Ғабаң туралы жинақ жарыққа шықты

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен, «Абай әлемі» кітаптар топтамасының аясында «Дәуір» баспасынан есімі исі қазаққа жақсы танымал жазушы-сатирик, аудармашы, еліміздің Шығысындағы Ұлан ауданының тумасы, алдағы сәуір айында абыз жасы тоқсанға толғалы отырған Қазақстанның Құрметті жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғаббас Қабышұлының өмірі мен шығармашылығын әңгімелейтін жинақ жарық көрді.
Жинақтың құрастырушы редакторы – шығысқазақстандық журналист-жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Айтмұхамбет Қасымов.
Кітап – қаламгердің жетпіс жылдан асатын шығармашылық жолы және жазушыға Ә.Нұршайықов, М.Әлімбаев, Т.Қожакеев, басқа да аға буын өкілдерінің, О.Әубәкіров, Т.Молдағалиев, М.Рәшев сынды замандас қаламдастарының кезінде айтылған ықылас, лебіздері, сондай-ақ Ж.Әділбаев, Ш.Бейсенова, Т.Айтпаев, Е.Бапи,
У.Тоқпатаев сияқты бүгінгі әріптес іні-қарындастарының құрметі мен ілтипатынан тұратын мақалалардан құралып, екі тарауға топтастырылған.
Қалың көпшілікке арналған бұл жинақ Қазақстан Жазушылар одағы деп аталатын қасиетті қара шаңырақ астында отыз жыл қызмет еткен Ғабаңның қаламгерлік қырларымен қоса әділ, адал, батыл, турашыл жазушының қайраткерлік қызметін де аша отырып, оқырманды бей-жай қалдырмайтынына сенеміз.
Өз тілшімізден
Өскемен