ЖАРАСАДЫ, ҚАРЫНДАС, СІЗГЕ ЕРКЕЛІК…
12.03.2024
756
0

Көктемсіз…

Иірімнен күлкі үйіріп,
Дір ете қалып, толқындап.
Үзіле бере құйылып,
Рауандай ойнап, жарқылдап…
Әйнекке қонған мөп-мөлдір,
Гүл мойынына ілінген.
Моншақтарынан көктемнің,
Сізді көрдім ғой бүгін мен!
Тоңазып түнгі жаңбырдан,
Көктемгі шықты таң ата
Теріп жүр екем, қалдырған
Сіз екен деймін, о, ботам!
Терезедегі лағыл шық,
Бәйшешектегі лағыл шық –
Жан нұрымменен шағылысып,
Таңымнан әр кез табылшы!
Қараймын көкке мейірмен,
Мөлдір аспанның әні – сіз.
Қараймын жерге мейірмен,
Мөлдірегеннің бәрі – сіз.
Сізге айналып кетті енді,
Дүние мынау, не қылам?..
Сіз деп ағады көктемгі
Көзімнің тамшылары да!
Талғат ЕШЕНҰЛЫ
* * *
«Сенің барың, сенің бұлай туғаның
Қандай ғажап, Құдай-ау…»
Жұматай
Ен даланың еркін өскен елігі ең,
Бір жоғалтып, қайта таптым сені мен.
Сенсіз өткен күндерімнен жалығып,
Сенсіз өткен түндерімнен жерігем.
Бір жоғалтып қайта тапқан асылым,
Мін жоқ артық тал бойында, ғашығым –
Он жыл бұрын жоғалттым да бейнеңді,
Он жыл бойы сүйіп келдім жасырын.
Өзіңе арнап, бітпей қалған шолақ жыр,
Көп еді ғой…
Солар жанды тонап жүр.
Он жыл бойы сені сүйдім, ендеше,
Отыз емес, өмір сүрдім он-ақ жыл.
Бір кездегі мені сүйген жүрекпен,
Бір кездегі мені аңсаған тілекпен,
Шыныменен, табыстым ба, Тәңір-ау,
Тәңірім-ау, жоқ тағдырға түк өкпем.
Сол баяғы балдай тәтті ерніңмен,
Емдедің де…
Қайта өмірге келдім мен.
Бір от тағы өртеп бара жатыр ғой,
Он жыл бұрын өзім үрлеп сөндірген.
Әй-әйім-ау, әйдегім-ау, айнам-ау,
Сен туралы мүмкін бе екен ойламау?!
От боп жанып барамын ғой, жарығым,
Жаным – жалын, жүрегім – от, ой да – алау.
Сенсіз өткен күндеріме – мың қарғыс,
Сенсіз өткен түндеріме – мың қарғыс.
Мен баяғы жан емеспін мұңданғыш,
Менде қазір жоқ ешкімді тыңдар күш.
Енді менен айыра алмас сені ешкім,
Енді сенен айыра алмас мені ешкім.
Сенделсем де соңында он жыл елестің,
Сені бірақ ұмыта алған емеспін.
Сені ұмытқан сәттерімнің жоғы шын,
Қорықпаймын енді өмірден толы сын.
Бүгін сені жолықтырдым, ендеше,
Бүгін – менің туған күнім…
Сол үшін!
Бақытжан АЛДИЯР
* * *
Мен жазбаған өлең деп ойла мұны,
Ешкім сені көрген жоқ тойда бүгін.
Сенің қара көйлегің сияқты тек
Қайта-қайта мазалап қоймады түн.
Ішінде төрде отырған кердең дені
Мен емес кештеу келген көрген сені.
Айнала шырқ үйіріліп биледің сен,
Айналаң толған пері, толған сері.
Қарамауға баратқан күшім қалмай,
Түсің қандай, Құдай-ау, мүсін қандай!
Сен ортада от болып жанған сайын,
Мен отырдым біртүрлі қысылғандай.
Содан кейін от көрген мен емес деп,
Ішімде басталды бір ерегес көп.
Ұмытам деген сайын мазам қашып,
Ұмытам деген сайын сен елестеп.
Қайран жастық, көздердің құрты болған,
Қиялыңды ойнайды түртіп әрмән.
Үңірейген үй құсап мен отырдым –
Іші жанып, тек қана сырты қалған.
Күзі құлап жатпаған, жазы жылап,
Сен оны ұғармысың қазір бірақ.
Сөз де айтпадым қатырып сөз бергенде,
Көрінгім келгенімен қажырлырақ.
Еске салған қайдағы-жайдағыны…
Ешкім сені көрген жоқ тойда бүгін.
Қара көйлек киген қыз, жай елес ол,
Мен жазбаған өлең деп ойла мұны.
Дәурен БЕРІКҚАЖЫҰЛЫ

Қиялдағы ару

Секілді екенбіз көктем, күз,
Бір жылып, бір суып кеткенбіз.
Сені іздеп сабылып жүрмін ғой,
Мен үшін нақақ жас төккен қыз.
Әйтеуір, жоқ емес, бармыз біз,
Тоғыса алмаған тағдырмыз.
Қосылсақ – аққудай сыңармыз,
Немесе мәңгілік жалғызбыз.
Өмірге өлердей құмармыз,
Егіліп емендей сынармыз.
Мүмкін біз бір жерде кездесіп,
Таныса алмаған шығармыз.
Жібектей мінезің, ұяңдау,
Қиялдау, өзімді жиі алдау.
Жарыққа шыққаным өлең боп –
Қалыпқа сені ойлап сыя алмау.
Сағымға айналып сәттерім,
Дерексіз жырға мол дәптерім.
Айтпайын деп едім, айтқыздың:
Қыпша бел,
Күлім көз,
Тәтті ерін.
Бағдат МҮБӘРАК
* * *
Сені биге шақырдым…
Руслан НҰРБАЙ
Билеуге жүр менімен әуенге елтіп,
Кеудемнен шыға келсін өлең көлкіп.
Шықпаса өлең көлкіп жас сұлуды
Алаңға аруым деп келем бе ертіп?..
Біз үшін мына жатқан би алаңы –
Құбылған сезімдердің қиял әні…
Құш дейді… Алқызыл шам мың бояулы
Түстейді сезімдерді қиядағы.
Әуендер аңқытып бір бойға шабыт,
Дегендей ырғап-жырғап той жасалық.
Мына түн – жұлдызды түн 
жалт-жұлт еткен,
Тұратын кез бе өмірді ойға салып?!
Сезіммен кел одан да, той жасалық.
Қалап тұр қара мұны көйлегің де,
Етегін түріп таста кейде… Мүлде…
Сүйіспе, саусақ ұшы от шашырап,
Тиіссе ұқсап кетер бейне ерінге.
Қан шапшыр жүректегі жүйкең еріп,
Жоғары түйсіктерде ми теңеліп.
Алдыма жақын келсең, не болмақпыз?
Арқамды арқаңмен-ақ сүйке келіп…
Мұндайда отты айналған көбелек би,
Мұндайда жоқ қой жалған… Керемет күй.
Бақыттай дүниені байыптамай,
Уақыттай тоқтай қалған елең етпей…
Қасыңнан қояды екем неге кетпей?..
Билеуге жүр менімен осылай бір,
Осылай көптен қаным тасымай жүр.
Әкетсін жер шарындай дөңгелетіп
Білмейтін бізді бір күш – жасыл айдын…
Жап-жасыл, жасыл айдын!
Жәнібек ӘЛИМАН

Қарындас…

Жарасады, қарындас, сізге еркелік…
Көзіңізден…
Күлесіз кіл зер төгіп.
Қолын бұлғар бір күні көктем құрбың,
Көйлегіңнің етегін күз көмкеріп.
Еркелеңіз, қарындас, еркелеңіз,
Өктемсініп келсе де өлкеге күз.
Бүгін – сіздің махаббат серігіңіз,
Мұңмен мәңгі боласыз ертең егіз.
Иә, солай…
Көктемің күзге айналып,
Жүрек құрғыр солқылдап сыздайды анық.
Тағдыр желі нәп-нәзік жаныңызды
Тоңдырады сұп-суық мұздай қарып.
Не бар дейсіз, бұл күзде ұнатардай?
Жапырағы тоналған құба талдай,
Құлазимын. Өтінем, жыламаңыз,
Жыласаңыз, дәрмен жоқ жұбатардай.
Еркелеңіз, қарындас, сізге еркелік
Жарасады,
Күлсеңіз кіл зер төгіп.
Қол бұлғайды бәрібір көктем құрбың,
Көйлегіңнің етегін күз көмкеріп.
Көйлегіңнің етегін күз көмкеріп,
Қалың тұман түседі түзден төніп.
Бұл күндері жүргенмен бақыт құшып,
Бір күндері кетерміз біз де өртеніп…
Жарасады, қарындас, сізге еркелік,
Еркелеңіз!..
Қалқаман САРИН
* * *
Құмартып хор қызындай қылығыңа,
Батсам ғой балдай тәтті тұнығыңа.
Аһ ұрып, бұ дүниеден безер болсам,
Асылып өлер едім бұрымыңа…
Қос көзің – қолтаңбасы шапағаттың,
Қос ерінің – қызыл мөрі махаббаттың.
Айсыз түнде… Алдымда еркелетіп,
Келеді кең дүниені аралатқым!
Қылықтың берген Құдай саған бәрін,
Сұлуды сен сияқты таба алмадым!
Келе ғой, құшағыма кіріп кетші,
Күнәдан өзім сақтап қалам, жаным…
Сұлудың сенен басқа керегі жоқ,
Себебі, себебі оның… Себебі көп!
Өлмейсің, мәңгі тірі жүресің сен,
Ұлы ақынның ұмытылмас өлеңі боп!
…Көрмесем тұра алмаймын көзіңді мен,
Өзің жайлы – өлеңім, сөзім кілең!
Қиыннан қиыстырған қиялымсың,
Сені Құдай десем де, өзім білем…
Алмас ТЕМІРБАЙ

Сен білесің, ерке қыз…

Сен бәрін де білесің, бәрін-бәрін,
Дауылдарын жүректің, жауындарын…
Қай көктемде құстардың кешіккенін,
Сонда менің жанымның ауырғанын.
Қайбір сөздің дертімді емдегенін,
Қайбір әуен бейуақ тербегенін.
Қайбір күзде гүлдердің ерте солып,
Ертесіне мен саған келмегенім…
Сен білесің, сезімнің жаздағы әнін,
Жазмыш оты жүректе маздағанын.
Күйін кешіп бір сәтте бозбаланың,
Бір сәтте жанып кете жаздағаным.
Сен білесің, тағдырдың шайқағанын,
(Шайқаламын таулардай, жай табамын).
Қай нөсердің астында көкке қарап,
Қандай сөзді ішімнен қайталадым.
Сен білесің, жаным, не қалайтынын,
Саған мәлім – табарым қалай тыным.
Қай дұғаны таңертең оқитыным,
Қай кітапты кешкілік қарайтыным…
Сен білесің, ерке қыз, бәрін-бәрін,
Сенен өзге жүрекке шағынбадым.
Қай түндерде қандай түс көргенімді,
Сол түстердің қалайша жорылғанын…
Сен білесің жан білмес сырларымды,
Өзім шеше алмайтын жұмбағымды.
Ешбір адам көрмеген белгілерді,
Еш жинаққа енбеген жырларымды…
Сен білесің бәрінің бір дерегін,
Сен білесің неліктен мұңлы өлеңім.
…Менің кінәм шығар-ау,
Бәрін біліп –
Маған керектігіңді білмегенің…
Ерлан ЖҮНІС
* * *
Сен мұңайма,
Мен мұңайсам жетеді.
Бұл жүрегім қасіреттен қатып қалған 
ет еді.
Сен мұңайма,
Сен мұңайсаң төбеме,
Аспан құлап кетеді.
Мен көрейін көресімді,
Сенің көзің күлсін тек,
Қайғыға да қолдарыңды бір сілтеп.
Сен мұңайма,
Мұң дегенің – еврейлік ертегі,
Солар ойдан жасап қойған  былшыл тек.
Шаттық үшін шарап алдыр,
Мен ішем,
Кесімі жоқ сөзіңмен де келісем.
Сен қиялда құмбыл туған қыз едің,
Мен фәнилік құмырада мың жыл 
жатқан перісі ем.
Сен келмесең, күлге айналып кетер ме ем?
Сені сүйдім ерініммен от өрген.
Мәжнүн жайлы ертек айттым сенгісіз,
Махаббаттың мәртебесін көтерген.
Содан кейін жылан жылдар иреңдеп,
Жастық отын сүйреп кетті үйден кеп.
Мәжнүн жайлы айтшы дедің,
Айттым мен:
«Өзге əәйелді өле-өлгенше сүйген», – деп.
Сен мұңайдың,
Махаббатқа сенген едің,
Селт еттің,
Өзгергені қалай болды ертектің?
Сен мұңайма,
Мәжнүн емес, мына мен,
Есі түзу еркекпін.
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ

Жеке қоңыр

Осы күзден екеуміз де аман шықпаспыз…
Өзіңнің хатыңнан
«Сау бол енді, жусаным» жаның жасыл!
Сары аурудай сарғайдым сағынғасын.
Жауар бұлттай түйілген көңілімнің,
Аспанға ілдім идіріп қабырғасын.
Шекесінде қабырғам құла дүздің,
Маржандарын жанымның жылап үздім.
Тас түнектің желбуаз бүйірінен
Жылдар бойы тілгілеп түн ағыздым…
…Қар жамылған даладай енді ағардым.
Қасы сынған еріндей кембағалдың –
Еліктейін әупілдеп сен де қалдың,
Арқардайын арқырап мен де қалдым.
Сен барында маусымым тыраулы еді,
Үзіліп түспей қос түймем қынаулы еді.
Сыздамаған жараны тырнап ашқан,
Қай кітаптан жұқтырдым бұл әурені.
Топырағыңнан бездің бе көктем құсы?!
(Қорланғанның келеді кектенгісі!)
А, дүние дегізген аңғал кезім,
Күн – көктен кіші…
Емдегім кеп шарқатың жиі байлап,
Тағы келдім қарағаш күйік айдап.
…Сен отырсың ес-түссіз әз анаңның,
Ақ жаулығын басыңа киіп ойнап…
 Бекзат СМАДИЯР
* * *
Содан кейін айтпады сол күзді ешкім,
Содан кейін көрмеді ол қызды ешкім.
Ендігәрі кешпестей сол күнәні,
Бір қиянат төбемнен қарғығалы.
Уысында қалды айдың қозы қиял,
Мәңгілікке шуылдап оң құлағы.
Есіркей ме екеуді енді рояль,
Көз алдымда сағыныш өлді ояу.
Маған оңай деймісің, соқыр түнде,
Жанарыма қадалған меңді бояу.
Табылмасты түсімнен іздегенде,
Сен бе шыққан алдымнан, ізгі өлең бе?
Енді қайтып келмейді күз де маған,
Енді қайтып бармаймын күзге мен де.
Алақанға жазылған жыр ме екенсің,
Алатауды еріткен күн бе екенсің.
Кітабымның ішінде кепкен гүлді,
Көз жасыңмен суғарып жүр ме екенсің.
Жағалауын теңіздің жалғыз кештім,
Жағалауын теңіздің жалғыз кештің. 
Содан кейін айтпады сол күзді ешкім,
Содан кейін көрмеді ол қызды ешкім
Мұхтар КҮМІСБЕК
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір