АБЫЗДЫҚТЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫ
18.03.2016
1980
0

Жамбыл+1Есте жоқ ерте заманнан жалғас­қан жыраулық сарынды сақтап, халық жырының туын желбіреткен, жұртының басына түнек орнаған талмау шақта тарпаң мінез танытып, езілген елдің еңсесін алтын домбырасымен асқақтатқан, сөйтіп асыл аманатты ұрпаққа ұластырған Жамбыл ақынның мұрасы мен шығармашылық болмысы түгел түркі әлеміне өшпес өнеге, тағзым етер тағылым.


Дархан  ҚЫДЫРӘЛІ,
тарих ғылымдарының докторы,
Халықаралық  Түркі академиясының президенті

 

Қоғамдық жүйелер алмасқан алмағайып дәуірде ғасырлық ғұмыр кешіп, дүниежүзілік екі қанды соғыстың қасіретін халқымен бірге қа­бырғасы қайысып көтерген абыз бабаның қазыналы кеудесі толы шежіре, күмбірлеген күміс әуез еді. Сондықтан бағзы бабадан үзіл­мей жеткен түркі ақындық дәстүрінің алып құбылысы, арқалы ақынның жыр әле­міне құлақкүй болған өлең-жыры да, өнеге-ұраны да қалың еліне қашанда ем бола береді. «Жүрегі жүз жыл жырлаған» дарабоз тұлға жайында ғалымдарымыз, әсіресе, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков кеңінен көсіліп жазған.

Көне түркілік дәстүрде жыраудың негізгі мін­деті – сын сәтте суырып салып, елге тол­ғау сөзін айту, қаһарман бектердің жанында болу, елдік пен ерлікті жырлау, ханның қа­сы­нан шешуші кезеңдерде табылып, бүгінгі күн мен өткен заманды салыстырып, ақ пен қара­ны ажыратып, қорытынды кеңес шы­ға­рып, бұқараға нақыл сөз естірту. Жамбылдың бойынан мұндай қасиеттер молынан табыла­ды, оны ғасыр биігіне шығарған да осы алтын тұғыры еді. Сондықтан Жамбылды жыраулық дәстүрдің сарқыт сарыны деп атауға толық негіз бар.

Сонау Иоллығ тегін, Тоныкөк, Сыпыра жы­раудан бері жалғасқан түркі жауынгерлік жырының нақысты дәстүрі мен жыраулық бекзат өнер Жамбыл ақынның айтыстарынан бастау алып, көлемді эпикалық жыр, дастан, тол­ғауларына ұласып, оның бүкіл шы­ғар­ма­шылық әлеміне нұр шашып, жақұттай жар­қы­рап тұр. Ұлы ұстазы Сүйінбайдан бата алып, «піріне сыйынбай сөз сөйлемеген» Жам­был даңғыл жыршыға айналып, айтыс өне­рінің алдаспаны болды. Ақын айтыс­та­рын­да үнемі елдік, теңдік, бостандық үшін ар­палысқан батырлардың шежіресі дәріп­те­летін. Ақынның айтыстағы көтерген ұраны ел­дің тұтастығы мен Отан үшін қамал болған қаһармандардың өр тұлғасы еді.

Бағзы сарынды жаңғыртқан жырау ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қазақ пен қыр­ғызды аралап, алып Манас, ер Қарасай, Өтеген, Саурық, Сұраншы секілді айтулы ба­тыр­ларды елге үлгі етіп, олардың қаһар­ман­дық өмірін өлеңімен өрнектеді. Түркі жұр­тына ортақ «Көрұғылы», «Тотының тоқ­сан тарауы» сияқты ауқымды эпостарды жаң­ғырта жырлап, намыс нажағайын оятты.

Ақынның елін сүйген ерлер бейнесінің га­лереясында 1916 жылғы Ұлт-азаттық көте­рі­лістің сарбаздары, оның қолбасшылары Аманкелді, Бекболат, Саттарлардың мүсіні айрықша орын алады. Арқалы ақын 1916 жыл­ғы  Ұлт-азаттық көтеріліске ұраншы боп, ха­лықтың қасіретін күйзеле жырлайды. Жы­раудың азаматтық үні «азаттық соғысы» тұ­сында айқын да ажарлы шығып, «Патша әмі­рі тарылды», «Зілді бұйрық», «Толғау» ат­ты өлең-жырларымен  патшалық езгінің шын әлпетін халыққа ашып көрсетеді, азат­тық рухының дабылын қағады:

Жақсыдан жақсы қоймай алды сайлап,

Қамалды абақтыға қырғыз, қазақ.

Көп ерлер қаза тапты жауға аттанып,

Көксеген азаттықтың соғысында…

Аттандық ұлығының қонысына,

Елді сорған борсықтай болысына…

Бой бермес ел өмірі, асау шері,

Тұрса да құрсауланып тоқсан жері.

Бірде от, бірде суды көктей көшіп,

Талпынып тілегіне басты ілгері.

Ақынның осы тақырыптардағы жырлары – биыл 100 жылдығын атап өткелі отырған Ұлт-азаттық көтерілістің көркем шежіресі іс­петті. Осылайша Жамбыл ақын патшаға қар­сы қазақ пен қырғыз дүркірей көтерілген 1916 жылғы ұлы көтерілістің ұраншысы, жы­рау-жаршысына айналады.

Ел арасындағы түрлі әділетсіздікті, оз­быр­лық пен қиянатты батыл сынап, жұр­ты­ның қорғаны бола білген Жамбыл кезі келгенде жыраулардың соңғы сарқыты іспетті ел иесі сұлтанның жанынан да табыла білген. Кешегі күндей күркіреген Хан Кенені асылға балап, соңғы ханның көзіндей болған әйгілі Сыздық төреге қазақы салтпен қол қусырып, бас иіп сәлем береді:

Сәлем бердім, алдияр,

Орын бердің қасыңнан.

Сен бір қалған көз едің,

Кенесары асылдан…

Айбатыңды көргенде,

Дұшпандарың бас ұрған.

Ақ жүзіңді көрген соң,

Енді мауқым басылған.

Ханның тұқымына сәлем беріп, жырау­лық жорасын жасаған соң ізетпен  елдің аты­нан өткенге салауат білдіріп, қонақкәдеге ша­қырады.

Сол жолы Жамбыл Сыздық сұлтанмен бір­­ге қырғыздың манаптарына кездесіп, Хан Кенеден қалған ер-тұрман мен алтын жүзікті қайтарып алады, шәйіттердің басына дұға оқи­ды. Бұл ақиқат ақын жырында айтылады:

Арнап келіп алғаның,

Алтын жүзік, сарқасқа ер.

Атаңыздың аруағын

Сыйлайды екен бір тайпа ел.

Екеуінің қалғаны –

«Он бір жыра» деген жер…

Атаның не арманы,

Iздеп келiп артынан,

Бата қылса сiздей ер!

Сыздық төре 1884 жылы әкесінің сүйегіне сұрау салып, тәуекел етіп айырқалпақты ағайын­ға келгенде, Жамбыл жырауды жанына бекер ертпесе керек.

«Сүйегім қазақ, етім қырғыз» деп айтатын ақынның өлеңдерінде коңсы қонған қыр­ғыз халқына деген риясыз көңілі анық аң­ғарылады. Алатаудың абызы осы қырынан да түркі бірлігіне қызмет еткені баршаға ғибрат. Әсіресе, Сібірге айдалып келген ақын Тоқ­тағұл әуелі еліне соқпай, Жамбылға сә­лем айта барғанда айтқан оның әйгілі өлеңі  қырғыздарға да кең таралады:

Келдің бе, ақиығым, алыс жерден,

Өтіпсің самғап ұшып алыс белден.

Алмас пышақ қап түбінде жатпас деген,

Хан-төре айналмай ма, сендей ерден.

Түпкі тегі түрікмендерден бастау алатын «Көрұғылы» дастанын Жамбыл ақын он бес күн бойы жырлаған деседі. Өзіндік  ерекшелігі бар бұл «Көрұғылының» көркемдік құнары мол екенін ғалымдар дәлелдеген. Осылайша Жамбылдың даңғыл жолы түгел түркінің кеңіс­тігін рухани нәрімен түйістіріп тұр деуге хақымыз бар.

Ерлік пен елдікті жырлап, адамгершіліктің алтын жібін асыл өрнек еткен Жамбыл ақын­ның ездік пен опасыздықты, дүниеқорлық пен надандықты шенеген усойқы жырлары жуас жұртты ноқталап мініп жүрген «атқа­мінерлерге», «ішінде адамшылықтан инедей орын жоқ» қарны жуан шен-шекпенділер мен патша өкіметінің шабармандарына жағымды тие қоймағаны анық. 1913 жылы Романовтар әулетінің 300 жылдығына арналған халық­аралық көрмеге шетқақпай болып қатысқан ақын тапсырыс бойынша патша әулетін ма­дақ­тамай, керісінше  «Өстепке» деген өлеңін­де әлеу­меттік өткір ойларын білдіріп, импе­рия­ның шеңгелді шенеуніктерін сынмен түйреп, олар­дың дәрменсіздігі мен жағымпаз қылы­ғын бетіне басады:

Үйсін, Найман саңлағы,

Өстепкеге жиылдың…

Ұлық көрсең ұйлығып,

Желді күнгі қамыстай,

Жапырылып иілдің…

Келтірдіңдер намысты,

Бек қорланып күйіндім.

Бүйтіп қызық көргенше,

Өзі жақсы үйімнің.

Шұлғымаймын сендерше,

Керегі жоқ сыйыңның.

Ақын бүкіл ел жабыла мақтап жатқан, сол тұс­та қасиетті деп танылған патша әулеті ту­ра­лы бір ауыз мадақ айтпай, керісінше ағым­ға қарсы жүзіп, өз ойын ашық білдіреді.

Сондықтан болса керек, алаш ардақты­лары арқалы ақынды айрықша құрмет тұт­қан. Бұл орайда халқымыздың біртуар ұлы Халел Досмұхамедұлының 1928 жылы Тәш­кен­де Қазақ жоғары педагогика институтында «Қазақ халық ауыз әдебиеті» туралы оқы­ған бағалы дәрісін еске алмай кетуге бол­­­майды. Осы зерттеуінде қайраткер тұлға ауыз әдебиетінің озық үлгілерін, сөз мұра­мыз­­дың қалыптасу арнасын саралап көр­сетумен бірге халыққа танымал болған ақын-жыраулардың ұзын-сонар тізімін береді, Жиренше шешен, Сыпыра, Шалкиіз жыраудан бастап барлығы 74 ақынның аттарын атай­ды. Осы үлкен тізімнің бел ортасында, 46-шысы болып Жамбыл ақынның аты жа­зыл­ған екен. Бұл да алаш қайраткерінің ха­лық мұрасы мен оны жалғастырушы өкіл­деріне, соның ішінде Жәкеңе берген қымбат бағасы деп түсінуге болады.

Ортада небір қилы заман өтті. Кешегі алаш зиялылары қуғын-сүргін құрбаны болды. Ел аштыққа ұшырап, нәубат күндер ор­на­ды. Осындай қатерлі кезеңдерде халық­шыл­­дық сарыны сай келген Жамбыл ақын­ның  жолы ашылып, «дала Гомері» атанып, оның саялы тұлғасына Мұхтар Әуезов бас­таған жазушылар мен жыршы ақындар топ­тасып, қуғын-сүргін мен зұлмат, аштық пен соғыс діңкелетіп тастаған елдің рухына сер­піліс әкелді. Сөз зергері Ғабит Мүсірепов «Феномен-Феникс» деп баға бергендей, ертектегі күлден тірілген құстай сайраған Жам­был ақын ардақтыларынан айрылып, қау­сап қалған елін халық қазынасының қаймағымен табыстырып, қайрат берді, жігерін қайрады. Жамбылдың әлемге әйгілі даңқына сүйенген, фольклорлық дәстүрге иек артқан жыршылық мектеп те өртеңге біт­кен қызғалдақтай қайтадан қаулап шықты. Мі­не, ғасырлар мен дәуірлерді қайыспай жал­ғаған абыздың қызыл жолбарыс рухы қай­та түлеп, бүгінімізге тыныс беріп, азат­тықтың  сырлы бір рәмізіне айналды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір