«Басбай» романы: бір ұлттың екі түрлі саяси жүйемен күресі
18.04.2024
334
0

Әр дәуірдің өзіне тиесілі үздік оқырманы болады, ал олардың әдебиетке деген шынайы ынтасы мен адалдығы сол дәуірдің маңдайалды шығармаларын іріктеп, жадында сақтайды. Біздің бала кезіміз қазіргідей қаптаған техникалық гаджеттерден алыс болды, ол кездегі ермегіміз әрине күні бойы қазақ тілінде ақпарат тарататын сымсыз радиолар еді. Әлі есімде, әдебиетке қызығып жүрген біз сол кезде қолымыз жетпеген кітаптарды радиодан берілетін аудио нұсқадан тыңдаймыз. Қара радионың ар жағында Мұратбек Тесебайұлы сияқты дикторлар қазақ романдарын нақышына келтіріп тұрып оқитын. Бірде қыстың кезінде диктор: «Бүгіннен бастап сіздер жазушы Зейнолла Сәніктің «Басбай» романын тыңдай аласыздар», – деп хабарлады. Марқұм атам көзі қарақты, ел өмірін, тұлғалар еңбегін жақсы білетін кісі еді. Түскі аста Басбайдың кім болғаны, оның жомарттығы туралы анықтап айтып берді де: «Кешке малды ертерек қоралайық, сағат алты жарымда Басбай романын тыңдаймыз», – деді. Сол жылы қыс бойы қыстаудағы қазақтар «Басбай» романын тыңдап, кезіккенде, бір-біріне әңгімелеп беріп, мәре-сәре болып жүрді. Бірде келесі ауылға жылқы көздеуге кеткен көрші Ертай ағамыз үйіне жете бере атынан түсіп жатып: «Ой, әлгі Басбайдың әйелі босанды ма? Кеше радиодан тыңдай алмай қалдым», – дегенін естіп, езу тартқанбыз. Байырқасаңыз, бұнда қазақы қалып, мінез бен тек, сосын тұлғалар өміріне деген шынайы ынта бар. Қарапайым қой бағып жүрген оқырманның өзі Басбай өміріне ынты-шынтысымен қызыққаны – бұл сөзіміздің дәлелі. Бұл – менің есімнен кетпейтін сәулелі көріністердің бірі.
Қазақ оқырманы неге осы романды сүйіп оқыды? Бұл сұраққа жауап ретінде жазушы Зейнолла Сәнік аталған шығармасында кәдімгі қазақ өмірінің табиғи бейнесін, ата-бабалардан бері жалғасып келе жатқан тұрмыс-салтымыздың көріністерін қаз-қалпында оқырманына ұсына алғандығында дер едік. Басбай өмір кешкен заман – қазақтың өрісінде төрт түлігі жусап, бақытты дәуірдің байшешегі гүл ашып тұрған шақ. Тіпті қазақтың өз билігі өзінде, еліне, жеріне ешкім көз алартпаған тұс.
Өз елінің әдебиетіне төңкеріс әкелген жазушы Лу Шүннің атын әлемге танытқан шығармасының бірі – «Күңижиде» мынадай керемет эпизод бар. Жазушы кейіпкерінің сол қоғамындағы беделін, орнын оқырманға түсіндіру үшін ұзын-сонар баяндаудан гөрі сөре алдында шарап ішіп тұрғандардың ішінде бірден-бір ұзын күрте кигені Күңижи екенін баса айтып, оның болмысын айқындайды. Міне, бұл – жазушының шеберлігі мен тапқырлығы. Жазушы Зейнолла Сәнік те осындай тапқырлықпен «Басбай» романын оқыған адамның есінен кетпестей етіп жазғаны шындық. Ол Басбайдың жомарттығын бізге жеткізу үшін қырғи-қабақ соғыс кезінде Солтүстік Кореяға өз атынан бір ұшақ сыйға тартқанын тек: «Анау ұшып жүретін қоңыз бар емес пе еді (соғыс ұшағын айтып отыр-Д.Ә.), әне, содан біреуін сыйға тартамын депті», – деген жалғыз сөйлеммен жеткізеді. Ал осыдан кейін сіз Басбайдың қалтқысыз жомарттығы мен қазақылығын естен шығара да алмайсыз. Ал автор Басбайдың байлығын суреттеу үшін де қазақтың ұзын сөзін ысырап етіп, оқырманды жалықтырмайды, ол тек «Басбайдың малы көктемде қоңыр аңмен қосылып жайылатын», «Басбайдың малшылары оның малын бір-бірлеп емес, арқанмен бөліп қана санай салатын» деген сияқты теңеулерді сәтті пайдаланады. Тәжірибелі қаламгерлердің бойынан ғана табылатын мұндай қасиет оның шығармашылығына да жақсы көзқарас қалыптастырады.
Зейнолла Сәніктің шығармашылығы қазақ оқырмандарына кеңінен танылды. Оның жүйрік қаламынан туған кесек еңбектер қазақ руханиятының қоржынын қисапсыз байлықпен толтырғанын сүйі­нішпен айтудан жалықпауымыз керек. Жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай «Дәнекер тұлға» атты мақаласында: «Қазақ – сол баяғы бір қазақ, тілі мен дәстүрі бір, бірақ олардың тарихы екі түрлі жазылды. Мұндай қисынсыздықтан әлі де толық арыла алмасақ та, қырғи-қабақтың ықпалы әлсіреді, қыртысы жазылды. Бір жұбанышы және оның басты себебі – тура осындай талмалы тұста дәнекерлі тұлғалардың таным шымылдығын ашқан ұлттық сана иелерінің өмір сахнасына шығуы. Осындай тарихи саналарды сабақтастырып, ой дамытуға себепкер болған сондай тұлғаның бірі – Зейнолла Мүбәрәкұлы Сәнік», – деп қаламгердің өмірі мен шығармашылығына оң баға береді.
Әрине, жазушы Зейнолла Сәнік – жазушылықта жолы болған қаламгер. Ол жазған «Қаракерей Қабанбай», «Хан батыр Қабанбай», «Тұғырыл хан», «Демежан батыр», «Халық күйшісі Қайрақбай» сияқты сүбелі туындылар қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан туындылар есебінде. Жазушы қаламы қай тұлғаны жазса да, мөлдіретіп, тарих пен уақытты шебер ұштастырып жазды. «Басбай» романында суреттелген әртүрлі оқиғалар, Шыңжаңдағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігі мен қоғамдық жағдайы, сол кездегі аумалы-төкпелі заманның сыры, бостандыққа ұмтылған ұлттың үні жазушының астарлы суреттеулері арқылы өрбиді. Әр жазушы өз шығармасында ой айтып, белгілі бір мақсатқа жетуге ұмтылады. Осы шығармасында қаламгер қазақ халқының қай заманда да еркін ойлы, даласы да бай, қиялы мен ойы да қазынаға мол екенін ашып көрсеткісі келгені шындық. Бір Басбай арқылы бір халықтың мұңы мен мұқтажын, пайымы мен парасатын, байлығы мен бағытын әсерлі оқиғалармен баян етеді ол.
«– Башекеңнің, – деп Нұртаза да сөзге араласты, – көпір салуына алғашында аймақтың уәлиі қосылмаған болатын. «Мұндай көпірді Барнақов, Дьяков сияқты бай да өнерлі орыстар салғаны жөн, солардың қолынан келеді,» – деген еді. Басекеңнің: «Орыс сала алған көпірді қазақ сала алмай ма екен», – дегені ұнамады оған. Ол кісінің бір қисайған жағынан қайтпайтынын өзің білесің, сонымен Оқас арқылы Кеңес елінен техника алдырды, аймақтан арнаулы комитет құрылып, көпір салатын тұсқа олар Башекеңді ертіп жүріп, тексеріп шықты. Башекең: «Тура Ілһамның бұрамын қараң қалдырам», – деген еді, ақыры айтқанын орындады. Көпірді тура жерге салуды техниктер де лайық көріпті. Өйткені Емілдің сол тұсындағы судың асты құмдауыт екен, техниктердің айтуы бойынша құмдауытқа салынған көпір ұзаққа шыдайды екен, құмға қағылған тіреулер оңайлықпен шірімейді екен». Осы сөйлемдерден жомарт жанның аты аңызға айналған «Басбай көпірін» салуға қалай кіріскенін аңдай аламыз. «Сонау 1930 жылдардың бас шенінде өз қалтасынан 55 000 АҚШ долларын шығарып, халқының қажеті үшін екі өзеннің арасын жалғайтын көпір салған қазақ байының есімі аталған романда тағы бір қырынан оқырман есіне түседі. 1942 жылы мамырдың бас шенінде Еміл бойына тұңғыш салынған ағаш көпір еңсе көтерді. Ұзындығы – 87 метр, кеңдігі – алты метр, салмағы – 25 тонна, мықтылығы 25 жылға шыдайтын бұл көпірдің екі басына доғаша иілген өрнекті маңдайшалық орнатылды. Оған «Башбай чоң көпірі» деген зерлі жазу жазылды. Көпір күрең сырмен сырланып, екі жақтауына оюлы шарбақтар орнатылды. Сахарадағы қарапайым қазақ байының қаражатымен біткен бұл алып құрылыс екі аудандағы сан мыңдаған халықтың үлкен қуанышы болды». Әдебиеттің маңызды рөлінің бірі – өткен замандардан хикая айту, соны бүгінге жеткізу. Жазушылар осы мүмкіндікті кеңінен пайдаланып, әлдебір оқиғаны иін қандырып, жинақтап, оқырманға ұсынады.
Біз сөз етіп отырған жазушы Зейнолла Сәніктің шығармашылығынан оқырман осы мүмкіндіктің сәтті пайдаланылғанын аңдай алады. Басбай сынды бір дәуірдің ұлы тұлғасын көзбен көргендей суреттеп, оның болмысын ақ қағаз бетінде сөйлету үшін қаламгерге үлкен жүрек, таусылмас төзім мен өзіне, қаламына деген зор сенім қажет. Жазушы Сартрдың бірде «кейіпкерім тауға шықты деме, тауға шығар» дегені бар. З.Сәнік те сондай ұстаныммен Басбай бейнесін мәңгі өшпестей етіп жазып қалдырды. Ол шығармасында «Басбай үлкен жүректі жомарт болды» демейді, кейіпкердің іс-әрекеті, ел-жұрты мен айналасына деген көзқарасы арқылы Басбайдың екінің бірінің қолынан келе бермейтін атымтайлығын баяндайды.
Біз «Басбайды» оқып отырып, тек Тарбағатай өңіріндегі қазақтардың ғана емес, тұтас Шығыстағы елдің сырына қанығамыз. Қала берді қазақ халқының ортақ тарихы, этнографиялық салт-дәстүрі, өмір сүру әдебі, сол кездегі қоғамдық жағдайларға көзқарасы сияқты күрделі де күлтелі мәселелерге кездесеміз. Тіпті сол тұстағы қазақтың арғы беттегі атқа ұстарларының елді ағартушылыққа, білімге бастау жолындағы күресін де осы романдағы оқиғалар айтып береді. «Тарбағатайда Басбай қаржы жұмсап, мектеп салдырса, Іледе Жабықбай ақалақшы мектеп ашты, ал Алтайда Мәмидің ауылында «Абақия» деген мектеп дүниеге келді. Жаңа ашылған мектептің мұғалімдігін көбірек Батыстан келген зиялылар өтеді. Сол тұста ертерек мектеп ашқан Тарбағатай жер-жерге көптеген мұғалімдер дайындап берді. Сол кездің өзінде Қазақстанның «Айқап», «Қазақ», «Сарыарқа» қатарлы газет-журналын оқып, пайдаланып отырған Нұртаза сияқты жергілікті зиялылардың да өсуі тез болды. Өз еңбектерімен жұртқа таныла бастады. Жаңа оқып шыққан және Кеңес Одағынан оқып келген оқушылар қосылып, Ұлт зиялыларының үлкен тобы қалыптаса бастады. Олар әр жерде мектептерге, ғылым-мәдениет орындарына, баспасөз, медицина орындарына тұтқа боп тұра қалды. Сусап тұрған халықтың ғылымға деген құштарлығы, жаңалыққа деген аңсары, өнерге деген ынтасы бөгеу бермес тасқындай жөңкілді».
Алаш идеясының бір ұшқыны арғы беттегі Үш аймақта қалай тұтанғаны туралы оқырман қауым жақсы біледі. Сол ұлттық идеяға қолдау білдіргендердің бірі де бірегейі осы – Басбай. Бұл сөзімізге оның көпір салып, мектеп ашып, жарлы-жақпайларға қол ұшын беруі дәлел бола алады. Осы үш қасиет те оның бойынан табылып, қазақ баласының қамы үшін істелген игілікті шаруа болды. «Бір кездері бұл жақтан қысым көрген Отыншы бидің ол жаққа барғанда тұтқындалуы, ол жақтан пана табылмай мұнда келген ағайынды Марзақовтардың, Шәкәрімнің Зиятының бұл жақта тағдырдың тәлкегіне ұшырап, екі патшаның екі жақтап төпештеуі талай қазақтың басынан өткен трагедия еді».
Кер заманның керенау көзқарасы халқым деген азаматтың соңғы тағдырын тығырыққа тірейді. Басекең қайтыс боп, 15 жыл өткеннен кейін, 1968 жылдың көктемінде Басекең жасаған өңірде саяси ала құйын көтеріліп, адамдардың жан дүниесін жегідей жеп, апшысын қуырып жіберді. Аймақ бойынша көп мал иесі, «жын-шайтанның» ноқта ағасы – Басбайдың әйелі мен қызы қара тізімнің ең басына түскен. Сондықтан ең алғашқы таяқ осылардың басына тиіп, ең алғашқы масқаралау осылардан басталған. Бұл кезде Басекеңнің мол дәулетінен ешқандай жұрнақ қалмаған. Дүниені құрау қиын, шашу оңай екен. Бір кездері өз көзімен көргендер өмір бойы кисе тозбас, ұрпақтан ұрпаққа дейін ұстап түгете алмас деп есептеген ерепайсыз мол дүние-мүлік, үй жиһаздары, әртүрлі жасау, түр-түрімен сатылап, жиылған қасқыр ішік, түлкі ішік, орман ішік, қама ішік, құндыз ішік, сілеусін ішік, пұшпақ ішік, елтірі ішік, тауешкі ішік… дегендерден қиқым табуға болмайды. Мал да, дүние де жиған адамға, өз иесіне үйірілетін сияқты.
Тағдырдың алмағайып кезеңі халқына қайырымдылық көрсетуден шаршамаған Басбай байға да өз салқынын тигізгенін осы роман айғақтап береді. Әр күн са­йын құбылған аумалы-төкпелі заманның бейнесі, қырық күнде сан өзгерген саяси шешімдер мен бір арнаға тоғыспаған көзқарастар қаншама қазақтың мықты да арда азаматтарын оққа байлап, атып-шауып, өмір жолын қиындатты. Жазушы Зейнолла Сәнік өз заманының ардақты ері, білгірі Басбай Шолақұлының сан қилы тағдырын суреттеген «Басбай» романын жазу арқылы қазақ байларының «тар жол тайғақ кешулерде» халқына қалай қорған болғанын айтқысы келді. Көрші елдердің солақай саясатының көрсетуінше, бай біткеннің бәрі байыпсыз емес екенін аңдайтын сәт келді. Демек, «Басбай» романы – бір байдың ғұмырына арналған өмірбаяндық шығарма ғана емес, бір ұлттың екі түрлі саяси жүйемен күресіп, екі түрлі көзқарастың ортасында өзін аман сақтауға талпынған бейнесі. Қаламынан қара сөздің майы тамған жазушы, этнограф Зейнолла Сәніктің қаламгерлік шеберлігі бұдан кейін де зерттеле, айтыла бермек. Ақ қағазға төккен тер мәңгілік мұра есебінде қала беретініне кәрі тарих пен төреші уақыт куә-дүр.

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
Вашингтон, АҚШ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір