ІЛІМ ІЗДЕГЕННІҢ ІЗІ ӨШПЕЙДІ
ХХ ғасырдың басындағы ұлттық баспасөз бен әдебиеттен орын алған Алаш қозғалысының көрінісі алғаш тұтастай қамтылып, ұлт мүддесі жолында тынымсыз күрескен Алаш зиялыларының қайраткерлік тұлғасы өз туындыларымен бірге қазіргі қазақ әдебиетіндегі көркем шығармалар негізінде зерделенген «Ұлттық әдебиеттегі Алаш қозғалысының көрінісі және зиялылар тұлғасы» атты ұжымдық монографияның бас редакторы, әдебиеттанушы ғалым Күнімжан Әбдіқалық Сәдірқызының қарапайым ғылым жолындағы ізденісі туралы Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 20 жыл бірге қызмет атқарған әріптестері тарапынан жылы лебіздері ұсынылып отыр.

Н.Лобачевский атындағы ғылыми кітапхананың сирек кездесетін кітап пен қолжазба қорлары бөлімі. 14–20 тамыз, 2023 жыл Татарстан Республикасы, Қазан қаласы Суретте К.Әбдіқалық, Ғ.Орынханова
Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті Кәсіподағының төрайымы, профессор Ләззат Әділбекова:
– Алаш әдебиетін танып-білу дегеніміз – отаршылықтың қалың шеңгелінен қалың қазақтың «ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың» кезеңінде, «Оян, қазақ» деп жар салғанды жарға ұрған, ұрпаққа аманат болған жер мен тіл жанашырларының «Алаштың адамының бәрі мәлім, кім қалды таразыға тартылмаған» желдің өтінде қалған қиын да қауіп-қатерге толы кезеңіндегі ұлт руханиятының алыптарын түсіну, бағалау деп білсек, осы алаштану саласындағы еңбектерімен әдебиетші ғалымдар арасында есімі елеулі де беделді ғалымдарымыздың бірі профессор Күнімжан Сәдірқызы Әбдіқалықтың бұл тұрғыдағы еңбектері, мақалалары салмақты, ғылыми тұжырымдары мен сарабдал ойлары дәлелді, нақты, жүйелі. Бүгінгі күнгі қазақ әдебиетіндегі бұл тақырыпқа қалам тартып жүрген білікті ғалымның селт еткізер мақалаларын әдебиетшілер қауымының бетке ұстар басылымы «Қазақ әдебиеті» газетінен де жиі оқимыз. Әдебиет – өмір айнасы дейміз ғой, ғалымның өмірі де өз еңбектерінің айнасы іспеттес, таза әрі нақты, арзан күлкі, артық сөз ғалымға жат. Күнімжан Сәдірқызының «Мағжан Шойын жолдан неге шошыды?», «Ахмет Байтұрсынұлы және «Маса», «Қазақ зиялылары Жапон өркениетін неге қолдады?» сынды тағы басқа да мақалаларының әрқайсысы том-том еңбектің жүгін көтеріп тұрған тынымсыз еңбек жемісі. Бұл саладағы ғалымның квинтэссенциялық соны ізденістері өз жетекшілігімен жарық көріп отырған «Ұлттық әдебиеттегі Алаш қозғалысының көрінісі және зиялылар тұлғасы» атты ұжымдық монографияда тереңнен зерделенген. Халқымыздың ұлт үшін ұлағатты істер атқарған аруларына «қыз да болсаң, ұлдайсың» деп сүйсінетіні бар емес пе? Күнімжан Сәдірқызының да ғылымдағы, өмірдегі азаматтық болмысы қандай құрметке де лайық.
Әдебиеттанушы, қауымдастырылған профессор Бекзада Қожекеева:
– Тәуелсіздік – Алаш идеясымен суарылса ғана баян таппақ екені бүгінгі күні белгілі болып отыр. Алаш әдебиетінің шынайы тарихи бағасы беріліп, тың деректердің негізінде қайта объективті зерттеуді талап ететіні бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отырғаны айқын. Осы орайда, аталмыш маңызды істе әдебиеттанушы ғалым К.Әбдіқалықтың ХХ ғасырдың басындағы ұлттық баспасөз бен әдебиеттен орын алған Алаш қозғалысының көрінісін тұтастай талдауға арнаған еңбегі назар аудартады. Ғалым еңбегінің сонылығы, Алаш зиялыларының тұлғасын өз туындылары негізінде де және қазіргі қазақ әдебиетіндегі көркем шығармалары негізіндегі тұлғалық бейнесінің ашылуы тарапынан да зерделеуі тың бағыттарға бастайды екен. Сондай-ақ «Ұлттық әдебиеттегі Алаш қозғалысының көрінісі және зиялылар тұлғасы» атты ұжымдық монография да қазақ әдебиеттануы, оның ішінде, алаш әдебиетінде алар өзіндік орны бар екенін бағамдаймыз.
Зерттеушінің алаш әдебиетіне байланысты жазған еңбектерінің ішінде төмендегідей ой саларлық тұстары назарымды аудартты. Өзге елдердің ішінен Жапон өркениетін үлгі тұтуының басты себебін айқындап, өзінің «Қазақ зиялылары Жапон өркениетін неге қолдады?» атты мақаласында («Қазақ әдебиеті» газеті, 21.05.24) « …ұлт зиялылары үшін сол уақытта оның ірі алпауыттарды мойындатқан Күншығыстағы жалғыз мемлекет болғанымен ғана емес, «Күншығыста аз уақытта өз бостандығын алғандығымен», «сүйегіне сіңген» ұлтшылдығымен «аз уақытта» өркениетті ел бола білгенімен құны артты» деп жазады. Осы зерттеулерінің нәтижесі бойынша 2024 жылдың 17–18 шілдесінде Токио (Жапония) қаласында өткен Азия және Тынық мұхиты елдерін зерттеу жөніндегі Халықаралық ғылыми конференцияда «XX ғасыр басындағы қазақ зиялыларының жапон өркениеті туралы көзқарасы» («The views of the kazakh intelligentsia of the early twentieth century on japanese civilization») атты баяндама жасап, аталмыш зерттеу еңбегі «TechnoareteTransactions oh Advances ih Social Sciences and Numanities» журналында жарық көрді және үлкен мінбеден баяндаудың сәті түсті. Осындай еңбектер арқылы өзге елдің назарына зиялылар мақсат тұтқан өркениетті ойлар жетіп отырары, елдер арасында әдеби байланыстар орнауы хақ.
Міне, әдебиеттегі көптеген келелі тақырыптарды өзіндік ой оралымдарымен, тың деректермен толықтырып жүрген әріптес ғалымды өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы тұлға ретінде танимын.
Әдебиеттанушы, қауымдастырылған профессор Бибігүл Сұлтанова:
– Алашшылдар тарихы – қазақ тарихының ең жарқын беттері. Бостандықты қадірлеп, прогресті қолдаған, адамзаттың ынтымағын армандап, әділеттілікті бәрінен жоғары қойған алаш қайраткерлері туралы еңбек дәл қазіргі уақытта тіпті өзекті болып отыр. Алаш қайраткерлері туралы қазақ әдебиеті тарихында, әдебиеттану ғылымында да әр қырынан зерттелуде. Осы орайда дарынды әдебиетші ғалым К.Әбдіқалықтың Алаш қайраткерлері туралы жазғандары «Ұлттық әдебиеттегі алаш қозғалысының көрінісі және зиялылар тұлғасы» атты ұжымдық монографияда жүйелі қамтылып отыр. Ұлт зиялылары туралы мақалалары да XX ғасырдың басындағы бүкіладамзаттық мақсаттарға ұмтылған қазақ оқығандарының ішкі жан дүниесін, олардың күмәндары мен армандарын, трагедияларын шебер ашып көрсететінімен айрықша. Ұлт зиялыларының өмірі арқылы қазақтың мәдени, рухани өмірінің мүлде қайталанбас құбылысы, ең алдымен, қоғамның рухани жай-күйі мен сана-сезімі айқын бейнелейтініне назар аударуы К.Әбдіқалық зерттеуінің маңыздылығын таныта түседі. Сондықтан да бұл монографияны әдебиеттану ғылымының мәртебесін көтерер елеулі зерттеу деп бағалар едік.

Жапонияның ұлттық кітапханасы. 16 шілде 2024 ж., Токио қ. Суретте: К.Әбдіқалық, Б.Қожекеева
Әдіскер ғалым, PhD Пархат Юсуп:
– Білім беруді ұйымдастырушы педагог, сан қырлы өнер мен қасиет иесі. Күнімжан Сәдірқызы да – уақыт талабына сай қоғамдық өзгерістерді өте тез түйсініп, оны тәжірибеде қолданудың жолдарын, оның ғылыми негізін айқындауға көп күш жұмсайтын, үнемі ізденіс үстінде жүретін маман. Ол орта мектептің де, жоғары оқу орнының да білім беруді ұйымдастыру мәселелерін жетік білетіндіктен, оқыту мен ғылыми жұмыстарды жүргізудің тиімді жолдарын әрі практикалық, әрі теориялық жағынан нақты көрсетіп келеді.
Күнімжан Сәдірқызының қазақ әдебиетінің тарихы мен мәтінтану мәселелеріне байланысты жазылған еңбектері ХІХ ғасыр ақындарының, Алаш оқығандарының және қазіргі ақын-жазушылардың әдеби мұралары мен қилы тағдырына арналған. Ұлттың рухани өміріне елеулі із қалдырған ұлы тұлғаларының өмір жолы мен шығармашылық әлемін талдап, тану барысында ғалымның азаматтық ұстанымы айқын танылады. Оның жасаған тұжырымдары жалаң эмоциядан ада, нақты ғылыми тұжырымдарға, тарихи дәлелге құрылады. Қазіргі жалпыға танымал ақпараттарға емес, көп ізденіспен ғана таба алатын сирек деректерге сүйенеді. Ғылымның зәру тақырыбын, проблемасын тап басып танитын сұңғыла. Сондықтан да ғылымға адалдығы – оның басты қасиеттерінің бірі.
Профессор К.Әбдіқалық – сенімді дос, сыйлы әріптес, құрметті ұстаз, ел таныған ғалым. Оның әдебиеттану мәселелеріне байланысты сұрақтарға әрдайым өзіндік ойы, тұщымды жауабы дайын тұрады. Тіршілік мәселелеріне де солай. Жасы үлкенмен сыйласа алатын, жасы кішімен сырласа алатын жан. Ұстаз болды – шәкірт тәрбиеледі; ғалым болды – мектеп қалыптастырды; еңбекте табысты болды – елге танылды. Қадірлі дос-әріптеске шығармашылық жетістіктер тілеймін!
Әдебиеттанушы, қауымдастырылған профессор Айнұр Көшекова:
– Ұлт тағылымын ұлықтаған ғалым-ұстаз Күнімжан Сәдірқызы қазақ әдебиетінің дамуына мол үлесін қосып жүрген, өз ғұмырында ұстаздық қызмет атқара жүріп, әу бастан төңірегінде болып жатқан қоғамдық құбылыстарды талдап-саралап, оның тереңіне үңіліп, зерттеп-зерделеп ғалым ретінде, негізінен, әдебиеттану бағытын таңдаған. Аса ауқымды жұмыстарды атқара жүріп, ғылыммен айналысуға да уақыт таба білген ұстаз. Ғылым саласында өнімді еңбек етумен қатар, елінің тыныс-тірішілігін де үнемі сараптап отыратын Күнімжан – 100-ден аса ғылыми және қоғамдық-саяси жарияланымдардың авторы. Бұл оның елдің өмірінде болып жатқан айтулы оқиғаларға үнемі үн қосып, өзінің салмақты ой-пікірлерін айтып отырғанын көрсетеді.
Табиғат-ананың кейбір адамдарға талант пен қабілетті үйіп-төгіп беретін кездері болады. К.Сәдірқызының биік тұлғасын саралай келе, оның өз бойына шынайы білім-білік пен ғылымды жинаған бірегей жан екенін көреміз. Профессор К. Сәдірқызының көп жылдардан бері ден қойып зерттеп келе жатқан тақырыбы – мәтінтану мәселесі. Автордың осындай текстологиялық жұмысты жасауы да үлкен жанкешті еңбекті қажет етері сөзсіз.
«Ұстаз ұрпақты тәрбиелейді, ұрпақ ұстазды қадірлейді» дегендей, 80 жылдық тарихы бар қара шаңыраққа құт дарытқан, ізгі жүректі К.Сәдірқызының ғылыми ізденістері – жастарға тәлім. Ойы мұхиттай терең зерделі зерттеушінің бүгінгі күнгі тұлғасы таудай биіктеп, қазақ қызының қандай болатынын жастарға паш еткен ғалым-ұстазға айналды. Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жиырма жыл бойы шәкірттерге дәріс беріп, ұлт руханиятына сүбелі үлес қосып келе жатқан әріптесімізді әрдайым мақтан тұтамыз!
Әдебиеттанушы, қауымдастырылған профессор Ғибадат Орынханова:
– Қазақ руханияты мен ғылымының көгінде алаш идеясының асыл мұраттарын терең зерделеп, оны бүгінгі буынға аманаттаған тұлғалардың бірі Күнімжан Сәдірқызы – қазақ әдебиеттану ғылымында өзіндік өрнегі бар ғалым. Оның қаламынан туған әрбір ғылыми мақала – тек дерек емес, ұрпаққа рух сыйлайтын қазына. «Қазақ әдебиеті» газеті беттеріндегі жазбалары – қоғаммен шынайы диалог. Ғалым өз еңбектерінде Алаш қайраткерлерінің азаттық жолындағы күресін терең талдап, олардың идеялық мұраттарын бүгінгі азат Қазақстан үшін маңызды бағдар ретінде ұсына білді. Сонымен қатар «Ұлттық әдебиеттегі Алаш қозғалысының көрінісі және зиялылар тұлғасы» атты ұжымдық монографиядағы зерттеулері тек өткенді тану үшін емес, бүгінгі ұлттық сананы қайта жаңырту үшін де аса маңызды.
Жалпы, әріптес ретінде Күнімжан Сәдірқызының табандылығына, ғылымға деген адалдығына тәнтімін. Ғалымның әрбір зерттеуі бүгінгі ұрпақ үшін рухани шамшырақ, ал болашақ зерттеушілер үшін құнды дерек көзі болмақ. Әсіресе ұлттық идеяның қалыптасуы мен Алаш зиялыларының еркіндік жолындағы күресін зерделеудегі Күнімжан Сәдірқызының ғылыми ізденісіндегі шеберлігі біз үшін үлгі.
Материалды дайындаған
Ғибадат Орынханова,
Қазақ Ұлттық қыздар
педагогикалық университетінің
қауымдастырылған профессоры