«ОЯН, ҚАЗАҚТАН» «ТҰР, ҚАЗАҚҚА»
“Ауылды қалай жақсартуға болады?” деген мақаламды 2010 жылы, 30 сәуірде “Қазақ әдебиеті” газетінің № 17 (3181) санының бірінші бетіне бастыңыздар, үлкен рахмет! Төбем көкке жеткендей болды. Өйткені, менің сараптамамның түрінен “қорқып” облыстық “Сарыарқа Самалы” және республикалық “Егемен Қазақстан” газеттері баспады. Бірақ соны оқығандары бар және өзім уағыздап таратқандарым бар – солардың ішінде ауылдың қарапайым тұрғындарынан бастап, ауданның әкімдеріне дейін, Сенат депутаты болып отырғандарына дейін бірде-бірі: «Мынаны неге жазғансың, бұл кемшіліктерді қайткенде жоямыз” дегендей сауалдар қойған да, сұраған да жоқ. Ешкім сұрамаған соң ауыл тұрғындарының осы бір өмір сүру дағдысы өздеріне ұнайды екен-ау деп ойладым еріксіз. Ал басшылардан (әкімдерден) халық ештеңе талап етіп жатқан жоқ, үндемейді. Соны пайдаланып әкім-қаралар “халқымыздың жағдайы жақсы” деп, бәрін иландырады. Негізінде олай емес. Қарапайым халық билік басындағылардан бірдеңе сұрай қалса: “Жарайды, жасаймыз” деген сөздің бұйдасында кетеді. Сол баяғы қағазбастылық көп. Халық содан шаршайды да, қолды бір-ақ сілтейді. Осындай немқұрайлылық болмау үшін жастарды өз мекендеріне қайтарып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қайта ден қоюлары үшін көтерімді қаражат (подьёмный) берілуі керек. Көтерімді қаражатты патша заманында біздің жерге қара шекпенділерді жібергенде берді. Одан кейін Кеңес үкіметі кезінде Тың көтерушілерге қайтарымсыз берді. Ал қазір біздің жастарға неге бермеске. Қалада пәтер жалдап, бар тапқанын сол пәтерақыға жұмсап, тамақты ауылдағы кәрі ата-анасынан тасып, күн көріп жүргендерге неге қол ұшын бермейміз! Егер көтерме ақы төленер болса, жастардың көбі ауылға қайтар еді. Оларға несие 5-10 жыл аралығына, төлемін 5 пайыздан асырылмай берілгені дұрыс. Екінші, несие банктің заңы бойынша 21 жастан бастап беріледі дейді. Ал Ата Заңымызда (конститутция) 18 жас кәмелеттік жас болып бекітілгендіктен осы жастан берілгені дұрыс. Үшінші, ауылдағы кепілдікке қоятын қозғалмайтын мүлік – тұрғын үй. Оны өте арзан бағаға бағалайды да, сол бағаланғанның 30 пайызындай ғана несие береді. Бұлай келемеж қылмай, басқа амалдарын қарастыруға болмай ма?! Міне, осы аталғандарды шешсе, ауылдар өзінен-өзі өркендеп, құлпырар еді.
“Келешегі бар” ауыл болғандықтан ауылға жаңа үйлер салынып, қаладағыдай жалдамалы түрде пайдалануға берілгені жөн. Өйткені, сонау 1975 жылдардан бастап жаңа үйлер салу тоқтатылды. Көп саман үйлер тың көтерген (1954 жылдан бастап) кезде салынған, бүгінгі күні бос тұр, ешкім алмайды. Көшіп келетін ағайындар болса, біздің ауылға қоныстануға жіберсе, керемет болар еді. Өйткені, мектебіміз, клубымыз бар, енді су құбыры тартылмақшы.
Оны-мұны қоқыстарды көшенің ортасына үйіп, өртеуді тоқтату керек. Көше қоғамдық орын, ал қоғамдық орынды ластауға ешкімнің қақысы да, құқығы да жоқ.
Біздің Жер-Анамыздың құнарлы топырақ қабаты қоқыстан пайда болғанын ешқашан да ұмытпағанымыз абзал. Қоқыс баға жетпес тыңайтқыш, ертең қып-қызыл ақшаға сатып алады. Ол көшеде шашылмай, орамның ішіне жиналып, үйілуі керек, бұл мәдениеттіліктің белгісі.
Тағы бір айтарымыз – тоғай біздің баға жетпес байлығымыз. Келешек ұрпағымыздың болашағын ойласақ, сол байлықты өртеуді тоқтатуымыз керек. Ал қазір біз қоршаған ортаға зиян келтірумен бірге, Жер-Ананы аздырып-тоздырып жатырмыз, “ақырзаман болады” деп дүрлігіп жүрміз, ал ақырзаманды өзіміз жасап жатырмыз.
Алаштың ұраны “Оян, қазақ” болса, тәуелсіз Қазақ елінің ұраны “Тұр, қазақ” болуы керек. Көп адамдар күнделікті шығып жатқан заңдардан бейхабар, не оларды түсінбейді.Сондықтан жергілікті әкімдік тарапынан соларды түсіндіру жұмыстарын жүргізген дұрыс болар еді. Кеңес үкіметі кезінде жұмасына бір сағат саяси сабақ өткізіп тұрды ғой, ал қазір неге өткізбеске. Ақпараттар селі жойқын болып тұрған уақытта халыққа түсіндіру жұмыстары толассыз жүргізілуі тиіс.
Қосымшада ауыл тұрмысының 2006 жылдан бүгінгі күнге дейінгі сараптамасын жоғарыдағылар қажетіне жаратып, елдің тұрмысын түзетуге оңтайлы шешімін таптырар деген оймен беріп отырмын. Жалпы, біз басшы атаулының аузына қараған халықпыз, қосшы болуға дайын тұрамыз. Сол себепті, басшылардың аталы сөзі керек. Атам қазақта: “Аталы сөзді хан да айтады, қара да айтады, дегенмен ханның айтқаны дұрыс болады” деген ұғым бар.
“Қазақ әдебиеті” газеті сонау 1983 жылдан бергі сүйікті қолбасшым, жұма сайын “бұйрығын” тосып жүремін. Сол “бұйрық” жүрегі “мен қазақпын” деп соққан отбасында орындалуы керек. Ал жаздырып алуға жағдайы жоқтарға ауылдық кітапханаларда, клубтарда әкімдік тарапынан арнайы жаздырылуы керек. Бүкіл Қазақстан бойынша қазіргі таралымы тым Ұят. Сол себепті, мекемелерге, мәдениет үйлеріне, кітапханаларға, оқу залдарына, мектептерге және тағы басқаларына күштеп жаздырту керек. Насихаттау жұмыстарын үзбей жүргізу керек. Әкімдік, әкімшілік өзге газет, журналдарға күштеп жаздыртады. “Қазақ әдебиетіне” де күштеп жаздырту керек. Сонда ғана келер ұрпақ нағыз қазақ болады. Артық кетсем, кешірім сұраймын.
Сәлеммен, Серікбай МҮТКЕНОВ,
ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы.
Әбжан ауылы, Ақтоғай ауданы, Павлодар облысы.