«Басты миссиямыз – жасау, құру, жүзеге асыру»
21.05.2024
985
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты тақырыптағы келелі басқосуда сөйлеген сөзінде: «Тағы бір іргелі құндылық – бірлік және ынтымақ. Біздің күшіміз – бірлікте. Жұртымыз басына түскен тауқыметтің бәрін мызғымас бірліктің арқасында жеңіп келеді. Орасан сын-қатерлер пайда болған қазіргі заманда ынтымақ-бірліктің маңызы арта түсті. Қазақстан – бәріміздің қасиетті қара шаңырағымыз. Сондықтан әрбір азамат ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс», – деп атап көрсетуінің өзі әрбір қазақстандық үшін мызғымас қағида болуы тиіс. 

Сондай-ақ, 26 сәуірде өткен Қазақ­стан халқы Ассамблеясының ХХХIII сессиясында: «Дәл сол себепті Ассамблеяның бүгінгі сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталады. Сіздер мұның өзекті екенін түсінесіздер деп ойлаймын. Қазақстан халқы Ассамблея­сының ғана емес, барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіреді. Басты миссиямыз – жасау, құру, жүзеге асыру. Бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз әрі мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала береді», – деп тағы бір мәрте халқымыздың бірлігіне ерекше мән беруінің өзін Мемлекет басшысының осы бағыттарды ұлттық идеологияны қалыптастыруға бағытталған жасампаз стратегиялық қадамдарының бірі деуімізге әбден болады.
Қазақстан сияқты көпэтносты мемлекетте ұлтаралық келісім қашан да қоғамдық тұрақтылық пен дамудың кепілі екені анық. Сондықтан да отыз жылдан астам уақыттағы тәуелсіздік кезеңінде қалыптасқан ұлттық дамудың стратегиясына қайта терең үңіліп, қазіргі кезеңде әлемде және елімізде қалыптасып отырған әртүрлі жағдайларды ғылыми түрде терең зерделеп, зерттеп, халықты бір мақсат пен ортақ ұмтылыс негізінде топтастыру мәселесіне тың көзқарас қажет екені заңдылық. Өйткені ұлтаралық келісімсіз еліміздегі саяси тұрақтылықты сақтау мен мемлекеттің жан-жақты дамуы мүмкін емес. Табысты реформа жасау үшін бірінші кезекте халықтың бірлігі ауадай қажет.
Ассамблеяны ондағы жылы орындарға жайғасқан азаматтарымыз тек жеке басының немесе белгілі бір этнос диаспорасының мүддесіне ғана қызмет ететін құрылым ретінде ғана емес, оны еліміздегі ұлтаралық татулықты берік сақтаушы һәм мемлекетімізді өркендетуде барлық этнос өкілдерінің басын құрушы қазақ халқының төңірегіне тығыз топтастырып, бүкіл қоғамды ұйыстырып, оның ырыс-ынтымағын арттыруға белсенді түрде жұмыс атқаратын құрылым ретінде көріп, азаматтық сана-сезімімен жете түсінуі тиіс.
Кейде кездесіп қалатын ұлтаралық арандатушылыққа бой алдырмау, мемлекет құрушы, пейілі дархан ұлтымыздың тілін, ділін, бай салт-дәстүрін лайықты дәрежеде құрметтеуді жергілікті жерлердегі ұлт диаспораларының санасына сіңіру де Ассамблеяның ғана емес, өз кезегінде ұлт диаспораларының зиялы қауымы мен барлық аға ұрпағының басты парызы һәм кезек күттірмес міндеті болуы тиіс. Сонымен бірге, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам институттары елімізде ұлтаралық бірлікті, татулық пен келісімді барынша нығайтуға, қоғамдық тұрақтылыққа, болашаққа деген сенімділікке бастайтын мемлекетіміздің стратегиялық бағдарламаларын бірлік пен татулықта бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара орындай отырып, еліміздің азаматтарының әл-ауқатын арттыруға, сын сағаттарда мемлекетімізді жанын сала қорғауға да өз перзенттік үлестерін қосулары керек. Кезінде арып-ашып, саяси қуғын-сүргінмен жан сақтау үшін бас сауғалап келген диаспора өкілдері өздерімен бір тілім нанын бөлісіп, пана болып, аман алып қалып, мекен-тұрақ тауып беріп, ұрпағын өсіруіне көмектескен қазағымыздың қамқорлығын да ешқашан да естен шығармаулары керек.
Әлемдегі геосаяси тұрақсыздық, діни алауыздық жағдайында және еліміздегі табиғи апаттар орын алып отырған сындарлы кезеңде конституциялық мәртебедегі Ассамблея тәуелсіз қазақ мемлекеті дамуының жалпыұлттық басымдықтарын жүзеге асыру, ел тұтастығы мен бірлігін сақтауда өз тарихи миссиясын жандандыруы уақыт талабы екенін түсініп, барлық ұлт диапспорасын кез келген қиындықтарды һәм табиғи апаттарды да бірлесіп еңсеруге жұмылдыруы керек.
Еліміз ел ішінде ғана емес, ғаламдық бейбітшілік пен ауызбіршілікті сақтауда әлемдік қауымдастыққа үлгі болып келе жатқаны – бүкпесіз шындық. Кейде туындап қалатын этносаралық мәселелерді заңға һәм ұлттық салт-дәстүрімізге сәйкес әділетті шешіп, еліміздің ертеңі үшін бірлік пен татулықта һәм қазақстандық патриотизм рухында жан аямай еңбек, етсек алынбайтын асу жоқ.
Мәңгілік елдің болашағының жарқын болуына жол ашатын басты ұлттық құндылықтарымыз – ұлтаралық келісім мен бірлігімізді әрқашанда көзіміздің қарашығындай сақтайық!

Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір