«Авторларға құрмет – кітап оқуды насихаттаудың үлгісі»
26.04.2024
395
0

23 сәуір күні «Кітапшоу – 2024» кітап фестивалі өтті. Мерекелік іс-шараны Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жас жазушы Елдос Тоқтарбай жүргізді. Жиын ҚР Ұлттық кітапханасы директорының кітапханалық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ажар Хамитқызының құттықтау сөзімен басталды.
Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов: «Авторларға құрмет көрсету – кітап оқуды насихаттаудың үлгісі. Қазақ даласындағы қазақ тілінде кітап шығару ісінің 200 жылдан астам тарихы бар екенін тарихтан білеміз. Жалпы «Қазақ баспасының» шежіресі сонау 1800 жылы Қазан қаласында ашылған тұңғыш Азиялық баспаханадан бастау алып, қазақ тiлiндегi ең алғашқы кiтап – 1807 жылы жарық көрген «Сейфүл – Мәлiк» қиссасын қыстың ұзақ түндерінде ауылда, шалдардың қасында әңгімелерін тыңдап, батырлар жырын оқып   өскен ұрпақпыз. Жалпы 1917 жылға дейін қазақ тілінде жеті жүзге жуық кітап басылып шыққан екен.
Ұлттық негізде құрылған жаңа баспаның алғашқы өнімі – «Әліппе». Бұл – қазақ баспа ісінің қарлығашы Ахмет Байтұрсынұлының араб графикасына негіздей отырып жасаған төте жазуы, қазіргі таңда Қытай қазақтары қолданатын жазу. Бүгінгі таңда Ұлттық мемлекеттік Кітап Палатасының мәліметтері бойынша, елімізде 366 баспа мен кітап шығару ісімен айналысатын мекеме бар. Кітап оқитын қазақтың ұл-қызы көп болсын!» – дей келе «Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні» деп аталып өтетін мерекенің маңызына тоқталып өтті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір