«Жан жарасы» және қаламгер
20.01.2023
1171
0

Белгілі жазушы Айтбай Бейіловтің «Тоғанай-Т» баспасынан 2022 жылы жарық көрген «Түнгі телефон шырылы» ат­ты көркем әңгімелер жинағына жазылған ойтолғауды көрнекті ақын, марқұм Есенғали Раушановтың Айтекеңнің кезекті кітабына жолдаған хат-рецензиясын бастаудың реті келіп тұр.

Айтеке!
Кітабыңызды оқып шықтым. Қызық дүние екен. Әдет­те, әркім өз кәсібімен айналыспай, «басқаның огородына» түсе бастаса, өз басым қорқа бастаушы едім. Ал «Сен жүрген жол» расында басқа жол боп шықты.
Сіз білесіз, қаламның өз Серті бар. Қаламгер халықты қайткенде де жеңуі керек. Абсолют шындық – сол. Әйтпесе күресіп керегі не? Қалай жеңеді? Оның бір-ақ жолы бар. Жеңсе, тек кіші боп жеңбек, кісі боп емес. Соны жақсы түсінген сыңайлысыз. Маған бұл кітаптағы ана жазушының, мына әкімнің кім екені, қашан, кімге не айтқаны, немен ауырып, неден жазылғаны қызық емес, соларды сіздің қалай көруіңіз қызық болды. Дәрігер ретінде емес, адам ретінде. Нәтижеде, біреулер туралы айтып отырып, өзіңіздің портретіңізді салып шыққансыз. Ол қандай портрет? Әмәндә кішілікті қалайтын, жасандылықтан жаны таза, бақай есепке жоқ, жүрегі нәзік, дүние қумаған, пұл құмар емес, жыр құмар адамның портреті. Ол портрет­ті тек қана жақсы штрихтар толықтырып тұр. Мақтанбау арқылы мақтаулы азамат екеніңізді танытыпсыз. Бұл сирек кездесетін жайт. Біздің жігіт­тер торқалы тойда тост сөйлесе, тек өзі туралы айтады әлі, жә, бұл жөн-ақ болсын, ал топырақты өлімде сөз сөйлегенде марқұм туралы емес, тағы да өзі туралы айтып кететінін қалай түсінеміз?
Сіз кезінде оқыдыңыз, көне латындар «memento mori» дегенді жиі айтқан.
Бір қарағанда сыпыра мақтау, жалпыға жақсы көрінужалпақшешейлік секілді көрінгенімен, кітабыңыздың арғы жағында үлкен гуманизм жатыр. Ұлылар «Адамды сүй!» деп бекер айтпаған ғой.
Біздің мына алақұйын заманда сіздей азамат­тың бары қандай керемет!
Аман жүрелік!

Құрметпен, Есенғали (қолы).
28.04.2010., Сарыағаш.

P.S. Кітабымды сыйладым. Сұхбат­тасқым-ақ келген, сәті бұл жолы түспейтін түрі бар. Сіздің арқаңызда жақсы демалдық. Жақсы күндерде жолығуға жазғай.

Көркем шығарма шынайы әлемнің үлгісі десек, одан біз өмірдің тұпнұсқа өрнегін көруге асығамыз. Бұл орайда жазушы уақыт пен кеңістікті, кейіпкерлер мен оқиғаны, жалпы шығарманың желісін өзіне етене таныс, жан дүниесіне жақын ортадан тапса, оның орайы да, шырайы да, шындығы да құндылығы да өз бедерімен оқырман жүрегінен орын алатыны анық.
Жазушы-дәрігер Айтбай Тәсі­ловтің «Тоғанай-Т» баспасынан жарық көрген «Түнгі телефон шырылы» ат­ты көркем әңгімелер жинағын оқығанда, ондағы шығармалардан дәл осындай шынайы сипат сезіндік.
Шындығына келгенде, әр мамандық – бір әлем. Оның қыры мен сырын, қиындығы мен қызығын, жауапкершілік салмағын сол саланың маманынан артық ешкім білмейді. Тәсілов қалам деген қасиет­ті дүниені жанының көрігі еткеніне соңғы отыз бес жылдың жүзі өтсе, қалған саналы ғұмырында тек дәрігер деген мамандықтың адал серігі болыпты. Әдебиет деген киелі әлемге бет бұра бастауын дәрігерлік қызметіндегі «сапаға» зиянын тигізбегенін әріптестері мен пациент­тері қазір де жиі ауызға алады.
Автордың дәрігерлер өмірінен, олардың қилы оқиғаларға толы тыныс-тіршілігінен жазылған «Терапевт Темір Әділовтің бір күні», «Жанталас», «Соңғы көктем», «Шаң жұқпас Шаңғытбай» немесе «Төрт Де», «Түнгі телефон шырылы», «Дәрібай», «Фельдшер Молсу», «Қара бұрыш» секілді әңгімелері әрқилы образдар мен характерлер, адам болмысының ішкі сан қырлы иірімдері арқылы күнделікті тіршіліктің қалтарыс, қиылыстары мен сондай сәт­тердегі сезімнің құбылыстарын боямасыз бейнелейді. Мысалы, «Терапевт Темір Әділовтің бір күні» әңгімесінде бұл айқын байқалады. «…Бүгін де әр пациентінің жанына он минут­тай отырып, ауруы жөнінде, өткен өмірі жөнінде шер тарқата айтқандарына асықпай құлақ түрді. Мұндағылардың, әсіресе егделеулерінің бірсыпырасы сыртынан қарағанда алаңдатар ешнәрсесі жоқтай көрінгенімен, шешіле сөйлескенде көңілдері сынық, қап-қап қайғы-мұң арқалап жүргендер. Ауыртпалықтардан емдеуші дәрігері құтқарардай үмітпен қараған сырқат­тардың жанары Әділовтің көз алдына қайта-қайта орала берді. Мұның «құтқаруы» – дұрыс емдеп, баяғы сау кез­деріндегідей шапқылатып жіберу. «Ми «жыласа», «көз жасы» – жүректе» болатынын білетін, жанындағы жайсыздық тәнді де мүжитінін есепке алатын Әділов торыққан жандарға бір-екі ауыз қажет-ау деген шынайы жылы сөз таба білді. Автор сурет­тегеніндей: «…Бар жиылған ақпарат­тарды қазандай басында қайнатып алғасын, дәрі-дәрмектердің фармакокинетикасы мен динамикасын бес саусақтай білетін Әділов бірінің жетпей жатқан тәндегі емдік әсерін екіншісі толықтыратындай, бірінің ағзаға қатқылдау қырын екіншісі жұмсартатындай, жандағы кінәрат­тарды да ескере, әйгілі гростмейстерше сан түрлі комбинацияда қамырша илеп тағайындауға кіріседі». Әрине, ешкім Алладан ауру тілемейді, әйткенмен жаныңа дәру іздейтіндей жағдай туса, дәл осы Әділовтей білікті дәрігерге жолықтыр деп тілейсің шығарманы оқи отырып. Әңгімеде шиеленісті оқиға, шым-шытырық көрініс жоқ. Бірақ дәрігердің бір күнінің әр сәтінің өзі – адам тағдырының өлшемі, өмірдің қымбат сәттері екенін оның тынымсыз, шұғыл әрекет­терден тұратын қарбалас жұмысы айғақтайды. Тіпті өзінің жеке өмірі үшін уақытқа зәру абзал дәрігердің жандүниесінің тазалығы мен кәсібіне адалдығын жазушы ұтымды штрихтармен шебер шендестіреді. Жазушы осы әңгімесінде оқиғаны юмормен астастырып, үндемес интерннің мінезіне қатысты ішкі ойын күлкілі бір естелікпен байланыстырып әкетеді. «Айдаладағы жалғыз киіз үйде отыратын жылқышының жалғызы үйленіп, келін түсіреді. Жылқышы күнде баласы екеуі жылқыларын бағуға өріскекетіп, үйде жас келін мен енесі ғана қалатын көрінеді. Осылайша бір апта өтеді. Келін үнсіз. Қол диірменге ұн тартып, бір ауыз сөз айтуға жарамай отыра беріпті. Ақырында шыдамы таусылған енесі:
– Шырағым, сөйлесеңші, – дейді.
Апам: «Барған жеріңде сөйлеме!» деген.
– Онысы несі… Неге?
– Айтуынша, сөйлесем, ақымақ екенімді біліп қояды екен.
– Оныңды қой. Жалғызымның әйелісің. Сен сөйлемегенде, кім сөйлейді? Жан баласы жоқ, адырда сөз естімей жынданып кететін шығармын. Сөйле! – деп бұйырады ене. Сонда келіні диірмен айналдыруын тоқтатып, аз-маз ойланып барып, бүй депті:
– Жылқы бағу оңай емес шығар… Тепкенде, ат тұяғы дөп тисе, адам өліп кетеді деп естігем. Егер жазым болып, балаңызды ат теуіп өлтіріп қойса, мен қайтемін? Атама тиемін бе?
– Өшір үніңді, – деп кейиді көзі шарасынан шыға ашуға булыққан ене.
–Құдай басқа салмасын… – деп күйіне түсіп барып, сәл үнсіздіктен кейін:
– Әй, жарқыным! Шешеңдікі жөн екен. Бұдан да сөйлемей-ақ қойшы – деген екен.
Автор осы езу тартқызар жәйді тілге тиек ете отырып: «Үндемеу – ойсыздың даналығы» деуші еді. Мелшиуі жаман… Медицинаға кездейсоқ ұрынғандардан емес пе екен? Сөзге кедейлік – терапевт үшін үлкен кемшілік. «Дер кезінде айтылған бір ауыз сөз де ем» – деп, өзі тақырыбына арқау еткен дәрігерлік мамандыққа қажет­ті сипат­ты юмормен сабақтастыра жымдастыруы да – шеберлік деуге болады.
«Түнгі телефон шырылындағы» Сейтенов те өмірінің қырық алты жылы өткен дәрігерлік қызметінде талай жанды ажал тырнағынан арашалап қалған хирург. Өмір мен өлім арпалысқан әрбір сәт­ті, дәрігердің операция үстелі қасындағы аурумен бірдей жанталасқа түсетін, жаны да, жүйкесі де қыл пернеге ілінетін шақтарын, мезгілсіз шақыртуға асықтыратын түнгі телефон шырылының ар жағында адам тағдырының шешуші сағат, минут­тары тұрғанын жазушы қаламының құдіреті майдан қыл суырғандай жеткізеді. Сейтеновпен бірге сен де осы бір күрделі процестің ішінде жүргендей, соның күйін кешесің, күйзелесің, жұбанасың, қуанасың… Бұл – шығарманың шынайы суреті мен нанымды нәрінен туатын әсер. Жасы жетпіске жеткенше операция үстелінен алыстамаған білікті дәрігер жалғыз немересінің өміріне араша сұрап, зар илеп, түнгі төрт­те есігін қаққан анаға «жоқ» дей алмай, өзінің қан қысымының көтеріліп тұрғанына қарамастан тағы да ажалмен айқасқа түседі. Күрделі операцияны сәт­ті аяқтап, жігіт­ті аман алып қалды. Бірақ «оперблоктан» шығып, ординаторлар бөлмесіне ене бергенде басын қос қолдап ұстаған Сейтенов еденге құлап бара жат­ты. Өзгенің өмірі жолында өзін аямау деген осы болар. Бүгінгі қатыгездеу қоғамда, арды ақша, сананы пайдакүнемдік, жүректі имансыздық билеген, запырандай ащы заманда ізгілік пен мейірім ғана дүниеге діңгек боларын ділелдеп тұр.
Иә, дәрігердің бәрі Темір Әділов пен Сейтенов секілді арына да, ақ желеңіне де кір жұқтырмаған «періште» дей алмаймыз. Оны кітап авторы арды ақшаға айырбастаған заманда «адамдардың қабағы қатулы, жақсылығы сатулы болып», бақай есеп дәрігерлерге де жұққанын жасырмайды. «Дәрібай» әңгімесіндегі өмір бойы ен далада қой бақса да, «жетпіс алтыға дейін дәрі атаулыны аузына алмаған, браштың да алдын көрмеген» Дәрібай қария аяқ астынан дімкәстанып, қаладағы емханаға қаралуға келгенде, кеудесіне «Құрмет белгісі» орденін қадаған қарияға құрмет көрсетпек түгілі, кеселінің неден болғанын сұрап, бас қатырмаған дәрігерлерге оның сырқатының сыры емес, қалтасының құны қымбат болғаны – бүгінгі уақыт­тың кеселді көріністерінің бір шындығы екені даусыз. Денсаулық саласындағы нарықтың «нарқы» дерт­ті жағдайларға жалғасып жатқаны жасырын емес. Оны дәрігер-жазушы өмір көріністерінен шымбайға батардай шынайылықпен жеткізеді. Ең бастысы, автор оқиғаны орамды ойлармен, нанымды сурет­термен, кейіпкерлерінің психологиялық ерекшеліктерімен, адамдардың мінез-құлқының түрлі астарымен айшықты бейнеленген. «Шіркіннің жүзі қандай суық еді. Бетіне су шашып жіберсең, табанда мұзға айналардай…» деген тіркестерден бізге таныс бейненің сыртқы сықпытымен қатар ішкі қыртысы да көрініп тұрғандай.
Айтбай Тәсілов әңгімелерінің композициялық, сюжет­тік құрылымы шымыр оқиғамен, көркемдік жүйемен шегенделумен қатар, танымдық табиғатымен де ерекшеленетін тұстары бар. Дәрігер ретінде ол медицина саласындағы білімі мен білгірлігін әңгіменің ұйытқысымен ұйыстырып, көпшілікке беймәлім жайларды оқиғамен орайластырып жібереді. Шығармадаңы мұндай өмір шындығын ұсақ документализммен шатастыруға болмайды. Бұл жадағай баяндау емес. Егер әдеби дүниеде әңгіме желісі осындай жанды детальдармен, тәсіл, стиль, сюжет сипаты арқылы қабысып жатса, ол шығарманың мазмұндық һәм көркемдік құнарын байыта түседі. Бұл тәсілді Тәсіловтің тапқырлығы мен шеберлігінің шендесуі деуге болады.
Ауыл тіршілігі, ауыл мәдениеті мен қоршаған орта тазалығының көкейтесті көріністері, ауыл адамдарының аңғал бейнесі мен кейбір күлкілі әрі келісімсіз іс әрекет­тері, бойкүйездік пен бейқамдық… Өзімізге таныс ортаның осындай тыныс-тірлігі «Шаң жұқпас Шаңғытбай немесе «Төрт де» әңгімесінде бірде қызындырып, бірде кіжіндіріп, бірде езу тартқызып, бірде көкейге міндет артқызып, өз ауылыңның мәселесін Шаңғытбай секілді шешуге кірісіп кеткің келеді. «Дәрігер тұрақтамайтын, өмір сүруге ыңғайлылығы жағынан «ит байласа тұрмайтын, жүдеу жүзді «Ызалы» ауылының шаңын қағып, тазалық пен тәртіпке бағындыруға барын салған ауылдық аурухананың бас дәрігері, кешегі эпидемиолог Шаңғытбайдың табанды талапшылдығына тәнті боласың. «Дезинфекция», «дезинсекция», «дератизация» және «делервация» деп төрт «де»ні жалаулатып жүріп, «Төрт «де» деген лақап атқа ие болып кеткен бас дәрігер Шаңғытбайдың образы арқылы ауылдың бейнесін жақсартуға үндейтін бұл әңгіменің де оқырманға ой салар салмағы зор.
«Соңғы көктем» әңгімесін оқығанда еріксіз жалған дүниенің әрбір жарық күнін бағалай білу, өлімнен де күшті – отбасы мен ұрпағыңның алдындағы адамдық парызға адалдық сезім мына пәниден мезгілсіз өтіп бара жатқан Бәтестің бейнесімен жүрегімізді шымырлат­ты. Әрбір пенденің соңғы көктемі, я соңғы аялдамасы жететінін, сол көзді ашып жұмғандай ғұмырды ізгілікпен, артыңда жақсы із қалдырардай өрнекпен өткізуді санаңа сыздықтата құяды.
Дәрігерлер өмірінің «кухнясын», соған қатысты оқиға орамын Айекең секілді дәрігер жазушыдан артық ешкім нанымды да нақты жеткізе бермеуі мүмкін. «Цистит» ауруына ұрынған Дәрібайға шипасы тиетін сумамед деген дәріні «былтыр орталыққа көшіп кеткен Әзірбайжан Мамедтің алдына «су» деген сөзді қойса, қажет­ті дәрісін ұмытпайтынын айтқанда, бұл дәрінің атауы сенің де жадыңда жат­талып қалады. Бұл елеусіз элемент секілді көрінгенімен, байқап қарасаңыз, детальға жан бітірудің епті әдісіндей әсер қалдырады. Сол «Дәрібай» әңгімесінде, Дәрібаймен ауруханада бір палатада жатқан мед доцентінің аузына мынадай сөздер салу арқылы, адамдардың ішкі ниетінің түзу болмауы, барды бағаламай, жала жабу сынды әрекет­тері басқаның салын суға кетіріп, атқарар шаруасына кері әсерін тигізетінін меңзейді. «Елдік төмендеу жерлердің адамдары, өздеріне жақсылық жасамақ болған жандарға қалыпты қызмет атқаруға мүмкіндік бере бермейді. Дәрігердің «қорғансыз» екенін білетін кім көрінген оларға коқан-лоққы көрсетіп, аяқтан шалып, арпалыса кетіп, қол көтеруге дейін барады. Кейде ойлап қоямын «дәрігерлердің ішкі ниетін бұзып жатқан пациент­тердің өздері емес пе?» деп. Мен туып-өскен ауылдың «жазғыш ауыл» деген атағы бар. Осыдан бес жыл бұрын үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, үкінің қауырсынындай үлбіреп, жібектей желбіреген, артық сөзі жоқ, өте ибалы қыз ауылға дәрігер болып келген. Менің ауылдастарым не істеді дейсіңдер ғой. Осындай жанды бағалап, қызметін алаңсыз атқаруға жағдай жасаудың орнына, дәрігердің Құдай еместігін ұмытып, негізсіз жиі тіл тигізді. Үстінен жала жауып, қаралап, ай сайын жоғарыға арыз жазды. Ақырында оның да пендешілігін оятып, «Жақсы қорғаныс – шабуыл» дегенді бір сәтке де ұмытпайтын, ауылдастарыма сай дөрекі дәрігерге айналдырып жіберді. Өкінішті! Қоғам алға жылжи дамып, тұрмысқа ілессе ниет­ те түзеліп, әділдік әспет­теліп, адалдық ардақталып, мәдениетке құштарлық молайып, адамдардың жүрегінде бір-біріне деген сенім ұялаған күндер келгенін біз үшеуміз жасымыздың егделеу тартқанына байланысты көре алмауымыз да мүмкін. Ал сен… – деді, сантехникке қарап: – Сен сол заманда өмір сүріп, рахатына бататын боласың, – деп, ішкі пікірінің бір бөлігін қызына сөйлеп, тысқа лақтырып тастады». Тағы да сол «Дәрібайда» әлгі доцент­тің мына монологындағы айтылған жағдай біздің қоғамға етене таныс көрінді. «Талапшыл болмасаң, өліп кете беруің керек пе? – деп доцент бас есепшіге тесірейе қарады. «Жыламаған балаға емшек бермейді» деп алады да, жағдайы басқалардан әлдеқайда тәуір бола тұра, кейбір пысықтар алақанын жайып, жыланып шыға келеді. Қазір жұрт соған дағдыланып алды. Екі иығын жұлып жеп, шатақтасып, арызданып, мәселе шешетіннің екі аяғын бір етікке тыға, халін мүшкіл етпесе, оп-оңай игіліктерге қол жеткізе алмайтынына көзі жеткен. Басшы да, басқа да, оның ішінде дәрігер де құлағым тыныш болсын деп, алдымен сондайлардың талабын орындауға тырысады. Ал, аузы аңқайып, өз сыбағасын үнсіз күткен арлы момынды кім ескереді?». Ауыл медицинасы туралы демімізді ішімізге тарта отырып оқыған, ауылға барған жас маман-дәрігерлердің неге кіріптар болатыны жағынан айтары көп әңгіме, ол – сөз жоқ «Жанталас». Ауылға барған жас мамандарға қамқорлық жасап, әлеумет­тік жағдайын шешетін әр түрлі деңгейдегі биліктегілердің көз жүгіртіп шығар дүниесіндей көрінді.
«Қара бұрыш» әңгімесінде бүкіл әлемді уысында бүрістірген «коронавирус» індетінің ылаңын автор Жер планетасындағы жаһандану процесінің жиіркенішті жолдармен ластанып, адамзат­тың қатыгезденіп, тойымсызданып, «Жаратушының әуел бастағы байламы мен ұйғарымына қарсы шығып, шығандай есіріп кеткен» есерлігіне Тәңірдің жіберген зауалы болса керек деген ойы­мен орайластырады.
Жинақтағы бірде толғандырып, бірде ойландырып, бірде мұңайтып, бірде қуантып, бірде жасытып, бірде тасытып, сан түрлі көңіл күйге салатын кейіпкерлердің болмысы мен бастан кешкендері өзің куә болған жайларды жайып тастап отырғандай әсер қалдырады. Тіпті біздің арамыздан жинап алып, образға кіргізіп жіберген бе дерсің… Мұндай дүниелер оқуға жеңіл әрі қызықты. Дәрігерлігінде «тән жарасына» ем, қаламгерлігінде «жан жарасына» сөз таба білген шипагер шығармаларының көркемдік деңгейі, тіл шұрайы, ой шырайы олардағы оқиға желісімен жымдасып, өмір шындығымен үндесіп жатыр.

 

Асхан
МАЙЛЫБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір