ҰЛТТЫҚ ПСИХОЛОГИЯ ҚАЖЕТ ПЕ?
ҚАЖЕТ БОЛҒАНДА ҚАНДАЙ?
300 ЖЫЛДАЙ ПАТШАЛЫҚ РЕСЕЙ МЕН БОЛЬШЕВИКТЕРГЕ БОДАН БОЛҒАН ҚАЗАҚТАР ҮШІН АУАДАЙ ҚАЖЕТ
Ұлттық психология (кең мағынада этнопсихология) әр ұлт пен ұлыстың тек өзіне ғана тән тыныс-тіршілігінен туындайтын (тіл, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, дін, миф, т.б.) психологиялық ерекшеліктерді зерттейтін ғылым. Ұлттық психология – этнопсихологияның зерттейтін басты проблемасы. Бұған ұлттық мінез, ұлттық сезім, ұлттық тіл, ұлттық намыс, ұлттық мақтаныш, ұлттық рух, ұлттық тұрпат, т.б. осы іспеттес ұлттық құндылықтар кіреді. Ұлттық психологиясыз ұлт болмайды.
Құбығұл ЖАРЫҚБАЕВ,
академик Т.Тәжібаев атындағы этнопсихология
және этнопедагогика оқу-зерттеу орталығының
ғылыми жетекшісі, профессор
Ақнұр ОЛЖАЕВА,
«Мектептегі психология –
Психология в школе»
журналының бас редакторы
Еліміз егемендігін жариялап, тәуелсіздігін алғаннан кейін жұртшылық арасында «ұлттық тәрбие», «ұлт психологиясы» дейтін сөз тіркестері жиі айтылатын болды. Осы мәселенің төңірегінде түрлі жиындар мен мәслихаттар өткізіліп, газет-журнал беттерінде күні бүгінге дейін көптеген мақалалар жазылып, нақтылы ұсыныстар айтылды. Сонау ХХғасырдың басында-ақ қазақтың біртуар аяулы перзенттері – Х.Досмұхамедов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаевтар жеріне жеткізе айтқан еді.
«Мектебімізді таза, сау, берік, һәм өз жанымызға үйлесетін негізге құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады. Сондай негізге құра алмасақ, келешегіміз күңгірт». (М.Жұмабаев).
1992 жылы 20 тамызда «Әдеп және жантану» дәрісін енгізу туралы Қазақстан Халыққа білім беру министрлігі Жалпы орта білім беру бас басқармасының бастығы Б.Қ.Ұзақбаев тарапынан Облыстық білім басқармаларына жолданған нұсқаулықта былай делінген:
Қазақстан Республикасы Білім министрлігі алқасының 19.XII.91. №16/5 шешіміне сәйкес, 1993/94 оқу жылынан бастап орта білім беретін мектептердің жоғары кластарында бұрынғы «Семья өмірінің этикасы мен психологиясы» дейтін пәннің орнына «Әдеп және жантану» атты жаңа дәріс енгізіліп отыр.
Сіздерге жіберіліп отырған осы дәріс бағдарламасының жобасы ғалымдар мен мектеп мұғалімдерінің талқысына түсіп, мақұлданған. Таяу арада осы атпен оқу құралы жарық көрмекші (авторлары: Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің профессоры Қ.Жарықбаев пен доцент Ә.Табылдиев).
Министрлік Сізді аталмыш дәрісті барлық қазақ мектептерінде енгізуге және алда жарық көргелі отырған оқу құралына сұраныс ұйымдастыруды және осы шаралардың орындалу барысын Жалпы орта білім оқу-әдістемелік бас басқармасына 1993 жылдың
1 қарашасынан қалдырмай хабарлауыңызды міндеттейді».
Келесі бір құжатта ҚР Білім министрлігінің сол кездегі орынбасары Б.Сапарбаев (қазір ол Ақтөбе облысының әкімі) Алматыдағы «Атамұра» баспасының бас директоры М.Құлмұхамедке (кейін Мәдениет министрі болған) Қ.Жарықбаев пен Ә.Табылдиев дайындаған «Әдеп және жантану» оқу құралының қолжазбасын оқулық түрінде 100 мың таралыммен шығару туралы тағы бір хатты жолдаған еді.
Елімізде психология ғылымының тамыры тереңге кетпей, өзегі ерте шіріген ағаштай қурай бастағанына кім кінәлі деген сауалға келетін болсақ – мұның үш себебі бар екенін байқау қиын емес. Мұның екеуі – билік басындағыларға байланысты болса, біреуі – осы мәселені дұрыстап жолға қоя алмай жүрген өзімізге келіп тіреледі.
Даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан басталады дегендей, мектептерде психология пәнінің оқытылмауына биліктегілердің не себептен қарсы болғаны әлі күнге дейін белгісіз. Бұған Білім министрлігіндегілердің өздері себеп болды десек қателеспейміз. Олар, әсіресе, орта мектеп департамент директорлары С.Есбосынова, С.Рзалиев, С.Өмірбаевтар өздерінің академик Т.Тәжібаев атындағы этнопсихология және этнопедагогика оқу-зерттеу орталығына жолдаған хаттарында «Әдеп және жантану» пәнінің орнына Кеңес заманында КСРО мектептерінің бәрінде оқытылатын «Семья өмірінің этикасы мен психологиясы» деген пәнді оқыту қажет деген көзқарасты ұстанды. Семья өміріндегі әдеп және психология» Кеңес дәуірінің идеологиясы емес пе? Осыған орай, «екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» дегендей, мұғалімдер мен мектеп басшылары мұның қайсысын оқытарын білмей әуре-сарсаңға қалды. Төменде министрліктің орта білім департаментінің директоры С.Есбосынованың профессор Қ.Жарықбаевқа жазған жауап хатынан үзінді келтірейік:
«В соответствии с базисным учебным планом на 1994–1998 учебные годы предмет «Этика и психология семейной жизни» включен в инвариантную (обязательную) часть учебного плана для изучения в Х классе».
2005 ж. 31 желтоқсанда осы ресми хатқа мен төмендегідей жауап берген едім: «Сіз айтып отырған аталмыш пән Кеңестік дәуірде КСРО-ның барлық орта мектептерінде оқытылғаны белгілі. Тәуелсіздігін жариялаған ТМД елдерінің Білім министрліктері бұл пәнді жаңа талапқа сай келмейді, ол коммунистік тәрбие бастаған еді. 1991 жылы ҚР Білім министрлігі төралқасының арнайы шешімімен (№46/5, 19.12.1991) «Семья өмірінің этикасы мен психологиясының орнына «Әдеп және жантану» оқу құралын (хрестоматиясы) бағдарламасымен бірге әрқайсысы 100 мың тиражбен шыққан еді.
Соңғы 20 жыл көлемінде Қазақстан мектептерінде психология пәнін оқыту керек пе, әлде жоқ па деген мәселелердің төңірегінде айтыс-тартыс болып келеді. Бұл айтқанымызға төмендегі мақалалардың тақырыптары айқын дәлел. Олар: «Қазаққа психология ғылымы керек пе?» («Жас Алаш» газеті, 1996, 28 қараша), «Бізге ұлттық тәрбие керек пе? немесе мектептерде жантану пән ретінде неге оқытылмайды?» («Көзқарас» газеті, 2003, 15 қараша), т.б.
«Баяғы жартас – бір жартас» дегендей, осы мәселенің шешімін Білім министрлігі тарапынан қолдау таппай, әлі күнге дейін бізді әуре-сарсаңға салып қойды. Турасын айтсақ, Үкімет те, Білім министрлігі де психологияны басы артық ғылым санайтын секілді. Оған дәлел жетіп-артылады. Мұның бастылары – жалпы білім беретін мектептерде психология пәнін оқытуды қажетсіз (мұны жоғарыда тәптіштеп айтып кеттік) деп санау, ұлттық психология ғылыми-зерттеу мекемесін ашуға деген неқұрайлылық. Енді соңғысына қысқа түрде тоқталайық. 1993 жылы тәлім-тәрбие саласымен айналысатын бір топ ғалымдар Президент Н.Ә.Назарбаевқа ұлттық психологияны зерттейтін институт ашу туралы арнаулы қаулыда да қол қойды. Бірақ ол кейіннен қағаз жүзінде қалды. Қазір де ұлттық психологиялық ғылыми мекеменің болмауынан, біз өз менталитетімізді жөндеп көрсете алмай, Мәскеуден, Ресейден келетін, ұлтымызға ешбір қатысы жоқ деректермен ғылыми жұмыстар жүргізуге мәжбүрміз. Ұлттық психологиялық орталық бізге кеуде соғу үшін емес, біздің ұлттық тұрғыдан даму үрдісімізге, қанымызға сіңген әдет-ғұрып, салт-дәстүр ерекшеліктерімізді әлемдік өркениетке, ғылыми-техникалық прогресті неғұрлым тиімді пайдалану үшін қажет екені белгілі. Ұлттық психологиялық ҒЗИ – елдегі осы саладағы ғылыми мәселелерді үйлестіріп, оған белгілі бағыт-бағдар беретін, яғни жас ғалымдар ұшып шығатын ұя іспеттес мекеме.
Сондықтан да билік басындағылар бұл мәселеге атүсті қарамай, оның шешімін табу жағын ойластырулары тиіс.
Психолог мамандарын даярлауда өзіміз де қатысты кемшіліктер де аз емес.
– Толстой өзінің «Соғыс және бейбітшілік» атты эпопеясында адамның бет-келбетінің 98 түрлі ерекшелігін көрсетіп, Волоконский, Ростова секілді кейіпкерлерін суреттеген. Ленин Толстойды «Орыс жанының айнасы» деуі де содан болар. Бұл салада қазақ топырағында аса құнды пікір айтқан адамның бірі – Жүсіпбек Аймауытов. Жүсіпбектің тәлім-тәрбие тақырыбында жазған еңбектерінің ішінде «Психология» деп аталатын көлемді оқу құралының орны айрықша. «Психология нені сөйлейді?» дейтін бірінші тарауында осы ғылымның екі жарым мың жылдық тарихынан біраз мағлұмат береді. Адамның жан дүниесін, мінез-құлқын зерттеуді қалайша ұйымдастыруға болатынын тәптіштеп түсіндіреді. Бізді ерекше таңқалдыратыны – адам психологиясын зерттеуде математиканы, оның варияциялық статистика дейтін саласын қалайша пайдалануға болатындығы жайлы мәселе. Қазақ топырағында мұны Аймауытовтан басқа ешкім күні бүгінге дейін көтермеген. Біздегі ғылыми психологиялық терминдердің алғаш жүйеге түсуі де Аймауытов есімімен байланысты. Қырқыншы жылдарға дейін әзірбайжан, өзбек, түркмен, қырғыз, башқұрт тілдерінде ұлттық психологиялық еңбектер жарық көрмеген. Жүсіпбектің психологиялық еңбектері оқырманға әлі толық жетпей жатыр. Қалың жұртшылықтың игілігіне тезірек айналдыру жолын баспалар тезірек қолға алса, нұр үстіне нұр.
Қазіргі қазақ психологтарына ғылыми зерттеуде де, шәкірт дайындауда да Жүсіпбек тамаша үлгі. Олай болса, оның қалдырған психологиялық мұрасына үнемі зер салып отырмаса болмайды.
ҚазҰУ-де 1988 жылдан бастап психолог мамандар даярлана бастады. Алғашқы төрт жылда орысша оқытылды. Университетте одан бұрын да 1947-1953 жылдары логика және психология бөлімі болған. Арада 35 жылдық үзіліс бар. Ал қазақ тілінде психологтар дайындау 1991 жылы, яғни тәуелсіздікке ие болумен тұспа-тұс келді. Мәскеудің Ломоносов атындағы университетінің психология факультетінде он екі кафедра болса, бізде бір ғана кафедра бар, алғашқыда екеу еді, кейін біреуін жауып тастады. Мұғалімдер орысша оқып келгендіктен, көбісі қазақшаға шорқақ, өз еңбектерін орысша жазып, басқаға аудартады. Оны ана тілімізге аударғандардың кейбірі ана тіліне шалағай.
Осы кітаптардың көбісі орыс тіліне АҚШ және Батыс психологтарының еңбектерінен аударылған қазақ рухынан алшақ жатқан дүниелер.
Бізде қай нәрседе болса да басқа жұртқа еліктеушілік басым. Мәселен, Англияның Кембридж университетінің, Оңтүстік Кореяның оқу үлгісі дегендер пайда болды. Ұлттық психологияға өзіміздің оқыту, тәрбиелеу әдістерімізге селқостық орын алуда. Мұндай жағдайда ұлттық ерекшеліктер жайына қалып, әлемдік жаһандық үрдіс белең алуда.
Психологиядағы ұлттық дәрістерді оқып-үйренуге қазақ студенттері ынтасыз дейтін пікірлер де бар. Мұнымен келісу қате. «Меніңше, ұлттық тәлім-тәрбиеге мектепте де, жоғары оқу орындарында жөнді көңіл бөлінбейді», – дейді бізбен әңгімелескен бір психолог-студент.
Қазіргі таңда қазақ баласының психологиясын орыс, батыс психологиясы жаулап алған. Оған кінәлі – теледидар, интернет, басқа да ақпарат құралдары. Студенттер ана тіліндегі газет-журналдарды, көркем әдебиеттерді оқымайды. Бұл, әрине, өзімізге келіп тірелетін мәселе. Мұндай жағдай біздің ұстаздарымызға да, билік басындағыларға тән. Отбасындағы қазақы тәрбиенің де оңып тұрғаны шамалы. Ата-ананың өнегелі тәрбиесінің өзі – жақсы психология ғой. Ұлттық тәрбие отбасы мен мектептен басталатыны белгілі. Мектептердің оқу жоспарында «Қазақ әдеті мен психологиясы» дейтін пән жоқ, мұны міндетті түрде енгізбесе болмайды. Біздер қазақ ғұламаларының тәлім-тәрбиелік ұстанымдарынан хабарсызбыз. Төрт жыл бойына Батыс пен орыстың психологиялық ілімін жаттап жүреміз. Оқу жоспарындағы бұрынырақ орын алған «Қазақ психологиясының тарихы», «Әл-Фарабидің психологиялық жүйесі», «Қазақ этнопсихологиясы», «Ұлттық салт-дәстүр психологиясы» секілді арнаулы дәрістерді қайтадан енгізу қажет.
Білім және ғылым министрлігі бекіткен оқу жоспарында психологияға тікелей қатысы жоқ курстар жетіп-артылады. Олар: Қазақстан тарихы, философия, шет тілі, қазақ және орыс тілдері, информатика, экология, т.б. Осынау қоғамдық гуманитарлық пәндерден студенттер мектеп қабырғасында жеткілікті мағлұмат алатыны мәлім. Енді оларды қайталап оқытудың қажеттілігі қанша? Оның орнына тек болашақ мамандыққа қатысты пәндерді оқыту тиімді емес пе?
Бізде оқылатын арнаулы пәндердің бағдарламасы да төрт аяғынан тең басып тұр деп айту қиын. Мәселен, зоопсихология (жануарлар психологиясы) атты бірінші курста оқытылатын пәннің мазмұны өмірден, күнделікті тұрмыс-тіршіліктен алшақ жатқандығы – бұған жақсы дәлел.
Қазақстан мал шаруашылығымен көбірек айналысатын ел. Сондықтан зоопсихология пәніне төрт түлік малдың психологиясына байланысты мәселелерді оқытсақ қалай болар еді? Ал осы пәнде көп жағдайда құрт-құмырсқа, бақа-шаян, шыбын-шіркейлердің жүйке жүйесінің ерекшеліктері мен сүтқоректілер мен омыртқалылар психологиясы сөз болады.
Мәселен, студент үшін халқымыздың төрт түлік малдың психологиясына қатысты деректерді беретін болсақ, ол курстың теориялық және практикалық мәні маңыздырақ болар еді.
Қазақта үй малдарына қатысты 4000-нан астам атаулардың ішінде тек қозының ғана 40-қа жуық түрі бар екені көп нәрсені аңғартпай ма? Осы айтылғандар психологиялық тұрғыдан талдауды қажет етеді. Құлан мен құлыншақтан басталатын жылқы малының, ботақан мен ботадан өрбитін түйеге тиісті атаулар қаншама? Бұл деректер аталмыш пәнді ана тілінде оқып үйренушілерге ғана емес, төл тілімізде білім алып жатқан қазақ ұлты өкілдерінің бәріне де пайдалы. Мәселен, қала балаларын ат пен биені бір ұғым деп ойлайды екен. Олар құлынды бие деп, ту бие, тайлы бие, құнан, дөнен, ат, айғыр, тұлпар, т.б. анатомиясымен қатар, психологиясын білетін болса кұба-құп болар еді. Ұсақ жәндіктерді де білген жақсы, бірақ өзімізге жақын төрт түлік малдың психологиясын тереңірек білетін болсақ, бұл практикалық тұрғыдан аса пайдалы болар еді.
Жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау (суицид), мұның көрсеткіші бойынша еліміздің алдыңғы қатарға шыққандығы, үлкендер тарапынан балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылықтың артуы, отбасындағы ата-ана мен бала қарым-қатынасының нашарлауы, жас отбасылар арасында ажырасудың көбеюі сияқты, т.б. келеңсіз жағдайлар орын алуда. Соңғы кездері осы секілді психологиялық астары бар мәселелерді шешуге белсенді араласу – психологтардан кәсіби шеберліктіқажет етеді.
Қазіргі кезде балалар арасында жүйкенің сыр беруі 30 пайызға өскен. Мұның өзі оқу үлгеріміне елеулі әсер етеді. Ал дұрыс білім алмаған баланың болашағы қалай болады? Екіншіден, еш жерде тіркелмеген мектепішілік түрлі оқиғалар, қылмыстар да жетіп-артылады. Ұстаздар тарапынан болатын жайсыз жағдайлар да кездесіп тұратындығын жасыруға болмас. Бұған тосқауыл болатын психологтар ғана. Сондықтан Білім және ғылым министрлігінің ойланатын кезі келген секілді. Қорыта айтқанда, ғалымдар мен мамандар психологтарды даярлау және бар мамандардың қызметін тиімді пайдалану бағытында арнайы жоба әзірлеп, оны үкілі үмітпен құзырлы органдарға жолдауы – қазіргі күннің басты талабы. Оқу орындарында психология пәнін жүргізуде прогрессивтік шет ел психологтарының жетістіктерін пайдалануды ұмытпау керек. Бізде бұл жағына тиісті көңіл бөлінбей жүр. Халқымыздың жан дүниесіне өзінің теориялық һәм практикалық жаңалығымен Ұлы Даланың тыныс-тіршілігіне біртабан жақын тұрғаны – 3.Фрейдтің психоанализ ілімі мен американдық гуманистік (ізгілік) психологиясы өкілдерінің (К.Роджерс, Г.Олпорт, А.Маслоу, т.б.) түйін-тұжырымдамалары. Мәселен, гуманистік психологияның (мұның идеясын кезінде Әл-Фараби, Өтейбойдақ, Асанқайғы, Абай, т.б. айтқан. – Қ.Ж.) түсінігінде адам – табиғатынан қайталанбас белсенді тұлға, әркімнің алдына қойған мақсатына жетуге мүмкіндік бар, оның үнемі өзін-өзі жетілдіре түсуіне мүмкүндігі мол, өйткені, «үмітсіз – шайтан» дегендей, онда болашақтан үміт үзбейтін, ілгері қарай ұмтылушықтың табиғи негізі бар дейтін оптимистік идеялар ұсынылған.
Логотерапияның негізін салушы В.Франкл тұлғаның мінез-құлқындағы негізгі қозғаушы күш оның өз өмірінің мән-мағынасын іздеу мен мұны жүзеге асыруға ұмтылысы дейді. Мұндай әрекеттің адамда болмауы онда селқостық, торығу, өмір сүруге деген сенімінің болмауына алып келеді. Өмірдің бірегей мән-мағынасын білдіретін құндылықтарды субъект (индивид) төмендегі үш саладан (шығармашылықпен айналысу, белгілі ұстаным көзқараста болу, оны басынан кешіруден табуы мүмкін. Сондай-ақ гуманистік психологияның негізін салушы А.Маслоу тұлғаның барлық қасиеттерін (мінез, бағыттылық, қызығу, мүдде, қабілет, икемділік, темперамент, бейімділік, т.б.) тұтастай қарастырып, оның аса маңызды құндылықтарын ашу – әр адам қайталанбас тұлға. Оның айналаны өзін-өзі сезіне алуын үздіксіз дамып, жетілуге, өзін-өзі тануға түрткі болады. Адам табиғатынан белсенді, жігерлі, шығармашылықка қабілетті субъект.
А.Маслоу, К.Роджерс, Г.Олпорт, В.Франклдардың қай-қайсысы да адамды жоғарғы рухты, алдына өзін-өзі жетілдіру мақсатын қарастырады. Мәселен, Г.Олпорт тұлға анықтамасының 50-ге жуық түрін жүйелеп, оның сыртқы көрінісімен ішкі психологиялык мәніне байланысты жеті топқа бөліп қарастырады. Біздегі психологиялық бөлімшелерде шет ел психологиясынан осынау прогрессивтік көзқарасты назардан тыс қалып келеді.
Қазіргі қазақтардың мінезі туралы бірер сөз.
Бұрынғы КСРО-ны мекендеген этностардың психологиясы туралы қорғалған диссертациялар, жарық көрген еңбектер аз емес. Ал бізге қомақты зерттеуді былай қойғанда, ауыз толтырып айтатындай мақалалар да болмай келеді. Қазіргі қазақ жаны деформацияланған, бүлінген дер едік. Өйткені, қазақтың психологиясында осы этносқа ғана тән біртұтас ұлттық ерекшелік бар деп айту да қиын. Қазақтың бүкіл тыныс-тіршілігінде, отбасындағы әдет-ғұрпы мен салт-дәстүр, жөн-жосық, жол-жоралғысында елімізді біраздан бері мекен етіп келе жатқан басқа этностар мінездерінің элементтері көрініс береді десе де, бәз біреулер айтып жүргендей, біз жылқы мінезділіктен айырылған, «қой мінезді» момын, жуас, намысы жаншылған халық емеспіз.
Қазіргі нарық заманына белшесінен батқан қазақ елінде біздің пайымдауымызша, 11 миллионнан астам қазақ жұрты 6 үлкен топқа бөлінетін сияқты. Бұның біріншісі, шамамен 2,5 миллиондай әр түрлі себептерге байланысты мәңгүрт (бұның да неше түрі бар. – Қ.Ж.) атанған ағайындар. Бұлар ана тілінен де, тегінен, әдет-ғұрпынан бей-хабар жандар. Екінші топ – бұл да сан жағынан осы шамалас маргинал қазақтар. Үшінші топқа – жаңа қазақтар (қазақ байлары), төртінші топқа – оралмандар, бесінші топқа – кәдімгі қазақ, алтыншысына – нағыз қазақтар. Империялық саясат тудырған ұнамсыз қасиеттер бізде қазір де баршылық. Қанымызға әбден «сіңіп» кеткен жағымпаздық пен жалтақтық, даңғазалық пен ұраншылдық, күдікшілдік пен күншілдік, арызқойлық пен жалақорлық, бойкүйездік пен салғырттық, жалқаулық пен шалағайлық, т.б. Бұл айтылғандарға нарық қоғамы тудырған жезөкшелік, некебұзарлық, келеңсіз тіршілікке құмарлық, бақталастық, т.б. (бұлар бұрын-соңды қазақтың түсіне де кірмеген мерез қасиеттер еді) осы секілді пәлелер келіп қосылды. Бізде бұдан басқа еліктеп-солықтаулар (батысшылдық, ермелік, еліктеушілік, желөкпелік, т.б.) жетіп-артылады. Бұл жайт еңсемізді көтертпей, құлдық психологиясының шырмауынан шығуға кесірін тигізіп-ақ тұрғанын естен шығармауымыз абзал.
Кезінде ұлт мәдениетін зерттеуші бір ғалымның турасынан қойған мына бір пікірі ойдан кетер емес: «Алдағы жаңа ғасырда адам болып қалатынымыз айдан анық, бірақ қазақ болып қалуымыз үлкен мәселе…».
«Қазақ әдебиеті» газетінің бір санында «Уа, біз кімбіз?» деген мақала басылды. Оның қысқаша жауабын былайша берген болар едік: Біз – «сырты бүтін» (түр-сипатымыздың қазаққа ұқсастығы) «іші түтін» (қазіргі қазақтардың біртекті ұйыған ұлт еместігі). Өйткені, көпэтностық (полиэтностық) қоғамда жоғарыда айтқандай, белгілі бір ұлтқа тән кесек, толық, берік те байсалды, тұтас мінездің болуы қиын. Мұндай мінез бітістері біртекті этносқа, яғни моноэтностарда ғана кездеседі.
Сөз соңында тағы да айтарымыз, Қазақстандағы ұлттық психология ғылымының жоғары жақтан қолдау таппай отырғаны, әсіресе, еліміздің өз егемендігін жариялап, тәуелсіздігін алғаннан кейін неге шешімін таппай тұрғанын түсіну қиын. Біз жоғарыда осындай келеңсіз жағдайдың неге туындап отырғанын, себептерін, шама-шарқымызша сөз еткен болдық. Бірақ біз осы мәселелердің барлық әттеген-айларын көрсете алған жоқпыз. Олардың бар себеп-салдарын таразылап жазуға бір мақаланың көлемі де көтермейді. Сондықтан бұларды тек тізбектеп атап өтуді жөн көрдік. Олар: соңғы жиырма жыл ішінде билік тарапынан (бұл жерде Білім және ғылым министрлігін айтып отырмыз) елдегі психология ғылымының жай-жапсары туралы бастама көтермеуі, оқу жоспары мен бағдарлама, стандарттар жасауға араласпағаны, осы мамандықтың кадрларын дайындауға немқұрайлық, ғалымдар тарапынан көтерілген ұсыныс, талап-тілектерге биліктегілердің құлақ аспауы, төл тілімізде психологиялық әдебиеттердің жарық көруіне қамқорлықтың жоқтығы, т.б. Осы секілді ірілі-ұсақты мәселелерге министрлердің бағыт-бағдар беріп отырмауы, психология мамандығының көңіл-күйіне қаяу түсіретіні талай рет баспасөз беттеріне көтерілді («Қазаққа психология ғылымы керек пе?», «Ұмыт қалған аралдай», «Мектепте ұлттық психология неге оқытылмайды?», «Жұртта қалған кафедра», «Психологияның бағы қашан ашылады?», т.б.).
Біз билік тарпынан да, психолог мамандарынан да ұлттық психологияға қамқорлық жасау мәңгілік елге жасалған қамқорлық деп есептейміз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, біздер өз күшімізбен осындай тығырықтан шығудың жолын таппай, қиналыс жағдайында отырғанымыз хақ. Шешімін таппай тұрған мәселелерге жауап беруді жоғары жақтан күтетінімізді тағы да еске саламыз. Халқымыздың «үмітсіз – шайтан» дейтін дуалы сөзіне орай, психология ғылымының бағы ашылатынына үміттіміз.