Қауіпсіз қоғам – ең алдымен болашаққа қамқорлық
26.07.2024
69
0

«Қауіпсіз қоғам» жобасы – азаматтық қоғамның, саяси құрылымдардың және құқық қорғау органдарының «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес жаңа құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы әріптестік қарекеті.

Елінің ертеңін, отбасы мен айналасының амандығын ойлайтын әрбір адам қауіпсіз қоғамда өмір сүргісі келетіні анық. Осы ретте азаматтардың қауіпсіздігін, қоғам тыныштығын қорғайтын, заң мен тәртіпті сақтаудың алдыңғы шебінде тұрған полиция қызметкерлеріне жүктелер міндет салмақты. Қауіпсіз, үйлесімді қоғам құру жолында құқықтық тәртіпті сақтау, заң бұзушылықтарды анықтаумен қатар, күнделікті жұмыс барысында кездесетін қиындықтардың алдын алу, жұртшылықпен арада сенімді қарым-қатынас орнату, келеңсіз жағдайларға тап болғандарға көмектесу, түрлі дау-жанжалды реттеу – полиция қызметінің ауқымды бір бөлігі десек болады.
Қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіп – баршаға ортақ мақсат. Әділетті, қауіпсіз қоғамды құру саяси-экономикалық, құқықтық реформалар жасаумен шектелмейді. Өйткені басталған өзгерістердің өрісті болуы үшін ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Әділетті қоғам – бәріміз және әрқайсымыз үшін қауіпсіз болмағын санамызбен саралап, түйсінбейінше, жүрегімізбен сезініп, қабылдамайын­ша басқа істің бәрі бекер. Әркім өзінің жан дүние­сін ақтарып, трансформациядан өтіп барып, «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудағы мақсатты жолдан табыла алады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «Қауіпсіз қоғам» қағаздағы міндеттердің тізімі ғана емес, бұл – ең алдымен болашаққа қамқорлық, яғни ертеңіміз өркенді, өрісті, сәулетті болсын десек, әрбір азамат, әсіресе жастар халқымыздың ең жақсы қасиеттерін бойына сіңіруі қажет. Ол қасиеттерді Абайдың Әбдірахманға арнаған мына өлеңінен көре аламыз:
Орынсызды айтпаған,
Түзу жолдан қайтпаған;
Жақсылық қылар орында
Аянып бойын тартпаған.
Ортасында кәпірдің
Арамынан татпаған.
Өмір бойы талпынып,
Ғылым іздеп, жатпаған.
Түрленіп төре болдым деп,
Есерленіп шатпаған.
Жүз мың теңге келсе де,
Махаббатын сатпаған.
Жүйріктікпен шалқымай,
Тура сөзді жақтаған.
Бала айтса да хақ сөзді,
Бұрылмастан тоқтаған.
Өтіріксіз турашыл,
Еш сөзі жоқ таппаған.
Сыйласарлық кісіге,
Түк қалмайтын сақтаған.
Бауырларын еркейтіп,
Не сұраса қақпаған.
Білдіруші ең үндемей,
Істі қылған жақпаған.
Ағайын мен туғанды
Тірілікте мақтаған.
Жастарымыз осындай қасиеттер­ді бойына сіңірсе, өркениет көшін­де ешкімнен, ештеңеден кеш қалмасымыз анық.

Рымтай КӨКЕНАЙҚЫЗЫ 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір