Алматыда оқырмандар үшін жайлы әрі пайдалы орын ашылды
Жақында Алматыда оқырмандар мен шығармашыл жастар бас қосатын кезекті керемет орын ашылды. Coffee Book деп аталатын кітап кафеге бата беріп, жастардың бастамасына ақ жол тілеу үшін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, Ұлттық Кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов, ҚЖО төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов, Алматы қаласы Мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Арман Қалыбеков, «Простор» әдеби журналының бас редакторы Фархат Тамендаров, қоғам қайраткерлері қатысты.
Мереке Құлкеновтың айтуынша, шығармашылыққа жақын жастар мен көзіқарақты оқырман бас қосатын осындай жайлы орталар аса қажет. Бұл жерде ақын-жазушылармен кездесулер, жаңа шығармаларды талқылау, кітаптардың тұсаукесері секілді іс-шараларды өткізуге болар еді.
«Әлем кітаптарын қазақ тіліне аудару арқылы қазақ тілінің мазмұнын дамытып жүрген Mazmundama жобасы аясында ашылып жатқан Coffee Book кітап кафесінде оқырмандарымыз уақытын жайлы әрі пайдалы өткізеді деп ойлаймын», – деді осы жобаның негізін қалаушы Шыңғыс Мұқан.
Алматы қаласы, Достық көшесі, 132 үйде орналасқан Coffee Book оқырман үшін жайлы әрі кең, әрі тәулік бойына жұмыс істейді. 650 шаршы метрде орналасқан кітап кафеде үш мыңнан аса кітап бар. Сусындар мен тағамдардың да түр-түрі бар.