерін қорғайтын азамат, бауырмал болуға, доспен сыйласуға, адалдыққа тәрбиелейтіні сөзсіз.
Режиссер Ерсайын Төлеубай «Ақ сайтанның айласы» пьесасында оқиғаны Адам, Сайтан, Маймыл, Есек, Ит, Құзғын төңірегінде, комедиялық элементтермен құрған. Е.Төлеубайдың «Таза бала» пьесасы қазақ ертегі әлеміндегі Тазша баланы ақтаудан туған. Автор «сондай ақылды, парасатты баланың басы таз болуы мүмкін емес. Болар бала сонау жас күнінен-ақ білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке ұмтылады. Ондай бала – нағыз Таза бала. Еліне жаны ашитын, халқының қажетіне жарамды балалар – солар» деген ой тастайды.
Дегенмен, бұған қарап толағай табыстарға қол жеткіздік деп айту жөнсіз. Бүлдіршіннің бойында қазақы сана-сезімді қалыптастыратын ұлттық дүниелер мен тілге бай, мазмұнды шығармалар тапшылығы – бүгінгі балалар драматургиясындағы өзекті мәселе.

Мәншүк Ташимова,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір