Мемлекет халықтың үніне құлақ асады
Билік пен бұқара арасындағы өзара қарым-қатынас қашан да өзекті. Соның бір айғағындай түрлі деңгейдегі әкімдік есігінің алдына қарауыл қойып, шағым айтқан тұрғындарға шекесінен қарап, маңайына жолатпайды. Осы бір үрдіс адамдардың жүйкесіне тигені сондай, әкімдікпен кеңесуден қаймығып қалғандар да жетерлік. Әкімдікке тек қана кезекші ақылгөйлер мен бата бергіш қарттар, бірдеңе дәметіп, басшыларды айналшықтап шықпайтындар ғана емін-еркін кіретінін көріп те, естіп те жүрміз. Бұл билік пен халық арасындағы байланысты шиеленістіріп жіберді. Көптеген емен есіктер әлі де тарс жабулы.
Міне, осы тоңды жібіту үшін де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 16-наурызындағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру мақсатында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Тұжырымдамасын ұсынды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік институттардың рөлін арттыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін ұдайы айтып келеді. Бүгінгі әлеуметтік-экономикалық жағдайларға жан-жақты, терең талдау жасап қана қоймай, оны шешу жолдарын да көрсетіп берді. Мемлекет басшысы билік пен бұқараны жақындастыра түсу мақсатымен бұдан басқа да тәжірибелерді қолданысқа енгізді. Айталық, Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығы негізінде облыс, аудан, қала әкімдері ай сайын дерлік халық алдына шығады. Кездесуге келетіндер алдын ала жазылып, ұсыныс-пікірлерін айтады. Мұнан соң әкімдер жергілікті тұрғындарды жеке қабылдайды. Қабылдауға келгендерге міндетті түрде жауап қайтарылады немесе көмек көрсетіледі. Осы әдістің тиімділік көрсетіп жүргенін, біз, жазушылар әр-әр жерден байқаймыз, аңғарамыз. Қариялардың, мәселесін шеше алмай жүрген азаматтардың әңгімесіне құлақ түреміз. Әкіммен және сот пен құқық қорғау саласының басшыларымен бетпе-бет кездескендер проблемаларын қолма-қол шешіп алып, ризашылықтарын білдіріп жатады. Алғыстарын жаудырады. Мемлекет басшысының жаңа форматтағы жүздесулерге негіз қалап бергеніне разы, тоқ пейілдерін білдіреді.
Бүгінде тұрғындардың басым бөлігі бизнесті дамытуға, қаржы ресурстарын теңдей етіп дұрыс бөлуге, халыққа әлеуметтік көмек көрсетуге, адамдар арасындағы теңсіздіктерді жоюға, сондай-ақ толғандырып жүрген басқа да мәселелерге баса назар жығатын болды. Олар биліктен осы мәселелерге байланысты нақты да тұжырымды жауаптар күтеді. Қазір білім саласында да қордаланған мәселелер жеткілікті. Жастардың жұмысқа орналасуы, пәтер алуы қиындап бара жатқаны жасырын емес. Мысалы, «7-20-25» бағдарламасымен пәтер алу үшін көпбалалы отбасының айлық табысы 320 мың теңгеден кем болмауы керек екен. Көптеген отбасылар айлықтан айлыққа зорға жетеді. Демек, олардың бұл бағдарламамен пәтер алуы мүмкін емес. Сондықтан мемлекет бұл бағдарламаны кейін ысырып, «Бақытты отбасы» деп аталатын жаңасын ұсынды. Жаңа бағдарлама негізінде жыл сайынғы пайыздық үстемақы 2 және бастапқы жарна 10 пайыздан аспайды. Бұл ай сайынғы төлемнің арзан болуына ықпал етіп, жағдайы орта отбасылардың баспаналы болуына мүмкіндік береді. Демек, мемлекет халықтың үніне құлақ асты. Баспаналы болудың оңайлатылған жолын ұсынды.
Биылғы көктем Қазақстан жұртшылығына үлкен қиындықтар әкелді. Республикамыздың көптеген облыстарын тасқын су басты. Міне, осы сындарлы сәттерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы апатты аймақтарға өзі барып, қиындықтарға тап болған жергілікті тұрғындармен кездесіп, бірде-бір отбасы қамқорлықсыз және баспанасыз қалмайтынын жеткізді. Осы жылы Атырау облысында 10825 гектар алқапқа егін егу жоспарланған болатын. Соның егін егілген 85 гектары су астында қалды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге арнайы дайындалған алқаптың 4 мың гектарын тасқын жайлады.
Бұдан тыс Атырау қаласының аумағында су тасқынынан алма бағы, егістік алқабы бар шаруашылықтар зардап шеккен. Қызылқоға, Жылыой, Махамбет, Индер аудандарының шаруалары да табиғат құқайын тартуға мәжбүр болды. Ал Құлсары қаласында тасқын судан 876 мал мен 532 құс өлген. Сондықтан 20-мамырдан бері мал иелеріне өлген мал үшін 123,8 миллион теңге өтемақы төленген.
Көктемгі тасқын судан келген зардап бұл ғана емес. Республика бойынша мыңдаған тұрғын үй су астында қалды. Олардың барлығы дерлік жарамсыз күйге тап болды. Қазақстан халқы тасқын салдарын жою үшін бір жұдырыққа топтасып, жан аямай тер төкті. Зардап шеккен шаруалардың барлық шығындары өтеліп жатыр. Жүзіне қан жүгірген тұрғындар қиын-қыстау күндері жандарынан табылған Мемлекет басшысына, Үкіметке, облыс әкімдеріне алғыстарын жаудыруда. Олар бүгінде ертеңгі күндеріне сеніммен қарайды. Жүректеріне тыныштық орнаған жанның ұйқысы да тыныш. Жаңа үйлерге кірген тұрғындардың қуаныштарын айтып жеткізе алмайсыз. Иә, бұл – халық үніне құлақ асатын қамқор мемлекеттің жанашырлық істерінің бір ғана көрінісі.
Республика халқы осыдан бірер жыл бұрын Түркістан облысының Мақтарал ауданында су тасқынының болғанын ұмытпаған болар. Міне, осы кезде де Мемлекет басшысы ауданға арнайы келіп, су басқан ауылдардың тұрғындарымен кездесті. «Ешкім де назардан тыс қалмайды. Барлықтарыңыздың үйлеріңізді қайтадан салып береміз», – деді ҚР Президенті. Айтқан сөз – атылған оқ. Уәде – Құдайдың екінші аты! Көп ұзамай-ақ мақтаралдықтар жаңа үйлерге кіре бастады. Бұл өте бір ауыр шақ болатын. Коронавирус деген індет босағамызда тапжылмай тұрып алып, ажал ұрығын аямай сеуіп жатқан кезенейлі кезең еді. Соған қарамастан қазақстандықтар қайсарлық танытты.
Тараз, Арыс қалалары маңындағы оқ-дәрі қоймаларының өртенуі кезіндегі жанталас та жадымыздан шыға қойған жоқ. Бұл кезде де Мемлекет басшысы зардап шеккендердің жанынан табылды. Қамқор қолын ұсынды. Арыс қаласындағы төтенше жағдай кезінде Президентіміз елордада жата алмады, дереу ұшып келді. Эвакуациялық бекетте халықтың жағдайын сұрап, қамкөңіл елге басу айтып, соңынан ауруханаға барып, жарақат алғандардың хал-ахуалдарын сұрады. Бұл кезде қауіптің беті әлі қайтпаған еді. Соған қарамастан, Арыс көшелерінде болып, жағдайды өзі бақылады. Бұған қазақстандықтар қуанды.
Қасым-Жомарт Кемелұлының тағы бір келелі, ауыз толтырып айтуға тұрарлық қамқорлығы әрі жанашырлығы – қарызға белшесінен батып қалған
көпбалалы отбасылардың алған несиесіне (олар бес жүз мыңнан астам) кешірім жасауы. Бұл көпбалалы отбасыларға үлкен қолдау болды. Олардың да бойларына сенім ұялады. Міне, халық үніне құлақ асатын мемлекет!
Күні кеше Жамбыл облысындағы әскери бөлімде жауынгердің жедел түрде госпитальге түсіп қалуы да Президент назарынан тыс қалмады. Тікелей өзі бақылауға алған бұл іс те оң жағына қарай шешіліп келеді. Кеше ғана жансақтау бөліміндегі жауынгердің оянып, беті бері қарай бастағаны туралы сүйінші хабар естідік.
Иә, азаматтық қоғам қалыптастыру жолында халық көшбасшысы ретінде көрінген Мемлекет басшысының іс-әрекеттері – бәрімізге үлгі-өнеге. Біз – әншейінде «қазақ – кеңпейіл, қонақжай халық» деп бөркімізді аспанға атқанда алдымызға жан салмайтын елміз. Бірақ жүректерге жол табу, адамның барлығын бауырым деп сүйе білу, қиын-қыстау күндері бір-біріне қамқор болу деген бар. Кабинеттерінде жұрттан тығылып отыратын кейбір басшыларға бұл сабақ болуы тиіс. Қазақ «кең болсаң, кем болмайсың» дегенді бекер айтпаған. Бізде осы кеңшілік жағы әлі де жетіспей жатқаны жасырын емес. Алдыңа келген адамның өтінішіне құлақ сал. Қолыңнан ештеңе келмесе, тым болмағанда жылы сөзінді айтып, шығарып сал.
«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел», – деп хакім Абай атамыз айтпақшы, пейіл түзелді, әкімдер мен басшылар, жетекшілер, сіздер де түзеліңіздер. Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет мықты мемлекет болады. Мықты мемлекетті мықты адамдар қалыптастырады.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