КОРРУПЦИЯНЫҢ ТІЛІ КӨСЕГЕМІЗДІ КӨГЕРТПЕЙДІ
29.07.2023
265
0

Режиссер Ермек Тұрсыновтың «Экономика көтерілмейінше, қазақ тілі оған кедергі» деген сөзі қазір қоғамдық пікір ауанында қатты талқыланып жатыр.

Әрине, Ермек жәй бір елеусіз жан болса, оның сөзін ешкім елемес те еді… Алайда, Ермек – танымал тұлға. Ол қоғамның дамуының заңдарына сүйеніп, ақиқатты айтып отырғанға ұқсайды. Шынында да, егер тіл қоғамдық қатынастар жүйесін даму мүмкіндігіне сай қамтамасыз ете алмаса, соның ішінде экономика да бар – онда экономика (не басқа салалар) өзіне ыңғайлы коммуникация құралын (егер мемлекет тарапынан бақылау болмаса) табиғи түрде сұрыптап таңдайды.
Ермектің айтпақ болғаны осы!
Бірақ бұл ахуал Ермекке де, басқамызға да тәуелді емес.
Негізі, осы мәселе жайында 15 жылдай бұрын сарапшы қызымыз Толғанай Үмбеталиева да айтқан. Ол: «Дәл қазір қазақ тілін күштеп ендірсек, бірқатар салада регресс болуы мүмкін. Бірақ біз болашақты ойласақ ондай «шығынға» саналы түрде баруымыз керек» деп жазған болатын.
Сол кездегі билік еш шығынға барғысы келмеді. Ақша ұрлаудың қалыптасқан ретін бұзбай, өз мемлекеті мен халқын тонауды қалады…
Ермектің қателескені де осы тұста! Себебі, сол замандағы зор тонаушылық өзге тіл (орыс тілі) арқылы жүзеге асты, ұрланатын ақша көлемін де көбейтті.
Ақыр соңында 167 млрд доллар шетке кетті (біреулер одан да көп дейді).
Осының бәрі «өзге тіл аясында» жасалды.
Яғни, «өзге тіл» дамуға ғана емес, жалпы мемлекеттік экономиканы құлдыратуға да сұмдық ықпал етті.
Ал, енді сондай жағдайда қазақ тілінің үстемдігін күшпен орнатқанда не болар еді?
Ұрлық болмас па еді?
Меніңше, сол кезден бар саланы қазақы тілге көшіргенде, «тілден» келер регресстік шығындар «елден ұрланатын қаржыдан» аз болар еді. Қазақ тілі келімсек алаяқтар алдында «қалқан» болып, ұрлық «шығынын» әлдеқайда төмен етері сөзсіз еді. Өйткені, «қазақыланған экономикаға» шеттен келіп жатқан небір алаяқтардың араласуы қиындап, бұл олардың «қызметіне» (тонауға) тұсау болып, тілдік барьер ұрлықтың қарқынын тежеуі әбден мүмкін еді…
Жоқ, олай болмады.
Біздегі экономикалық тілді (орыс тілін) экономиканың өсуі не дамуы таңдаған жоқ. Оны КОРРУПЦИЯЛЫҚ ЖҮЙЕ таңдады.
Мемлекет қазынасын ұрлауға қарсы күрес жүріп жатқан қазіргі уақытта біз қазақ тілін толық қатынас тілі етуге тиіспіз.
Ол ұрлаған дүниесін қорғау үшін сыбайластардың бірігіп кетпеуіне септігін тигізіп, коррупционерлердің жылдам қорғанысқа көшуіне кедергі болады.
Ол, яғни, ескі жүйеде «коррупция тетігіне» айналған қатынас құралының (орыс тілінің) әлеуетін төмендетеді.
Ол коррупция мен «коррупциялық тіл» құралын жетік меңгерген ескі жүйе кадрларын мемлекеттік басқару жүйесінен ығыстырып, осы бағыттағы ахуалды тазартуға ықпал жасайды.
Ермек осыны аңғармай, мүлт кетті…
Бірақ онда ешқандай бөтен ой болмаса керек.
Ол экономист емес, ол – киногер, суреткер, қайраткер.
Киногер бауырымыз демография мен тіл түзеліп келе жатқанда, «экономикалық даму ырғағын» бұзбасақ деген ой айтты. Жақсылық болсын деп айтты!
Бірақ Ермек, мен айтар едім: біз қалайда «қазақ тілінен келетін шығынға» баруымыз керек! Болмаса, «қазақ халқының тарихи субьектіге айналу процесін» экономиканың дамуы жолына құрбандыққа шалып жіберуіміз әбден мүмкін…
Онда бізге ақшаның да, экономиканың да қажеті не?
Осыны түсінерсің деп ойлаймын, қадірлі Ермек бауырым!
Коррупцияның тілі көсегемізді ешқашан көгертпейді!

Құрметпен,
Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,
философ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір