«Жарқ етейінші найзағай болып…»
02.02.2024
1063
3

Шығармашылық – жан дүниенің арпалысынан туындайтын рухтың үні. Кейде жаныңды рахатқа бөлейтін, кейде дауылды күндей шайқайтын ішкі құбылыс екені айғақ. Ол құбылысты маңдайға Тәңір ғана аманат етіп, ананың сүтімен, әкенің қанымен береді. Жуырда Алматыдағы Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің мәжіліс залында осы оқу орнының кітапханасы мен Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №32 кітапхана бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Найзағай көңіл» атты шығармашылық әдеби-сазды кеш өтті.

Кеш қонақтары: Сыр бойының дарынды жастары — ақын, сазгер, күйшілер Әл-Фараби Бекарысұлы мен Үкітай Айжігітұлы өзін сүйіп тыңдайтын көрермені алдында тамаша әндерін орындап, өз шығармашылығынан сыр-сұхбат берді. Кешті журналист, ҚР Журналистер одағының, Әлем халықтары Жазушылары одағының мүшесі Гүлжанат Шонабай жүргізді. «Найзағай көңіл» атты мұңлы да жігерлі әннің сөзін жазған ақын Әл-Фараби Бекарысұлы — Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тумасы. Ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаев тұрған ауылдың перзенті. Бірақ, тағдыр тауқыметін ерте көріп, тез есейді. 8-сыныпта оқып жүргенінде әкесі мен анасы жол апатынан қайтыс болып, екі бірдей періштесінен бір күнде айрылды.

Барлық жауапкершілік екі әпкесі мен екі қарындастың ортасында өскен жалғыз ұл — 15 жасар Фарабидің мойнына түсті. Марқұм Бекарыс ағамыз әншілігімен, баянда шебер ойнайтын өнерімен елге сыйлы, танымал азамат еді. Анасы да кәсіби музыкант, ұстаз болатын. Тағдырға пенденің таласы жоқ, мүмкін Жаратушы Фарабиді тез есейсін, соңынан ерген қарындастарына бас-көз болсын, жауапкершілікті тез сезініп, өнерін шыңдасын деген болар. Сондай дарынды ата-анадан туған Әл-Фараби бүгінде бүкіл республикаға танымал әнші, 6 баланың әкесі атанған еліне қадірлі азамат. Әрине, бұл өлеңді ол өте көңілсіз шақта жазған, екі әпкесі тұрмысқа шығып, екі қарындасы интернаттарға оқуға кетіп, қара шаңырақта қаңырап өзі қалғанда туған шығарма екен. Ал Үкітай Айжігітұлы Ерниязов 1987 жылы Арал ауданында туған. Қасиетті қара домбыраны төріне іліп, кие тұтқан қазақтың қара домалақ баласы — ел жүрегін жаулаған бірнеше әннің авторы. Шығармашылық дуэт құрып, Сыр бойының ауыл-елді мекендерін шақырту бойынша әнге бөлеп жүрген қос әнші Алматыда алғаш рет сахнаға шығып, кеш шымылдығын әке мен ана туралы әннен бастады. Залда отырған көрермен сөз сұрап: «Жастық шағымыздың жалынын маздатқан Мақсат Базарбаевты жұлдыз қылған ән – «Сен сүйген аруды» Үкітай бауырымыз жазғанын жақында білдім. Әйтпесе, мен шынында бұл әнді жасы 60-70-тегі үлкен бір ақын жазған болар, ол кісі мүмкін өмірден өтіп те кеткен шығар деп ойлап жүрген едім, сөйтсем талант жасқа қарамайды, тасада қалмайды деген рас екен», — деп ізгі тілегін білдіріп, автор Үкітайды өз аузынан тыңдағысы келетінін жеткізді. Күйшілік әрі термешілік өнері бар Үкітай Айжігітұлы «Айфон» атты термесін домбырамен шырқап берді. Ал Әл-Фараби Бекарысұлының бағын жаққан «Найзағай көңіл» әнін алғашында үлкен сахнаға танымал әнші Төреғали Төрәлі алып шыққаны естеріңізде болар. Онан кейін жұбайының мерейтойында актер Досхан Жолжақсынов орындап, сол тойда бұл әнді «Төреғалидың әні» деп хабарлап жіберді. Содан халық шатасып, бұл әнді біразға дейін Төреғалиға теліп жүрді. Әрине, өз «перзентін» қайтарып алу Әл-Фарабиге оңайға түскен жоқ.

Осы бір сындарлы кезеңде белгілі әнші Роза Әлқожа таланты жастың «Аппағым» әнін орындап және авторды жеке концертінде ел алдында таныстырып, болашағы зор екенін ұқтырды. Артынша Астанаға шақырып, продюсерлік көмегін беретін болды. Алайда, Әл-Фарабидің астанадан пәтер аламын деп жиып барған ақшасын бір алаяқ қолды етіп, шиіттей бала-шағасымен ауылға оралуға мәжбүр болды. Өмірімді өнерге арнасам деп толқыған көңіл су сепкендей басылғандай болды. Амал жоқ, сахна саңлағы болсам деген арман жайына қалып, Әл-Фараби отбасын асырау үшін мектепке музыка пәнінің мұғалімі жұмысына тұрды, аптап ыстықта қауын егіп, күйкі тірліктің түбіне батты да кетті. Ара-арасында тойға шақыратын ағайынға асабалық қызметімен нәпақасын айырды. Дегенмен, елдің ықыласы мен өнерін бағалаған Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев былтыр қала орталығынан үш бөлмелі пәтер сыйлады. Әл-Фараби Алматының төрінде көрерменімен осындай жылы жүздесу ұйымдастырған өнерге жанашыр жерлесі Шынар Қасымға, кітапханашы әпкесі Әлия Тоғайбекқызына үлкен алғысын жеткізді. Әсерлі кеш соңында әншілерге Алматы қаласы Мәдениет басқармасы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №32 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Айша Баймаханбетова мен Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университеті кітапханасының директоры Әсем Мұхтарқызы алғыстарын білдіріп, «Өнердің биік шыңына самғай беріңдер!» деп тіледі.

Ә.Утеулина,

№32 кітапхана қызметкері

Алматы қаласы 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 02.02.2024 | 14:25

КЕРЕМЕТ КЕШ,ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАРҒА МЫҢ АЛҒЫС,БАУЫРЛАРЫМЫЗДЫҢ ӨНЕРЛЕРІ ӨРКЕНДЕЙ БЕРСІН!

Аноним 02.02.2024 | 14:55

Тамаша , керемет кеш! Рахмет сиздерге!

Аноним 03.02.2024 | 19:16

Аман бол Әлфараби бауырым атыңа заты сай азамат болып келін екеуің ұл қызыңның жақсылығын көріңдер Алла ұзақта мәнді сәнді өмірді нәсіп етсін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір