«АРТЫҚ ҒЫЛЫМ КІТАПТА…»
01.04.2016
2002
0

КонференцияАлматыдағы А.Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназияда «Бір ел – бір кітап» акциясын өткізу өткен жылдары жоспарланып, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын оқып, талдау межеленген болатын. Жоғары сынып оқушылары мен ұстаздар қауымы кітапханамен тығыз байланыста болып, жыл бойы роман-эпопеяны жарыса оқыды. Соның нәтижесінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ұ.Несіпбекова мен Ғ.Жақсыбаева таяуда «Шоқтығы биік шығарма» тақырыбында оқырмандар конференциясын өткізді. 9 «А» сынып оқушысы Жәнібек Қорлан Абайдың «Ескендір» поэмасын оқыды. Бұдан кейін сахна төрінде ұстаздар мен 9 сынып оқушылары «Абай жолы» эпопеясынан сахналық қойылым көрсетті.

Құнанбай, Абай аталарымыз бен Зере әжеміздің образдарын көрерменге жанды түрде сомдап жеткізген ұстаздар шеберлігіне көрермендер ризашылықтарын білдірді. Екінші бөлімінде сұрақтар бойынша пікірталас ұйымдастырылды. Роман-эпопеядағы Құнанбай бейнесін ашудағы жазушы шеберлігі қалай көрінгендігі, нақты өмірдегі Құнанбай қандай болған деген ой-пікірлер барысында оқушылар мен ұстаздар арасында қызу пікірталас туды. Тарих пәнінің мұғалімі Сәуле Розақова сол замандағы оқиғаларды тарихи жағдайлармен байланыстыра баяндап, биология пәні мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ғ.Жұмашева «Ел ақсақалдары жиналған алқалы мәжіліске Абайды әкесі неге шақырды?» – деген сұрақ аясындағы өз ойын ортаға салды. Сондай-ақ, химия пәні мұғалімі К.Нұрпеисова, биология пәнінің лаборанты А.Медетбек, ағылшын тілі пәні мұғалімі Ғ.Оразова, т.б. пән мұғалімдері роман-эпопеяны бұрын, мектеп қабырғасында жүрген кездерінде оқығандарын, акция тұсында қайталап оқығанда қандай әсер алғандарын, кешегі қазақ халқының өмірін, салт-дәстүрін көз алдарынан тағы бір өткізгендерін айтты. 10 «Ә» сынып оқушысы Орынбасар Салтанат Құнанбайдың Абай бойынан тапқан үш мінінің мәнін ашып, өз көзқарасын жан-жақты талдап жеткізсе, Альтаир Сәтбеков «Құлақтан кіріп бойды алар», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Қараша желтоқсан мен сол бір екі ай» атты өлеңдердің туу тарихы романда қалай берілгені жайында ой толғады.

– Бүгінгі өткізіліп отырған іс-шара ары қарай қанатын жайып, ауқымын әлі кеңейтеді. Ұстаздар мен оқушылардың белсенділігі, өз ойларын ортаға салуы, сахна төрінде образ сомдауға ұмтылыстары мені әрі қуантып, әрі толғандырып отыр. Оқырмандар қатары көбейіп, кітап оқуға деген қызығушылық  артса, бұл біздің рухани дамуымызға деген үлкен қадам болмақ. Акция мақсатының өзі ең үздік деген туындыны оқу және  насихаттау, әдебиетке деген қызығушылықты арттырып, жастарды адамгер­шілікке, мәдениеттілікке, өткен тарихымызды терең игеріп, оны қастерлеуге тәрбиелеу болатын. «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деген ұлы Абай. Ендеше, кітап – біздің жан азығымыз, рухани қаруымыз, сенімді сырласымыз болуы тиіс, – деді мектеп-гимназия директоры Ерік Қуатбеков.

Пікірсайыс соңында оқырмандар Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындап, көңілді тарқасты.

«Кітапты сүйіңдер! Ол сендердің өмірлеріңді жеңілдетеді. Ол сендерге адамды және өздеріңді қадірлеуді үйретеді. Ол ақыл-ойыңды, жүрегіңді дүниеге, адамға деген махаббат сезіміне бөлейді» деп орыстың ұлы жазушысы М.Горький айтқандай, бүгінгі компьютерленген заманда жастарды кітап оқуға тарту – міндетіміз. Сондықтан да «Бір ел – бір кітап» акциясы өзге өңірлерде де жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді дегіміз келеді.

Айдана ЕРКІН,
Алматыдағы А.Байтұрсынов атындағы
№139 мектеп-гимназияның оқушысы.

Гүлнәр ТОЛҚЫНБЕКОВА,
пән мұғалімі.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір