ОДАҒЫМ ДЕСЕМ, ОЙЫМА…

Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ
Жарты ғасыр жарқыраған жолдары,
Өз өмірің, өз тарихың ол-дағы,
Алтын ұя, ақ босаға мекенің –
Қазақстан Жазушылар одағы!
Өнер туын тік көтерген жоғары,
Ол тұғырдан түсіп көрген жоқ әлі,
Алыптардың, жарықтардың ұясы –
Қазақстан Жазушылар одағы.
Ол – сәулелі, нұрлы жолдар торабы,
Тағдыры ортақ талай талант соғады,
Елдің даңқын, жұрт мерейін асырған –
Қазақстан Жазушылар одағы!
Қолдап тұрған заманы мен қоғамы –
Шабыт құсы күнде келіп қонады.
Сол шабыттан биік қаққан қанатын –
Қазақстан Жазушылар одағы.
Еңсесімен, кеңсесімен жоғары –
Оған кірсең жүрек қатты соғады.
Зеңгір аспан – көкке ойыңды самғатқан –
Қазақстан Жазушылар одағы.
Жырлайтыны– халық көркі, ел бағы,
Одан аяр жоқ өлеңі, жоқ әні.
Сен жасай бер, өз ұйымым, өз үйім –
Қазақстан Жазушылар одағы.