СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК: үш ірі жоба қалай жүзеге асады?
28.06.2024
1101
0

Қазақстан Жазушылар одағы мен Мәдениет және ақпарат министрлігі арасында стратегиялық әріптестік орнағанын бұған дейін жазған болатынбыз. Осы ауқымды жобаны іске асыру мақсатында шығармашылық ұйым «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі», «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» және «ТМД елдері архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты үш маңызды бағытта жұмысын бастады.

Қазақ әдебиетін мемлекеттік тұрғыда қолдау мен шығармашыл жастардың талабын шыңдау және ұлт тарихында өз қолтаңбасын қалдырған қаламгерлердің бұған дейін беймәлім болып келген жазбаларын жинақтауды мақсат еткен бұл атаулы жобалардың берері мол болмақ. Жақында осы 3 стратегиялық әріптестік бағыты бойын­ша іске асырылатын жұмыстардың таныстырылымына арналған баспасөз конференциясы өтті. Конференцияны Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкенов ашып, жүргізіп отырды.
– Мемлекет басшысы «стратегиялық әріптестік» туралы үкіметке тапсырма берген болатын. Сол тапсырма орындалды деп есептейміз. Себебі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті мәдениет және өнер саласының бәсекеге қабілеттігін арттыру, қазақ­стандық мәдени мұраны сақтау, зерттеу және оны танымал ету, архив ісін жүзеге асырудың тиімділігін арттыру бағытындағы мемлекеттік тапсырыс пен стратегиялық тапсырысты іске асыруға арналған конкурста Қазақстан Жазушылар одағы үш жобаны жеңіп алды. Үш жоба да – қазіргі таңда Қазақстан жазушыларына, қазақ әдебиетіне өте керекті жобалар. Биылғы жылдың екінші жартысында аталмыш жобаларды толықтай орындауға ұйым­дастырушылар дайын. Біз қашан да жас таланттарға мүмкіндік туғызып, өзінің шығармашылық кеңістігін кеңейту үшін осындай мүмкіндіктер жасағанымыз дұрыс деп ойлаймыз. Бұл жобалар осындай іргелі істердің алғашқы бастауы болғалы тұр.
«Қазақ әдебиеті» газетіне осы үш жоба туралы жариялағанда сұраныстың көптігін байқадық. Ізденушілер,
жобаға қатысқысы келетін таланттардың көптігі бізді қуантты, – деді өз сөзінде шығармашылық ұйым басшысы Мереке Құлкенов.
Осы жиында стратегиялық әріптестік бағыттары бойынша атқарылатын істер туралы кеңінен сөз болып, ұйым тарапынан жобаларға жетекшілік ететін жауапты адамдар таныстырылды. Атап айтқанда, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасарлары – Бауыржан Жақып, Қасымхан Бегманов және Бейбіт Сарыбай аталған жобалардың өз деңгейінде жүзеге асуына жауапты болып отыр. Баспасөз конференциясында сөз алған одақ басшысының орынбасарлары жеке-жеке бағыттардың мазмұны мен мақсаты, өткізу жолдары туралы кеңінен әңгімелеп берді.

– «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жобасы туралы ақпарат жарияланған күннен бастап қызу талқыға түскенін білесіздер. Әсіресе жас қаламгерлер арасында бұл жобаға қызығушылық өте жоғары. Біз мұны жобаға қатысуға ниетті жастардың санына қарап айтып отырмыз. Демек, бұл жоба елге керек, жастарға қажет жоба екенін және дер кезінде қолға алынған іс-шара екенін бағамдауға болады. Себебі, бұл – жастарға арналған бастама болғандықтан өміршең әрі тағылымды жұмыс. Тіптен бұл бастама болашақта үлкен әдеби мектепке айналатын үрдіс болатыны сөзсіз. Ал жобаның шарттарына келетін болсақ, отыз бес жасқа дейінгі жастар қатысады. Біз еліміздің барлық аймағында тұратын жас қаламгерлерді қамту мақсатында он жеті облыстан және 3 қаладан, барлығы 20 адамның өтінішін қарастырамыз. Әрине, жастардың ынтасы жоғары, қазірдің өзінде әр облыстан екіден-үштен жастар өтінім жіберіп, қатысуға құштар болып отыр. Өтінім қабылдау мерзімі аяқталуға жақын. Ал осы «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жобасына қатысушыларды іріктеу үшін арнайы сараптама комиссиясы құрылған. Сонда келіп түскен өтініштер қаралып, аймақтарда тұратын жастар анықталады. Таңдаудан өткен жас қаламгерлер Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында – қасиетті қара шаңырақта өтетін әдеби дәрістерге қатысып, белгілі қаламгерлердің шеберлік сағаттарында тәлім алмақшы. Қазір шеберлік сыныптарын өткізетін он екі адам бекітілді. Бұл қатарда жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков, әдебиет сыншысы Жанғара Дәдебаев, ақын Бақытжан Қанапиянов, ақын Әділғазы Қайырбек, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы, Одақ басшысы Мереке Құлкенов, драматург Асылбек Ихсан сияқты белгілі қаламгерлер бар. Аға буын өкілдері жас қаламгерлерге проза мен поэзия жанрындағы әдеби үрдіс, кәсіби шеберлік, әдеби сынның дамуы, әдебиеттегі тәуелсіздік рухы, халықаралық байланыс, аударма, кітап тарату бағыттары мен ЖазуШылар одағының еліміздің әдеби өміріндегі алатын орыны туралы тағылымды әңгіме өткізеді. Бұл жобаның тағы бір ерекшелігі, шетелден 4 әдеби спикер шақырып отырмыз. Бауырлас Түркиядан Якуб Өміроғлы, көрші қырғыз елінен Абдылдажан Ахматалиев, АҚШ-тағы Колумбия университеті Шығыстану институтының аймақтық директоры Рафик Абазов және ресейлік жазушы, аудармашы Гузель Яхина келіп, дәріс оқымақ, – деді өзі жетекшілік ететін жобаға қатысты айтқан сөзінде Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып.
Сондай-ақ, баспасөз конференциясында Жазушылар одағы басқарма төрағасының орын­басары, белгілі ақын Қасымхан Бегманов сөз алып, стратегиялық әріптестіктің маңызды жобасы – «ТМД елдері архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты бағыт бойынша атқарылатын істерге тоқталды.
– ТМД елдерінің мұрағаттарында Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетіне қатысты мол мұрағат қоры бар екені белгілі. Жекелеген жазушылардың қолжазбалары, басылған шығармалары да сақтаулы тұр. Тіпті бұрын елге танылмаған, кезінде түрлі себептермен қолданыстан алынған, жойылған кітаптардың түпнұсқалары сақталған болуы мүмкін. Енді осыны жинап, елге әкеліп, ұлттық мұрағатымызды толықтыратын уақыт келді. Бұл жоба осы үшін қажет. Өте жауапты жұмыс. Біз қазір Сыртқы істер министрлігімен келісіп жатырмыз, тиісті құжаттар дайындаудамыз. Қазақстан тарапынан он алты жазушы аталған елдерге барады, архивтермен жұмыс істейді деп күтілуде. Бұл жобаға да қатысуға қызығушылық танытқандар қатары көбейгені бізді қуантып отыр. Қазір он сегіз адам іріктелді. Оның ішінен 16 жазушы ТМД елдерінің архивтерімен жұмыс істеуге аттанады, – дейді Қасымхан Бегманов.
Ал «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы – қаламгерлерден құралған экспедиция негізінде аймақтардың бүгінгі жай-күйін бүкпесіз зерделеп, зерттеп, толыққанды айқын картинаны суреттейтін шығармалар жазып, оны басып шығарып, оқырмандарға ұсынатын ауқымды бастама.
– Бұл жоба аясында 20 жас ақын-жазушыға мемлекеттік грант тағайындау қарастырылған. Жас қаламгерлер әр аймаққа бөлініп, өңірлердің жаңа әдеби бейнесін қалыптастыратын жаңа туындылар жазады. Нәтижесінде қазақ әдебие­тіне 20 тың туынды қосылатын болады. Қатысуға ниеттілер саны өте көп. Одақ тарапы сараптама комиссиясын құрып, лайықты үміткерді таңдайды. Еліміздің барлық өңірін қамтимыз және өңірлер арасындағы әдеби баланысты арттыру, шығармашылық лабораторияны шыңдау мақсатында жекелеген өңірден шыққан жас қаламгерлерді келесі аймақтарға жіберуді ойластырып отырмыз. Мысалы, Маңғыстаудан келген қаламгер Абай облысына барып, өңірмен танысып, соның аясында жаңа шығарма жазып жатса, керемет емес пе? – деді «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасына жетекшілк жасайтын жазушы, Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай.
Осылайша, Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжат­тама және кітап ісі комитеті «Мәдениет және өнер саласының бәсекеге қабілеттігін арттыру, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерттеу және танымал ету, архив ісін жүзеге асырудың тиімділігін арттыру» бағытындағы мемлекеттік тапсырыс аясындағы стратегиялық әріптестікті іске асыру бойынша жариялаған жобалардың тұсауы кесілді.
Сондай-ақ жобалардың жүзеге асуы бойынша өткен баспасөз конференциясына Қазақ­стан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы, басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары Қали Сәрсенбай және «Qazaqstan», «Abai.tv» телеарналары, «Қазақ әдебиеті», «Egemen Qazaqstan», «Ана тілі», «Turkistan» газеттері мен «Жұлдыз» журналының тілшілері қатысты.

Өз тілшімізден

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір