МАСКА АРХЕТИПІ ЖӘНЕ АЙНА МИФОЛОГЕМАСЫ
14.06.2024
175
0

Әдебиет­те кейіпкер образын жасауда маска архетипін негізге алған шығармалар баршылық. Маска – көркем шығармадағы кейіпкердің бет-бейнесін жасырып, басқалардың арасында өзінің жеке адам (индивидуальность) ретіндегі тұлғасын таныту үшін әр түрлі рөлге енуі.

Өнер әлемі мен көркем шығармаға тән К.Юнг анықтаған тағы бір ұжымдық бейсаналық персона немесе маска архетипі бар. Персона архетипінің мәні – адамның қоғамдағы кескін-келбеті, қоршаған ортада танылатын бет-бейнесі, басқа адамдармен қарым-қатынаста өзін-өзі танытуы немесе көрсетуі. Қарапайым тілмен айт­қанда, адамның белгілі бір ортада танылу үшін киетін бетпердесі немесе маскасы, ал нақты айт­қанда адамның қоғамдық ортада, айналасындағы адамдармен қарым-қатынаста белгілі бір кейіпке енуі.
Зерт­теуші ғалымдар масканың пайда болуын көне заманнан бастап күні бүгінге дейін карнавал немесе театрмен байланыстыра қарастырады. Әдебиет пен өнер әлемінде, жалпы адамзат мәдениетінде масканың пайда болуы мен генезисін, оның әлеумет­тік-психологиялық мәнін зерт­теген ғалым Н.Б.Кириллова «Маска культі: тарихи контексті» («Культ маски: исторический контекст») еңбегінде маска ұғымының шығуы туралы әлемдік ғалымдар әр түрлі пікір білдіретінін атап көрсетеді: «Мысалы, америкалық этнографтар Д.Нанлеи мен К.Маккарти оны араб тілінде «жануарға айналу» деген мағынаны білдіретін «maskhara» сөзінен шыққан деп есептейді. Ежелгі Египет­те «mаsk» сөзі «екінші тері» («вторая кожа) деп қолданылған. Латын тілінде маска «larva» атауымен «шайтандық жаратылыс» («дьявольское существо») және персона деген ұғымды білдірген», – дейді.
Джек Тресиддердің «Символдар сөздігі» еңбегінде масканың пайда болуын аңдардың бет-бейнесі мен зұлым күш иелеріне қатысты пайда болғаны туралы мынандай болжам келтіреді: «Масканың ежелгі символдық мағынасы – ол табиғат­тан тыс күшті білдірді; маска киген бақсы (шаман) өзі бейнелеген рухтың иесі болды. Ерте кез­де аң аулауда жануарлардың рухымен байланыста болу үшін және шабуылдан қорғану үшін аулайтын аңдардың түріндегі маскалар қолданылған. Кейінірек маскалар тотемдік мағынаға ие бола бастады, бұл тайпа мүшелеріне ата -бабаларының рухымен бірігіп тайпаны қорғауға, жауларды қорқытуға, жындарды, ауруларды немесе өлім рухтарын шығаруға және дұға етуге септігін тигізді… Азияда осы уақытқа дейін қолданылған жындарды қорқытатын маскалар (мерекелік шерулердегі арыстан мен айдаһар билері) дәстүрлі жапон театры маскаларының прототиптері болуы мүмкін. Маска – құпия, жұмбақ немесе иллюзияның символы». Демек, масканың аңдарға, жын-пері сияқты табиғат­тан тыс зұлым күштерге қатысты мағынасы өнер әлемінде және көркем шығармада ақын-жазушылардың өздері бейнелеп отырған кейіпкердің психологиялық ерекшелігін ашу үшін қолданатынын байқаймыз. Сондай-ақ масканың құпия, жұмбақ сыры адам баласының қоғамда қитұрқы істерін жауып, бүркемелеудің нақты тәсілі екеніне көз жеткіземіз.
ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақтың ағартушы ақыны Абай өзінің «Жастықтың оты жалындап» деген өлеңінде:
«Құйрығы – шаян, беті – адам,
Байқамай сенбе құрбыға!
Жылмаңы – сырт­та, іші – арам,
Кез болар қайда сорлыға», –
деп, адам келбетіне енген шаянның «жылмаңы – сырт­та, іші – арам» іс-әрекетінен сақтандырады. Өлеңдегі адам кейіпіндегі шаян маска архетипін айқындайды.
Орыс ақыны Владимир Высоцкий замандастарының іс-әрекеті мен кескінін карнавалдағы маска тәсілі арқылы бейнелеп, өзі өмір сүрген қоғамдағы адамдардың бет-бейнесі мен ішкі жан дүниесіне үңіледі.
Маңайымды қоршап алып, айнала,
Биге тартып, ұстап алды жармаса,
Ойлап қалды, менің нағыз жүзімді,
Өздеріндей маска екен деп жабыла, – деген В.Высоцкий осы «Маска» ат­ты өлеңінде карнавалдағы маска киген адамдардың ойынын меңзей отырып, өз маңайындағы замандастарының мінез-құлқын ирония, мысқыл арқылы тұспалдайды.
