Кореяда әдебиетшілерге субсидия беріледі
26.06.2024
159
0

2023 жылдың 23-24 қазан күндері Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА «Өнертану» факультетінің ұйымдастыруымен қазақ және корей драматургтерінің тәжірибе алмасу мақсатында халықаралық семинар өткен еді. Жиын барысында Корея республикасының драматургтер қауымдастығы әрі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық Өнер академиясының арасында екіжақты меморандумға қол қойылған-ды. Сондай-ақ семинар кезінде Академияның профессоры, атақты жазушы, драматург, Еңбек Ері Дулат Исабековтің «Мұрагерлер» драмасының және жас қаламгер Ким Сен Диннің «Бос бөлме» пьесасының корей тіліндегі оқылымы тыңдалды. Шара аясында корей һәм қазақ тілдерінде заманауи драматургия тақырыбында дәрістер оқылды. Сол сәт­ті пайдаланып Оңтүстік Кореядан Алматыға ат басын бұрған авторлармен, драматургтермен танысып, артынша эл.пошталарына 7 сұрақ жолдағам. Міне, биыл, яғни 2024 жылы әріптестерімізден жауап келді, соны назарларыңызға ұсынғалы отырмыз. Осы рет­те, ақыл-кеңесін, көмегін аямаған Республикалық мемлекет­тік академиялық корей театры директорының орынбасары Тен Родион Эдуардұлына, аталмыш театрдың артисі, вокалист, корей тілінің білгірі Амангелді Аян Аяхметұлына, жазушы-драматург Қолғанат Мұратқа алғыс айтамыз!..

– Бүгіндері Оңтүстік Кореяда әдебиет қалай дамып жатыр? Цифрландыру дәуірінде көбіне қандай жанрларға сұраныс бар?

– Ким Дэ Хён: Цифрлық дәуірде газет­терді белгілі бір жанрға байлаудан гөрі ақпарат­тық ортаға сай мәтіндер бар деп есептеймін. Мәтін мен сурет қатар тұрса, әлбет­те қабылдауға да, оқуға да оңай. Бұл – ынталандыруға бағыт­талған үрдіс. Мәселенки, қазіргі кез­де комикс пен фантастика үлкен сұранысқа ие. Оңтүстік Кореяда роман заман ағымына қарай өзгеріске ұшыраған жаңа жанр ретінде қайта қалыптасып, өзінің қайталанбас қасиетін жан-жақты танытуда. Десек те, романдарды жүктеп алу не смартфоннан оқудың айтарлықтай артықшылығы бар деп ойлаймын.

– Ким Онсу, Син Кёнсук, Чонг Хьеонсок, Ким Хун, Ким Сын Ок, Ким Вон Иль, Пак Кенни, Пак Вансо, т.б. ақын-жазушыларды танимыз. Мәселенки, Әдебиет аталымы бойынша Нобель сыйлығына бірнеше рет үміткер болған Ко Ын поэзиясын жоғары бағалаймыз. Ал Хан Ган – Халықаралық Букер сыйлығының лауреаты, романист. Осы тұрғыдан келгенде, сіз қазақ әдебиетімен қаншалықты таныссыз?
– Ки Хун Ви: Шыны керек, қатардағы корей Қазақ­стан деген ел барын, оның Орталық Азияда орналасқанын аса біліңкірей бермейді. Отызыншы жылдары біраз корей Азияның шығыс бөлігінен Қызылордаға саяси жағдайға байланысты жер аударылғаны белгілі. Солардың ішінде империалистік Жапонияның басқыншылық іс-әрекетіне қарсы тұрған генерал, әскери қайраткері Хон Бом До да болды. Ол кісі «Корё театрында» қызмет еткен, сонда күзетшіліктен бастап, ке­йіндері аталған өнер ордасына да жетекшілік еткен-ді. Қазақ­станда кәріс аңыздарындағы кагунеге сәйкес келетін ортақ әскери сюжет­тер болуы да мүмкін. Сол секілді корейшеге ұқсас сөздер кезіксе, таңғалмас ем. Негізінен, көбіне-көп дамуды бетке алған елде ғана түрлі сипат­тағы апат­тар болады. Қазақ­стан – қайталанбас мәдениеті бар, саяси үстемдікке қол жеткізуді көздеген, мүмкіндікті молынан жүзеге асыруға болатын тәуелсіз ел. Бізде Қазақ­станның мәдениеті мен тарихы туралы көп мәлімет жоқ, өкінішке қарай. Оның себебі мынада деп білем, арадағы саяси, мәдени, экономикалық, тарихи, ғылыми байланыс нашар я мүлде жоқ деуге де болар. Алайда бұл олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Осы рет­те, 2023 жылы Оңтүстік Кореяның Ұлт­тық драматургтер қауымдастығы тәжірибе алмасып, қойылымдар көріп, ортақ пьесалар жазу үшін Қазақ­станға барған еді. Осы сапар барысында біз Қазақ­станның Орталық Азиядағы күшті орталыққа айналып бара жатқанын байқадық. Біз тағы мына дүниені аңғардық, саяси және экономикалық даму, ақпарат­тық технологиялар күнделікті тіршілікке кірігіп, өркендеудің жаңа аспектілеріне айналыпты. Дәл бұл қарқынмен болашақта біздің қарым-қатынасымыз өнімді боп, мол тәжірибе алмасып, сауда арқылы бауырлас жұрт­тың байланысы нығаяды деп сенем. Рас, Букер сыйлығын көрнекті корей жазушысы Хан Ган жеңіп алды. Әдебиет аталымы бойынша Нобель сыйлығын әлі иемденбесек те, Корея Республикасының (Оңтүстік Корея ресми атауы) 15-Президенті Ким Дэ Чжун Бейбітшілік бағытындағы Нобель сыйлығының лауреаты атанғанынан хабардар шығарсыздар.

– Оңтүстік Кореяда оқырман мен автор арасындағы байланыс қаншалықты дамыған?
– Ян Су Гын: Корей әдеби кеңістігінде қилы-қилы мәдени шаралар, халықаралық ынтымақтастық негізінде жазушы мен оқырман арасындағы байланыс баянды боп, күн өткен сайын нығая түсуде. Баспа кештері, кітапқа автордың қолтаңбасын қоюынан тысқары, кітап концерт­тері және басқа да кітапханаға қатысты тақырыптық бағдарламалар ұйымдастыру арқылы алтын көпір қызметін атқарып келеміз. Сондай-ақ жуырда корей баспаларынан жарық көрген кітаптарды әлем жұртшылығына паш ету және баспамызды шетелдік экспансиядан құтқару мақсатында бірнеше елде көрме ұйымдастырылды. Аталмыш бағдарламалар жергілікті оқырмандардың талғамын, сұранысын анықтауға, корей кітаптарының қолжетімдігін арт­тыруға және «Корей толқынының» ауқымын кеңейтуге септеседі. Мысалы, Аустралия, Вьетнам және Ұлыбританиядағы оқырмандар үшін корей кітаптарымен алмасу іс-шаралары өткізілді, бұл – корей әдебиетінің шетелдегі сан-салалығын әрі тереңдігін танытудың маңызды тетігі.

– Оңтүстік Кореядағы әдеби агент­тер туралы айтып берсеңіз?
– Ким На Ён: Корей әдебиетін шетелге экспорт­тайтын авторлық құқық агент­терінің тарихы аса ұзақ емес, алайда көптеген шығарманы әлемге танытуда зор рөл атқарғаны анық. Әсілі, экспорт салыстырмалы түрде баяу жүзеге асады екен. Өйткені аударма мен сату импортқа қарағанда біршама уақыт алады. Сонымен қатар, ол көбіне романдармен ғана шектеледі. Шин Кён Сук, Хан Ган сияқты жазушыларды жаһанға таныстырған әдеби агент­тіктер бар. «KL Management» – ​​үлкен жетістікке қол жеткізген ұжым. Соның арқасында жиырма жыл ішінде Хан Ган Букер сыйлығын жеңіп алды

– Баспалар қай бағыт­та дамуда? Қандай ерекшеліктері бар? Кітап саудасы, әдебиет­тің коммерциализациясы қаншалықты жолға қойылған?
– Ли Чон Ок, «Pyeongmin Publishing» баспасының атқарушы директоры:
Біріншіден, Кореядағы баспа жағдайы өте қиын, бірақ шын мәнінде бұл мәселе кеше ғана пайда болған жоқ және үздіксіз жалғасып келеді, менің ойымша, дүниежүзіндегі баспа саласы да дәл осындай проблемаларға тап болды. Оның басты себебі – ұялы байланыс жүйелері, ақпарат­тық технологиялар дамыған сайын кітап оқитын адамдар санының азаюы. Ұялы телефондар ақпаратқа қол жеткізу жағын жеңілдеткенімен де, кісінің кітапқа, оқуға деген қызығушылығы салыстырмалы түрде төмендейді. Осы үрдіске жауап ретінде көптеген электронды кітап шығарылып жатқанымен, қағаз кітаптар әлі де басымдыққа ие.
Екіншіден, әдеби шығармалардың басылуы бәсеңдегенімен, экономиканы басқару, өмірлік дағдыларға арналған кітаптар тұрақты түрде жарық көруде. Жақсы кітаптарды насихат­тауға келер болсақ, теледидарда жиі көрсетілетін немесе әлеуметтік желіде белсенді автордың кітаптары көп сатылады.
Үшіншіден, қазіргі уақыт­та шет елде корей авторларының шығармаларын басып шығару үрдісі айтарлықтай ілгеріледі, агент­тіктер арқылы авторлық құқықтарды сату ісі біршама алға жылжыды, бірақ әлі де мардымсыз. Әдебиет­ті коммерцияландыру үшін кино түсіріліп, театрда сахналанып, өнердің өзегіне айналған сапалы көркем шығармалар болу керек. Десек те, бұған коммерцияландырудың басқа да әрекет­тері арқылы қол жеткізу керек екені даусыз. Мұнымен қоса, романдар сахнаға жол тартып, инсценировкаға сұранып, экранизацияланғанда көрерменнің сұранысына ие болмақ. Қорытындылай келе айтарым, көрерменнің көңілінен шыққан, көзіне түскен әр көркем туынды мазмұнына я әдеби кеңістіктегі жетістігіне қарамастан коммерциялануға бейім келеді.

