Сөз ұстағандар (үндесу)
29.05.2024
119
0

1954 жылы 16 желтоқсанда Батыс Қазақ­стан облысының Жаңақала ауданындағы Айдархан ауылдық кеңесіне қарасты Фокеев ауылында (қазіргі Сарыкөл ауылдық окургінің Сарыкөл ауылы) дүниеге келген.
1979 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогика институтының филология факуьтетін үздік дипломмен бітіріп, Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір», Батыс Қазақ­стан облыстық «Орал өңірі» газет­терінде тілші, Батыс Қазақ­стан облыстық сотында баспасөз хатшысы қызмет­терін атқарған.
Батыс Қазақ­стан облысындағы Жаңақала ауданының «Құрмет­ті азаматы». Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі. «Мәңгі көктем», «Сол бір сүргін», «Езуіңді жи», «Жайсаңдары-ай Жайықтың», «Жарқ еткен дәурен», «Тілім қышиды», «Қорғаймын деп қазақты…», «Қара кітап», «Малтақан би» ат­ты кітаптары жарық көрген.

Аманкелді ШАХИН
(Аманшах)

Ақындардың ақыны

(Тыныштықбекке)

Ол – көптің ақыны емес,
ақындардың ақыны!
Жердегі сөз ұстағандардың адамдардан гөрі жаратқанға жақыны.
Сөздері сөз емес, ғарыштағы
найзағайдың жарқылы!
Оны көңілінде Күні, көкірегінде сәулесі,
миында зақымы барлар ғана

түсінуге хақылы.
Ойлары қан тамырыңды қуалап,
жүйке -жүйеңді сағалап,
миыңды ашытып,
қаныңды тасытып,
аспаннан бір — ақ шығарады.
Тыңдап, түсіну үшін көзің қызарып,
шашың ағарады.
Айтатыны сандырақ!
Сонда да алақанын жайып қарсы алады
арайлап атқан таң бірақ!
Беймезгіл алып дюларды тізерлетіп,
аспаннан түсіп келе жатады салбырап.

Оны періштелер ғана тыңдайды
албырап.
Айналасында хор қыздары жиналып,
миюалы жемісі төгіліп,
гүлге көміліп,
мүлгіп тұрған сәнді бақ!
Міне, тағы басталды.
Аспан айналды.
Жер жайланды.
Көз байланды.
Ақ бұлт­тар түндерді.
Күн күңіренді.
Ғарыштан салт ат­ты, сабау қамшылы
біреу келеді.
Көсілтіп күреңді,
жосылтып дөненді.
Ақылдан алжасамыз біз енді…

Құлпытастың
кілтін ашқан

(Айт-Манға)

Ол көрінсе:
Жарық түнеріп,
Күн қорғасындай еріп,
Сәулелер Жерге тамады.
қауымдар қарайып,
қорымдар зорайып
Көңілді мұң басады.
Алдынан жол сілтеп, жортақтап түлкі қашады.
Жайлап дұғасын бастаса,
ептеп құлпытас кілтін ашады.
Жеті қат жарылып, шапағын шашады.
Аруақтарға тіл бітеді.
Жұмақтың қауызы толтырылып,
бірден нұрға сүңгітеді.
Өлгеңдердің бәрі оянады.
Айнала арайлы шақпаққа боянады.
Арғы бетке шыққанда
бейшаралығыңды сезініп, қалтырап
тұрасың.
Жер бетін жайлаған пенделер екенін
ұғасың.
Біраздан соң кеудеге алып күш бітіп,
Жеті қат Жердің астынан тікелей, Ғарышқа шығасың!
О, құдірет!

Көк түріктің сарыны

(Темірханға)

Арғы бергі заманалар көші аян беріп,
Келгенде көңіл қошы
ата-баба рухы қонып,
Сөз мүсінді жалтырата жонып,
«Құлтегін» жазбасын жалғастырған қазақ – осы!
Арыны көлденең жатқан көк тасты
илеп,
дүниені билеген.
Суға салсаң – батпаған
Отқа түссе – күймеген
арқыраған көк түріктің сарыны.
Буын-бунақты, ұйқас-шумақты жылы жауып,
Қара өлеңнің атасы
ақ өлеңді тауып,
ыссылай қауып,
лекітіп жазып тастады.
Сөз патшалығында жаңа бір дәуір
бастады.
Тоныкөк жырларын құлшына сіміріп,
торсия тойды.
«Қызыл тілде буын жоқтығын» паш етіп,
тылсым дүние есігін ашып қойды!

Кентавр

(Маралтайға)

О, Жасаған!
Денесі – пырақ, басы – адам!
Шыға келіп тасадан
Төпетіп, ағып барады.
Беймезгіл жазым қылмағай
Жонындағы баланы!
Арыны – жойқын, дара ағыс,
Мақұлық тектес қара күш
Бұл не қылған жаралыс?!
Басына ерік бергенмен
Кісендеу керек аяғын.
Соғысы бөлек жүректің
Шыдатар ма екен мына екпін?!
Буырқанған таспа ағыс
Салмас па екен басқа күш?!
Түйдек – түйдек жарқын ой
Бөлекше бітім парқы ғой.
Билей алмай денесін
Дүниенің қуып елесін,
Төпетіп кетіп барады
Екпіні Тайбурылдың
шабысын еске салады.

 

Құдіретің – құм Нарын

(Ғайса – Ғали Сейтаққа)

Адыр-адыр бел асып,
Алшаң-алшаң жер басып,
Құм Нарыннан Алтайға
Алатаудан – Жайыққа
Әрлі-берлі алты Алаш
Алаңсыз көшкен қиялап,
Ай астында бозторғай.
Қой үстіне ұялап…
Сазы – шалқар, күйі – азат
Бағзыдан ескен самалдай
Бабаның ұлы сарынын,
Арайлы үнің аялап,
Тереңдерден сызылып,
Кезеңдерден түріліп,
Жүйкелерден шымырлап,
Тамырлардан үзіліп,
Қара сөзге жүгініп,
Қара тасқа бүгіліп,
Он сан ноғай сырына
Қанша ай тұрдың үңіліп?!

* * *
Хан тоғайын аралап,
Жан сарайын сағалап,
Дала сырын тыңдасып,
Бар асылын жырласып,
Хас батырмен мұңдасып,
Хас жүйрікпен сырласып,
Жібектей жаның есіліп,
Жұбанғанда шешіліп,
Қуанғанда көсіліп,
Келістіріп, кестелеп,
Жүрегіңнен жыр төктің
Өркенді елім өссе деп.

* * *
Орданың сыңсып орманы
Құлағыңа сыбырлап,
Күле кірген ой қалың,
Жүрегіңнен шымырлап,
Жолбарыс жонды шағылдар.
Түтілген жүндей бұрқылдап,
Баурайында сәмбі тал,
Хас сұлудай қылшылдап,
Қарағайлар қасқайып,
Тұндырды сырды шым-шымдап…
Құт­ты жерден түлендің
Сүт­тігеннен сүт емдің,
Тұяғынан киіктің,
Қиянынан биіктің,
Қалықтаса сүйікті үн
Шарықтата күй ұқтың.
Жолсызбенен жорытып,
Жансызбенен тілдестің,
Үнсізбенен үйлесіп,
Мұңсызбенен үндестің.
Күнге қысып көзіңді,
Гүлді құшып, сүйендің,
Айға аяңдап түндерде,
Қол бұлғадың күнде елге,
Аспан аунап, шың құлап,
Жұлдыздар ақса тұнжырап,
Пайғамбар жаның жабығып,
Сабаңа түстің құлдырап…
Жайықта жанып бүршігің,
Ғайыпқа барып сүңгідің.
Кірпігіңнен құм саулап,
Жанарыңнан нұр аунап,
Бұйықса бұйрат көңілің
Бұлт­ты күндей қылаулап,—
Дүние тегіс тұнжырап,
Сабырыңнан сарғайып
Жарылып кет­ті жыр бұлақ….
Төзіміңді түн түтіп,
Өзегіңді Ай қарып,
Ағылда тегіл, көл-көсір
Дастанға кет­тің айналып…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір