«Қайыршы мен миллиардер» ТҮРІК ТІЛІНДЕ сөйледі
12.12.2023
297
0

Түркияның Стамбул қаласында дәстүрлі Үмрание кітап көрмесі өтті. Бұл рухани жәрмеңкеге елуге жуық баспаның өнімдері қойылған. Сандаған жылдар бойы дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан шарада жұрт назарына бауырлас елдің төл шығармалары ғана емес, шетелдік туындылар да ұсынылады екен. Қазақ қаламгерлеріне есім сойы етене таныс Ашур Өздемірдің ұйытқы болуымен жүзге жуық қазақ жазушысы түрік тіліне аударылыпты. Соның бірі – Қанағат Әбілқайырдың повесті.
Автордың «Қайыршының миллиардер досы» атты хикаяты Түркияда үлкен сұранысқа ие болып, жазушыға арнайы шақыру жіберілген. Қазақстанның тәуелсіздік алғалы бергі ахуалын ащы сарказммен, уытты тілмен өрнектеген қаламгер осы кітап арқылы тұтас бір мемлекеттің жүріп өткен жолын шынайы баяндайды. Шығарманың желісі мен мазмұнын асқан көркемдікпен тәржімалаған Ашур мырза кітаптың жеңіл аударылғанын, өзектілігін, ең бастысы, оқырманын тауып үлгергенін айтып отыр. Ұлы Абай туындыларымен қатар алаштықтардың кемел шығармалары түрік тілінде тіл қатқан кітап базарында арғы тарихтың көзі тірі куәгері – Абдурахман Шетіннің де «Өмір жолымдағы соңғы көш» кітабы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында басталған дүрбелең, жер ауу, талай жылдарға созылған ішкі қарсылық ерен суреттелген туынды да «Anatolia, Ferfir, Opsiyon» баспасынан оқырманға жол тартқан. Баспа басшысы Шереф Иылмаз: «Қазақ елінің тарихы, әдебиеті үлкен сұранысқа ие. Қазақстанды, Алматыны көру, тамашалау – алдағы басты армандарымның бірі», – дейді.
Бұған дейін шығармалары алты тілге аударылған Қанағат Әбілқайырдың «Қайыршының миллиардер досы» атты хикаяты таяуда ағылшын тілінде жарық көрмек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір