АЙНА мен БҰҚА
19.08.2023
227
0

 Бала кезім ғой. Жазғы демалыс басталысымен өзенге шомыламыз, мақталықта еңбек етеміз. Футбол ойнаймыз. Ауыл сыртындағы егістік жеріне Қуатбай ақсақал қауын егеді. Қауын піскен кезде алқапқа ұрлыққа барамыз. Қуатбай қарияға талай рет ұсталып қалдым. Қолымнан ұстап, жетелеп әкеліп, әкемнің қолына тапсырады. Әкем мені жазалайды. Қайтіп дейсің ғой? Төргі бөлмедегі сары шифонерге қамап тастайды. Шифонердің ішінде терлеп-тепшіп талай рет сағаттап жатқанмын. Осы шифонерді қалайда құртуым керек болды. Әкемнің жазығы жоқ, мені ұрып-соқпайды, іштен шыққан шұбар жыланмын ғой. Мына шифонер болмағанда мен ішінде тұтқындалып отырмас едім. Ал осы шифонер құрыса, мен емін-еркін өмір сүремін.
Төргі бөлмеде тұратын осы төртбұрышты, биік, сары шифонерді көрсем, екі тізем дірілдеп, қолтығымның астынан құмырсқа жүгіріп өткендей болады. Әкемнің сатып алғанына бәленбай жыл болған. Шифонердің ортасында айна бар. Екі жағындағы екі есігін ашып жіберсем, бір жағында киім-кешектер, екінші жағында ыдыс-аяқтар қоятын қабат-қабат қондырғылар орналасқан. Киім-кешек қоятын оң жағындағы орын – мен қамалатын жер. Тәртіпсіздік жасасам, осы киім тұрған оң жағындағы есігін ашады да ішіне мені кіргізеді. Сөйтеді де сыртымнан құлыптап қояды. Мен шифонерге әрең сиямын, біраз тұрған соң шып-шып терге түсемін, аяғым да ауыра бастайды. Сыртқа шығайын десем, құрып кеткір есігі ашылмайды.
Шифонерден «кек» алайын десем, оның да еш ретін таппадым. Мені қамайтын оң жағынының есігін құлыптап қояды. Кілтін ұрлап алып, тығып тастасам, екінші дайын кілт әкемде бар болып шығады. Сөйтсем, әкем шифонердің осы оң жағындағы, мені қамап қоятын есігінің кілтін темір жонатын ұстаға бірнеше данадан жасатып қояды екен. Бірақ шифонердің не жазығы бар? Кінә өзімнен ғой…
Жаз шыға әкем шифонерді сыртқа шығарды. Ұста шақырып жөндемек. Сонан соң сары баяумен сыртын сырлайды. «Әкемнен, жоқ, әкемнен емес, байғұс шифонерден кек алатын кез келді…» – дедім ішімнен. Шифонерді жарамсыз қылып тастауым керек. Сонда мен «абақтыдан» құтыламын. Шифонерден басқа абақты жоқ. Анау бұқа қамайтын қораға қамап тастағанымен, өрмелеп төбесінен шығып, қашып кетемін.
Сол қызыл бұқаға жемді де мен беремін, үйдің жанындағы өзенге апарып суарамын. Алдына жем-шөп салып, күннің шыжыған ыстығында кейде терең суға шомылдырып, қамқорлық жасаймын. Осы жақсылықтарымды ұмытып кетеді. Мені сүзбек болып ұмтылады, мен қасқайып қарсы тұра қаламын. Сонан бұқа «батылы» жетпей, кейін шегінеді.
Бір күні маған ғажайып ой келе қалды. Шифонерден кек алғым келген еді ғой… Қалай? Кек алуға бұқаны пайдаланамын! Қалай дейсіз ғой?
Оны далаға шығарған күні әкем:
– Әдемілеп жуып қой, – деді жұмысқа бара жатып. – Шелекке су толтырып ал да, мына жұмсақ шүберекпен жақсылап жу…
– Жуамын, – дедім.
Кек алатын сәт келді. Мен қоймаға кіріп бір шелекке жемді толтырып, шифонердің дәл ортасындағы айнаның алдына қойдым. Сөйттім де қораға кіріп, бұқаны жетелеп шықтым. Үйдің жанындағы арыққа суардым да, шифонердің жанындағы жем толы шелектің жанына әкелдім. Бұқа айнаға қарап тұрды да, есіне бірдеңе түскендей басын бұлғаң еткізіп, қолымнан шығып кетті. Содан жібін сүйретіп шифонерге жүгіріп барды. Айна алдындағы шелек толы жемге тұмсығын тығып алып, жемді асап-асап, айнадағы өзінің суретін көрді де, бір сәт ойланып тұрып қалды. Бірдеңе есіне түскендей «Мө-ө-ө-ө-өө-ө…!» деп мөңіреп алды да, кейін шегінді. Сонан соң шапқылап кеп шифонердің айнасын мүйізімен сүзіп өтті. Бұқаның мүйізі айнаның күл-талқанын шығарды, басы шифонердің ішіне кіріп кетті. Шифонер гүрс етіп құлады. Қызыл бұқа құлап жатқан шифонердің үстінен секіріп өтіп, қорасына қарай шапқылай жөнелді.
Мен шифонерден кегімді осылай алдым. Сонан кейін әкем мені шифонерге қамап жазаламайтын болды. Шифонердің сынығын қора сыртына апарып тастады. Бір жақсы жері – өзім «абақтыдан» құтылдым.

ТАПСЫРЫС

«Сары сарай» деп аталатын зәулім тойханаға Айдай мен Кепкібай кіріп келгенде тойдың ең соңғы қонағы орнынан тұра алмай, еденде жатыр екен. Бұларды көрді де, бажасын көргендей халық ұмытып бара жатқан ескі әннің қайырмасын айта жөнелді. «…Насыбайым болмаса ауырады басым-ай!..» – деп орнынан тұра берді де, етбетінен жерді сүзе құлады.
– Келіңіздер, кіріңіздер, – деді әкімші екеуіне күлімсіреген қалпы. – Ол – удай мас, оған көңіл бөлмеңіздер, тойға тапсырыс бересіздер ме?
– Иә.
Әкімші қолындағы қалың дәптерді парақтап ашып, тойхананың бос күндерін айта бастады:
– Сәуір айы – занит.
– Бізге сәуір айынан орын тауып беріңіз.
– Міне, – деді әкімші қыз «занит» күндерді дәптерінен көрсетіп. – Сәуірдің бірінші жұлдызында – «түшкірік той», екінші жұлдызында – «отыз жас той»…
– Елдер отызға шыққанын белгілеп, той беретін болған ба? – деді кенет, Кепкібай таңғалып. – Мен отыз үштемін. Мен неге отызға шыққанымды тойламадым?
Кепкібай қатынына қарап шу шығара бастады.
– Тірі болсаң, қырыққа келесің, сонда той береміз, – деді қатыны бет-аузын түкситіп.
– Жоқ! Отыз беске шыққанда той беремін!
– Дұрыс айтады, – деді тойхана әкімшісі. – Елдер отызға шыққанын ұмытып кетіп, отыз бірге шыққанына да той жасап жатыр.
– Иә, иә, дұрыс айтасыз, – деді «Жантақ» деп аталатын банкте істейтін қара шашты қыз сөзге араласып. – Осындай отыз бірге, отыз екіге… отыз беске шыққандарға той беруді кеңес қылып жүргенімізге біраз жыл болды.
– Не үшін насихаттап жүрсіздер?
Айдай «банкир» қызға жалт қарады.
– Олар бізден той жасау үшін несие алады ғой. Жиырма пайыздық несие береміз.
– Төлей алмай қаламын деп қорықпай ма?
– Жоқ, қуана-қуана алады. Ақшаны санап тұрып көл-көсір қуанышқа бөленеді.
Кепкібай мұны естіп тағы шу шығарды:
– Өмірге бір-ақ рет келемін. Мен неге той бермеймін, сен неге той бермейсің?..
Әкімші одан әрі «занит» күндерді айта бастады:
– Сәуірдің үшінші жұлдызында – «ғалым той», төртінші жұлдызында – «садик той», бесінші жұлдызында – «жетпіс жылдық той», алтыншы жұлдызында – «сүндет той», жетінші жұлдызында – «тұсаукесер той», сегізінші жұлдызында – «шілдехана той», тоғызыншы жұлдызында – «соғым той»… Осылай жалғасып кете береді. Общым айтқанда сәуір айы – занит…
Кенет есіне бірдеңе түсті ме, Кепкібайдың екі көзінен жас көрінді.
– Не боп қалды? – деп, Айдай күйеуіне үңіле қарады.
– Есіме әкем түсіп отыр. Не қызық көріп кетті?.. Осы тойлардың ешқайсысын белгілеген жоқ. Анамды айтсаңшы, өмірінде бір рет «садик той» немесе «ғалым той», тіпті болмағанда «түшкірік той» жасаған жоқ… – деген Кепкібай аңырап жылап қоя берді. – Әкем-ай! Бір той бермей кеткен әкем-ай!.. Бір той беріп кетпеген шешем-ай!..
Кепкібайдың тойхананың зәулім залының ішінде аңырап жылап тұрғанына таңғалған әлгі мас орнынан тұрып, тәлтіректеп Кепкібайды құшақтап, жылай бастады.
Әкімші қыз да таңғалып, екі көзі шарасынан шығып, ауызын ашып қалыпты. «Жантақ» банкінің қызметкері көзден ғайып болды. Осы сәтте Кепкібай әкімші қызға жалт бұрылып:
– Әкемнің атынан бір той, анамның атынан бір той беремін! Екі той да мамыр айында болады, – демесі бар ма.
Тойханадан алысқа ұзай қоймаған банк қызметкері мұны естіп, жетіп келді:
– Несиені бізден, «Жантақтан» ал!..
Айдай мен Кепкібай тойханадан көңілсіз қайтты. Мамыр айына да орын жоқ екен.

Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір