ҰЛЫ ӘУЛИЕЛЕРДІ АРҚАУ ЕТКЕН ТАРИХ
10.12.2022
260
0

Желтоқсанның 7-сі күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында араб, парсы және шағатай тілдерінің маманы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармас­ының Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Түріктану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Зәріпбай Жұманұлы Оразбайдың «Ұлы тарих және ұлы әулиелер» еңбектер жина­ғының таныстырылымы өтті.

Бұл жиынға белгілі ғалымдардан Қойшығара Салғараұлы, Ержан Исақұлов, Серік Негимов, сонымен бірге Қайрат Сақ, Дәулеткерей Кәпұлы, т.б. зиялы қауым өкілдері мен тарихшы магистранттар қатысты. Кітаптың таныстырылымына арналған жиынды жүргізген Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек: «Бүгін біз тарихи оқиғаның куәгері болғалы отырмыз. Алдарыңызда өте әдемі дизайнмен шығарылған, құны баға жетпейтін кітап жатыр. Қазақтың тарихына қатысты осы кітап Ақтан сопы Құтб деген кісінің «Біздің тарих» кітабының негізінде жарық көрген. Ақтан сопы Құтб – XVI ғасырда ғұмыр кешкен кісі. Миллион адамның ішінен бір нағыз софы шығады, ал соның ішінде құтб деңгейіне көтерілетіндер некен-саяқ», – дей келіп, кітаптың маңыздылығы туралы айтып өтті. Тұсаукесер рәсімінен соң ғалымдар осы еңбек туралы пікірлерін білдірді. 
«Кезінде қатталып жазылмағандықтан, тарихымызды түгендей алмай қалдық… Тарихымызды білмегеннен кейін, ата-бабаларымыздың жақсысынан өнеге, жаманынан сабақ алып, оны болдырмауға тырыспағаннан, алдында ерліктер мен тұлғалар болмағаннан кейін бірыңғай бодандыққа түсу – бізді осындай жағдайға алып келді. Осыны білмегендіктен, қазір қараған кезде мына кітапты түсінбей қалуы мүмкін. Бұл кітаптың әр оқиғасына, оны жеткізген деректеріне мән беріп оқу керек. Кітаптағының бәрі періштенің қолымен жазылғандай ғаламат деп есептемеймін, пікірталас тудыратын толып жатқан сұрақтар бар. Бірақ бәрі ойдан шығарылған емес, сол Ақтан сопының алдындағы адамдардың таным-түсінігіне, солардың көрген-түйгеніне қатысты ел аузындағы аңыздардан жазылған». Осылай баға берген Қойшығара ағамыз топан судан кейінгі Нұқтың сегіз ұлының аты сегіз мемлекеттің аты екендігіне, Түрік патша, Түтік патша деп келетін билеу­шілерге қатысты деректерге, Жалайыр руының шежіресіне тоқталып, кітапта жер атауларының, су атауларының, кісі атауларының тарихына қатысты құнды мәліметтер барын айтты. 
Кітап авторы Зәріпбай Оразбай: «Жаратқанның осы кітапты осы күнге жеткізгеніне мың да бір шүкір айтамын. Менің атам Ережеп Бұқарадағы Көкілташ медресесін бітірген ғұлама адам болған, репрессия кезінде жендеттер қолынан қаза тапқан. Содан бұрын біздің үйде Алтыбармақ деген кісінің кітабы сақталып қалған екен. Оны сақтау үшін сандықтың астына қойып, үстінен бірқатар тақтай қағып жіберген екен», – деп өткен күннен сыр шерте келіп, кітапты «Ұлы тарих және ұлы әулиелер» деп атауының сыры – еңбекте Түрік атаның тарихы қамтылғанымен байланысты екенін айт­ты. Сондай-ақ филология ғылымының докторы, профессор Серік Негимов те: «Кітапты қолына ұстаған адам ежелдегі ру-тайпалардың шығу тегі, дамуы, тіршілігі қалай болды, тарихы қалай еді, салт-дәстүрі қандай болған, қай жерді мекендеді, бір-бірімен қарым-қатынастары қалай еді деген сұрақтарына жауап алады. Осындай дерекке толы мұраның өткенімізді түгендеуге, келешегімізді зерделеуге мол ықпалы бар», – деп жаңа кітап турасында толымды пікірін білдірді.
Жинақ көпшілік оқырманға арналған.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір