ҚАЗАҚ ӘҢГІМЕЛЕРІ ТҮРІК ТІЛІНДЕ
01.04.2016
1873
0

_DSC0031Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен және Түркия Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен Анадолу жерінде алғаш ашылған «Мехмет Акиф Ерсой» атындағы мұражай-кітапханасында 25 қазақ қаламгердің түрік тілінде жарық көрген «Hüzün Kuşağı – Atayurt’tan Öyküler» (Сырлас буын – Атажұрттан әңгімелер) атты әңгімелер жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Әңгімелерді түрік тіліне аударып, жинақты құрастырған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Серпер» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі, жазушы Мәлік Отарбаев.

Аталмыш жинаққа Берік Шаханов, Мархабат Бай­ғұт, Смағұл Елубай, Несіпбек Дәутайұлы, На­ға­шыбек Қапалбекұлы, Дидахмет Әшімханұлы, Нұр­дәулет Ақыш, Жұмабай Шаштайұлы, Тұрысбек Сәу­кетай, Ертай Айғалиұлы, Қуандық Түменбай, Ра­хымжан Отарбаев, Мақсот Ізімұлы, Көсемәлі Сәт­тібаев, Қали Сәрсенбай, Сәбит Дүйсенбиев, Се­рік­қали Хасан, Нұрғали Ораз, Жаңабек Шағатай, Жү­сіпбек Қорғасбек, Асқар Алтай, Роза Мұқанова, Айгүл Кемелбаева, Серік Нұғыман мен Гүлзат Шой­бе­кованың әңгімелері енді.

Тұсаукесерге Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жан­­сейіт Түймебаев, Түркия Премьер-министрінің кеңес­шісі Хүриет Ерсой, Түркия Мәдениет министр­лігі Баспа және кітапхана департаментінің бас ди­рек­торы Хамди Туршужу, Халықаралық Түркі Ака­демиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Еу­разия кітапханашылар қауымдастығының төрағасы Мұс­тафа Чалышкан, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, жазушы Ах­метжан Ашири, жазушы Нұрғали Ораз және Түр­кия­ның беделді шығармашылық ұйымдардың бас­шы­лары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жаңа кітаптың жарық көруімен түрік оқыр­ман­дарын құттықтаған Елші Жансейіт Түймебаев: «Екі бауыр­лас ел арасындағы саяси және экономикалық қа­рым-қатынастардың дамуымен қатар мәдениет және әдебиет саласында атқарылып отырған жұ­мыс­тардың аз емес екені мәлім. Өткен жылы Сүйін­байдың 200 жылдығына арналған «Сүйінбай Арон­ұлы» кітабы, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» три­логиясы, Мархабат Байғұттың «Дауыстың түсі» әң­гімелер жинағы, Темірхан Медетбектің «Соңғы сөз алдындағы соңғы сөз» өлеңдер жинағы, Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы, биылғы жылы Бек­сұлтан Нұржеке-ұлының «Бір өкініш, бір үміт» романы, Ахметжан Аширидің «Идикут» романы түрік тілінде жарық көрді. Бүгін тұсауы кесіліп жатқан кі­­таптың жөні бөлек. Бұл кітапқа қазақтың белгілі қа­­ламгерлері – 25 жазушының әңгімелері енген. Осы жинақты аударып құрастырған, қазақтың абы­ройын Анадолу жерінде асырып жүрген талантты қаламгер Мәлік Отарбаевқа алғыс айтамын. Кі­тап­тың оқырманы көбейсін!», – деп, жүрекжарды ті­ле­гін жеткізді.

Түркі Академиясының президенті Дархан Қы­дырәлі: «Тұсаукесер рәсімінің «Мехмет Акиф Ерсой» атындағы кітапханада өтіп жатқанында зор мән бар. Ақын Мехмет Акифтің «Сафахат» атты жыр жинағында патшамен жүздескен қысық көзді кі­сі туралы айтылады. Сол қысық көзді кісінің жа­пон не басқа ұлт өкілі болуы мүмкін деген тұжы­рым­­дар бар. Бүгінгі тұсауы кесіліп отырған кітаптың атауы өте дәл қойылған екен. «Хүзүн» – мұң, сыр сын­­ды мағынаны білдіреді. «Кушак» дегеніңіз – буын. Осы кітапқа кірген қаламгерлер – тәуел­сіз­дік­тен бұрын және кейінгі кезеңді өз көзімен көріп өс­кен буын. Тәуелсіздікті армандаған буынның өкіл­­дері. Үлкен әдебиеттің буыны. Расында, мә­де­ниет пен өркениеттің дамуы, әдебиет пен ғылымның қанатын кең жаюы аудармаға байланысты. Қазақ пен түрік бауырлары ретінде бір-бірімізді әрі жақсы танитынымыз әрі танымайтынымыз жасырын емес. Сондықтан екі ел арасындағы бауырластықты кү­шейтетін аударма саласы екені мәлім», – деді.

Түркия Мәдениет министрлігі Баспа және кі­тап­­­хана департаментінің бас директоры Хамди Тур­шужу Түркия Мәдениет министрінің сәлем­де­месін жеткізіп, кітаптың шығуына қолдау біл­дір­ген Қазақстанның Түркиядағы елшілігіне алғыс айт­ты. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұ­­мабай Шаштайұлы қазақ әдебиетінің әлем әде­бие­тінің дамуына қосқан үлесін атап өтіп, қазақ әде­биетін Түркияда насихаттап жүрген Қазақ­стан­ның Түр­кия­дағы елшілігіне қазақ қаламгерлері аты­нан алғыс айтты. Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері, жазушы Ахметжан Ашири түрік тіліне ау­дар­ылған «Идикут» романын кітапханаға сыйлап, жа­­рыққа шыққан кітапқа сәт сапар тіледі. Гази уни­верситетінің оқытушысы, ғылым докторы Жә­миля Кынаджы әңгімелердің талғампаздықпен таң­далғанын және де жай аударма емес, көркем ау­дарма жасалғанын айтып, кітап туралы баяндама жа­сады. Қазақтың белгілі жазушысы Нұрғали Ораз: «Әлем әдебиетінде дәл осындай жинақтар бар. Алай­да, ол жинақтарды қарап шықсаңыз әрбір әңгі­менің өз аудармашысы болады. Бұл кітаптың ерек­шелігі – әңгімелердің аудармашысы мен құрас­тыру­шы­сы бір. Кітап түрік оқырмандарының көңіл­­дерінен шығады деп сенемін,» – деді. Жиынды жүргізген Түр­кия Мәдениет министрлігі Баспа және кітапхана де­партаментінің бас директоры Хамди Туршужу.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір