Оққа байланған тағдырлар
20.01.2023
566
0

16 қаңтарда Ғ. Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында Қарасай аудандық «Темірен» театры белгілі ақын-драматург Бақыт Беделханның «9 грамм…» интеллектуалды поэтикалық драмасының премьерасы болды. Режиссері – Жұлдызбек Жұманбай, композиторы – Қанат Ибрагимов.

«Темірен» деген атау театрға әзірге шартты берілген. Оның түпкі мағынасы – жебенің ұшындағы қорғасын. Алайда, театрдың құжат бойынша ресми атауы – Алматы облыстық Қарасай аудандық «Жастар театры». Бұған дейін Б. Беделханның «Жүректің көзі ашылса» атты драмасы бойынша қойылған спектакль 22 халық театрының арасынан үздік танылып, бас жүлдеге ие болған. Аталмыш іс-шара барысында Қазақстанның халық әртісі Т.Жаманқұлов Б.Беделханның ұсынысы бойынша театрға «Темірен» деп азан шақырып ат қойған болатын. Аудандық деңгейдегі халық театры бола тұра жоғары беделге жетіп, Ғ.Мүсірепов театрында өнер көрсету – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Өзге халық театрларына үлгі болар театр ұжымы үлкен сахнаға келмес бұрын «9 грамм…» қойылымымен Қарадала мен Райымбек ауданында қойылып, көрермен тарапынан жылы қабылданды.
Спектакльдің ауыр атмосферасын шымылдық ашылысымен сезіну қиынға соқпайды. Жазықсыз ғұмыры қиылған Алаш арыстары мен қоғам қайраткерлерінің шындығы туралы ақ өлеңмен жазылған пьесаның көтерер жүгі ауыр. Сахнаның ортасына жоғарыдан түсірілген тор – зиялы азаматтарымыздың қамауға алынып, тағдырының соңғы тыныс-тіршілігінен хабардар ететін элемент тәрізді. Сонымен қатар шырғалаң тағдырдың шырмауында жүрген адамзаттың саясат торының арбауында екендігінен сыр шертетіндей әсер қалдырады. Тәуелсіздігіміздің толғаулы тарихына дейін 9 грамм оққа байланған Алаш арыстары қаншама? Азаттық алғаннан кейін де бұл ажал оғы әділдік іздеген арыстардан айналып өткен жоқ. Қанмен жазылған тарихымыздың қасиетін жоғалтпай, қазықтай болып қасқайып тұрған солардың рухы. Жиынтық бейнелерден құрылған бұл драма кешегіге тағзым, келешекке тағылым екендігі ақиқат.
9 грамм оққа ұшыраған қайраткерлеріміздің ағартушылық идеяларын насихаттап, ұмыт бола бастаған есімдерін өскелең ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтқан спектакль экспозициясы Абайдың «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы» деген философиялық ойынан негіз алған. Режиссер
Ж.Жұмабайдың трактовкасы бойынша алан кө­лемді доптар­ды итерген қоңыз­дарды көр­сету арқылы адам­заттың күйбең тіршілігін ұтым­ды бейнелеген. Қойы­лымдағы доп – адам­ның басы болса, ал адамның басы – Алланың добы. Аталмыш минималистік қойылым көркемділігімен, екпінге құрылған актерлер ойынымен ерекшеленеді. Сондай-ақ жарықтың қойылуы эстетикалық тұрғыда орындаушылардың бейнесінің тереңдей түсуіне рең беріп, сахна кеңістігін тиімді пайдаланған.
Алаш арыстарының рухына бағышталған философиялық қойы­лым – терең мағыналы, көп қатпарлы шығарма. Бүгінгі таңда аталмыш қоғам қайраткерлері туралы тарихи деректер өте үстіртін беріледі десек, қалт айтпаймыз. Тарихи тұлғаларымызды әлі күнге дейін жаңсақ пікірлерден арылтып, ақтап ала алмауымыз өкінішті. Режиссер Ж.Жұманбай пьесадағы шындықты толықтай сахнаға шығаруды көздегені аңғарылады. Осындай тақырыпты театр сахнасына шығару үлкен жетістік деп білеміз. Қойылымдағы көрерменді селт еткізген сахна – ұлы тұлғаны атуға бұйрық беріп, соңынан өздері жоқтаған кейіп танытуы. Сонымен қатар қанды қолдарымен қызыл матаны табытқа айналдырып, ақтық сапарға шығарып салу көрінісі әсерлі.
Көрермендер ыстық ықыласпен қабылдаған қойылым форматы жағынан ықшам, бас-аяғы жұмыр, сәтті сахналанды. Бар-жоғы елу минутқа созылатын туындыны қарапайым көрермен бірден қабылдап, қорытынды жасауы оңайға соқпасы анық. Себебі, ақ өлеңмен жазылған шығарма күрделі, тұрмыстық тілден ада. Сондай-ақ эмоционалдық тұрғыда да қабылдауға ауыр.
Спектакльдегі рух кейіпкерлерін орындаған актерлар құрамы (Әлішер Мұқашев, Абзал Әбдіхан, Жанар Берік, Нұрбол Даңғыл, Сержан Елікбай, Шынар Бержанова, Жарқын Рахымқаш, Ақгүл Ернауан) көркемдік тұтастық сақталып, басынан аяғына дейін әрекетке құрылған оқиға желісін барынша шынайы аша білген. Әсіресе жалтақ, екіжүзді, жағымпаз бейнені жасаған А.Әбдіханның ойыны спектакльдің ажарын келтіріп, кәсібилігімен есте қалды.
Қорытындылай келсек, қойылым­ның негізгі айтар ойы – рухы мықты адам ғана басына күн туған сәтте жолба­рыс жүректі батылдығын танытып, ұлт алдында адалдығын сақтайды. Бүгінгі таңда бұндай тақырыптың көтерілуінің маңызы зор.

Назерке Құмарғалиева,
театртанушы, өнертану
ғылымдарының магистрі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір