Ол шумақтың орны табылғандай
«Ол шумақ» дегенім – осы әдеби апталығымызда жарияланған (18.11.2022 ж.) «Екінші шумақ қайдан келді?» атты сауал-хатым екені оқырмандардың есінде болар. Сауалды өзіме бейтаныс Асан Омаров мырзаға жолдау себебім: оның гәзетте ме, интернеттің сайтында ма, әйтеуір: абайтанушы ғалым атағымен берілген бір мақаласы көңіліме қоныңқыраған соң: «жас ғалым шығар, пікірін білейін», деп ойладым. Жауаптың гәзеттің кезекті (25.11.2022 ж.) санында «Бұл – тарихы өзгерек өлең» деген тақырыппен шыққанын естіп, гәзетті алдырып көріп, көлемі гәзеттің бір бетінен асып жатқанына еріксіз таңданып: «Асан осыншама бейнеттенетіндей, мен абайтанудың бір тың мәселесін көтерген жоқ едім ғой?!» деп шолып, «екінші шумаққа» қатысты тұсын тауып үңілсем, ол шумақтың сол орнында тұрғаны дұрыс дегенді айтыпты.
Абайдың өлең-дастандарын мектеп шәкірті шағында жаттап, әндерін де сол кезде айтып, ешқашан ескірмес өсиетсөздерін оқып өскен көп қазақтың бірімін. Абай шығармалары хақында арыда: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, беріде: Мұхтар Әуезов бастаған ағаларымыздың ғылыми-зерттеу мақалаларын оқыдым. Яғни, маған Абекең туралы қосымша түсініктеме қажет емес.
Сауалыма жауапты оқыған қарт жолдастарымның үшеуі (1 журналшы, 2 әдебиетші-тарихшы) телефон шалып, айтарларын: «– Сен Асан Омаровыңның «Абайтану» деген даулы кітабы болғанын білмейді екенсің», – деген сыңайда бастағандарында оларды: «– Әй, жолдас мырза, менің абайтанушы ғалым емесімді білесің, басымды қатырмашы», – деп тоқтаттым.
«Екінші шумаққа» оралсақ, Абай жазған ғашықтық жыр-сырдың түпнұсқасында бұл шумақ болған жоқ деген пікірім жөн.
Қорытынды сөзім: сауал-хатымды жазар сәтте Абекеңнің «Қыз сөзі» өлеңі жадыма оралмапты. Ол өлеңнің:
Қиыстырып мақтайсыз,
Ойласаң не таппайсыз?
Бізде ерік жоқ, өзің біл,
Әлде неге бастайсыз.
Біз де әркімді байқаймыз,
Тап бергеннен тайқаймыз.
Сіздей асыл кез болса,
Қайтіп басты шайқаймыз? –
деген соң үшінші шумақ:
Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы.
Бар демес сендей бір
Адамның баласы», –
болып тұрса, әбден қисынды, деп білем. Абайтанушылардың бұған көңіл бөлгендерінің бірі мақұлдар, бірі мақұлдамас: ешқайсысымен жауаптасуға зауқым жоқ. Жолым да, кәсібім де басқа.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
(28. 11. 2022 ж.)