Абай мен В.Высоцкий өз өлеңдерінде масканы адамның бет-жүзін бүркемелейтін бетперде ұғымында бейнелеумен қатар жан дүниесіндегі жасырын ой-пиғылды тұмшалап, денелерін тұтас жауып алған кейіпте бейнелейді. Екі ақын да адам кейпіндегі масканың ар жағындағы жыртқыштық әрекет­тен қауіптенеді. В.Высоцкий өлеңіндегі бет-перде жамылғандардың барлығының ішкі жан дүниесі бірдей. Қайсыбірі – әдебиетші, қайсыбірі – ертекші, сол жақтағы көршісі – мұңлы арлекин, басқа біреуі – жазалаушы, ал әр үшіншісі – ақымақ. Бірақ бұлардың барлығы да – әлеумет­тік ортада өз орны бар тұлғалар.
Жоғарыда талданған В.Высоцкий мен Абай өлеңдерінде бейнеленген маска немесе адам келбетіндегі аңдар мен шаян образы осы елдерде ғасырлар бойы қалыптасқан адам санасына тән қылықтарды нақтылай түседі.
Абай бір өлеңінде:
Күшік асырап, ит ет­тім
Ол балтырымды қанат­ты.
Біреуге мылтық үйрет­тім,
Ол мерген болды, мені ат­ты, – дейді.
Өлеңде қазаққа етене таныс ит­тің тіршілігі мен аң аулау немесе жауға шабуыл жасау, біреуді ату, мергендік ұғымдары арқылы қазақ ішіндегі жақынына білдірмей қастандық жасау әрекетін маска мотиві деп түсінуге болады. Себебі өзіне жақын адамдардың хайуандық әрекетін, оның санасында және жан дүниесінде жасырын жатқан зұлымдығын ұлт санасында ежелден – келе жатқан фигурамен, символмен беруі Абай өлеңдеріндегі маска мотивінің ерекшелігін көрсетеді.
Масканың адам баласының жан дүниесіне тікелей қатысын Кобо Абэнің шығармасын талдау арқылы көз жеткізуге болады. Белгілі жапон жазушысы Кобо Абэнің «Бөгде келбет» романы – әлемдік әдебиетке танымал психологиялық шығарма. Романның бас кейіпкері – ғылыми қызметкер, жоғары молекулалық химия институтының зертхана меңгерушісі кезекті бір тәжірибе кезінде бетін сұйық от­тегімен күйдіріп, бет терісі жараланып, адам көргісіз қалыпқа енеді. Жарасы жазылмай, ол бетін дәкемен таңып жүреді. Беті күйген кейіпкер өмірден өзін жоғалтқандай сезініп, тіпті бет­тің өмірде өзі ойлағаннан да соншалықты маңызды екенін түсінеді. Басқа тұрмақ, бұрын көңілін тыныштандырып, жайбарақат халге түсіретін Бахтың музыкасының өзі денесіне тас тигендей ауыр әсер ететінін байқайды. Кейіпкер бет-жүзімен бірге тағы бірнәрсені жоғалтқандай күйге түседі. Бала кезінде әпкесінің жасанды шашын отқа лақтырып жібергенін үлкен әдепсіздік жасадым деп қинала есіне алады. Ал жарасын жасырған дәке оны өмірдегі өз орнынан айырып, жалған келбетке айналдырғандай сезінеді. Кейіпкер осы жазатайым оқиғадан кейін әйелінен де алыстап кетеді. Айналасындағы адамдармен байланысы үзіледі. Жанынан өтіп бара жатқандар оның бетіне сыпайы қарайды, әріптестері ештеңе болмағандай ыждағат­тылық танытады, ал балалар оны көргенде жылай бастайды. Кейіпкер өзінің бетін алмастыратын, адамдармен байланысын қалпына келтіретін маска жасағысы келеді. Ол ең алдымен жасанды дене мүшелерін жасаумен айналысатын ғалым К.-мен кез­деседі. К. оған жасанды саусақты көрсетеді, «бірақ бет – бұл басқа мәселе», – дейді. К.-ның айтуынша, бұл бет терісі тек косметикалық мәселе емес, адамның бет терісі оның жан дүниесімен тығыз байланысты екенін түсіндіреді. («Я твердо убежден, что душа человека заключена в коже» К.Абэ) Соғыс кезінде әскери дәрігер болған ғалым К. жараланып бет-әлпеті бұзылған сарбаз өз-өзіне қол жұмсағанын айтады. «Бет­тің сыртқы ауыр жарақаты, аударылған сурет сияқты, оның жан дүниесіне психикалық жарақат түрінде басылады», – дейді. Демек дәрігер К.-ның бұл сөзінен беті жараланған кейіп­кердің жан дүниесі де сау емес екеніне көзіміз жетеді. Жазушының осы ойы арқылы өмірде тек сыртқы бет-бейнесіне ерекше назар аударып, табысқа, бақытқа өзінің сыртқы сұлулығы немесе сыртқы көрінісімен алдап, арбап жетудің өзі де адам жан дүниесінің дерті деп түсінуге болады. Себебі роман кейіпкері бетінің жарақатын жасырып, басқа адамдармен қарым-қатынас орнату үшін маска жасауға бел байлайды. Сондықтан да романда: «Маска – бұл зұлымдық ойыны», – деп бетперде қолданудың түбі зұлымдыққа әкелетінін меңзейді. Кейіпкер бұрынғы өз келбетін емес, бөтен келбет­ті таңдайды. Ол ең бірінші әйелімен бұрынғыдай қарым-қатынасын түзетуді ойлайды. Алайда әйелінен кек алу туралы ойы жеңіп кетеді. Ол әйеліне ұнайтын бейнедегі масканы жасағысы келеді. Әйелі оған қандай кейіпкер ұнайтынын бәрібір айтпайды. Сөйтіп, елдің назарын аударуға тырысатын, үнемі адамдармен қарым-қатынас жасауға ұмтылатын экстраверт адамның бет-әлпетін жасауға кіріседі. Жанталасып жаралы бетін жасыратын маска жасау­дың жолдарын іздейді. Ақыры кейіпкер маскасын өзі жалғыз жасайды. Масканы жасауда өзінің өмірлік тәжірибесі мен дүниетанымына сүйеніп, «масканы тәрбиелеуге», «масканы бетіндегі әжімдерге бейімдеуге» әрекет­тенеді. «Кейіпкер масканы жасаған соң оны кигеннен кейін өзі мен маска арасындағы алшақтықты сезіне бастайды. Нақты айт­қанда, өзі және маска болып екіге жарылады. Кейіпкер әйелімен кез­десу үшін «өзі – маска – әйелі» деген үштік құрып, екі ай бойы спектакль ойнағандай өмір сүреді. Әйелімен маска арқылы бөтен адамның бейнесінде кез­десіп жүріп, оған деген қызғанышы арта түседі. Әйелі бөтен адамның, яғни масканың кез­десуге шақырғанынан бас тартпай: «Күйеуім іссапарда», – деп бұл шақырған қонақүйге келіп тұрады. Ақыры шыдамы таусылған кейіпкер әйеліне барлық шындықты дәптерге жазып, өздері кез­десіп жүрген бөлмеге шақырып, өзі үйіне келіп әйелінің оралуын күтеді. Кейіпкер өз кінәсін мойындап қана қоймай: «Мен екі түрлі өмір сүрдім, сен де екі жақты өмір сүре бастадың. Мен бөтен біреудің маскасын киіп, бейтаныс адамға айналдым, сен де өз маскаңды өзің киіп, бейтаныс адам болдың», – деп әйелінің өзінің көзіне шөп салғанын бетіне басып кінәлап, соның барлығына маска кінәлі, ол масканы мен саған қалдырдым деп өздері кез­десіп жүрген бөлмеге масканы тастап кеткенін айтып, барлық өкпе-ренішін жеткізеді. Әйелі кешіккен соң шыдамай хат тастап кеткен бөлмесіне келсе, әйелі жоқ екен. Үстел үстінде жатқан хатқа көзі түседі. Хат­та әйелі оның ешқандай бөтен адам емес, өз күйеуі екенін ең басында білгенін жазып кетеді. Сондай-ақ оның хатындағы: «Саған керегі мен емес, саған айна қажет. Кез келген бөгде адам сен бет-жүзіңді көретін айнадан басқа ештеңе емес. Мен құр айнаға оралғым келмейді. Менің жүрегім сенің мазағыңнан жарылуға дайын, өмірде ешқашан, ешқашан мен мұнымен келіспеймін», – деген сөздер маска архетипіне айна мифологемасының қатысын анықтайды. Осы арада әйелдің сөзі адамға айнаға қарағандай өз-өзіне үңіліп, ар-ұятымен кез­дескендей, өзінің ішкі қулық-сұмдығына көз жеткізуі, оның күнәсін сезінуге себепкер болады деген ойды аңғартады.
«Кейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түземек, жүріс-тұрысын түзетпек болады да, мұнысын өзінше бір дәулет деп біледі…. Сыртқа қасиет бітпейді, Алла тағала қарайтұғын қалыбыңа, боямасыз ықыласыңа қасиет бітеді. Бұл айнаға табынғандардың ақылы қаншалық өсер дейсің? Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық бірлән», – деген Абайдың отыз сегізінші қара сөзіндегі адамның сыртқы келбеті мен айна туралы ойы К.Юнгтің айна мифологемасымен сабақтасатынын анық аңғарамыз. Абай да маска архетипі және айна мифологемасы арқылы бүкіл қазақ қоғамында қалыптасқан түйткілді мәселелердің астарын ақтарды. Сөйтіп, ел ішіндегі жалпыға жайылған бейсаналық дерт­ті қозғады. Жалпының бейсанасына тән архетипті, ұжымдық бейсаналықтың – «нәпсінің» арғы астарын қопарды. Мазмұны, бейнелеу формасы әр қилы болғанымен, өзегі – бір туындылар дәлелдегендей, өмірде де, өнерде де шынайылық артық.

Мақпал ОРАЗБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
ұлт­тық университетінің профессоры,
ф.ғ.д.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір