АУЫЛ МЕН АЛМАТЫ
НЕМЕСЕ КІШКЕНТАЙ МЕН ҮЛКЕН
«Таланттар – провинцияда туып, Парижде өледі» деген сөз айтылғалы қанша заман өтті екен… Мағынасын тәпсірлеуден аулақпыз, әйтсе де, біздің қолданысымызда «Парижде (Алматыда) өледі» – ауылдағы ағайынның қалаға деген қызғанышын оятатын қырсықты сөз сияқты әсер береді. Айталық, қиыр жайлап, шет қонып жүрген әлдебір ақын туралы айту керек болса, сөзіміздің әлхамын осыдан бастаймыз: Таланттар – ауылда туады! Ал Алматы «даяр асқа – тік қасық», – Ақынымызды иемденіп кетті… Сосын өлтірді…
Алмас НҮСІП
Бұл сөз о баста қандай жағдайға байланысты айтылса да, шын таланттың туғанын аядай ғана ауыл білсе, өлгенін күллі дүние біледі деген мағынамен ұштасуға тиіс. Туғанына азғантай ағайыны қуанып, өлгеніне дүйім жұрт қайғырады. Провинция мен Париж өлшемі – ауыл мен қала арасындағы тартыстан гөрі, өз ауылы ғана емес, бүкіл астанасы, жалпақ ұлысының жоғын жоқтайды дегенмен астасатын сөз болса керек.
«Жиылып ой қазағы, қыр қазағы, Ақын боп Алматыда жыр жазады», – дегенді айтқан ақын қолданысындағы Алматы – сөз ұстасам деген ақын атаулының аңсары екен.Шалғайдан алып-ұшып, жүрегін қолына ұстап жеткен жеткіншек әу баста аңсарына айналған қалаға арнап өлең жазыпты. Тамсанып жазыпты. Арада күндер өткесін, ауылына сағыныш жырын жолдапты. Туған жердің аңғал-саңғал еркіндігі аңсатқан көңілдің кейбір кездерінде әлгі асық Алматысы – «Тас қала» болып көрініпті. О бастағы сұлулық күн өткен сайын үйреншікті көрініске айналыпты. Ұшып-қонып, жүрегін қолына алып, ауылға аттаныпты. Бара аунап-қунап, мауқын басқан соң, қалаға қайта асығыпты. Құдайшылығын айтқанда, ауылында асса бір апта, мықтаса бір ай жатқан ақынның іші пысады. Асықты бірге ойнаған, мектепті бірге оқыған бала күнгі достармен әлгі бір кездегі қызықтарды айтып тауысқан соң, әңгіме түгесілген. Сенің әдебиетің, сенің өмір жайлы пәлсапаң оларға қызық емес екен. Бірде қату, бірде тату жүрсе де, нән қаладағы ой-санасы, білім-парасаты өзіңмен қапталдас жаңа достарың аз уақыт ішінде-ақ жақын тартып кетіпті. Достықтың басты өлшемі де – рухани туысу емес пе еді, аз уақыт ішінде-ақ оларсыз тұра алмайтын болыпсың… Ауылда тыныштық болғанмен, орта жоқ екен. Әдеби орта – сен оқымай қалған әлдебір мақаланы, әңгіме-өлеңді әдепкі әңгіме арасында-ақ елеусіз ғана есіңе салатын, кем-кетігіңді толтырып отыратын қауым екен. Мақтанып айтса да, сен оқымаған бір кітапты оқуға «кеңес береді» екен.
Университет қабырғасында жүргенде үміт күттірген қаншама талантты жігіттер болды. Бір Алматы бәріне жете бере ме, жұмыс іздеп жыл жарым жүргесін, Республиканың әр түкпіріне (көп жағдайда өзі туған облысқа) жол тартты. Қазір кездесіп қалсаң, баяғы «махаббаты» суынған салғырт жанды көресің. Немесе әлі күнге жазушы, ақын атаулыны періште санайтын, әдебиетті әлгі бір бозбала кезінде оқыған санаулы кітабымен (оның өзі көмескілене бастаған) өлшейтін, балаң кейіпте қалып қойған «адал» жан тұрады алдыңда. Оның тауансыздығы да сонда, талаптанып сөз додасына қосылдым деген кезінде жақсы ортаға түсе алмады. Айналасы биік жандар болса, аласа адамның өзі биіктікке ұмтылмас па. Ал керісінше жағдайда тоқмейілсу, болмасты мақтан етер әдет санадан тыс пайда бола бастайды. Себебі, төңірегі талапты жасты шыңдаймыз деп, әр түрткен сөзі, әр жазған дүниесіне тамсанып, арқадан қағып жүріп, жолын кесіп тынғанын аңғармай да қалады. Адамның еңбек етудегі (талантқа байланысты) негізгі мақсаты да айналасына, елге ұнау емес пе, әлгіндей жағдайдан соң, бар мұрат орындалғандай тоғая бастайды, ізденіс тоқталады. Ақыр соңы талант тоқырауға ұшырайды.
Мұқағали жаны үзілер күні Жазушылар одағына апаруды өтініпті дейді. Дем үзілер сәтте Одақты аңсау үшін де біраз уақытың осы ортада өтуі керек шығар. Жігітшілік кезі Алматыда өткен, әдеби ортаның қызық-шыжығын жеткілікті деңгейде көріп үлгерген, әдебиетсіз тұра алмайтындай қор жинап, талғам таразысы енді қалтылдамастай мығым, зар күйіне жеткен ақынды Африкаға апарып тастасаң да, биік өлшемнен тайқымақ емес. Болдым, толдым дейтін қауіпті синдромға бой берместей әдеби иммунитет қалыптастырып үлгерген жан өзіне өмір бойы биік талғам тұрғысынан қарай алады. Әдеби орта – ұстаз, бастысы алдын көру, тәлімін алу, ал, одан кейінгі шешімдер жеке бастың шаруасы. Шәкәрім Абайдың мектебін көрді, рухани кемелдікке жеткенде дүниеден баз кешіп, қиянға шығандап кетті. Оның өмірлік тәжірибесі, рухани қоры толық болатын, тек сыртқа шығару ғана қалған.Сонысы үшін де өзіне сенімді болды. Бәрінен бас тартты.
Әдебиетте өзіндік орны бар, айналасы санасатын аға-аталармен ара-тұра кездесіп, сөзін, үлгісін тыңдап қалуға тырысамыз ғой (әдеби ортаның басты міндеті де осыдан өрбісе керек).Сонда қатты байқалады, кемелдікке жеткен жан – білмейтін, оқымаған дүниесін жасырмайды екен. Хабары аздау тақырыпта сөйлемейді, болмасқа қара тер болар тыраштықтан ада. Ал «өспей қалған» ағайын қашан көрсең – терең толғауға, биік сөйлеуге тырысады. Аз білімін көп сөзбен қымтап, жасырып бағады. Себебі, ол айналасына тәуелді. Оны сондай деңгейге жеткізген – айналасындағы көтермеші мен қолпашшылар. Көтермелеп-көтермелеп келіп, жарға тақап қойған: «Бұл кісі бәрін біледі!». Білмейтініңді білсе… Жарға итере салады. Соны жақсы білгендіктен қай кезде де білімді, көшелі, кемел жан болуға мәжбүр. «Біздің Түгеншекеңнің жанында белгілі Бәленшекеңнің өзі байқап-байқап сөйлейді-ау», – деп, кеу-кеулесетін көтермешілердің желі адамның буын-буынын алмай тынбайды. Өзіне деген (біліміне, талантына) сенімін нығайта түседі. Биязылықты (жауапкершілік) асаулық жеңе бастайды. Не жазса да төңірегінің өлшеміне туралайтын әдет пайда болады – өз ойында оқырманын тапқан бақытты қаламгер. Өзі мәшһүр болған «узкий круг» қолын қақпайды, жолын кеспейді. Алда-жалда солай бола қалса, шу-шұрқан басталды дей беріңіз. Патшаның мүйізі бар екенін айтуға, әрине, болмайды. Облыстық газетке жұмысқа тұрған алғашқы кезеңде алдына келген бір өлеңді мүлде жарамсыз деп сызып, тағы бір мақаланы қызыл-ала қылған жас маман ертеңіне-ақ айғай-аттанның астында қалды.Сөйтсе, ашық ауыз байғұс абайсызда «патшаның мүйізін» көріп қойыпты. «Әй, сен! Кімсің келе салып… Төр – менікі дейтіндей не тындырдың, а? Бесіктен белің шықпай жатып, не қираттың, а?!.». Сөйтсе, бұл «сөз патшасының» он (!) кітабы шығып үлгерген екен. Облыс әкімінің өзі елеп-ескеріп, арқасынан қағып, мереке құрғатпай сый-сияпат жасап тұратын ерекше санаттағы шал екен. «Не тындырдың?!» дегені – «Ең болмаса бір кітабың шықты ма?» – дегені екен. Ал «Не қираттың?!» дегеннің мағынасын әкімнің құрметі төңірегінен іздесеңіз қателесе қоймайсыз. «Менің он кітабым шыққан, бала!». Абайламасаң сол он кітапты қабаттап ұстап, ұрып жықпақшы…
«Узкий кругтың» бағасы – біз үшін жалпақ жұрт жабылып тапқан ақырғы тоқтам сияқты көрінеді. Әсіресе, қазіргі әлеуметтік желіде көр-жерді, жоқ-барды жаза беретін, болымсыз дүниелерін тықпалай беретін замандастарымды қойып, әке буынның өкілдері төңірегіндегі қаумалаған, қолпаштаған санаулы інілерінің мақтауына пісіп алған, жақын арада «осыным қалай болар екен?» деп тоқтай қояды деп ойламаймын. Оның ойынша, өзі – туған өлкесінің, өскен аймағының көзі, құлағы һәм тілі. Рухани айнасы. Басқа өңірдегілер, – оның ішінде орталық – Алматы да бар, – бәрі көрсін, мұндағылар да құр алақан емес екенін, тіпті, ондағылардан да артық жаза алатынын… Жазсын ғой, жазғаны жақсы. Асырып тастаса тіпті қатып кетті. Мұндағы мәселе жазудың ала-құлалығында. Тәп-тәуір таланттың өз мүмкіндігінің жоғарғы шегіне жете бермейтінінде. Қазір оқырманды кінәлайтын болдық қой бәріне: Кітап оқылмайды екен, оқыса да баяғыдағыдай терең дүниелерді түсінбейді екен, жеңіл дүниелерді ғана қалайды екен… Анығында, әбден тұралап тұрған әдебиеттен ештеңе ала алмаған, ештеңе бере алмаған жазарман атаулының жауапкершіліктен қашып, жүгін жеңілдетіп алған түрі бұл. Мүмкіндігі бола тұра тым тереңдеуге, терін сығып, жанын салып еңбектенуге құлықсыз болғандығын жасырып-жабу. Облыстық деңгейде аса танымал (әдеби ортаға да беймәлім емес) ақын-жазушылар құрып қалды дегенде өз өлкесіне елеусіз қалмайтынын біледі. Сондықтан өз кемшілігін көре, біле тұра түзетуге немқұрайды қарай алады. Жетсе – арыға, жетпесе– өзімізге. Аудан көлемінде танымал бір ақын шағындау шалқымасын сөзін мақұлдап бағатын жуастау інісіне дауыстап оқып беріп, соңына жеткенде өзіне деген ризашылықтан толқып кетіпті. Көңілі бітіп, демі жиілеп отырып, – ешқандай қалжыңның нышаны жоқ, – айтыпты: «Ауданда ғой, менен басқа ешкім жоқ. Ауданды қойшы, облыста дәл осылай жазатын адам жоқ-ау… – Сәл үзіліс жасап, толқып отырып қаттырақ кетіп қалғанын аңғарса керек: – Болса да… Біреу-екеу.., санаулы ғана». Міне, өлшем! Ұмтылар межесі – облыстық көлем болса, оның өзіне сенімсіздеу қол созса… Сөйтіп жүріп, әдебиет тарихында қалудан үміттенетінін жасырмайды. Тұманбай Алматыдағы ақын ескерткішін көрсетіп: «Маған да осындай ескерткіш тұрғыза ма, қалай ойлайсың?», – депті бір інісіне. Үлкен жерден ескерткіш сұрау үлкен ақындардың ғана қолынан келеді. Ал біздің ағайлардың көз алдына ауылдағы бір көшенің аты елестейтін шығар…
Дұрыс қой, тағдырына мойынсұнып, өз дәреже-деңгейін білген жаннан айналмаймысың! Олай деуге тыныш жүрер ме, кезегі келіп қалғанда арғы-бергіге үкім шығарып жіберетіні бар ғой және. Әдебиетті балаңдық көзқараспен бағалау деген бар. Ақын-жазушы – сөз өнерінің емес, руы мен ауылының атынан күреске түсетін балуан, бәйгеге шабатын жүйрік сияқты. Алдымен нөмірлеу басталады. «Ана Ақынды мықты десіп жүр ғой, бірақ мына өзіміздің (өздеріңіздің) Ақиық, негізі, одан гөрі тәуірлеу. Дұрыс насихатталмай қалды, әйтпесе…». Сосын, аудандағы көзіқарақты жалғыз жан өзі болғандықтан, мана айтқанымыздай, білгенін айтып, ел-жұртының көзін ашып жүреді. Алыс-жақын ақын-жазушылар жайлы түрлі естеліктер айтады, өмірінен қызықты фактілер келтіреді. Әйтіпті, бүйтіпті… Қатырып кетіпті, жапырып кетіпті… Сонда тұрып былай деп өлең шығарып жіберіпті… Пай-пай! Ай-хай!.. Болғаннан болмағанға ұқсайтын, көкейге қонымсыздау ойдан шығарылған арзанқол естеліктерді қайдан жиып алатынын білмейсің, көре қалған жерде тыңдар құлақ өзің ғана деп, меймілдетіп құйып береді. Көбі ел аузында жүрген дүниелер, бірақ өзінен өңге жұрт шетінен қараңғы, «Біз де қашанғы жүреміз, біле жүргенің өзіңе пайдалы, бала», – деп алып, күмілжуге үлгертпей мақұлдатып бағады. Эмоциясы басым, ұшқарылау пікірлерді жаңалық ашқандай айтып сап, қарап тұрады.
Облыстық газетте жүргенде танысқан, «жақсы араласқан» бір атам болды. Әлі күнге менің жайымды ойлап, оқу-тоқуымды қадағалап жүреді. «Әй бала, ана газетке Бәленшекеңнің мақаласы шықты (оқымай қалма!). Мына журналға жастардың өлеңдерін беріпті (жастар әдебиетінен хабардар болып жүру керек адам деген). Кеше барсам жоқ екенсің, жұмыс үстеліңе біраз дүниелер қалдырып кеттім (қай бір оңып жүрмін дейсің, байғұс бала)». Сондағысы әлдебір естеліктер, өзім де күнде көріп жүрген замандастарым. Бертінде байқасам, ылғи да тек өзі сөйлейді екен. Келеді де ақылын айтып-айтып, білгенімен бөлісіп шығып кетеді. «Әй, қиын болды ғой сендерге… Баяғы біздің кезімізде…» – деп, бүгінгі әдеби ахуалдан хабардар екенін, бұрынырақта жұрт қатарлы өзі де қырып қаламақы алғанын айтып бір кетеді. Келген сайын, көрген сайын айтады. «Мен саған бір қызықты айтайын, мынаны қараңыз…», – деп алып, осымен нешінші мәрте екенін құдай білсін, өзі сүйген, өзін сүйген әйгілі ағалары жайлы естеліктерін айтып екі кетеді. Менен ештеңе сұрамайды. Әрине, анда-мұнда «жоқтаусыз қалған, ұмытыла бастаған», көп қамқор болған елге белгілі (шын мәнінде) бір кісілер туралы жазған естелігін тастап кетеді. Жаңа жазған өлеңдерін қалдырады, оқып пікір айтуым керек. Бірақ келесі жолы кездескенде ол жайлы тағы сұрамайды. Өлеңдерін оқығаныңды есіне салсаң, «ә, оны қоя тұр», – дейді де, әңгімесін жалғай береді. Жақында отырып-отырып алып, төбемнен жай түсті: Атам мені оқымайды екен. Мүлде, бірде-бір мақалама қатысты ештеңе айтпапты. Тіпті, мен істейтін газет жайында тіс жарып көрмепті. Мені ғана емес, мүлде ештеңе оқымайтын шығар дейін десем, маған әкеп тастаған газеттеріндегі әлдекімдердің жазбаларын талдап тастамаса да, мақтап отыратыны болушы еді. Ары ойланып, бері ойланып, атам қалдырып кеткен ен байлықты ақтарып көруге бел будым. Мұнда не жоқ дейсіз, бәрі бар. Мені қиналмасын деген болу керек, ұлтарақтай-ұлтарақтай қиындыларға дейін салыпты. Толстойдың дана сөздері, Ұлылардың айтқаны, Қазақтың мақал-мәтелдері, Шешендік сөздер… Ақыры көзім жетті: Атам ара-тұра қолына ілігіп кеткен кез келген газеттен бөлек, көбіне облыстық, сосын аудандық басылымды ғана оқиды екен..
Мені не үшін жақсы көріп, қанатының астына алып, жақсылыққа баулып жүргенінен де хабарсыз екем. Аталасым емес, ауылдасым емес. Қызық…
Аудандағы бір танысым айтады, менің атам олар жаққа да ара-тұра соғып қайтатын көрінеді. Рас болса, ол жақтағылар Қызыр келгендей күтіп алатын сыңайлы. Бүгінде қатардағы қызметкер, бір кездегі бас редактор таң қалды дейді: «Бергенде, құдай осы кісіге берген ғой. Білім дейсің бе, сөз дейсің бе, тегі, кіргеннен сөйлейді, шыққанша аузымыз ашылады да қалады. Өлеңдерінің өзі қандай!». Сондағы атамның айтатын әңгімесі мен шешендігі көз алдыма келеді… Жарықтық, өзін бағалайтын, сөзін тыңдайтын ортаны меңгере біледі-ақ қой. Мені де үнсіз бас изей беретін момындығым үшін жақсы көреді екен ғой, ойласам. Айтпақшы, осы атамның мақтауынан әбден есеңгіреген бір қыз бұ күнде жұмысқа шақыртусыз келмейтін болыпты. Құлан таза шығармашылыққа кетуді көксеп жүр деген қауесет бар.Көркем шығармашылық!
Олай болар жөні де бар. Атам қарап жүре ме, жүрген жерінде өзінің көп оқығанын, кітапхананы түгел түгесіп тастағанын, жұрттың бәрі өзіндей болуы керек екенін айтып бағады. Нақты нені оқығаны туралы сөз болмайды, әлбетте. Ал біздің ашық ауыз редакция қызметкерлері сол сөзі үшін-ақ менің атамды хан көтеріп мәз. «Ол кісі бәрін оқыған» – аксиома…
Осындай тәрбие көрген жас оңа ма, кімнің алдында да өзін жақсы сезінеді. Мұхтар Мағауиннің «Түйеші Қамбар» деген әңгімесінде қасқырдың сесінен ықпайтын қол басындай ғана канден ит туралы айтылушы еді. Оқу-тоқуы аз, әдеби процестен мүлде хабарсыз болса да, көркем сөзге таласы бар екенін көрсетіп қалуға тырысып жүретін бауырларымды көргенде сол есіме түседі. Кімнен де болса сұхбат ала беруге хақылымын деп ойлайды. Сұхбат сұрар жан дайындалса керек қой. Кіммен сөйлескелі тұрғанын сезінсе керек еді ғой. Сұрақтары түйеден түскендей дөкір: бүгінгі қоғам жайында не ойлайды, өкіметке қалай қарайды, еліміздің алдағы күні не болмақ… Бұл не саясат? Ғұлама ғалым, көрнекті жазушы қайда қалды? Шығармашылығы жайлы неге сөйлетпейді? Айтар жауап біреу ғана: «Біздікі әдеби газет емес қой». Қоғамдық-саяси, әлеуметтік газетіңе жазушылығы, ғалымдығы жарамаса, онда неге рухани әңгіме өткізбеске?.. Оппонентіңіз сізді түсінбейді, оған аты белгілі Тұлғадан сұхбат алыпты деген атақ керек.
Жоққа жүйрік жете ме, барымен базар деп, араларындағы сөзінің жылты бар әлдекімді көтере дәріптеп, оқыған, білімді адам «сайлайды». Өзгеге үлгі қылмақ ниетте бекітілген білімді жан аздаған жылтырақ цитаталарын түгесіп біткен, енді не жазарын білмей басы қатып жүрген, үлкен өлшеммен алғанда орташаға әрең ілігердей (іліксе!) ғана қауқары бар біреу.
Әлгі «он кітаптың авторлары» көп жағдайда бір мақаласын ауданнан бастап қалаға, ең соңында облыстық газетке сүйрелейді. Аудандағылар сұраусыз басатыны белгілі. Қалалық газеттер де аса тықақтай қоймайды. Ең соңында әлгі жас маманның (бұла күші бойында тұрған, арғы-бергі қулық-сұмдықтардан бейхабар) қолына түскен. Қазақтың сөз өнеріне адалдықпен қызмет етіп, зор еңбек сіңірмекші талабы зор балада не кінә, алғанда сойып салған. Сөйтсе, әлгі атамыз не деді дейсіз ғой: «Аудандағылар звондап «тәп-тәуір мақалаңызды не істеген мыналар?!» деп режіп жатыр. Не болып қалды деп қарасам, не анда, не мұнда жоқ бірдеңе болған да шыққан». Анығында, қайткенде басылу керек дегесін, біздің жас маман көз майын тауысып отырып, қарап шықты деген жай сөз, түгелге жуық қайта жазған. Атасының ойлап таппайтыны болсашы, аудандағылардың қоңырау шалып, жани аши қалғанын қарай көріңіз! «Артымда ағайыным бар, жоқтаушы-сұраушысы жоқ біреу екен деме!» – деп ықтырғысы келгені болар. Әдетте, «арттағы елден ұят болмасын» деп тәуірлеу жан болуға талпынып жататын. Ал арттағы елің тонның ішкі бауындай араласып, ым-жымы бір сыбайласқа айналса, өсу туралы, талғам туралы ойламай-ақ қойған жөн. Адал еңбекке бекінген жан ағайынгершілікке қор болмайды. «Сыйласқанға – жат жақсы» деуші ме едік? Талабына сенетін, талантын аялай білетін жан артындағы көтермеші мен қиқушыға емес, өзіне, ақыл мен қайратына ғана жүгінетін.
Әлгіндей доңайбат көрген, адал еңбегі, ақ ниеті үшін соншама сөз естіген, аузы күйген тәжірибесіз жас ендігі жерде ондайға аттап басушы ма еді. Ә дегенде адал ортаға түсе алмаған жастың трагедиясы да сол, күндер өте келе «көзі ашылған» соң бәлеқор ағайынмен алыстан, абайлап сыйласуды жөн көреді. Жеңе алмайтынын білген соң, түзелмейтінін көрген соң. Ал әлгіндей жазармандар үшін облыстық басылым – ең үлкен өлшем. Ауылы оқиды, ағайыны қолына алып қарайды – көре қалған жерде мақтау айтады. Өлең-сөзге таласы болғанмен бұл кісілерге қатысты әдеби талғам, әдеби білім жайында сөз қозғап басыңызды ауыртпасақ та болады. Ол үшін тіпті ауыл жағына көп бара қоймайтын әлдебір Республикалық газеттен гөрі облыстық басылымның бәсі жоғары. Ауылға барған сайын «Жазып тұрушы едің, біздің ауылдың баласы деп мақтанып отырушы ек, көрінбей кеттің ғой», – деп өздеріне етене облыстық басылымнан Республикалық әдеби газетке ауысып кеткен «қолынан ұшқан түлегіне» өкпе артып отыратын ағайынға қарап, әлгі аталарды керемет түсінетін сияқтымын.
Қолға ілігер күрек таппай көп қиналған бір группаласым ақырында өзі туған облыс орталығынан жұмыс табылғанда «Күзетші болсам да Алматыда жүргім келеді», – деп көп қиналып аттанып еді. Қазір облыстың мен деген журналисі. Кім білсін, ортамнан адасып кеттім-ау деп өкінетін шығар кейде.
Бір ағам: «Үлкен жерде кішкентай адам болып жүргенше, кішкентай жерде үлкен адам болғанды дұрыс көрдім», – деп еді ағынан жарылып. Ал қазақ мақалы айтатын:
«Аздың азаншысы болғанша, көптің қазаншысы бол» дейтін. Бұл да біз үшін жай ғана сұлу сөз шығар, кім білсін…