«МИРАС» ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІ – КЕЛЕЛІ ОЙ, КЕСЕК ПІКІР МІНБЕРІ
Мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері бойынша «Нұр Отан» партиясы жанынан «Мирас» қоғамдық кеңесі құрылғанына алты жылға жуықтады. Бұл қоғамдық кеңесті – мемлекеттік маңызы бар келелі ой, кесек пікір айтылатын алаң деп санауға толық негіз бар.
Партия доктринасында жазылғандай, «Нұр Отан» қашан да «мәдени және рухани құндылықтарды сақтап, ұлғайта түсуге» мүдделі. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін ақындар айтысына, аламан бәйге, жорға жарыс, теңге алу, аударыспақ сынды ұлттық спорт додаларына, құсбегілер сайысына мұрындық болып келе жатқаны партияның осы салада атқарып жатқан жұмыстарының бір көрінісі. «Жайдарман» сайыстарының да халыққа, әсіресе, жастар арасына кеңінен танылуына «Нұр Отан» партиясының қолдауы ықпал еткенін айта кеткен жөн.
Осы орайда, «Мирас» қоғамдық кеңесінің негізгі міндеттеріне мәдениет пен өнер саласындағы басым бағыттарды анықтап, оларды жүзеге асыруға қажетті шаралар туралы ұсыныстар әзірлеу жатады. Сонымен қатар, еліміздегі және шетелдегі мәдениет пен өнердің жай-күйі туралы жүйелі түрде ақпараттандырып отырумен шұғылданады. Қоғам үшін маңызы бар басқа да мәселелерді талқылау «Мирас» қоғамдық кеңесінің құзырындағы жұмыс.
Жыл басында «Мирас» қоғамдық кеңесі өткен жылы атқарылған маңызды жұмыстарды қорытындылаған болатын. 2015 жылы Кеңесте қарастырылған мемлекеттік деңгейде маңызға ие 5 түрлі тақырыпқа көз жүгіртейік.
Біріншісі, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Мемлекетіміздің Ата Заңының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерейтойларына дайындық пен тиісті іс-шаралар жоспарының орындалу барысы назарға алынды.
Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Ешқандай ысырапшылдыққа жол берілмеуге тиіс. Үкімет бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған шығындарды қысқарту мәселесін қарастыруы керек. Мерейтойларды және оған кететін бюджет қаражатын қысқартқан жөн» дегені белгілі. Осыған орай, «Мирас» қоғамдық кеңесі айтылған тапсырмалардың ойдағыдай орындалуының үлкен маңызға ие екендігін ескерді. Яғни 2015 жылдағы айтулы шараларды ұйымдастыруда қаржыны сән-салтанатқа ғана ысырап етпей, өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мазмұнда ұйымдастырылуына баса назар аударды.
«Мирас» қоғамдық кеңесі Мемлекет басшысы ұсынған «Ұлы Дала Елі» идеясын жүйелі түрде насихаттау шараларына мұрындық болғанын айрықша атап өткен жөн. 2015 жылғы 5 қарашада қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда Елбасы ұсынған идеяны насихаттау шаралары қарастырылды. Сондай-ақ, осы басқосуда Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы бойынша Мәдениет және спорт министрлігінің есебі тыңдалды. Алқалы жиынға мемлекеттік басқару органдарының басшылары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ұлы Дала Елі идеясы – жалған ұран, жалаң сөзбен жүзеге асатын бағдарлама емес. Мәңгілік ел қалыптастыруға күш салып, жұрттың рухын көтеріп, жігерін жанитын идея. Ал «Нұр Отан» партиясы осы «Мирас» қоғамдық кеңесі арқылы Қазақстанның «Ұлы Дала Елі» ретіндегі имиджін қалыптастыруды қолға алды.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов осы жиында сөйлеген сөзінде:
– Елбасы «Мәңгілік Ел», «Ұлы Дала» идеяларын айтты, халыққа жария етті. Бұл енді тек қана ұран емес, күнделікті, тұрақты, жүйелі, кешенді түрде атқарылатын идеологиялық саясат деп білеміз, – деп атап өтті.
Мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбеков Елбасы ұсынған идеяның қаншалықты маңызға ие екендігіне тоқталды.
– Біздің адамдар адаспау үшін, қоғам адаспау үшін осындай идея керек еді. Бізге мына халықты алға жетелейтін, бір орнында отырғызбайтын, осындай бір асыл идея керек еді. Бұл асыл идея – Мәңгі ел орнату, – деді ол.
Қазіргі қазақ қоғамы жиі талқылайтын, кей кездері тіпті дауға ұласатын екі тақырып бар. Олар: тіл және дін. Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік тілді оқытып, дамыту мақсатында ашылған жүздеген орталық бар. Республика бойынша тіл үйрететін 350 жеке меншік, 88 мемлекеттік орталық жұмыс істейді.
Мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан да пікір білдірді.
– Қазақ тілін үйренудің методикасын өзгертпесе болмайды. Мектеп қабырғасындағы оқулықтарды қарасақ, кейде бір аңшылықтың кітабы сияқты, я болмаса бір мал шаруашылығының кітабы сияқты. Аңшылықты қосады кеп, үзеңгі дейді, шідер дейді, қоянның қысты күнгі ұясын кеуік деп айтады дейді. Кеуік дегеннің керегі не? Қазір бізге керегі көшедегі күнделікті ауызекі сөйлесетін тілді дамыту. Тілдің жаны бар. Тіл қолданған сайын түрленіп, байып, өзгеріп отырады. Бірақ шала сауатты аудармашылардың кесірінен не өзіміз, не өзге түсінбейтін «дүбәра» терминдер де қаптап кетті, – дейді Бекболат Тілеухан.
Алқалы жиын соңында «Ұлы Дала Елі» идеясын насихаттау шаралары жөнінде және Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының тиімді орындалуы үшін нақты ұсыныстар әзірленіп, Үкімет пен Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының қарауына жолданды.
«Нұр Отан» партиясы Ұлы Даланың тарихы мен өркениетін дәріптейтін қысқаметражды фильмдер түсіруге, бұл идеяны насихаттауға әлеуметтік желілерді пайдалануға мұрындық болғанын атап өту керек. Осы идеяның аясында «Ұлы дала өсиеті» атты сериялы бейнероликтер ғаламтор арқылы халыққа таралды. «Ұлы дала өсиеті» атты құнды кітап жарық көрді. «Жас Отан» жастар қанатының шаралары, «Жас ұлан» қозғалысының жұмыстары да осы идеямен үйлестіріле бастады. Моңғолияның «Шивээт улаан» кешенінен табылған «Мәңгілік тас» ескерткішінің көшірмесі «Бейбітшілік және келісім» сарайының көрме залына қойылғанын да айта кеткен жөн.
«Мирас» қоғамдық кеңесінде талқыланған үшінші тақырып – еліміздегі тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің қазіргі жай-күйі: реставрациялау, консервациялау, қайта қалпына келтіру жұмыстарының сапасы; қорық-мұражайлардың мәдени туризмді дамытуға қосар үлесі: тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау туралы заңнамалардың орындалуы. Осы тақырыпқа арналған көшпелі отырыс ҚР Ұлттық музейінде өтті. Жиында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі М.Әзілханов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Т.Балықбаев, ҚР Ұлттық музейінің директоры Д.Мыңбай баяндама жасады. Осы тақырыпты зерттеу үшін арнайы құрылған сараптама тобының өкілдері – «Қазқайтажаңғырту» РМК ғылыми-зерттеу және жобалау филиалының бас сәулетшісі С.Ағытаев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі және басқалары сөз сөйлеп, нақты ұсыныстарын ортаға салды.
2015 жылғы желтоқсан айында өткен Кеңес отырысының тақырыбы шетелдегі қазақ диаспорасының мәдениеті мен дамуына Қазақстан тарапынан қолдау көрсету мәселелеріне арналды. Сондай-ақ, олардың бүгінгі хал-ахуалына шолу жасалып, шетелдегі қазақ мәдени орталықтарының жұмысын жандандыру, орталықтар мен Қазақстандағы өкілетті органдардың өзара қарым-қатынасын нығайту жұмысы қарастырылды.
Аталған басқосуда Сыртқы істер министрлігінің өкілі А.Тұматов, Мәдениет және спорт вице-министрі М.Әзілханов, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары С.Балғабаев қатысып, арнайы баяндама жасады.
– Мұндағы айтылған ең үлкен мәселе – шетелдегі ағайындармен байланысты бір орталықтан ұйымдастырып жүргізу. Өйткені, жасыратыны жоқ, қазір мұнымен кім айналысатынын белгісіз. Әрбір министрлік өз алдына жеке-жеке. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы өз алдына жеке. Соныменен шашырап кетіп жатыр. Әйтпесе шетелдегі қазақтарымыз ең алдымен ана тілінен, мәдениетінен, салт-дәстүрінен айырылып қалуы мүмкін, – деді.
Жиын қорытындысы бойынша тақырыпқа қатысты ұсыныстар әзірленіп, оны қарастыруға тиісті мемлекеттік органдарға жолданды.
Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы да «Мирас» қорының көшпелі отырысын өткізуге темірқазық тақырып болды. Бұл жиында Мәдениет және спорт министрлігінің атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалып, мемлекеттік тілдің бизнес пен мемлекеттік қызмет саласындағы қолданылу аясы талқыланды.
«Мирас» қоғамдық кеңесі бір жылдың бедерінде ұйымдастырған жұмыстардың ішінде ең негізгі деген 5 тақырып осы болды. Жалпы, 2015 жылы Астана мен Алматы қалаларында Кеңестің 58 көшпелі отырысы өткен. Аймақтық қоғамдық кеңестердің отырысында барлығы 382 ұсыныс әзірленіп, 28 ұсыныс Кеңес қарауына келіп түсті. Бұл ұсыныстардың барлығы «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракцияларына, жергілікті атқарушы органдарға жолданғанын атап өткен жөн.
Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде: «Қазақты өзге ұлттан даралайтын – оның тілі мен мәдениеті, руханияты», – деген болатын. Партияның сенімді құралы ретінде, Елбасы айтқан құндылықтарды халыққа насихаттап, өскелең ұрпақтың санасына сіңіруде «Мирас» қоғамдық кеңесіне жүктеліп отырған жауапкершілік жүгі өте салмақты. Және қоғамдық кеңес осы жауапкершілікті абыроймен арқалап келеді деп санауға толық негіз бар.
Құрылғаннан бергі аралықта келелі ой, кесек пікірлердің мінберіне айналып, мәдениет пен өнер саласына қатысты өзекті мәселелерді көтеріп келе жатқан «Мирас» қоры алдағы уақытта осы салалардағы басым бағыттарды одан әрі жүзеге асыруға ниетті.
«Нұр Отан» партиясы сайлау қоры қаражатының есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Ф.Ш.Қуанғанов.