– Үкімет пен әдебиет арасындағы байланыс туралы не айта аласыз?
– Ан Хи Чхоль: Корея үкіметі мәдениет пен өнерді дамыту, тарату үшін тыңғылықты жұмыс істеп жатыр. Міне, сол себепті Мәдениет, спорт және туризм министрлігі деп аталатын мемлекет­тік департамент бар. Әдебиет – ең көне өнердің бірі және соның негізі. Корея үкіметі мен жергілікті органдар қаржылық, институционалдық қолдау арқылы корей әдебиетіне жан бітірді. Қаламгерлерді және тарихты насихат­тау, оларды қорғау үшін Кореяда әдеби мұражайлар құрылып, ол өнімді жұмыс істеп жатыр. Сосын шығармаларын кітап етіп басып шығаратын әдебиетшілерге субсидия, сондай-ақ туындыларын іріктеп ап, жинақ қылып жариялайтын шығармашылық жобалар һәм пьеса, опера, киноны қолдайтын жобалар бар. Мәселе сұранысқа байланысты. Мысалы, сіз бейне-арт өндірісіне немесе драмаға басымдық беруіңіз мүмкін. Мәдениет, спорт және туризм министрлігі, Корея көркемдік кеңесі және Кореяның шығармашылық контент агент­тігі сынды мемлекет­тік орталықтар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары құрған мәдени қорлар әртүрлі тәсілдермен өнерге жәрдемдеседі. Сондай-ақ, «кітапхана жазушысы-резидент» деп аталатын қолдау жүйесі арқылы іріктеліп алынған жазушылар келісілген кітапханаларда шығармашылық жұмыстарымен айналысады, әдебиетпен қызығатын азамат­тармен түрлі бағдарламалар жүргізеді. Соның арқасында қаламгерлер жалақы алып, тұрақты қаржылық жағдайда алаңсыз жаза алады. Кореяда өнерді, әдебиет­ті қолдау демократиялық жолмен сайланған үкімет­тің саяси бағытына байланысты аз-кем өзгеріске ұшырап отыратыны бар. Дегенмен, үкімет төл өнерді дамыту, насихат­тау, баспа ісін жүйелеу, қаламгерлер имиджін көтеру, көркем әдебиет­ті көпшілікке қолжетімді ету жолында аянбай еңбек етіп жүр.

– Кан Джегю, Ли Чжун Ик, Рю Сын-Ван, Хон Сан Су, На Хон Чжин, Им Квон Тэк, Ким Ки Дук, Ким Чжи Ун, Пак Чхан Ук секілді кинорежиссерлердің шығармашылығымен таныспыз. 2020 жылы Пон Джун Хо түсірген «Тоғышарлар» («Паразиты») киносы «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік төлтума сценарий», «Шет тіліндегі үздік көркем фильм» аталымы бойынша «Оскарды» жеңіп алды. Осы оқиға Оңтүстік Корея өнеріне қаншалықты әсер ет­ті?
– Ким Су Ми: Әр режиссердің өз қолтаңбасы, өнердегі өз сара жолы бар. Айталық, Пак Чхан Ук кинода түс пен стиль маңызды деп санайды. Ал режиссер Пон Джун Хо шынайылық пен детализацияға ұмтылады, ерекше мән береді. Кино өнерінің айырмашылығы сонда, әр режиссердің жеке стилі болғандықтан, оның жалпы өнерге үлкен әсері бар деп айту қиындау. Шығармашылықпен жалғыз тұлға айналысатындықтан, оның даралық сипаты көзге айқын ұрады. Егер соның ізімен жүрсеңіз, өз көркем әлеміңізді түзе алмайсыз, даралығыңыздан айырылып қаласыз деп ойлаймын.

Сұқбат алып, аударған:
Әлібек БАЙБОЛ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір