ҮШ ЖАНРДАҒЫ ҮШ ЖИНАҚ
Қаламы жүйрік, ойы ұшқыр, ақын, журналист, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі, республикалық «Шымкентім, шырайлым!» әдеби-көркем альманағының Бас директоры – Бас редакторы Әбдісаттар ӘЛІП таяуда қатарынан үш жанрдағы үш кітап шығарып, ойлы оқырмандарына тарту етті. Бұл әдеби-көркем туындылармен сіздер әзірге Шымкенттегі әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасына барып, оқып-таныса аласыздар.
Бірінші кітап «Қалың қазақтың Қалдарбегі: қаламгерлік, қайраткерлік қасиеттері» деп аталатын әдеби-сын, ғылыми-зерттеу еңбегі.
Келесі 2024 жылы қазақтың қабырғалы қаламгері, көрнекті қоғам қайраткері Қалдарбек Найманбаевтың дүниеге келгеніне 85 жыл толғалы отыр. Осыған орай қалың қазақтың Қалдарбегіне айналған тұғырлы тұлға туралы әдеби-көркем туынды дайындауды ниет еттік. Оған журналист, публицист, ақын, аудармашы, әдебиеттанушы, мәдениеттанушы, өнертанушы, библиограф, баспагер, энциклопедист, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі Әбдісаттар Әліптің әдеби-сын, ғылыми-зерттеу еңбегі, диплом жұмысымен қоса-қабат библиографиялық көрсеткіш енген. Мақсат – халқымызға, оқырманға, жас ұрпаққа төл әдебиетімізде өзінің бедерлі қолтаңбасын қалдырған қазақтың қабырғалы қаламгері, төрткүл әлемді шарлап, қандастарымыздың атамекенге оралуына бар қажыр-қайратын аямаған көрнекті қоғам қайраткерінің сан қырлы қызметімен, шығармашылық ғұмырбаянымен таныстыру, баспа бетінде жарық көрген туындыларын бір жүйеге келтіріп, жұртшылық назарына ұсыну болатын. Бұл кітап ақын-жазушыларға, әдебиетші ғалымдарға, журналистерге, кітапханашыларға, студенттерге, жалпы оқырман қауымға арналған.
Екінші кітап ақынның «Муза» атты жеке жыр жинағы. Автор өзінің бұл кітабын анасы – Гүлжамал ӘЛІПҚЫЗЫНЫҢ рухына арнап отыр.
Әбдісаттар Әліптің нәзік сырлы сезімге толы өлеңдері мен әндері бұдан бұрын «Әндер жинағы» (1990 жыл), «Келес толқындары» (1993), «Сарыағашым – сырлы өлкем!» (2006), «Шымкент – шаттық шырағы» (2020) деп аталатын ұжымдық жыр жинақтарына енген. Үндістанның астанасы – Нью-Дели және Америка Құрама Штаттарының Сиэтл қалаларында ағылшын, бенгал тілдерінде жарық көрген. Бір топ өлеңдері орыс, өзбек тілдеріне аударылған.
«МУЗА» – лирик ақынның тұңғыш жеке жыр жинағы. Мұнда мәңгілік тақырып – махаббатпен қоса-қабат сан түрлі тақырыпта жазылған өлең-жырлары қамтылған. Ғұмырбаяндық деректері мен әріптестерінің ой-пікірі берілген. Тілі мен стилі көркем кестелеген бұл кітап оқырман қауымның жүрек төрінен орын алады деген сенімдеміз.
Жыр жинағы «Ой тамшылары» атты шағын бөліммен ашылған. Онда Нобель сыйлығының лауреаттары атанған төрткүл әлемге әйгілі ақындар мен қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаевтың поэзия жайлы ой-пікірлері берілген.
Бұл кітапқа Ташкент шаһарында тұратын педагог, журналист, ақын, аудармашы, баспагер, қазақ тілінде жарық көретін республикалық «Нұрлы жол» газеті бас редакторының орынбасары, «Шухрат» медалінің, «Өзбекстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерейтойлық медалінің иегері Райхан Өктемқызы Бабатаева алғысөз жазған. Ол «Жалынды Махаббат жыршысы» деп аталады.
Аталмыш туындыда «Мерей» айдарымен «Қайырымды қаланың қарымды қаламгері» атты библиографиялық очерк жарияланған. Оның авторлары – Астанадағы Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқытушысы, экономика ғылымының кандидаты Сапарбай Досжанұлы Жобаев, алматылық жазушы, қоғам қайраткері, «Астана Медиа Пресс» баспасының Бас директоры, Қазақстан педагогикалық ғылым академиясының академигі, профессор, Алматы облысының Құрметті азаматы Марат Байділдаұлы Тоқашбаев, шымкенттік жазушы, тарихшы, шежіреші, Қазақстан педагогикалық ғылым академиясының профессоры Момбек Әбдәкімұлы Амангелдиев автордың ғұмырбаяны жайлы өздерінің қызғылықты ой-тебіренісін баяндаған.
Поэзиялық туынды «Жыр-шашу», «Махаббат мақамдары», «Түрлі тақырыптағы толғаныстар», «Төрттағандар», «Әзіл-сықақ өлеңдер», «Құттықтау, арнау, тілектер», «Переводы», «Әдебиет әлемі», «Spectrum of Uzbek Literature», «1001 Uzbek Poets», «Таржима» деп аталатын бөлімдерден тұрады. Кітаптағы өлең-жырлар, баллада мен «Музам менің – Сары қыз» атты лирикалық поэма тілінің тәттілігімен, стилінің сұлулығымен ерекшеленеді.
Үшінші кітап «Бәйге бермес баһадүр» деп аталатын деректі хикаят.
Белгілі жазушы, драматург, қоғам қайраткері Мархабат Байғұттың өтініш, ұсыныс, тілегі бойынша жазылған журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі, Спорт журналистері арасындағы республикалық шығармашылық конкурстың лауреаты Әбдісаттар Әліптің «Бәйге бермес баһадүр» деген деректі хикаяты түлкібастық тарланбоз, ат спортынан Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы халықтары спартакиадасының тоғыз дүркін чемпионы Әбілхан қажы Дауылбаев жайында сыр шертеді. Туындыда автордың кітапханалар мен мұрағаттарда отырып, көп ізденіп, ерен еңбектенгені айқын аңғарылады. Көркем тілмен кестеленген бұл кітап қалың оқырманның жүрегін баурап алатыны сөзсіз.
Фатима ҚАНАЕВА,
республикалық «Шымкентім, шырайлым!»
әдеби-көркем альманағы Бас директорының орынбасары,
аталмыш үш жинақтың редакторы