ИНДЕРДЕ «АБДОЛЛА ДОМБЫРАСЫ» МОНУМЕНТІ АШЫЛДЫ
12.07.2024
98
0

Қазақ рухының алдаспаны Махамбет пен сөз сүлейі Мұрат Мөңкеұлының мәңгілік мекені, қойнауы қазыналы Дендер топырағында тағы бір тамаша ескерткіш бой көтерді. Индербор кентіндегі Арбат демалыс саябағында Ұлттық домбыра күніне және Қазақ ССР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Абдолла Мусағалиевтың туғанына 90 жыл толуына орай монумент ашылды.
Салтанатты шараны ашқан аудан әкімі Д.Шамұратов бүгінгі мерекемен құттықтай келе, қазақ халқының өмірінде қара домбыраның маңызы ерекше екенін атап өтті.
– Қазақтың домбырасы – сан ғасырғы ұлттың рухы. Талай ұрпақтың бесігін тербеп, ерлік пен елдіктің, адалдық пен адамдықтың күйін шерткен осы домбыра. Қазақтың домбырасы арқылы ұлттық мәдениетімізді қалыптастырған ақын-жыраулар, күйші-домбырашылар аз болмаған. Соның ішінде Атырау топырағынан шығып күйшілік, сазгерлік дәстүрді жалғастырған тұлғаларымызды мақтанышпен айта аламыз. Сондай қазақтың біртуар ұлдарының бірі, мәдениет майталманы Индер ауданының тумасы, Қаз ССР-іне еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Абдолла ағамыздың да өңіріміздің мәдениетіне қосқан үлесі зор. Биыл Абдолла Мусағалиевтің туғанына 90 жыл толады. Ұлттық домбыра күніне арналған шарада ашылатын домбыра монументі «Абдолла домбырасы» деп аталмақ, – деді аудан әкімі Дарын Дүйсенбайұлы.
Шарада Абдолла ағаның қызы Гүлбану Абдоллақызы, мәдениет саласының ардагері Ұлдай Аманғалиқызы монументтің лентасын қиды.
Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
«Абдолла домбырасы» монументі – индерлік талантты композитор, күйші, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген қайраткері, Дүниежүзілік студенттер мен жастар фестивалінің лауреаты Абдолла Мусағалиевке арнап қойылған. Монумент Индербор кентіндегі «Арбат» демалыс саябағында шаңырақ астына орналастырылған.
Басты мақсат – жергілікті күйші-композитор Абдолла Мусағалиевтің шығармашылығын, өнерін дәріптеп, ұрпаққа есімін мәңгі қалдыру.
Бойынан күй төгілген алтын домбыраға Абдолла Мусағалиевтің есімі беріліп, онымен бірге 1958 жылы Қазақ­стан әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне Индер ауданынан қатысқан Әділ Есқалиев, Мажан Есқазиев, Мәулет Қарасаев, Тұрғанәлі Үсенғалиев, Қуанышқали Қарақұлов, Үнзира Өмірбаева, Қанапия Махметованың есімдері қашалып жазылған болатын.
Металл конструкциялы монументтің жалпы ұзындығы – 7,5 метр. Алтын домбыра түсті металл конструкция түнде де жарқырап тұрады.
Домбыра монументін жергілікті кәсіпкер, «ARSM» ЖШС-нің негізін қалаушы Ж.Шариповтың демеушілік қолдауымен жасаған.
Дендерде осыған дейін зар заман поэзиясының ірі өкілі Мұрат Мөңкеұлы мен толағай дарын Табылды Досымовқа бірегей ескерткіш тұрғызылған болатын.
Қасиетті домбыраға арналған әсем мүсін дауылпаз рухты елдің еңсесін бір көтеріп тастады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір