ПРЕМЬЕРА. ТЕАТР ТІЛДІ ТІРІЛТЕДІ
Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында 11, 12, 13 наурызда «Аққудың көз жасы» атты спектакльдің премьерасы өтті. Қырғыз классигі Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» атты повесі мен «Боранды бекет» атты романы желісімен сахналаған, қоюшы-режиссер Талғат Теменов.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы, «Дарын» мемлекеттік
жастар сыйлығының лауреаты
«Аққу шомар көлдерге» (Дулат Бабатайұлы) қиянат өршіген сайын жабайы табиғатта тұқымы құрып бара жатқан сұлу аққу фольклордан ерен жолы болған тотемдік ару құс, қазақ жаны алабөтен меншіктей иемденген мифологиялық-поэтикалық аңсар бейне. Несіпбек Айтұлының «Аққудың көз жасындай көлге тамған» өлеңін Тұрсынжан Шапай әсем әнге айналдырды. Ұлықбек Есдәулет: «Құстарда ұлт болмайды, / Ұлты болса, / Аққуды құс ішінде қазақ дер ем!», – деп сүйіп жырлады.
Талғат Теменов адам жанының символын аққудай көрікті, саф таза сүйіспеншілік сезімінің құдірет-күшін бейнелейді. «Знаю, умру на заре! – Ястебиную ночь / Бог не пошлет по мою лебединую душу» (Марина Цветаева). Классикалық проза сахнаға көктей өтіп, буырқанған драмаға айналуы текті құбылыс, адамзаттың биік рухына тағзым, шынайы таным мен эстетикалық талғамнан туса керек. Ең таңдаулы классикалық әдебиет жадтан өшпеуді үздіксіз қалайды. «Негізі, классиканың классика болатыны, оның айналымда болып, өзіне үнемі сұраныс тудырып, жаңа таным, жаңа мұратқа жетелеуінде емес пе?», – деп Әуезхан Қодар дәл танып жазғаны бар.
Шыңғыс Айтматов «Боранды бекет» атты романда әңгіме ішіндегі әңгіме, жиектелген проза тәсілін шебер пайдаланған – Раймалы жырау мен Бегімай хикаясы. «Панчатантра», «Мың бір түн», Апулей, Боккаччодан бергіде Чосер, Рабле, Сервантес, Гоголь, Диккенс, Достоевский бір туынды ішіне қабаттап екінші, кейде бірнеше жеке-дара әңгіме салды. Эпикалық проза жанрын көгерткен ежелгі тәсіл. Прозалық жанрға бек лайық мұндай эксперимент қазіргі заманғы театрда сирек кездеседі.
«Аққудың көз жасы» атты лирикалық драманың шоқтығын биік қылған бұрын бір-біріне қабыспаған қос дүниенің инсценировка арқылы қат-қабат кірігуі – дәуірі бөлек кейіпкерлер тағдырын органикалық қосудан туған. Елордалық Қаллеки театрының көркемдік жетекшісі, ҚР халық артисі Талғат Теменов әдеби стильдің алтын өзегін тауып, біртұтас драмалық туынды жасаған. Психологиялық шиеленістер шегіне жеткенде мағыналы оқиға өсіп, өткірлене түседі. Кейіпкерлерін тіршілік сарынына елтіп, бастан бақ құсын ұшырып алмауға немесе жазасы өлім екеніне мойынсұнып, надан тобырға қарсы шыға алар ерлікке бастайды. Залдағы көрермен жаны ащы өксік, сүйіну мен күйінуді кейіпкерлермен бірге кешкені тынысынан білінді.
Автор махаббат сезімі биіктеткен қос жазмыш – Данияр мен Жәмила тағдырына Раймалы мен Бегімай трагедиясын қоса бейнелеу арқылы сахна қасиетін, сөз сиқырын жаңғыртты. Жәмила мен Бегімай бақ пен сор ауысқан сәттегі бір образдың қос нұсқасы. Эпикалық жырдағыдай варианттылық кейіпкерге көшуі автордың өзіндік қолтаңбасы.
Сахнадан көрерменге шырын жыр құйылады. Қазіргі сөздік қор жұтаңдана жұтылып, тіл шұбар, ой қасаң, ақпараттық басымдылық зорайған заманда көрермен қауым театрға тас қайнардың мөлдір суын бір жұтуды аңсағандай, көркем сөзге ерекше шөліркеп барады. Бұл драма поэтика құны еш арзандамасын, бәсі төмендемесін анық жеткізді. Пьесада тау өзені тасығандай стихиялы пафостық поэтика ақталады. Бернард Шоудың «Пигмалион» атты әлемдік сахна атаулыны бағындырған интеллектуальды драмасында тілдік құнар адамның шығу тегін, қоғамдағы әлеуметтік орнын белгілейтін айқын нышан болатын. Театр тілді тірілтеді! Ұйқыдағы жүрекке арай төгіп, санаға сәуле шашады!
«Аққудың көз жасы» атты драмаға Қаллеки театрының актерлік құрамы мол тартылған. Жәмила рөлінде талантты жас актриса, 2015 жылдың соңғы айында Москвадан «Золотой витязь» VI Славян өнері фестивалінің алтын дипломымен олжалы оралған Ақмарал Танабаева, Данияр – Қуандық Қыстықбаев пен Жанат Оспанов, Раймалы – Ержан Нұрымбет пен Сырым Қашқабаев. Бәрі елге танылған, атақ-абырой алған дарынды жігіттер. Ағайша, соғыс жесірлікке үкім еткен келіншек Ағайша рөлін жас актриса Сая Тоқманғалиева шебер сомдады. Соғыстан жарымжан оралған бригадир, ел тұтқасын ұстап, тылда қиналған халықтың тірегі болған Оразмат бейнесін аумай-төкпей сомдаған Кеңес Нұрлановтың ойыны ерекше сендірді. Жәмиланің күйеуі томырық Садықтың жағымсыз образын жас актерлер Әбілмансұр Серіков («Золотой витязь» алтын дипломын алған) пен Олжас Жақыпбек нанымды игерген. Типтік образ, арамза Оспан рөлін Асылбек Қапаев пен Самат Байыров анық шығарды.
Жәмиланің енесі рөлінде – екі құрамда Түймехан Атымтаева мен Майра Омар, қос актриса ана образын ішкі түйсік-қуатпен дәл бере алған. Бет құбылту жоқ, жүрек үні бар. Сахнадан көз тояды. Режиссер Талғат Теменовтың актерден талап етері ішкі қозғалыс.
Бала Сейітті талай спектакльде ойнаған мектеп оқушысы Айбар Өмірбеков, ересек Сейітті – Ақыш Омар мен Жәнібек Мұсаев шынайы ойнайды. Бегімай рөліне Ұлттық Өнер академиясының 3 курс студенті Инабат Әбенова таңдалып алынды. Бұл дебют жас қыздың өнер жолын оңға бастасын. Драмада эпизодтық рөлдерде көрінген Гүлбаршын Қылышбай, Зибагүл Қарина, Бақыт Жұмағұлова, Болат Ыбраев, Боранбай Молдабаев, Ерлан Малаев, Айнұр Жүгінісова, Бақытгүл Батырханова көп арасынан жұтылмай, дара түсуімен қайран қалдырды. Актерлік өнер кемелденуін кей сәт эпизодтық рөл ерекше ашатын сияқты.
Жас Шыңғыстың «Жәмила» атты повесі алғаш жарқ ете түсіп, шетелде танылуына қазақ әдебиеті классигі Мұхтар Әуезовтің ағалық шапағаты тигені аян. Ағылшын тіліне бұл повесть жақында өте жетік аударылды.
Премьераға бір топ қоғам және өнер қайраткерлерімен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы келді. Астана қаласы әкімінің орынбасары, жазушы, драматург Ермек Аманшаев театрға сүйіспеншілігі мен рухани қамқорлығын жан-жақты көрсетті. Түйінді сөзді қос академик Мырзатай Жолдасбеков пен Сейіт Қасқабасов айтты: «Айналайын Талғат, тар сахнада кең дүние жасапсың.Мынаның бәрі шындық. Біз бала болсақ та соғыс кезінде елде ер-азаматсыз зар жылаған әйелдерді, иығына зілбатпан ауыртпалық түскенде қайыспаған аяулы аналарды көзбен көрдік. Сен бүкіл аруақтарды тірілттің. Бұл біз ұмытпайтын, аттап өте алмайтын мәңгілік тақырып».