Көш көлікті де, көрікті де болғай!
14.03.2024
130
0

Биыл Ақ Жайық атырабында «Қаладан – ауылға» атты жаңа жоба қанат қақты. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің өзі ұйытқы болған бұл бастама 2024-2026 жылдардың аралығын қамтиды. Бұл жобаның басты мақсаты – қалада басыбайлы баспанасы болмай әрі отағасына отбасын асыруға лайықты жұмыс та табылмай, әлеуметтік дағдарысқа ұшыраған отбасыларды ауылдық елді мекендерге өз ерікімен көшіріп, бірінші кезекте баспанамен қамтып, мүмкіндігінше жұмыс та ұсынып, оған қоса жергілікті дәулетті шаруалардың көмегімен алдарына азын-шағын болса да мал салып беріп, жағдайларын түзеп жіберу. Ретті жерінде айта кетейік, «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасының мақсаты – ауылдық жерлердегі жұмыс күші тапшылығын жою, агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуды қамтамасыз ету, шағын және орта кәсіпкерлікті өрістету, тұрақты жұмыс орны жоқ қала азаматтарының, сондай-ақ жас отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешу, ел-жұрттың, әсіресе жастардың ауылда өмір сүруге деген ынта-ықыласын арттыру. Осы тұста ерекше бір ескерер жайт, «Қаладан – ауылға» жобасын жүзеге асыру барысында мектеп жасындағы балалары бар отбасыларға басымдық беріледі. Осылайша, Ақ Жайық атырабының атқамінер азаматтары тұрғындары күрт азайған ауылдағы білім ошақтарын біржола жабылудан құтқармақ ниетте.

Жаңа таңда жаңа өмір бастады

Әлқисса, күні кешеге дейін Орал қаласында жалдамалы үйде тұрған бес балалы Сисеновтер отбасы осыдан бірер апта бұрын Казталов ауданының Болашақ ауылдық округіне қарасты Жаңатаң ауылына көшіп барды. Көшпес бұрын аталмыш ауданның әкімі Асланбек Сарқұлов облыс орталығынан көшуге бел буған отбасы мүшелерімен кездесіп, өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің тың идеясы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
– Біздің ауданда осы жобаны жүзеге асыру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Жаңатаң, Әбіш, Көпкүтір, Жас, Сарықұдық, Саралжын, Сатыбалды, Көмекші, яғни жалпы саны сегіз ауылға отбасыларды көшіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жаңағы сегіз ауылда 2 231 тұрғынның 22-сіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Әлгі сегіз елді мекенде 26 бос жұмыс орны бар. Сарықұдық мектебі 2022 жылы бой көтеріп, пайдалануға берілді. Саралжын ауылында 60 орындық білім ұясы салынып жатыр. Казталов ауданын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес 2024 жылы – Көпкүтір, 2025 жылы – Жаңатаң, Сатыбалды, Әбіш, 2026 жылы Жас, Көмекші ауылдарында мектептер салынады. Шаруа қожалықтарын құруға 57 525 гектарды құрайтын бос жер учаскелері бар. Әбіш ауылы – Сарыөзеннің бойындағы елді мекен. Бау-бақшаға өте қолайлы. Жалпы, осы сегіз елді мекенде 29 – әлеуметтік нысан, 104 шаруашылық нысаны жұмыс істейді. Сонымен қатар осы елді мекендерге жеке инвестор есебінен үй салу жоспарлануда. Көшіп келгендерге жергілікті демеушілердің қолдауымен ұсақ және іріқара малы беріледі әрі олардың 1 млн 476 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізуге, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алуға мүмкіндігі бар, – дейді Қазталов ауданының әкімі А. Сарқұлов.
– Біз 2016 жылы шаңырақ көтеріп, отау құрдық. Өзім құрылыс саласында жұмыс істедім. Шүкір, балалы-шағалымыз. Жарым – Алматы қаласынан. Өзім Казталов ауданы Болашақ ауылдық округінің құрамындағы Жаңатаң елді мекенінде туып-өстім. Ата-анам сол жерде тұрады. «Қаладан – ауылға» жобасы туралы ақпаратты whatsappқа достарым жіберді. Жоба шарттарымен танысқан соң хабарласып, өз ойыммен бөлістім. Барынша көмектесетінін айтты. Ауылға көшіп келгенімізге ұл-қыздарым ерекше қуанышты. Олар Жаңатаң негізгі мектебіне және ауылдағы шағын орталыққа барып жүр. Жұмыссыздықтың салдарынан кезінде қалаға көшкенбіз. Біраз жыл облыс орталығында тұрдық. Тапқан табысымыз пәтерақы мен азық-түліктен ауыспайтын. Расында, қалада тұру оңай емес. Алдағы уақытта мал шаруашылығымен айналысуды көздеп отырмыз. Ауылды бірге көркейте­йік! Көштің басын ауылға бұрайық! – деді отағасы Аят Сисенов. Енді осы шаңырақтың шамшырағының сөзіне зер салып, назар аударғайсыз:
– Бұған дейін де ауылға көшіп кетуге бірнеше мәрте оқталдық. Үйіміз болмаған соң тәуекелге бара алмадық. Баспана берілетінін естігенде шын қуандық. Осындай бастаманың жүзеге асырылуына атсалысып, бізге қолдау білдірген азаматтарға мың алғыс! Мен Алматы қаласындағы «Қазнұр» гуманитарлық колледжінде бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білім алдым. Колледжді тәмамдағаннан кейін Алматы университетіне психология мамандығына оқуға түстім. Алайда университеттегі оқуым аяқталмай қалды.
Біздің отағасы көшіп келгеннен кейін көп ұзамай Жаңатаңдағы ауызсу стансасына оператор болып жұмысқа орналасты. Мен осы наурыз айынан бастап мамандығым бойынша ауылдағы мектепте қызметке кірістім. Рамазан, Айша, Еркежан, Аянат, Ақтөре есімді бес баланың анасымын. Үлкені – жеті, кішісі – екі жаста, – деді отанасы Шынарай Төремұратова.
Жаңатаңға жақында көшіп келген Сисеновтер отбасына жергілікті демеушілер екі бас ірі қара, бес қой бермек ниетте. Балалы-шағалы отбасы ұл-қыздарын еңбекке баулып, әрмен қарай шаруаларын өздері өрістетер деген ойдамыз.
– Күні бүгін Жаңатаңда 314 тұрғын бар. Бүгінде мектеп, кітапхана, фельдшерлік-акушерлік пункт, балабақша және дүкен жұмыс істеп тұр. Ауыл мектебінде 45 шәкірт білім алып, ал бөбекжайда 13 балдырған тәрбиеленуде, – дейді Болашақ ауылдық округінің әкімі Артур Берденов.

Басқа аудандар да қамсыз емес

Осы мақаланы жазу барысында бізге Казталов ауданы әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары Зәйлім Мәжитова хабарласып, «Қаладан – ауылға!» жобасына іліккен сегіз ауылда 16 пәтерлік 8 үй салынатынын хабарлады. Осындай қам-харекет облыстың өзге аудандарына да тән. Мәселен, Ақжайық ауданына қарасты Ақбұлақ, Битілеу, Тінәлі, Сайқұдық ауылдарында жаңадан 10 үй бой көтермек. Ал Теректі ауданының Қызылжар, Үлкен Еңбек, Ұзынкөл, Шөптікөл, Богданов, Покатилов ауылдарында үш екі пәтерлік және екі жеке үй салынбақ, яғни ұзын саны сегіз су жаңа баспана бой көтермек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір