БИЯЗЫ КІРГЕН МЕШІН БЕРЕКЕЛІ БОЛҒАЙ!
18.03.2016
1738
0

КоллажМаймылмен мұнда ғана танысқан қазақтың жыл санауына мешін қалай кіріп кетті екен деп енді таңдана берсең, әр жылға бір мақұлықтың атын еншілеген жораның тарихы тым әріге барып тіреліп, түбі жоқ жорамалдарымен діңкеңді құртады.

Жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысындағы қазаққа жайсыз тиген қыр­ғынды-жұтты жылдардың мешін жылына тура келуі – осы жылға аяқ артқан сайын бізді екіұшты сөйлеуге итермелейтін болыпты.

Бұл маймыл о баста бір қауым ел болған деседі. Құдайдың өзін алдамақ болып, қаһарына ұшырап, не адам емес, не жануар емес, кеспірсіз бір ма­құлыққа айналыпты (Қазақтың «адамнан азған» дейтін көне дүниетанымы еске түседі). Мешін туралы түркі-моң­ғол­дарда да осыған ұқсас мифтік са­рын­дағы бір аңыз бар: Айналасына ты­ным бермей, жалпақ жұрттық жо­сығына мойынсұнбай, іштей іріп-шіріген, азғындаған бүкіл бір тайпаны әбден түңілген қалың ел жұрттан алас­тап, тастап кетіпті дейді. Әлгі тайпа ақыры азып-тозып, азайып, тірі қалған азғантайы жүре келе тілден, адамдық кейіптен ажырап, жабайы кепке ауысыпты. Содан бері бұл мақұлықтар (май­мыл, мешін) адамзат баласын өзі­не бақталас санайды екен-міс. Мүшел айналып келген сайын жайсыздау тиіп жататыны да сондықтан көрінеді.

Біз ғана емес, жыл санаудың дамы­ған, таралған ошағының бірі саналатын қытайлар да «қызыл маймыл», «от­ты маймыл» деп, бұл жылғы атқарар іс­терін «жеті өлшеп, бір кеседі» дейді.Бі­рақ қазақтың малы мен жанын қатар жал­маған мешіннің аса жайсыздығы әлгі соғыс жүріп жатқан 1944-пен тә­мам­далады. Одан бергі 56-дағы тың игерудің зардаптарын айтпасақ, аса өк­пе арта қоярдай ештеңеміз жоқ сияқ­ты.

Бүгінге келсек… Экономикалық дағ­дарыс, теңгенің тұрақсыздығы біз тоқ­шылыққа балап жақсы көретін қой жы­лында басталғанына қарамастан, аты­шулы мешін жылына жаба бергіміз ке­ліп тұратыны несі екен. Жылдың жа­­ман-жақсысы болар ма, түбін қаз­саң, қай жылда кімнің басы қалмады дейсіз! Кім­нің тойы болмады дейсіз…

Таздың басы мен пұшықтың мұр­ны­на да қона беретін адасқақ бақ ме­шін екен демей, биылғы жылдың да ен­ші­сіне бұйырғай деген игі тілектен асар не бар, тәйірі…

Наурыздағы тілек:

– Қызыр дарысын! – деп түйін­де­ле­тін…

Алмас НҮСІП.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір