Сапалы медицина – саулық кепілі
21.10.2025
172
0

Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Қазығұрт шағын ауданындағы Н.Оңдасынов көшесінде орналасқан «Қазығұрт клиникасы» талаптарға сай жұмыс істеуді басты мақсат тұтады. Клиниканың бас дәрігері Нышанбай Досанбаев осы қызметке келген күннен үлкен жұмыстар атқарып келеді.

Бүгінде Қазығұрт шағын ауданының тұрғындары емхана жұмысына дән риза. Емхана қызметкерлері жергілікті тұрғындармен қоян-қолтық араласады. Үй-үйді аралап, тұрғындардың денсаулығын тексереді, есепке алады, ақыл-кеңес береді. Мейірбикелер өздеріне бөліп алған учаскелерін апта сайын аралап тұрады. Арнайы есепте тұрған созылмалы сырқаттары бар адамдарға жиі барып, ем-домдарын жасап тұрады. Жеңілдікпен дәрі-дәрмек алатын науқас жандарды үнемі бақылауда ұстайды. Бұл ретте клиниканың бас дәрігері Нышанбай Кәрібайұлы қырағылық танытып келеді. Ол осындағы білікті дәрігер Тоқтар Батырханұлы сынды мамандармен жиі ақылдасып, жұмыстың жүйелі атқарылуына көңіл бөліп отырады.
Мемлекеттің басты байлығы – адам! Ал адамдар неғұрлым мықты да бақуатты болса, мемлекет те қуатты болады. Сондықтан мемлекетіміз ұлт денсаулығына ұдайы көңіл бөліп келеді. Иә, денсаулық – адамның ең қасиетті де құнды әрі қайталанбас, жоғалса орны толмас қазынасы. Бұл қазынаны ортайтып алсақ, орнына келтіру оңай болмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру жөнінде ұдайы айтып келеді.
Осы ретте Президент тапсырмасын орындау негізінде Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы бекітіліп, жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты – әрбір азамат үшін сапалы, қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету. Жоба 2025 жылға дейін есептелді және төрт түрлі бағытта жүзеге асырылды.
Бірінші бағыт – медициналық кө­мек­­тің қолжетімділігі мен сапасын арт­тыру;
Екінші бағыт – эпидемиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйесін қалыптастыру;
Үшінші бағыт – отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал ету;
Төртінші бағыт – салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арт­­тыруға және бұқаралық спортты да­мы­ту­ға бағытталған іс-шаралар аясын ұлғайту.
Иә, мемлекеттің басты байлығы қа­шан да адам болып қала береді. Адам ден­саулығын сақтау құқығына Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабы кепілдік береді.
«Klinika Qazygurt» ЖШС 2021 жылы жаңа заманауи талаптарға сәйкес халыққа ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъек­тілерінің дерекқорына енгізілген денсаулық сақтау субъектісі болып саналады.
«Klinika Qazygurt» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне медициналық көмек көрсетуге 2021 жылы 25 наурызда №0012 мемлекеттік лицензия берілген. Клиника қазіргі таңда Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Қазығұрт шағын ауданында 17000-ға жуық жергілікті тұрғынға сапалы медициналық қызмет көрсетіп келеді. Мұнда біліктілігі жоғары деңгейлі дәрігерлер, мейірбикелер, кіші буын қызметкерлер жеткілікті. Жалпы саны 100-ден аса қызметкерді жұмыспен қамтып отыр. Клиниканың жалпы ауданы 1200 шаршы метрді құрайтын үш қабатты ғимаратта орналасқан.
Емханаға қарасты халық саны – 17124. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар саны – 388, 2192-сі – бес жастағылар, 14 жасқа дейінгілер – 6029, 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер – 806, ал 0-18 жасқа дейінгілер – 7067, фертильді жастағы әйелдер – 3478.
Емханада артериалды гипертензиямен 1231 науқас, қант диабетімен 370 науқас және де бронхиалды астмамен 53 науқас Д-есепте тұрады. Д-есепте тұратын пациенттердің 95%-дан астамы уақтылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп отыр.
Клиникада мынадай медициналық қызмет түрлері көрсетіледі: амбулаториялық-емханалық көмек; стационарды алмастыратын көмек; стационарлы көмек; реабилитация және оңалту; диагностикалық зерттеу­лер (рентгенологиялық, функционалдық, ультрадыбыстық); зертханалық зерттеулер (бактериологиялық, серологиялық, иммунологиялық); жедел және шұғыл медициналық көмек .
«Klinika Qazygurt» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңа инновацияларды қолдана отырып, соңғы үлгідегі (компьютерлі томография, флю­рог­ра­фия, рентген аппараты, УЗД, ней­ро­соног­­рафия, скринингтік зерттеулерді оңтайландыратын медициналық құрал-жабдықтар, адам ағзасының іш­кі құрылысын зерттейтін эндоскопия, лор комбайн, т.б.) медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Тұрғындарға амбулаториялық-емханалық және стационарды алмастыратын көмек көрсету үшін 50 төсек қарастырылған. Соның ішінде стационарлық көмек көрсету үшін – 40 орын, күндізгі хирургиялық көмек көрсетуге – 10 орын бар. Қалпына келтіру және медициналық оңалту бойынша 12 төсек орындары қамтылған. Бұл халыққа бір ғимаратта амбулаториялық-емханалық көмек пен стационарды алмастырады және стационарлық көмек алуға мүмкіндік береді. Клиника 2024 жылы аккредитациядан өтіп, 1-санат алған. Бұл, әрине, ең әуелі дәрігерлердің біліктілігін айқындайды.
«Қазығұрт емханасы» келешекте осы шағын ауданда заманауи медициналық орталықты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауды мақсат етеді. Осы жоба жүзеге асқанда мемлекет үшін бюджет қаражатын үнемдеу (құрылыс, ЕПМ жарақтандыру, ұстау, оқыту), инновациялық емдеу әдістерін енгізу, эндокринология және көз аурулары (офтальмология) бойынша стационарлық деңгейде бөлімдер ашу, медициналық-әлеуметтік мәселелерді жылдам шешу, реабилитациялық тәуліктік орталық ашу сияқты артықшылықтарды іске асыруға мүмкіндік туады.
Бүгінде клиника басшылығы тұрғындарды толыққанды тексеру, емдеу және оңалту үшін қажетті толық МСАК қызметін және барлық ілеспе қызметтерді ғана емес, сондай-ақ клиника базасында бірнеше орталық ашуды жоспарлап отыр.
Халыққа арналған диагностика мен емдеудің барлық стандарттарына сәйкес келетін консультациялық-диагностикалық, стационарлық-алмастырушы көмекті қамтитын заманауи толыққанды емхана ұйымдастыру басты мақсатқа айналып отыр. Бұдан бөлек, ересектер мен балалар арасында диагностика мен емдеудің заманауи және инновациялық әдістерін енгізе отырып, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек түріндегі медициналық оңалту және қалпына келтіру емдеу бөлімшесі ашылып, осы қызмет түрлерін көрсетуге 40 төсек қарастырылады. Хирургиялық емдеудің минимальды инвазивті әдістер орталығы жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетуді одан әрі жақсарта түседі.
Нышанбай Кәрібайұлы басқаратын емхана Шымкент қаласына кейіннен қосылған Ақжар, Ақтас, Жұлдыз елді мекендерінің тұрғындарына да медициналық қызмет көрсетеді. Сонымен қатар осы аймақтағы әскери бөлімше, жүйке аурулары емханасы да осында тіркелген. Бас дәрігер халықтың жыл сайын өсуіне байланысты жоғарыда аталған елді мекендерден қосымша ФАП салу жағын да қарастырып жатқанын айтып өтті.
Рас, бір жылдары Қазығұрт шағын ауданы экологиялық жағынан қаладағы ең нашар аймақ саналатын. Оған қорғасын зауытынан шыққан зиянды қалдықтар да себепші еді. Бүгінде қорғасын зауыты жұмысын тоқтатты. Алайда оның зардаптары әлі де бар. Қарттар арасында түрлі аурулар кездеседі. Аналар мен балалар арасында да сырқаттың бірнеше түрі байқалып қалады. Бұған дүниежүзіндегі климаттың жылынып келе жатқанын, соған байланысты экологиялық ахуал жақсармай тұрғанын қосыңыз. Сайып келгенде ақ халаттыларға жүктелер жауапкершілік азаймай тұр.
– Біз емханамызда тіркеуде тұрған барлық адаммен тікелей қарым-қатынаста болуымыз керек. Оларға аурудың алдын алу жолдарын үнемі түсіндіріп отырамыз. Әрине, ауру айтып келмейді. Адамдар жұмысбастылықпен бойында пайда болған ауруларды аңғармай қалып жатады. Сондықтан біз оларды тиісті мерзімде жаппай тексеруден өткізіп тұруымыз керек. БҰҰ-ның «Тұрақты даму мақсаттары» концепциясының үшінші мақсатында денсаулықты күту керектігін айтады. Демек, барша азамзаттың денінің саулығы – басты байлығы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жарғысында «Денсаулық – физикалық ақаудың, аурудың болмауы ғана емес, адамның физикалық, психикалық, рухани және әлеуметтік тұрғыдан толыққанды белсенділігі» ретінде түсіндіріледі. Денсаулыққа кері әсерін тигізетін темекі тарту, спирттік ішімдікке әуес болу сияқты жаман әдеттерден аулақ жүруіміз керек. Бұлардың барлығы адам өмірін қысқартады. Қысқартып қана қоймай, адам өмірінің күйзеліспен, сырқатпен өтуіне себеп болады. Мұндай адамдар тек өздері қиналып қана қоймай, айналасындағы адамдарға да зиянын тигізеді. Сондықтан біз салауатты өмір салтына да баса көңіл бөлеміз, – дейді Нышанбай Досанбаев бізбен әңгімесінде.
Осы емханада еңбек ететін Тоқтар Әубәкіров есімді дәрігерге келушілердің үнемі алғыс айтып кететінін бас дәрігерден естідім. Қазақтың тұңғыш ғарышкерімен аттас дәрігер – осы емханадағы ең жас мамандардың бірі. Соған қарамастан, өзінің білімділігі мен жауапкершілігі арқасында ұжымның мақтанышына айналыпты. Иә, айта берсек, мұнда ел құрметіне бөленген дәрігерлер мен мейірбикелер көп. Олардың барлығын бір мақала шеңберіне сыйдыру мүмкін емес. Бәрінен де бұрын емхана қызметкерлерінің тұрғындар құрметіне бөленіп келе жатқанын баса айтқымыз келді.

С.ДӘНІҚҰЛҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір